«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп Отанын қастерлеген қазақ атамекеннің қадір-қасиетіне жете білген. Өйткені туған жер үшін қаншама жаулармен арпалысып өтті, талай зұлматты замандарды бастан кешірді.
Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Исламда «хуббул-уатан минәл-иман» деген қанатты сөз бар. Мағынасы «Отанды сүю – иманнан» дегенді білдіреді. Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпыадамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбар (с.а.с.) да өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да, алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Мүһәжір сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.
عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لِمَكَّةَ: «مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ وَالطَّبَرَانِيُّ وَالْبَيْهَقِيُّ.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген екен[1].
Қазақ халқында туған жерді қадірлеуге үндейтін тәлімді сөздер көп. Мысалы, қаз дауысты Қазыбек би туған жер мен елдің қадірін былайша білдірген:
Алтын ұяң Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат,
Аймалайтын анаң қымбат,
Асқар тауың әкең қымбат.
Осы айтылған қымбат құндылықтарды қызғыштай қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бұл тұрғыда халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Туған жер, туған ел үшін адал қызмет етуге шақырады. Мұндағы Отан жайлы ұстанымдар жалпы мұсылманшылық ұстаныммен бір арнада.
قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.
Алланың Елшісі (с.а.с.): «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз бен Алла жолында елін күзеткен көз», – деген[2].
[1] Хаким, Табарани, Бәйһақи риуаят еткен.
[2] Термези риуаят еткен.
Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті