Бисмиллаһир рахманир рахим
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيم
الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين
Аса мейірімді, Мейірбан Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын.
Ихсан сөзі ізгілік, игілік, жақсылық деген мағынаны білдірсе, шариғаттағы мәні әр нәрсені кемел, көркем түрде орындау дегенді білдіреді. Яғни, әрбір ғибадатымыз бен құлшылығымызда Алла Тағала мені көріп тұр деген үлкен рухани сенім болу қажет.
Осы орайда, мына хадиске назар аударуды жөн санаймын. «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де оған иман келтірді» («Бақара» сүресі, 285-аят). Иманның негізгі орны – жүрек. Қандай адам болмасын Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген нәрселеріне жүрекпен сенсе, оның дұрыстығына иланса, онысын бір себептерге орай тілімен айта алмаса да Алла құзырында мүмін болып саналады. Ал, тілімен ғана иман келтіргендігін айтып, жүрегімен растамаса, Алла құзырында шынайы иман келтірген болып табылмайды. Бұл жайында Құран былай дейді: «Адамдардың кейбіреулері (екі жүзді мұнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді» («Бақара» сүресі, 8-аят). «Бәдәуилер: «Иман келтірдік» деді. (Мұхаммед) оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсіз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді» («Хұжұрат» сүресі, 14-аят). Жәбірейіл періште сахабаларымен отырған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақ киім киген жолаушы кейпінде келіп, көпшіліктің көзінше былай дегенін хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) баяндайды: «Уа, Мұхаммед! Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Ислам – Алладан басқа Құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару деп жауап береді. Әлгі кісі мұны естігенде:
– Рас айтасың, – деді.
Біз оның өзі сұрап әрі жауабын өзі растағанына таңғалдық. Мұнан соң әлгі кісі:
– Иман дегеніміз не? – деп сұрағын жалғастырды. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Аллаға, оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену, – деді. Жолаушы тағы да:
– Рас айтасың, енді ихсан деген не? – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Ихсан – Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен оны көрмесең де, шүбәсіз, ол сені көруде.
– Қиямет қашан болады? – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Сұралған адам сұраушыдан артық білмейді, – деп еді, сонда әлгі кісі:
– Күңнен қожайын туады. Сен жалаңаяқ кедейлердің биік үйлер салғанын көресің, – деп ақырет күнінің белгілерін айтып берді.
Жолаушы кеткеннен кейін аз уақыт өткен соң Пайғамбарымыз:
– Уа, Омар! Сен әлгі кісінің кім екенін білесің бе?», – деді. Мен:
– Алла және оның елшісі біледі, – деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде ол сендерге діндеріңді үйретуге келген Жәбірейіл періште болатын», – деп мәселенің мән-жайын түсіндірген еді. Бұл хадис өте құнды дүниелерді бізге баяндайды. Иман, құлшылық және ихсан мәселесіне тоқталып өтеді. Ихсан – Алла сені бақылап тұрғанын, сен қай уақытта болсын Оның назарында тұратыныңды бір сәт естен шығармау екен.
Қорыта айтқанда, пенде күнделікті жасап жүрген ғибадаттың ләззатын сезіну үшін әуелі адам бойынан рухани тұрғыдан алғанда Алла Тағала мені көріп тұр деген шынайы иман һәм ихсан сезімі болуы қажет. Алла Тағала құлшылықтарымызды қабыл етіп, біздерге риза болғай!
Нұржан Қасымбеков, Шымкент қалалық орталық мешіттің азаншысы