Қазақ халқы ізгілікті, қайырымдылықты қастерлі ұғым санаған. Бір-бірін жақсылыққа, адалдыққа үндеген аталарымыз ізгі істі үлкен, кіші деп бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп тым болмағанда, игі сөзден құр қалмауға шақырған. Мұның өзі Ислам құндылықтарымен, Құран Кәрім мен хадис шәрифтердегі өсиеттермен астасып жатқан тағылымдар, нағыз мұсылмандық ұстанымдар. Жаратқан Иенің Өзі мұсылмандарды жақсы сөз сөйлеуге үгіттейді.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَقُولُوا لِلنَّاسِ حُسْنًا﴾ 

Алла Тағала мүміндерге: «Адамдарға жақсы сөз сөйлеңдер!» – деп бұйырған[1].

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلا سَدِيدًا﴾ 

Тағы бір аятта: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, дұрыс сөз сөйлеңдер!» – деп бұйырған[2].

Сірә, қазақтағы «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөздің түп-төркіні мына хадисте жатса керек.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «وَالْكَلِمَةُ الطَّيِّبَةُ صَدَقَةٌ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Алла Елшісі (с.а.с.): «Жақсы сөз ­– садақа», − деген[3].

«Түрі игіден түңілме» деген қанатты сөздің де мән-мағынасы шарапатты хадистердегі өсиетпен дөп түсіп тұр.

عَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ لِي رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ تَحْقِرَنَّ مِنَ الْمَعْرُوفِ شَيْئاً وَلَوْ أَنْ تَلْقَى أَخَاكَ بِوَجْهٍ طَلِيقٍ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Зардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) оған: «Ізгіліктің кішісін де, ол тіпті, бауырыңды жарқын жүзбен қарсы алу болсын, немқұрайлы қарамай орында», – деген[4].

Шынайы иманның кемелдігіне жету үшін ізгі істен аянып қалмау қажет. Оның ішінде үлкені де, кішісі де бар. Көзге көріне бермейтін игілікті мардымсыз жақсылық деп санауға болмайды. Оған төмендегі хадис дәлел.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اَلإِيْمَانُ بِضْعٌ وَسِتُّونَ شُعْبَةً، فَأَفْضَلُهَا قَوْلُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللهُ، وَأَدْنَاهَا إِمَاطَةُ الأَذَى عَنْ الطَّرِيقِ، وَالْحَيَاءُ شُعْبَةٌ مِنَ الإِيْمَانِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Иман алпыс бірнеше бөліктен тұрады. Ең абзалы – «Лә иләһә иллаллаһ» («Алладан басқа құдай жоқ») деп айту, ең төмені жолда көлденең жатқан нәрсені алып тастау. Ұят та иманның бір бөлігі», – деген[5].

Ихсан дәрежесіне жеткізетін сатылардың басы орындауы әркімге жеңіл жақсылықтардан басталады.

قال ابن عمر رَضِيَ اللهُ عَنْهُ: «اَلْبِرُّ شَيْءٌ هَيِّنٌ: وَجْهٌ طَلِيقٌ، وَكَلاَمٌ لَيِّنٌ».

Ардақты сахаба Омар ибн Хаттабтың (р.а.) ұлы Абдулла (р.а.): «Ізгілік деген оңай: жарқын жүз бен жылы сөз», – деген екен.

[1] Бақара сүресі, 83-аят.

[2] Ахзаб сүресі, 70-аят.

[3] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[4] Мүслім риуаят еткен.

[5] Мүслім риуаят еткен.

Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38