Мəзһабсыздықтың тілдік мағынасы
Мəзһабсыздыққа анықтама беруден алдын «мəзһаб» сөзіне тоқаталайық.
Мәзһаб сөзінің тілдік мағынасы араб тілінде «жол, баратын жер» дегенді білдіреді. Ислам терминологиясында мəзһаб – белгілі бір бағыт, ілім, құқықтық-доктриналдық мектеп, дүниетанымдықты білдіреді.(1)
Мұсылман әлеміне танымал төрт мəзһаб иелерінің Құран мен сүннетті дұрыс түсінуге байланысты қойған ережелерін мойындау жəне сол кісілердің жолын ұстану.
Ал мəзһабсыздық – сол мəзһаб иелерін мойындамау, белгілі бір мəзһабпен жүрмеу, ғалымдардың Құран мен сүннетті түсінуге байланысты шығарған ережелеріне бағынбау.(2)
Мəзһабсыздықтың шығу себептері:
IV ғасырда фиқһ саласында мəзһабтар құрала бастады. Мұхаммад Айди Аббаси XIX ғасырда мұсылмандардың барлығы қанағат тұтып ұстанған жолға сын айтқан. Ол «Расында мəзһаб ұстау, бір мəзһабпен жүру дінімізде қайтарылған амалдардан, мəзһаб ұстану ижтиһад мəселесіне тосқауыл қою болып табылады» – деген неше түрлі теріс пікірлерді таратады.(3)
Мəзһабсыздықтың негізін қалаушы ғалымдар жəне олар жайында біздің ғалымдарымыздың көзқарастары:
1.Ибн Хазм (994-1064).
2.Шейх Насуриддин Албани (1914-1999).
3.Шейх Ас-Султон Ал-Мъсуми Ал-Хажнади Ал-Маки (1880-1960).
Шейх Ас-Султон Ал-Маъсуми Ал-Хажнади Ал-Маки: «Ислам діні өте жеңіл кез келген адам түсіне алады. Кейбір мұсылмандар бір мəзһаб ұстауға болады»- деп белгілі бір мəзһабқа шақыруда бұл ойлардың барлығы қате пікір екеніне мына дəлелді келтіреді.
«Ислам діні бес негізден құралған:
1-Алладан басқа тəңір жоқ Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі.
2-Намаз оқу
3-Зекет беру
4-Ораза ұстау
5-Шамасы жеткен кісілерге өмірінде бір рет қажылыққа бару.
Осы айтылған бұйрықтарды кез келген мұсылман түсініп алады. Алла Тағала Елшісі арқылы құлдарына осыларды жүктеді. Төрт мəзһабтың біріне еру уəжіпте мұстахабта емес. Себебі мəзһаб иелері қателесуі де дұрыс айтуы да мүмкін. Біз тек қана дұрыс айтушы Пайғамбарымызға еруіміз керек».(4)
Осы пікірге Шейх Рамазан ал-Бутидың берген жауабы: «Ислам діні ол айтқандай жеңіл болса, Алла Елшісі өзінің таңдаулы сахабаларын адамдарға діннің ара-жігін үйрету үшін жан- жаққа жібермес еді. Мысалы Халид ибн Уалид Нəжранға, Муъаз ибн Жабал жəне Аби Муса ал-Ашғари Имен халқына ұстаз ретінде барды».(5)
Шейх Ал-Хажнади былай дейді: «Адамдар қабірге кіргенде ұстанған мəзһабы жайында сұралмайды, парыз амалдары мен Аллаға жəне Пайғамбарға иман келтіру жайлы сұралады».
Ал ал-Хажнадидің уәжіне Шейх Рамазан Ал-Бути былай қарсылық білдіреді: «Осы айтылған сөздеріне қарағанда, қабірде екі періште қойған сұрақтар ғана адамдарға парыз, ал сұралмайтын дүниелер парыз емес секілді. Ислам ақида сенімдерінде немесе кітаптарда екі періште, дұрыс жасалмаған сауда-саттық, адамдардың ақысы жайлы қабірде сұрайды деген бір дəлелдер келген бе?».(6)
Мәзһабсыздықты қайта жаңартып таратқан ғалымдар;
XIX ғасырда Мухаммад Хасан Хайрулла, Мухаммад Рошид ибн Али, Жамалуддин Авғони, Мұхаммад Абдул Уаһһаб Ахмад Ал-Хатиб осы кісілер мəзһабсыздық пікірін қайта жаңартқан. Алла Тағала жəне Елшісі (с.ғ.с) бұйырмаған дүниені мұсылмандар шығарып алды. Мəзһабқа еру дінге енгізілген жаңалық, біз мұсылмандарды мұндай теріс бағыттан құтқаруымыз керек деп, қағаз беттеріне түсіру арқылы бүкіл əлемге жаюды қолға алды. Индонезиялықтар Меккеге қажылық сапарын өтеу үшін жəне ілім ізденуге келіп, мəзһабсыздық бағытын үйренеді. Осы пікірді мойындап, əсер алып өз елдеріне таратқандар Мухаммад Рошид Ризо, Мухаммад Абдуһ, Мухаммад Абдул Уаһһаб. Бұлар мəзһабсыздықтың жайылуына түрткі болғандар.(7)
Мәзһаб ұстану жайлы ғалымдарымыздың пікірі:
Шейх Дахлауи (Алла оны рахметіне алсын) былай дейді:
Құран мен сүннеттен үкім шығаруға шамасы жетпейтіндер үшін мəзһабқа еру міндет. Өйткені табиғиндер сахабаларға, табаға табиғиндер табиғиндерге ерді. Құран мен сүннеттен үкім шығару әрі көпшілік жамағаттан шығып кетпеу үшін, мəзһабқа еру өте маңызды.
1-Мəзһабқа еруге тыйым салынғанда кез келген адамға ижтиһад ету міндет болар еді. Ижтиһадтың шарттары қарапайым кісілерге ауыр келеді.(8)
Кез келген адамның Құранды жетік меңгеруге, үкімі жойылған немесе үкімін жоюшы, жеке жəне көпше түрде келген аяттарды түсінуге шамасы жете бермейді, өйткені дəрежелері бірдей емес.
2-Барлығына ижтиһад жасау уəжіп болғанда көптеген адамдар мужтаһид дəрежесіне жетіп, дүниелік істермен айналысатындар қалмайтын еді. Егінші, аспазшы, инженер сынды мамандар тапшы болатыны сөзсіз.(9)
3-Қарапайым кісілерге ижтиһад мəселесін беретін болсаң, шамасы жетпейді.(10)
4-Мəзһаб ұстану, мəзһабпен жүру дінімізде құптарлық іс болып табылады. Мəзһабпен жүру дегеніміз – Құран мен сүннетті түсінуде ғалымдарымыздың қойған ережелерімен жүру. Мəселен, сахабалар өздерінен кейінгі мұсылман қауымның Құранды қатесіз оқуы үшін Құрандағы əріптерге харекет қойды. Сондықтан да біз осы күнге дейін Құран оқуда қиындықтарға тап болмай келеміз. Егер харекеттер болмаған жағдайда, мағынасын өзгертіп оқитын едік. Ғалымдарымыз Құран мен сүннетте келген үкімдерді өздері қойған ережелер аясында қарапайым халыққа түсіндіреді. Бұл ережелер болмаса, біз діни үкімдерді дұрыс түсінбей, көптеген қателіктерге бой алдырып, асыл дінімізге бұрмалаушылық енгізетініміз сөссіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
(1) Ибн Манзур Лисанур Араб.
(2) Шейх Рамазан Ал-Бути (Мәзһабсыздық – Ислам шариғатына төнген ең қауіпті бидғат).
(3) Мұхаммад Айди Аббаси (Мәзһаб ұстану бір Мәзһабпен жүру бидғат). Шейх Албанидің шәкірті.
(4) Рисали Хусни(Усулул Фиқһ ислами).
(5) (6) Шейх Рамазан Ал-Бути (Мәзһабсыздық – Ислам шариғатына төнген ең қауіпті бидғат).
(7) Шейх Мұхаммад Хазри Бик (Ислам тарихы) кітабынан Ливан Бейрут баспаханасы.
(6) (8)(9)(10) Рисали Хусни (Усул).
Шотабеков Берік Шымкент қаласы, Амали Солих мешітінің имамы