Ұлтымыз Ұлы Пайғамбарды (с.а.с.) өз дәрежесінде құрметтеп, қастерлей білді. Сүннетіне амал етіп, өсиеттерімен өмір сүрді. Халық арасында Пайғамбардың (с.а.с.) өмірбаяны, сипаты, қадір-қасиеті жайлы әңгімелер мен қиссалар, жалпы мәліметтер көп болды. Сондықтан қазақ арасында  Алла Елшісіне (с.а.с.), әулетіне, туыстары мен сахабаларына қатысты адам аттары көп кездеседі. Мысалы, Әмина, Абдулла, Ахмет, Мұстафа, Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли, Хадиша, Айша, Зейнеп, Фатима, Күлсім, Ұрқия, Асан, Үсен, Сәдуақас, Сыддық, Әбутәліп, Әшім, Қосай, Әбдімүтәліп, Әбдіманап, Манап, Назар, Әбдірасул, Әбдінәби сияқты адам аттары көп кездеседі. Сонымен қатар, адамзат ардақтысының (с.а.с.) өзінің есімі ерекше көп кездескен. Бір қарағанда мұндай  пікір қисынсыз болып көрінуі ықтимал. Алайда, тереңірек зерделесек, тегі Мұхаммед сөзіне тірелетін есімдердің көптігіне куә боламыз. Ондай аттардың бір парасының өңі қазақ тілінің үндестік заңына байланысты өзгерген болса, екінші бір бөлігі Пайғамбар (с.а.с.) есіміне деген ерекше құрметке сай әдейі өзгертілген. Мысалы, Мұхаммед, Мұхамбет, Махамбет, Мәмбет, Мәмет, Ормамбет, Баймағанбет, Бейімбет, Ақмағанбет, Ақпамбет, Жалмағамбет, Жайымбет, Нұрмағанбет, Құлмағамбет, Қалмағамбет, Мұқан, Мұқажан, Мұқағали, Мұқасан, Мұқаш, Маханбет, Махан, Мағжан және тағы басқа да нұсқалардан көз сүрінеді.

Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) әулеті деп есептелетін ишандардың тұқымдарын айрықша құрметтеуді де Алла Елшісін (с.а.с.) қастерлеудің ерекше бір үлгісі деуге болады.

Жалпы адамзаттың ең ардақтысы Алланың Елшісіне (с.а.с.) деген құрмет өте ерекше болғандығын аңғарамыз. Оған (с.а.с.) титімдей қатысы бар дүниенің бәрі қасиетті саналған. Мұның өзі Пайғамбардың (с.а.с.) өсиетімен сай келеді.

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى أَكُونَ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِنْ وَالِدِهِ وَوَلَدِهِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің қайсыбіреуің қашан мені өзінің әкесінен, баласынан және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше толық иман келтірген болмайды»[1].

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «ثَلاَثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حَلاَوَةَ الإِيَمَانِ: أَنْ يَكُونَ اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِمَّا سِواهُما، وأَنْ يُحِبَّ الْمَرْءَ لا يُحِبُّهُ إِلاَّ لِلَّهِ، وَأَنْ يَكْرَه أَنْ يَعُودَ في الْكُفْرِ بَعْدَ أَنْ أَنْقَذَهُ اللَّهُ مِنْهُ، كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ في النَّارِ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.

Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Кімде мына үш нәрсе болса ол иманның тәттілігін сезінеді: Алла мен Оның Елшісін ол екеуінен басқа нәрсенің барлығынан артық көріп сүю; бір адамды жақсы көрсе, тек Алла үшін жақсы көру; күпірді, Алла оны одан құтқарғаннан кейін, құдды отқа түсуді қаламағанындай қатты жек көру»[2].


[1] Бәйһақи риуаят еткен.

[2] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38