Мұсылманша жыл санауы «қамари» ай күнтізбесі бойынша айлардың екінші айы Сафар айы болып келеді.. “Сапар” сөзінің (арабша: صفر) ай атына қатысты кең тараған екі мағынасы бар:
1) сары, сарғаю: сапар айына атау берілгенде күз болып, айнала сап-сары түске оранған;
2) бос, нөл (араб: сифр): мұсылмандар осы айда Меккеден көшіп кеткеннен кейін қала босап қалған. Қазіргі таңда ел арасында: «Осы сапар айында үйленуге, неке қиюға және той жасауға, ұзақ жолға шығуға болмайды» деушілер де кездеседі. Мұндай түсінік сонау ертеректе Ислам діні келмей тұрып арабтарда болған ырым. Оларда сапар айы – бақытсыздық айы, сорлы бір ай деп қабылдаған. Сондықтан, бұл айда үйленсе яки бір істі бастаса ол іс нәтижесіз болады деген наным бар еді. Егер оған иланып, сапар айында той жасамау, неке қидырмау не сапарға шықпау сынды әрекеттерге барып жатса, Алла алдында үлкен күнәһар болады. Өйткені, біз Алла Тағаланың жазған тағдырына сеніп, иман келтіреміз. Жақсылық пен жамандық бір Алла тағаланың құзырында екеніне де куәлік етеміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадисінде: «Сапар айында ешқандай ырым жоқ. Байғыздың шақыруында да ешқандай ырым жоқ», – деді. Дәстүрдің озығы мен тозығы бар демекші, жоғарыда айтылып өткен ырымдар дәстүрдің тозығы саналады. Сондықтан бұл айда барлық жақсылықтар мен той-мерекелерге тыйым салудың еш негізі жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Барлық айлар Алла тағаланың айы, барлық күндер де Алла тағаланың күні»,– деген болатын. Сол себепті барлық айлар мен күндерге үлкен мән бергеніміз абзал.
Сапар айы кіруімен айдың басында, ортасында жэне соңында үш күн нәпіл ораза тұтылады. Бір күн нәпіл ораза тұтуға да болады. Бұл жөнінде хадисте: «Ай сайын үш күн ораза ұстау-жыл бойы ораза ұстағанмен тең болады.» (Имам Бухари мен Имам Муслим) Нәпіл оразаның ниеті: «Ниет еттім сапар айында нәпіл ораза тұтуға»- деп ниет етеміз.
Және де бүл айда екі ракат нәпіл намаз оқылады. Намаздан кейін истиғфар дұғасы және Пайғамбарымызға салауаттар оқылады. Және өзге де ғибадаттар мен қатар, Құран-Кәрімді толық қатым етіп оқып шығу үлкен сауап амал. Жалпы сапар айында: «Аллаһумма фаррижнә бидухулис-сафари уәхтим ләнә билхайри уәз-зафари», мағынасы: «Аллам, сапар айы кіруімен бізге қуаныш нәсіп ет. Ол айда жақсылықпен, сондай-ақ, жеңіспен шығуды нәсіп еткейсің», – деп дұға етудің мәні зор. Сонымен қатар өзге айлардағыдай бұл айда да баршамыз жақсылық жасауға асығуымыз қажет. Ел арасында араздасып қалған мұсылман бауырларымызды бірлікке, ынтымаққа шақырып, татуластыру үлкен сауап.
Сондай-ақ, науқастанған бауырларымызды зиярат етіп, олардың қал-жағдайын білу, ата-ана, ағайын-туысқандармен тату тұру және жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын беріп, қайырымдылық жасау дініміздегі ең ізгі амалдарға жатады.
Ендеше, баршамыздың мүбәрак сапар айында жасаған ізгі істерімізді, ғибадат-құлшылықтарымызды, дұға-тілектерімізді Алла тағала қабыл еткей. Әмин!
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, Шымкент қаласының бас имам орынбасары