«Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпастан өзі оятып тұрғызып еді. Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзіне таныс Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады…»

Бұл – күллі қазақ еліне танымал жазушы, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінде айтарлықтай орны бар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан алынған үзінді. Осы үзіндідегі оқудан еліне асыға, жігерлене қайтып бара жатқан шәкірт бала, жас кейіпкер, тақырыпқа арқау болмақ дара тұлға Абай Құнанбайұлы еді.

1845 жылы дүние есігін ашқан кемел ақын, ағартушы, аудармашы Абай атамыздың, тұғырлы тәуелсіз еліміздің тарихында алар үлесі зор. Абай бейнесі, Абай тұлғасы бір төбе болса, ақынның келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырған өшпес мұрасы – бір төбе. Сол кездің өзінде елінің түрлі мәселелерін өз шығармаларына арқау еткен ағартушымыз, тіпті өлең-жырларында болашақты да бағамдап, мән-мағынасы, мазмұны жағынан уақыт талғамайтындай ерекше етіп өрнектей білген. Қарапайым мысал ретінде дана тұлғамыздың, иісі қазақтың жадындағы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне көз жүгіртейік.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Бұл өлең жолдарынан осы жалған дүниеде, уақытты кері әсерін тигізетін дүниелерге емес, керісінше пайдалы жаққа жұмсау әрі оны тиімді пайдалану керектігі сөз етіледі. «Ғылымды бесіктен көрге дейін ізде» деген әсем сөз бар емес пе? Иә, расында өмірдегі басты мақсаттардың бірі оқу-білім екені Абай өлеңінде көрсетілгендей, асыл дініміз де ғылым мен ілімге баса назар аударады. Оған дәлел Құранның алғашқы аятының «Иқра», яғни «Оқы» деп түсуі. Аятта былай делінеді: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен».

Иә, ғылымды үйрену, білім алу әр адамның сауатты болуына жәрдемдесіп, ойлау қабілетін, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертері сөзсіз. Дегенмен уақыт өте келе, мемлекетіміз, бүкіл адамзат өркениеті дамып, ілім алу да жеңілдеді, әлі де жеңілдеуде. Себебі оқуға керектінің бәрі алдыңызда. Әр отбасында кем дегенде компьютер немесе ноутбук, ол болмаса ұялы телефон бары анық. Ал сол заманауи құралдар арқылы, кітапханаға барып табатын білімнің қайнар көзін үйде отырып-ақ табуға, оны үйренуге болады. Алайда көп жастар дәл осы құрылғыларды пайдасыз істерге қолданып, алтын уақытын жоғалтып жатады. Құрылғылардағы көрсе, көздің жауын алар, өзіне тартып тұратын түрлі қосымшалардың жетегінде кетеді. Одан қала берді ата-аналар да осындай жайттарға тап болып жатады. Міне, ата-ананың бала алдындағы, перзенттің отбасы алдындағы міндеттері, олардың араларындағы тығыз қатынас, бәрі осы кезде бұзылады, жайында қалады. Әрине бұдан кейін, Абай атамыздың өлеңінде айтылған, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, ысырап сынды нашар қасиеттер адам бойын билеп алады. Ал бұл қасиеттер адам бойына енсе, әлбетте ол жанның иманы әлсірейді.     

Мұндай жағымсыз қасиеттер, олардың арты неге әкеліп соғатыны жайлы дінімізде де айтылады. Қасиетті Құранда: «Кімде-кім түйірдей жақсылық істеген болса, оның сыйын да көреді. Кімде-кім түйірдей жамандық істеген болса, оның жазасын да көреді» («Зілзала» сүресі, 7-8 аяттар), – делінеді. Ал Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «…Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш тұрсын» деген. Абай атамызың айтып отырған, өсек, өтірік, мақтаншақ сынды қасиеттері дәл осы тіл арқылы өрбиді. «Басқа пәле – тілден» деген осыдан шықса керек. Сондықтан қазіргі уақытта көп жаннның сөз қуып, оның жетегінде кетіп қалмай, уақытын білім қууға жұмсаса екен дейміз.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жер бетінде тәкаппарланып жүрме! Өйткені сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жек көрінішті жаман  қылықтар саналады», – деп, бұл мінезді жақсы көрмейтіндігін білдірген. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді» дейді.

Иә, тәкәппарлықтың деңгейі қазір тіпті өрістеді. Қарапайым ғана мысал ретінде, балалардың сөз сөйлеуін, киім киісін алып қарайық. Баланың «Мен ғана ескі ұялы телефон ұстап жүрмін» деген сөзінен-ақ паңдану байқалады. Алайда ата-ана дер кезінде алдын алып, қадағалауын күшейтсе, екі дүниеде де кесірін тигізетін бұл қасиеттен бала да, ата-ана да мейілінше аулақ болары анық.

Абай атамыз бес нашар қасиеттің соңғысын «бекер мал шашу» деді. Ол –ысырыпшылдық. Алла Тағала: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», – деп, ысырап жасаудың үлкен күнәлер қатарынан әрі жағымсыз істерден екенін жеткізді. Бұған дәлел дүркіретіп өткізілетін той-томалақ. «Елден ұят болмасын» деп, көп адамдар ысырап жасап жататыны рас. Алайда аяттарда келтірілгендей, арты үлкен күнә боларлық амалдардан сақтана білгеніміз жөн.

Міне, Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне тоқталып өтіп, ғылым, білімге ұмтылмаудың салдарынан не боларын сатылай тізбектеп өттік. Өлеңде көрсетілген бес нәрседен қашық болып, ілім меңгеріп, бес асыл іске ұмтылғанымыз жөн. Құран аяттарында: «Алла иман келтіргендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді» делінеді. Яғни білімі мол адамның білмейтіндердің жанында, түрлі жағдай болсын дәрежесі жоғарырақ болатыны айтылады. Ал осындай деректерді оқып білген әрбір жанның, ғылым жолына бет бұрмауы әбестік болар.

Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің айтуынша, қазақ халқының ірі қайраткері әрі ойшылы, «өз халқының рухани көзі» бола білген Абай Құнанбайұлының бір ғана өлеңіне талдау жасау арқылы, қазіргі кездің дертіне айналған түрлі мәселелерге талдау жасап өттік. Абай шығармашылығынан алынған бір өлеңнің өзі осыншама дүниені құрамына сіңірсе, қалған шығармаларының барлығы толықтай бізге бір алтын қазынадай көрінері сөзсіз. Сол қазынаның құлпын жұмыла аша білсек, дүниедегі түрлі мәселелерге шешім де таба алатынымыз анық. Олай болса ғұмырлы шығармалардың авторы Абай атамыздың еңбектерін болашақ ұрпаққа бірге дәріптейік.    

Алмас АЙТКӘРІМҰЛЫ,

«Защита» мешітінің бас имамы,

Өскемен қаласы   

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38