Табиғатты қорғау – біздің басты міндетіміз. Табиғаттың көркемділігін сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Табиғат – барлық тіршілік атаулының керемет көрінісі. Ал адам үшін табиғат – ең қасиетті де, қастерлі жаратылыс.

Алла Тағала Құранда: «Ол сондай Алла әр нәрсенің жаратылысын көрікті етіп әсемдеді» («Сәжде» сүресі, 7-аят), – деген. Демек Алланың әрбір жаратқаны – әсем, көркем, сұлу. Сол сұлулық адамға ғажайып көңіл-күй сыйламақ. Шоқан Уәлихановтың: «Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік, жанға жайлы бір нәрсе бар» деп таңданғаны да сол сұлулықтың көрінісі болса керек. Біздің әрбір басқан қадамымыз, әрбір істеген ісіміз қоршаған ортамен тығыз байланысты болғандықтан, табиғаттың өмірімізде ерекше орын алуы заңды.

Қоршаған орта адамның психологиясы мен көңіл-күйіне әсер етеді. Әрбір адам таза табиғаттың көркем көріністеріне тамсана қарау арқылы жүрегіне тыныштық, өміріне қуаныш ұялатады. Экологияны ластап, табиғатқа зиян келтіру адамзатқа кері әсерін тигізеді. Ғалымдар депрессия мен психологиялық аурулардың жайылуын табиғаттың ластануы мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуымен байланыстырады. Сондықтан табиғатты аялауымыз қажет. Алайда табиғаттың ластанып, қоқыстар көрінген жерде шашылып жатқанын көргенде, жүрегің ауырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Абай болыңыздар, қарғысқа ұшырағандардан болмаңыздар» (Мүслім), – деп қатаң ескерткен. Сонда сахабалар түсінбей қалып: «Қарғысқа ұшырағандар кімдер?» – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен-көлдің жағасына дәрет сындырып, ластағандар», – деген болатын.

Әнәс ибн Мәликтен жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылман ағаш егіп немесе егін ексе, ол егістіктен адамдар, тіпті құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса да, міндетті түрде өзіне сауап болып кері қайтады»  деген. Екі хадистің астарына қарайтын болсақ, Алла елшісі бізге тікелей табиғаттың тазалығы мен оны қорғау жолдарын үйретіп отырғандай. Мұсылмандарға үлгі көрсетіп, дін үйреткен Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде айналдыра ағаш ектіргені баршаға тәлім.

Ақ күріштен тау тұрғызған, егін шаруашылығының даңқты шебері атанған Ыбырай Жақаев атамыз: «Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» – деген болатын.

Табиғат бізден өзін қорғауды сұрайды. Сондықтан біз осы бір табиғаттың керемет тұтынушысы һәм көркемдігінен рахатқа бөленуші ретінде оны аялап, қорғай білуіміз керек.

Болатбек АБУОВ,

Қызылорда облысының бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38