«Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф сүресі, 7/199 – аят)
Адам қауымдасып өмір сүретіндіктен кейде болмашы нәрсеге бір-бірімен араздасып, келіспей қалатын кездер көптеп кездеседі. Тіпті жаға-жыртысып жатсынып, бір-бірлерін жау санап, кектесіп кетеді. Дегенмен өмірде кез келген дерт пен түйіні тарқатуға келмейтін мәселелердің шешімі болғаны сияқты мұның да тамаша тәсілі бар. Бұл- кешірімділік. Кешірімділік – адамның мәртебесін өсірмесе, кемітпейді. Кешірімдік – асыл қасиет. Құран Кәрімде кешірімділікке үндейтін көптеген аяттар бар.
«Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф сүресі, 7/199 – аят).
«Сондай – ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли-Имран сүресі, 3/134 – аят).
Абдулла ибн Омардың айтуына қарағанда, бір адам әзірет Пайғамбарға келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Қызметшімді (жасаған қателігіне орай) қанша рет кешірейін?» – деп сұрады. Әзірет Пайғамбар үндемеді. Әлгі адам: «Уа, Алланың Елшісі! Қызметшімді қанша рет кешірейін?» – деп сұрағын қайталады. Сонда Алла Елшісі: «Күн сайын жетпіс рет», – деп жауап берді. (Термези, Бирр, 31; Әбу Дәуіт, Әдеп, 123-124)
Әбу Һурайраның жеткізген келесі бір дерегіне қарағанда, Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «…Алла кешірімді құлының абыройын арттырады…» (Мүслім, Бирр, 69)
Кешірім сұрау – күнәдан тазарудың жолы
Құран Кәрімде «Жазалау» сөзі 117 рет келсе, «кешірімді болу», «кешіру» жайлы 2 есе көп айтылған, яғни 234 рет кездеседі. Бұл көрсеткіш Құран Кәрімнің жазалаудан гөрі кешірімділікті ту ететінін дәлелдей түседі.
Халық арасында «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген сөз адам болмысының хал-жайын, мүмкіндіктерін тамаша түсіндіргендей. Біреу сөзінен, біреу іс-әрекеттерінен, енді біреу сенімінен қателеседі. Қателігін ұғынып, оған өкініш білдірген адамды да Алла кешіреді. Алланың кешіріміне бөленудің әуелгі жолы – күнәсінің кешірілетіндігінен үміт етіп, тәубеге келу. Құран Кәрімде бұл жайлы былай баяндалған:
«Кімде-кім зұлымдық жасағаннан кейін тәубеге келіп түзелсе, Алла оның тәубесін қабылдайды. Алла шынында бек кешірімді, ерекше мейірімді» (Маидә сүресі, 5/39 – аят).
Алланың есімдерінің бірі – әл-Ғафур. әл-Ғафур – Кешірімшіл, Аса кешірімді деген мағыналарға келеді. Алланың бұл есімі Құран Кәрімде жалпы 91 жерде кездеседі.
«Көктер мен жердің әрі олардың арасындағылардың Иесі, Үстем һәм Кешірімшіл» (Сад сүресі, 38/66 – аят).
«Алладан кешірім тіле. Негізінен Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді» (Ниса сүресі, 4/106 – аят).
Мына бір оқиға адамға Алланың мейірімі мен кешірімінің шексіз екенін айқын көрсетеді. Бала мен әкесі теңіздің жағасына серуендеуге шығад, әкешім, мына жердегі не нәрселер?
– Майда тастар ғой балам.
Бала басын оңға бұрып, ал мыналар ше?
– Олар да сондай балам.
Сол жағынан қарап, ал мыналар ше?
– Барлығы да сондай тастар ғой.
– Әке бұлар неткен көп!
– Иә, балам, олар теңіздің жағасында көп болады.
– Жарайды әке, дүниеде бұдан да көп нәрсе бар ма?
– Бар балам.
– Ол не?
– Әкеңнің күнәлары!
– Әке, сенің күнәларыңнан да көп нәрсе бар ма?
– Бар балам.
– Ол не?
– Алланың мейірімі мен кешірімі балам!
Адам Алла тағаланың барлық күнәні, тіпті тәубе етсе, серік қосудың өзін кешіріп жіберетіндігіне сенуі керек.
«(Ей, Мұхаммед!): «Ей, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, ерекше мейірімді» де» (Зүмәр сүресі, 39/53 – аят).
Кешірудің таптырмас өмірлік дәрумен екенін Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы былай жырға қосқан:
Тілеймін жаралған соң күндіз-түні,
Пенденің бойындағы көп қой міні.
Болмаса жарылқаушы жалғыз хақтан,
Не болар біз бишара көрген күні?!
Адамдардың бір-біріне кешірімді болуы
Адамдарға кешіріммен қарау Алланың мейіріміне жол ашады. Өмір болған соң біріміз біреуге ренжиміз, біреуге өкпе артамыз. Арадағы өкпе назды ұмыттыратын ең жақсы қасиет – кешірімділік.
Алла Елшісі құдыққа тастап өлтірмек болған бауырларын кешірген әзірет Жүсіп пайғамбар секілді өзіне және мұсылмандарға қаншама жыл бойы жапа шектірген Меккеліктерді кешіріп, жамандыққа қарсы жақсылық жасады. Осылайша жек көрудің нәтижесі – сүйіспеншілікке, күпірліктің соңы – имандылыққа айналып, жүректегі дұшпандық өрті өшкен болатын: «Жақсылықпен жамандық бір болмайды. Жамандыққа ең көркем түрде қарсы тұр. Сонда сенімен араларыңда дұшпандық болған адамдар досыңа айналып шыға келеді». (Фуссилат сүресі, 41/34-аят)
Кешіру – өшіру деген сөз. Өшігуді өшіру, кекті өшіру, ашуды өшіру… Қылмыс пен қателіктерді кешіру, олардың бәрін жоймауы мүмкін; алайда, ашу мен өшпенділікті жояды. Кемшілік пен дөрекілікті кешіру, оларды ұмыттырмауы мүмкін; алайда, жек көрушілік пен кектесудің ізін өшіреді.
Кешірімділік жолын ұстану жан дүниемізді ластайтын талай дерттің дауасы.
Кешірімділік – адамның мәртебесін өсірмесе, кемітпейді.
Кешірімділік – адам бойындағы жақсы қасиет. Кешіру – жан дүниеңіздегі өкпе-реніштен арылып, өмір өзенімен әрі қарай жылжудың жолы. Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленді. Тіпті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі былай баяндалған:
«Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли-Имран сүресі, 3/134 – аят).
Кешірімді болудың адамдар мен елдер арасында түрлі қантөгіс соғыстарға себеп болатын алауыздықтардың алдын алатын ұлағаты мол мәмілегерлік бастауы және тұрлауы тірлікке мүмкіндік беретін бейбітшілікке кепіл болатыны тегін емес. Бұған мұсылман қауымы әрқашан үлкен мәні бар маңызды фактор деп қарай білген. Сондықтан да олар «алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деп тәмсілдейді. Өйткені кешірімді болу адамдар арасындағы өзара түсінушілікті нығайта түседі. Бұл жайлы Құран Кәрімде былай баяндалған:
«Тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да садақа береді, ашуын тежей алады, адамдарға кешіріммен қарайды. Ізгілік жасаушыларға Алла да ілтипатпен қарайды» (Әли-Имран сүресі, 3/134 – аят).
Алланың адам болмысына берген кешірімділік қасиетін біріміз ұғынсақ, біріміз ескере бермейміз. Кешірім сұрамау мен кешірмеу адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз қасиет. Ал кешірімділік адамдар арасына мейірім шуағын төгіп, мына әлемнің мәнін сезіндіре түседі. Кешірім жасау арқылы бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досыңа айналдыруға да болады. Кешірімділік қатаңдық пен қатыгездіктіктің құрсауынан арылтып, бақытқа жеткізеді. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни кешірімді болуға шақырып былай деген:
Тұз-дәміңді бөліс, жаса қайырым,
Кешіре сал, көрсең кісі айыбын.
Бабаларымыз «Алдыңа келсе атаңның құны болса да кеш» деген өсиет сөз қалдырған. Бұл нақыл сөз Қасиетті Құранның мына аяттарымен үндес екені айдан анық:
«Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы!» (Шура сүресі, 42/43 – аят).
Иә, сабыр мен кешірім – мұсылман адамның мінез-құлқы мен амалдарының ішіндегі ең маңыздысы екендігінде еш дау жоқ. Ақиқаты сол: кешіргеннің иығынан жүк түсіп, кеудесінен кек, жүрегінен кір кетеді. Ал, таза жүрекке нұр түсетіні – мойындалған шындық. Оның үстіне кешіре білу – кешірілудің бір кепілі.
Кешіру – бір жағынан жүрегімізді ашу, кек және жауыздық сияқты сезімдерден тазартса, екінші жағынан жаман сезімдердің жүрегімізді қаптап алатын ауыр жүгінен құтқарады. Сонымен қатар кешіру, адамды құрметке бөлейді. Өйткені әзірет Пайғамбар: «...Алла кешірімшіл құлының абыройын арттырады…», – деген.( Мүслім, Бирр, 69)
Сондықтан, мүмкін болған жерде, Алла разылығы үшін кешіре білу – адамшылық пен кеменгерліктің көрінісі. Алла Тағала қасиетті Құранда Жәннатқа лайық құлдарын былай сипаттайды:
«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей Жәннатқа жарысыңдар. Олар – кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ, олар – ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли-Имран сүресі, 133-134 – аяттар).
Берік Қалдаров Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы «әл-Біләл» мешітінің бас имамы