Өлімді еске алу арқылы пенде өз болмысының ақиқаты мен дүниенің пәнилігін жете түсінеді, жүрегі жұмсарады. Күнделікті күйбең һәм күйкі тіршіліктің әсерінен тотығып, тат басып, ұмыт болған, сананың терең түкпірінде тығылып жатқан әу бастағы фитраттық – жаратылыстық сезім оянып, Алла Тағалаға тәубе қылуына себеп болады.

Осындай тағылымдық-тәрбиелік мәніне байланысты өлім жайында Құран Кәрімде көп үгіт бар. Ондағы аяттар кәпір және күнәһарлардың ажал келгеннен азапқа тап болатынын ескертіп қорқытса, ажалға дайындық жасап шариғат шарты бойынша өздеріне бұйырылған іс-амалдарын толық орындап жүрген мүмін пенделерді қуанышты хабармен сүйіншілейді.

Сондай-ақ, ажал туралы ескертуші аяттар да жеткілікті. Алла Тағала былай дейді:

﴿كُلُّ نَفْسٍ ذَآئِقَةُ الْمَوْتِ﴾

«Әрбір жан өлімнің дәмін татады» (Әли Имран, 185);

﴿وَلَوْ تَرَى إِذِ الظَّالِمُونَ فِي غَمَرَاتِ الْمَوْتِ وَالْمَلآئِكَةُ بَاسِطُواْ أَيْدِيهِمْ أَخْرِجُواْ أَنفُسَكُمُ الْيَوْمَ تُجْزَوْنَ عَذَابَ الْهُونِ بِمَا كُنتُمْ تَقُولُونَ عَلَى اللّهِ غَيْرَ الْحَقِّ وَكُنتُمْ عَنْ آيَاتِهِ تَسْتَكْبِرُونَ﴾

«Сол залымдарды жан тәсілім алдында көрсең ғой. Сонда періштелер қолын созып: «Қане, жандарыңды тапсырыңдар. Алла туралы қиянат сөз айтқандарың үшін әрі Оның аяттарына тәкаппарлықпен қарағандарың үшін сендер бүгін сұмдық азаппен жаза тартасыңдар» деседі» (Әнғам, 93);

﴿حَتَّى إِذَا جَاء أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِ﴾

«Егер олардың (кәпірлердің) біреуіне өлім келсе: «Раббым! Мені (дүниеге) қайтара гөр», – дейді» (Мүминун, 99).

Ажал келген сәтте өкініштен еш пайда жоқ. Бұл сәтте өткен өмірдегі жіберілген ағаттықтарына ашынып, күнәларына күйініп, өз-өзін күстаналағаннан, ізгі істерге мойын жар бермегеніне қапаланып, өкінгеннен еш пайда жоқ. Өткен өмір өтті. Ол енді қайтып келмейді. Белгіленген мерзім бітіп, ажал жеткен соң өмірге қайтып бару жоқ. Ардақты аяттар бізді сондай пұшайман күйге қалудан сақтандырып, өмір тіршілігін тиімді пайдалануға нұсқайды.

﴿وَأَنفِقُوا مِن مَّا رَزَقْنَاكُم مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ فَيَقُولَ رَبِّ لَوْلَا أَخَّرْتَنِي إِلَى أَجَلٍ قَرِيبٍ فَأَصَّدَّقَ وَأَكُن مِّنَ الصَّالِحِينَ﴾

«Сендердің біреулеріңе өлім келіп, ол: «Уа, Раббым! Жақын бір уақытқа шегере тұрсаң еді, сонда садақа беріп, салихалылардан болар едім» деп айтпауларың үшін Біздің сендерге берген ризықтарымыздан жұмсаңдар (садақа беріңдер)» (Мунафиқун, 10).

﴿وَهُوَ الْقَاهِرُ فَوْقَ عِبَادِهِ وَيُرْسِلُ عَلَيْكُم حَفَظَةً حَتَّىَ إِذَا جَاء أَحَدَكُمُ الْمَوْتُ تَوَفَّتْهُ رُسُلُنَا وَهُمْ لاَ يُفَرِّطُونَ* ثُمَّ رُدُّواْ إِلَى اللّهِ مَوْلاَهُمُ الْحَقِّ أَلاَ لَهُ الْحُكْمُ وَهُوَ أَسْرَعُ الْحَاسِبِينَ﴾

«Алла пенделеріне Өктем һәм Ол сендерге (бақылаушы) періштелерін жібереді. Егер біреулеріңе ажал төнсе — оны орындайтын періштелер. Алла бұйрығын олар қалтқысыз орындайды. Сонан соң пенделер Алланың әділ бұйрығы бойынша, оның еркіне барады. (Қияметте) Әмір ету тек Аллаға жарасады. Ол есепті тез жасайды» (Әнғам, 61, 62).

Құран Кәрімде ажал адам үшін ең қорқынышты бейнеде суреттелінген. Өлімнен қорыққан кейбір адамдар бас сауғалап қашуға дейін барған:

﴿أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ خَرَجُواْ مِن دِيَارِهِمْ وَهُمْ أُلُوفٌ حَذَرَ الْمَوْتِ﴾

«Мыңдаған адамның өлімнен қорқып, үй-жайын тастап, босып кеткенін білетін шығарсың(Бақара, 243).

Алайда пенде қанша тырысқанымен де келіп тұрған өлімнен қашып құтыла алмайды.

﴿قُل لَّن يَنفَعَكُمُ الْفِرَارُ إِن فَرَرْتُم مِّنَ الْمَوْتِ أَوِ الْقَتْلِ وَإِذاً لَّا تُمَتَّعُونَ إِلَّا قَلِيلاً

«(Уа, Мұхаммед!) Сен айт: «Егер сендер өлімнен де өлтіруден де жалтармақ болсаңдар, оның ешқандай пайдасы жоқ» (Ахзаб, 16).

﴿قُلْ إِنَّ الْمَوْتَ الَّذِي تَفِرُّونَ مِنْهُ فَإِنَّهُ مُلَاقِيكُمْ ثُمَّ تُرَدُّونَ إِلَى عَالِمِ الْغَيْبِ وَالشَّهَادَةِ فَيُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمْ تَعْمَلُونَ

«Өздерің қашатын өлім, сөз жоқ, сендердің бастарыңа келеді деп айт» (Жұма, 8).

Алла Тағала пенделеріне жалған дүниенінің ақыреттің бір күніне тең болмайтындығын қатаң ескертеді. Сондай-ақ бұл дүние тіршілігінің мерзімі қысқа, нығметі аз екендігін ескертіп, ондағы ойын-ермекке еріп, елітіп алданып қалудан сақтандырады. Ал ақыреттің нығметі мол, ондағы өмірдің мәңгі және ондағы тұрақтың тұрғылықты, баянды екендігін айтады:

﴿قُلْ مَتَاعُ الدَّنْيَا قَلِيلٌ﴾

«(Уа, Мұхаммед!) Бұл дүниенің игілігі – баянсыз де» (Ниса, 77);

﴿وَمَا هَذِهِ الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا لَهْوٌ وَلَعِبٌ وَإِنَّ الدَّارَ الْآخِرَةَ لَهِيَ الْحَيَوَانُ لَوْ كَانُوا يَعْلَمُونَ

«Бұл дүние тіршілігі – тек ойын-ермек, өткінші нәрсе, нағыз өмір – ақыретте» (Анкабут, 64);

﴿بَلْ تُؤْثِرُونَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا *وَالْآخِرَةُ خَيْرٌ وَأَبْقَى

«Бәлки, сендер дүние тіршілігін жоғары қоясыңдар, ал ақырет қайырлы һәм мәңгі» (Ағлә, 16, 17).

Сондай-ақ ардақты аяттарда дүниенің мысалы өткінші құбылыстарға теңелген.

﴿وَاضْرِبْ لَهُم مَّثَلَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا كَمَاء أَنزَلْنَاهُ مِنَ السَّمَاءِ فَاخْتَلَطَ بِهِ نَبَاتُ الْأَرْضِ فَأَصْبَحَ هَشِيماً تَذْرُوهُ الرِّيَاحُ وَكَانَ اللَّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ مُّقْتَدِراً﴾

«Бұл дүниенің тіршілігі жөнінде де ғибрат бар. Ол – аққан су сияқты. Біз оны көктен жаңбыр етіп жаудырдық. Сол арқылы жер бетіне ұйысып өсімдік шықты. Одан кейін ол қурап, жел ұшырып, жоқ болды. Алланың құдіреті бәріне жетеді» (Кәһф, 45).

Жаңбыр суы жердегі өсімдіктерге ылғал беріп оларды өсіреді. Сосын біраз уақыттан соң бұл өсімдіктер қурап, ақырында жел ұшырып, жоқ болады. Ардақты аятта өсімдіктің өмір-тіршілігі жалпы дүние тіршілігіне ұқсатылған.

Келесі бір аяттарда адамның мал дүниені көбейтумен және бала-шағаның қамымен деп алданып сонымен ғана шұғылды болып қалмауы жөнінде насихат етіледі. Сондықтан адам баласы уақытша нәрселерге назар аудармай, мәңгілік жойылмайтын ізгі амалдарға баса көңіл бөлуі керек. Бұлар Алла Тағаланың ардақты аятында былай айтылады:

﴿الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَالْبَاقِيَاتُ الصَّالِحَاتُ خَيْرٌ عِندَ رَبِّكَ ثَوَاباً وَخَيْرٌ أَمَلاً

«Мал-мүлік және балалар – дүние тіршілігінің көркемдігі. Ал мәңгілік ізгіліктер – Раббыңның алдында сауап пен үміттің ең қайырлысы» (Кәһф, 46).

Ал пайғамбарлық сүннетке зер салсақ, пенделерге қабірді, ақыретті ескертетін және бұл дүниенің қызығы мен сынақтарынан сақтандыратын хадистер баршылық. Пайғамбардың (с.а.с.) мынадай өсиеттері бар:

 «Уа, адамдар, сендер үшін көрсетіліп қойылған белгілер бар (яғни тура жол), міне сол белгілер бойынша жүріңдер. Сендерге көрсетіліп қойылған шек-сызықтар бар, міне сол сызықтардың бойымен жүріңдер (одан асып өтпеңдер)».

«Пенде өз-өзінен ғибрат алсын. Дүниесін ақыреті үшін пайдалансын. Қартаймастан бұрын жастық шағында өлместен бұрын осы өмірінде ізгі амалдар жасасын. Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етемін – өлімнен кейін тәубе қабыл болмас, бұл дүниеден кейін жәннат пен тозақтан басқа жай болмас». Бәйһақи риуаяты.

Сондай-ақ, өлім хақында адамзат тарихындағы талай хакім-даналар ой талқылап, арттарына тағылымды сөздерін қалдырған. Басқа даналар сияқты қазақ хакімі Абай да өлімнің хикметін сезіп, басқаларға қапы қалмауды былайша өсиет еткен.

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,

Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.

Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,

Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің?

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ!

Абай

ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38