Ислам дініндегі бес парызының бірі саналатын Рамазан айында ораза ұстау сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударуының екінші жылында Құран Кәрімдегі:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Мүмкін тақуалық етерсіңдер» деген мағынадағы аяттың түсуімен ораза ұстаудың талап-шарттары сай болған барша мұсылмандарға міндет ретінде жүктелді.
Алла тағала Құран кәрімдегі басқа бір аятта: «Егер сендерден кімде-кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал егер біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыртпашылық қаламайды» -деп бұйырады.
Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да көптеген хадис шәріптерінде рамазан айында ораза ұстаудың міндет екендігі түсіндіріледі. Мысалы:
عن ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَالْحَجِّ وَصَوْمِ رَمَضَانَ»
Ибн Омар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ислам діні бес діңгекке құрыл-ған: Алладан басқа ешбір тәңір жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі екенді-гіне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және рамазан айында ораза ұстау» ,-деп айтқанын риуаят етіп жеткізген. Тағы бір хадисте:
قال أَبو أُمَامَةَ: سَمِعْت رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَخْطُبُ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ فَقَالَ: «اتَّقُوا اللَّهَ رَبَّكُمْ وَصَلُّوا خَمْسَكُمْ وَصُومُوا شَهْرَكُمْ وَأَدُّوا زَكَاةَ أَمْوَالِكُمْ وَأَطِيعُوا ذَا أَمْرِكُمْ تَدْخُلُوا جَنَّةَ رَبِّكُمْ»
Сахаба Әбу Умаманың Алла елшісінің (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында құтпа оқып тұр-ып: «Раббыларың Алладан қорқыңдар , бес уақыт намаздарыңды оқыңдар, (рамазан) айларыңда ораза ұстаңдар, мал-мүліктеріңнің зекетін беріңдер, басшыларыңа бағыныңдар. (Сонда) Раббыларыңның жәннатына кіресің-дер» ,-деп айтқандығын естідім деп риуаят еткен.
Біз осы жоғарыда келтірілген Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан хадис шәріптердің мән-мазмұнынан рамазан айында үзірсіз, себепсіз ауыз бекітпеген мұсылманның мойнында ол қарыз болып қалатындығын аңғарамыз. Сондықтан оның есеп-қисабы сұралатындығын айтуға міндеттіміз. Осы орайда, әрбір оқырманның көкейінде рамазан айындағы оразаны кімдер ұстауға міндетті деген сұрақтың туындауы бек мүмкін. Бұл сұрақтың жауабын осы кітапшадағы «Рамазан айында оразаны кімдер ұстайды?» деген тақырыпшадан таба аласыздар деген ойдамыз.
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті