Бүгін, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Яғни бұл күн – аталар мен апалардың, ата-аналардың, бір-бірінің қадірін білетін жақын адамдардың мерекесі. Демек жан дүниенің жомарттығы мен адамдық даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет.
Адам баласының бойындағы бұл ізгі ниет – Жаратушы Иеміз бұйыртқан әрбір секундтың еншісінен бөлінбек емес, бөлінбейді де. Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған.
Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Қазақ – қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Бүгінде қазақтың әрбір үйінен отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап, немерелері қойнына тығылып, мойнына асылып жатса еңбектерінің ақталғаны емес пе? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп Жаратушыға құлшылық етуінің мәні де осында.
Құранның «Исра» сүресінің 23-24 аяттарында Алла Тағала: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық етпеулеріңді және ата-анаға ізгілік жасауларыңды бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, екеуіне «түһ» деп те айтпа. Оларға дауыс көтерме, тек жақсы сөз сөйле. Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт», – деген.
Көркем мінез иесі болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да: «Әлсіздерге, науқастарға, қарттарға және кішілерге мейірімділік көрсетіңдер!», «Қарттарға құрмет пен сияпат Алла Тағалаға деген құрметтен туындайды» деген (Бұхари). Сондай-ақ Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланы ұлықтаудың бір түрі – шашы ағарған мұсылманға құрмет көрсету» (Әбу Дәуіт), «Жас адам бір қарттың жасына қарап құрмет көрсетсе, оның жасына жеткенде Алла Тағала оған жастарды құрмет еткізеді» деген даналық сөздері бар.
Қорыта келгенде айтарымыз, қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақтың көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әрқашан да бақытты. Ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын! Қарттарым, аман-сау жүрші…
Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,
Қызылорда облысының бас имамы