Құран Кәрімде: “Адамзатты Біз ата аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Анасы қиналып жүріп құрсағында көтереді, қиналып туады. Құрсақ көтеру, емшек емізіп бағу мерзімі отыз ай. Ол кәмілетке толып қырық жасқа жеткен шағында: “Тәңірім! Өзің маған және ата-анама берген нығметтеріңе шүкір етуім үшін, Сен риза болатындай ізгі амалдарды жасауым үшін маған медет бер. Менің ұрпағымды да ізгілерден ете гөр. Мен саған шындап тәубе еттім. Мен шынайы мұсылманмын”, – делінген (“Ахқаф” сүресі , он бесінші аят).
Имам Мүслим (рахматуллаһи аләйһ) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер”, – деген.
Бұл дүние – қайтар дүние. Жақсылық істесең – жақсылық көресің, жамандық істесең – жамандыққа бірде болмаса, бірде тап боласың. Ата-анасын сыйламаған перзент – өз перзентінен өзін сыйлауды талап етпей-ақ қойғаны дұрыс.
“Бір ақсақал ұзақ өмір сүріп, тым қартайып кеткендіктен перзентіне жақпай қалыпты. Әкесінен жалыққан сорлы бала біржола құтылмақ үшін қарияны арқалап, жолға шығады. Шаршап, шалдығып, бір ағаштың саясына тоқтағанда әкесі баласына қарап жымиып, күліп қояды. Оған ұлы таңдана қарап, әкесінен күлгенінің себебін сұрайды. Әке сонда: “ұлым, менде бір кездерде әкемнің қызметінен құтылу үшін оны бейтаныс жерге апарып тастау ниетімен жолға шыққан едім. Мына дүненің қайтар дүние екенін қарашы, дәл осы жерге әкемді көтеріп келгенімде мен де аздап тынығып алу үшін осы ағаш саясына тоқтаған болатынмын…”, – деген екен.
Бұл ғибраты мол оқиға. Пайғамбарымыздың хадис шәріпінде: «Хафиз Әбу Бакр Баззор Будайда атасынан есітіп жеткізген риуаятта: “Бір адам Кағбаны анасын арқасына арқалап көтеріп жүріп тәуап етіп боп, Расулалладан сұрапты: “Анамды арқалап, көтеріп жүріп қажылық жасаттым. Қасиетті Кағбаны жеті айналдырып тәу еттірдім, енділікте, айтыңызшы, ана ақысын өтедім бе?”, – депті. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Жоқ, бұл қызметің анаңның саған жүктілік уақытында қиналған бір де сәтіне (секундына) тең емес”, – деп жауап берген екен.
Хадис. «Бір жігіт Пайғамбарымызға арызбен келіпті: “Әкем қартайып, жайсыз болып кетті. Ақылдан азды ма деп қорқамын. Үйіме келіп, қолына не ілінсе, соны алып кете береді”, – дейді. Расулалла (с.ғ.с.) оның әкесін шақыртты. Құзырына келген, қарияның үсті-басы тозған, бейшара күйге түскен: “Ұлыңның сөздері дұрыс па?”, – деп сұрады. Ол : “Иә, дұрыс. Мен ұлымды өсірдім, бақтым, қақтым, жақсы азамат болсын деп жалғыз өзім анасыз тәрбиеледім. Анасы мезгілсіз ерте дүние салды. Өзім жемесем де ұлыма жедірдім, өзім кимесем де ұлыма кидірдім. Қартайған шағымда қарайды, бағады ғой деген үміт бар еді. Бірақ, ұлым анасыз өскенге ме, білмеймін мейір-шапағаты жоқ. Менен хабар алмайды. Өз күнімді өзім амалдап көріп жүрмін. Ұлымның үйіне бара қалсам, қолыма ілінген затты алып кетемін. Ол затты сатамын да, ақшасына тамақ алып жеймін. О, Алланың елшісі, Расулалла! Бұл ісім дұрыс па, дұрыс емес пе, білмеймін», – деп көз жасын төгіп-төгіп жылап алады. Әкенің бұл сөздерін есітіп тұрған Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ашу-ызадан беті қызарып кетті. Ұлының желкесінен мықтап ұстап тұрып: “Істеп тапқан нәрселерің, сатып алған заттарың, тіпті сенің өзің де әкеңнің мүлкісің. Егер тапқан табысың әкеңді бағуға жетпесе, әкең сенің өзіңді сатып жіберуге ақысы бар. Сен, тапқан табысым, өзімнің ғана мүлкім, әкемнің оған қатысы жоқ дегенді ойыңа да алма! Барлығына әкең ие!”, – деп қоя берді.
Дана халқымызда: “Әке шешең тіпті жынды болса да, байлап бақ”, – демей ме?!
Осы бағытта тағы бір хадисті келтіре кеткен артық болмас.
“Бір қыз анасын айыптап, Пайғамбарымызға арыз айтты: “Анам ақылынан айырылды. Үйіме келген сайын ұрыс шығарады, мазамызды алып, тыныштық бермейді”, – деді.
Пайғамбарымыз ол қыздың анасын шақыртып алды. Өте қартайып кеткен бейшара ана: “О, Алла Елшісі! Сабыр ете\ете сабырым бітті, шыдамым шегіне жетті. Қызым хабар алмайды. Тіпті немерелерімді үйіме жібермейді. Жалғыз өзім шыбын шіркейге жем болып жатырмын. Не өліп, жаным шығып кетпейді, не қолымнан жетектеп сүйеніш болатын қасымда жан жоқ. Қызым маған уақыт бөлмей, жалғыз қалдырды.
Пайғамбарымыз терең күрсініп, қызына қарап: “Тоғыз ай, тоғыз күн, тоғыз сағат сені қарнында көтеріп күткен кім? Өлімді жағалап барып сені туған кім? Сен ештеңеге шамаң келмей, сәби болғанда жылдап көкірегімен емізіп баққан кім? Сені балиғат жасына жеткізген кім? Осы анаң емес пе?! Егер анаңның ризалығын алмасаң, жаннат саған харам! Тәубе етсең еттің, болмаса, мен сенің күйеуің екеуіңнің жиған-терген мүлкіңнің жартысын алып беремін”, – деді. Қыз тәубеге келді, анасын қарамағына алды”.
Ата-анасына мейірі жоқ, оларды қадірлемейтін перзентті имансыз деп айтсақ қателескендік болмайды.
Қазіргі кездері өкінішке орай елімізде қарттар үйлері көптеп жұмыс істейді. Қараусыз қалған қарттарымыздың қатарының көбеймесе, азаймай отырғаны жүрегімізді ауыртады.
Бір кездері “қарттар үйі” деп аталатын орындарды ашу сонау ерте дәуірлердегілердің ойлары түгілі түстеріне де кірмеген шығар. Жақын кездерге дейін ондай орындарда мұсылман қариялар, соның ішінде қазақтар мүлдем кездеспейтін. Ал бүгіндері ше? Қазіргі кездері қарттар үйлерінен мұсылман ата-аналарды көрсек таң қалмайтын болдық. Бұл қалай? Біз қалай мұндай күйге жеттік? Атасын немесе әжесін сондай орындарға жіберген адамды мұсылман деп санауға бола ма? Әрине, болмайды.
Өкінішке орай, біздің қоғамда кейбіреулер осындай қасіретті дертке жолығып отыр. Оған баршамыз куәміз. Неге үндемей, ештеңе болмағандай сондайлармен араласып, құраласамыз?! Неге олардың дастархандарына отырып, тамағын жейміз? Неге үндемейміз?
Пайғамбарымыздың: “Ата-ананың жылауы перзентінен риза емес екендігінен дерек береді және бұл үлкен күнәлардан”, – дегенін білмейміз бе? Ата-ананың қарғысына қалудың ең үлкен күнә екендігі жөніндегі Пайғамбарымыздың хадистерін, өсиеттерін неге сол надандардың санасына жеткізбейміз?
Ата-ананы ренжіту, айтқандарын істемеу арқылы сол перзент қарғысқа ұшырайды. Бұл үшін ата-ананың сені қарғадым деп айтуы шарт емес. Олардың көңілін қалдырудың өзі-ақ перзенттің қарғысқа ұшырауымен тең.
Ата-ана қарғысы хадистерде арапша айн әріпімен ақ деп жазылады. Араптың ақ деген сөзінің мағынасы ажырады, бөлінді, бүлінді деген мағыныларды білдіреді. Яғни, бұл перзент ата-анасынан тірідей ажырап отыр деген сөз.
“Қарттар үйі”- нен атасына немесе анасына орын дайындап жатқандардың өздеріне дозақтан отты жер дайындап отырғанын ұмытпағаны абзал. Кітаптарда дозақтың “хасарат” қасірет құдығы деп аталатын ең қатты қызған отты, жаман жері ата-анасын қорлағандар үшін арналғандығы жазылған.
Бірде бір дәулетті кісі анасын ұмраға кіші қажылыққа апарыпты. Бұл перзентті мақтарлық іс. Көпшілік ата-анасын қасиетті топыраққа апаруды мақсат етеді. Біреулер әкем немесе анам тірі болғанда кағбаны көрсетіп қайтар ем деп те армандайды. Алла баршамызға, ата-аналарымызға ұлы жерді зиярат етуді жазсын.
Әңгімемізге қайта оралайық. Жаңағы кісіміз анасын зияратқа бірге ертіп шығады. Бірақ ана өмірінде бірінші рет ұзақ сапарға шыққандықтан сапар әдептерін жақсы білмейді. Өмірінде самолетпен ұшпаған. Бір жағынан ана ұлының арқасында ұлы сапарға аттанып бара жатқанынан аздап толқу үстінде де болады. Әрине, толқиды, балаң адал жолмен тапқан қаражатына қажылыққа апара жатса, толқымай қайтсін, бұл не деген үлкен бақыт десеңізші.
Ол кісінің анасы ұлы сапарда жүріп білместікпен кейде бір іске асығып қояды, кейде бірдемелерге үлгірмей жататын кездері де кездеседі. Ал ұлы оған жәрдем берудің орнына анасына қатты-қатты сөздер айтады: “мені ұятқа қалдырып жатырсыз”,- дейді. Негізінде оның өзі байқамайды, оның ұятқа қалып жатқаны анасының әрекетінде емес, керісінше өзінің анасына жасаған мәмілесінде еді.
Сонда ол жігітке бір ақсақал: «анаңды бұл жаққа алып келіп қопал, дөрекі сөйлегенше, үйіңде сыпайы сөйлескеніңнің сауабы көп еді. Анаға көпшілік алдында құрметсіздік жасау Қағбаны бұзғанның күнәсімен тең емес пе?”, – деп ескерткен екен.
Бір мұсылман елінде әкесі қызын сотқа беріп, басқаларға ғибрат болсын деп өлімге кесуді соттан талап етеді. Өлімге кесілсін деп отырылған перзент қыз бала. Әкесінің одан басқа перзенті де жоқ. Ол әкенің жалғыз қызы. Анасы ерте қайтқан. Қызының бақыты үшін әке қайтып үйленбеген. Қызына анасының орнын сездірмей мәпелеп өсірген әке қызын күйеуге де берген. Бірде әке дертке шалдығып ауруханаға жатса, нәпсісіне берілген оңбаған қызы атасының атынан жалған құжат дайындап, әкесінің үйін сатып жіберіпті. Әке аурудан айығып келсе үй жоқ. Қалғаны белгілі. Сот ол тірлігі үшін әрине, қызды өлімге қимайды. Қыздың қылмысы үшін бірнеше жылға қамайтын шығар. Сосын құтылады. Бұл дүниеде сот оны өлімге кеспесе де, ол әлде қашан өлген, тірі өлікке айналған. Оны енді жер жұтуға жеркенеді. Оны алда Алланың жазасы күтіп тұр. Әрине, Алланың құзырында оған қорқынышты азап бар. Жаратушының азабы ауыр. Есін жиып, тәубе қылар, болмаса ақиреті толық күйеді. Жарайды Аллаға тәубе дер, бірақ, әкені қалайша разы етер екен.
Бір кісі қажылыққа бармақ бопты. Бірақ оның қартайған анасы бар екен. Анасын жалғыз тастап кетуді қимай, ұстазға барып ақылдасайын, сол кісі не десе сол болсын деп хазреті Әду Хазимийдің құзырына барады. Барса шейх ұйықтап жатыр екен. Ұйқыдан оянып, «мен пайғамбарымызды түсімде көрдім, пайғамбарымыз қажылыққа барудан ана ақысын сақтау артық”, – депті.
Алланың ризалығы ата-ана ризалығында. Бүгінде “Жаннат аналардың аяғының астында” деген хадисті білмейтін мұсылман жоқ. Бірақ осы хадистің мағынасын көпшілік түсіне бермейді. Сондықтан осы хадис қашан, кімге айтылғанына, себебіне тоқталайық. Бірде анасын жалғыз қалдырып мүшриктермен соғысуға аттанған жігітті Пайғамбарымыз кері қайтарып, жоғарыдағы хадисті айтқан екен. Яғни, «жаннатқа кіру үшін жихадта жан беріп, шаһиттік дәрежесіне жету шарт емес. Анаңның қызметін, айтқанын істеп, ризалығын алсаң болғаны, соны істеп тапқан сауабың саған жаннатқа жол ашады», – деп осы хадисті айтқан екен.
Алла тағаланың адамзатқа, шыр етіп дүниеге келгендегі алғашқы қайырымдылығы – ата-анасының мейірі боп саналады. Сондықтан жаратқан Алла өз пенделерінен ата-ананы сыйлауды талап етеді. Адамның ұлты, діні қандай болсын, парқы жоқ, Жаратқанды сүйе білсе, өз ата-анасын қорлап қоймайды. Ата-анасын сыйлай білсе, Жаратқанды ұмытпайды. Ислам көзқарасы бойынша Аллаға деген сүйіспеншілікпен ата-анаға деген сүйіспеншілік бір-бірімен тығыз байланысты.
Мұсылманшылықта ата-ананы сыйлау – Алланың парызын орындау деп түсіндіріледі. Ата-анамен перзенттері қандай байланыста болулары керектігі туралы қасиетті Құранда анық мәліметтер мен өсиеттер көп. Соларды оқып үйреніп, перзенттерімізге мұра ету керек. Құран Кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың біреуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып қалса, оларға “уфф” деуші болма, ренжіте көрме, және оларға жақсы сөз айт! Екеуіне де зор мейірмен, кішіпейілмен бас иіңдер, “Тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет!”, де.
Демек, Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл -Алланың әмірі, парыз. Алла тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата- анаға жақсылық жасауды ескертіп тұр. Бұл өз кезегінде Ислам діні ата-ана ақысының қаншалықты ұлы екенін білдіреді.
Ата-анаға “уфф” деуге болмайды. “Уфф” сөзінің екі мағынасы бар, біріншісі ата-анаға жаман сөз айтып, құрметсіздік жасама дегені, екіншісі, ата-анаңның алдында “уфф” деме, олар балам қиналып қалды ма, бір жайсыздыққа тап болды ма деп қиналады дегенді білдіреді. Перзент ата-ананың қасында тұрғанда қаншалық өзін кішіпейіл ұстағаны соншалық жақсы. Әркім өз ата-анасына қаншалықты жақсылық жасаса соншалықты аз. Сонымен қатар, ата-анаға дұғаға қол жайып, Алла тағаладан шапағат тілеуге міндетті.
Сондай-ақ, мұсылмандардың өмiр сүрген ортасында өз туыстары болады. Туысқандар ата-анаға жақын ағайын адамдар. Сондықтан да дін ислам тұжырымы бойынша, ата-анадан кейiнгi орын соларға тиесiлi. Олармен қатынасты үзбей керiсiнше нығайту, қарайласу мұсылманның дiни мiндетi. Дiнiмiз туыстарға жылы шырайлы болып сәлемiмiз, әңгiмемiз түзу болуды, көрген жерде жағдайын, денсаулығын сұрауды, олардың амандығын тiлеудi, қолынан келгенше әртүрлi тiрлiгiне көмек көрсетудi, әсiресе қариялардың көңiл-күйiн бiлiп тұруды, ризашылығын алуды, олар дүниеден өткен болса, үнемi жақсы жақтарын еске түсiрудi, жағдайы нашар туыстарға қаржылай көмек көрсетудi, жағдайларын жақсарту үшiн мүмкiндiгiнше қол ұшын берудi уәжiп дәрежесiнде бұйырады.
Бірде, Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләмнан: «Кімге жақсылық жасайық (жақсылыққа лайықты жандардың ретін айтыңызшы), деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләм: «(Бірінші) Анаңа, кейін әкеңе, содан әпке-қарындастарыңа, сосын аға-інілеріңе және олардан кейін тұратын жақындарыңа (туыстық жақындығына қарай жақсылық жасау, араларыңдағы) уәжіп ақы һәм туыстық қатынас», – деп айтыпты.
Аллаһ тағаланың біздерге берген нығыметтерінің бірі, туған-туыстарымыз. Болмашы бір дүниеге бола бауырларымен ренжісіп, ат құйрығын кесісіп жатқандар да жетерлік. Ал бұндай қылықтар мұсылман адамға тіпті сай нәрсе емес. Себебі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) бір хадисінде: «туысқандарымен қарым-қатынасты үзген адам жәннәтқа кірмейді», – деген. Мүмин мұсылман үшін Алланың разылығы, оның жәннатына деген құштарлығы бәрінен биік тұрады. Ал өмірдегі көре алмаушылық, қызғаншақтық, мансапқұмарлық секілді дүниелер оған қызық та емес. Өйткені, Алланы таныған тұлға бұл өмірдің өткінші, жалған екендігін және де бұл өмір келесі өмірге дайындық қана екенін біледі. Мүмин адам туғандарын ғана емес, барша мұсылман қауымына жақсылық ойлауы тиіс. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «мұсылман мұсылманға бауыр», – деген. Бұл жерде дініміз бізді өзімшілдіктен алыстатып, кеңшілдікке тәрбиелеуде, яғни жақындарын ғана емес барлық мұсылман жұртшылығын жақсы көруге шақырады.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
және хақ жолы осы деп әділетті, – деп,
Абай атамыз да өлең шумақтарымен келер ұрпаққа үлкен өнеге қалдырған.
Қазақтың әйгілі ағартушысы, Исламды терең меңгерген ғұлама Ыбырай Алтынсарин бір еңбегінде былай дейді: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады». Мұны жас ұрпақты туыстық қарым-қатынасты үзбеуге шақыратын ұлағат деп атасақ та артық емес.
Танымал жазушы Оралхан Бөкей «Ардақ» деген әңгімесінде былай дейді: «…туысынан ат құйрығын кесіскендер тек ағайынның ғана жан жарасы ма, иісі қалың жұрттың басын ондырмай торлаған айықпас бұлты ғой».
Байқап қарасақ, бұл айтылғандар Исламның негізгі қағидаларының бірі саналатын туыстық қатынасты үзбеуден келіп шыққан ұнамды пікірлер. Әбу Айюб Сүлейманнан жеткен риуаятта: «Бейсенбіден жұмаға өтетін кеште құзырымызға Әбу Хурайра келді де: «Кім туыстық қатынасты үзген болса, орнынан тұрсын, оның жағдайының ауырлығын білдіріп қояйын», – деді. Үш рет қайталаса да ешкім орнынан тұрмады. Сол жиыннан бір жігіт шығып кетті де, әкесімен туыс әпкесінің үйіне барды. Ол екі жылдан бері әлгі әпкесімен қатынас жасамай қойған екен. Әпкесі ол жігітке: «Ей, ағамның баласы! Келуіңе не түрткі болды?», – деп сұрайды. Ол: «Әбу Хурайра (туыстық қатынасты үзген адам бар ма, орнынан тұрсын деп ызаланып) айтып еді, содан (қателік істеп жүргенімді түсініп) қасыңызға келдім», – деп жауап берді. Сонда әпкесі «Әбу Хурайраның қасына бар да неге бұлай айтқанын сұрашы?», – деп өтініш білдірді (Кейін әпкесінің өтініші бойынша, келген жігітке Әбу Хурайра былай деген екен): «Мен Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уасәлләмның «Әр бейсенбі жұмаға өтер кеште Адам ұрпағының (апта бойы жасаған) амалдары Алла тағалаға көрсетіледі. Сонда тустық қатынасты үзген адамның амалы қабыл етілмейді» дегенін есіткенмін» – деді», – деп айтылған.
Аллаһ тағала қасиетті Құранда: «Аллаһтан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Аллаһ сендерді бақылап тұрушы» деп бұйырады («Ниса» сүресі, 1-аят).
Бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп былай дейді: «Уа, АллаҺтың Елшісі! Мені жұмаққа жетелейтін, ал тозақтан алыстататын кеңес беріңізші», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол сенің Аллаһқа ғана құлшылық етіп, оған серік қоспауың, намазыңды кемеліне келтіріп орындауың, зекетіңді өтеуің және туған-туыстарыңмен қарым-қатынаста болуың»,– деп жауап береді. Міне, осы хадисте туыстармен қарым-қатынаста болу осы құлшылықтармен қатар айтылып тұр.
Қазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзіліп, тіпті өзара дауласып жатқан, бауыр еті бір ағайын-туысқандарды кезіктіреміз. Ендеше, бүгінгі мақаламызда туысқандық қатынастың қаншалықты маңыздылығы мен киелілігіне, сонымен қатар, шайтанның және нәпсіміздің кесірінен бұл киелі байланысты үзудің жазасы осы өмірде берілетін ауыр күнә. Ал жақсы қарым қатынас ұнамды іс болмақ.
Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде тума-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді мадақтап: «Олар Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер», – деп дәріптеген («Рағыд» сүресі, 20-21-аяттар).
Туыс арасында бір-біріне қол ұшын созып, қиналғанда көмектесіп отырса, ақыретте қайыры болмақ. Себебі, аса қамқор ерекше мейірімді Раббымыз да ағайын-туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қалталары жұқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол үшін беруді Құран Кәрімде бұйырып: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», – деп ескерткен («Нахыл» сүресі, 90-аят). Сол секілді Алла Тағала Өзінің қасиетті Кітабында пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «(Мұхаммад с.ғ.с), олар сенен Алла жолында не беретіндерін сұрайды. Оларға: «Нендей қайыр сарып қылсаңдар, әке-шеше, туыс-жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі», – деп айт», – деген («Бақара» сүресі, 215-аят). Демек, Майқы би бабамыз айтқандай: «Ауыр жүкті бөлісу – ақ атанның парызы».
Осы тәрізді аяттарға құлақ асқан дана халқымыз: «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір», – деп ұл-қыздарына ақыл айтып отырған.
Жаббар Иеміз тағы бір қасиетті аятында: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге жақсы көре отырып, мал сарп қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар», – деп баян еткен («Бақара» сүресі, 177-аят).
Сондай-ақ, көңілі жүдегенді жұбату, қиналған туысқа қол ұшын беру немесе орайы келгенде сый-сыяпат, тарту-таралғы жасау да туыстықты нығайтудың жолдарына жатады. Туыстық байланыс өмірді ұзартады. Әбу Ләйс ас-Самарқандидың бір еңбегінде былай делінген: «Кімде-кім ғұмырын ұзартқысы келсе, туыстарымен қарым-қатынас жасасын. Егер бір адамның үш-ақ күн өмірі қалса, Аллаһ туыстық қатынасты үзбегені үшін, оны отыз жылға ұзартады. Ал егер біреудің отыз жылдық тіршілігі қалған болса, туыстықты үзгені үшін Аллаһ оны үш-ақ күн етеді»,– дейді. Бұл пікіріне Құрандағы: «Алла (Ләухул Махфуздан) қалағанын өшіріп, қалағанын тұрақты қалдырады», – деген аятты дәлел етеді.
Ендеше, өміріміз ұзарып, көрер жарығымыз бен қуанышымыз, жасар құлшылық амалымыз көбейсін десек, туыстық қарым-қатынастарымызды күшейте түскеніміз абзал. Жоғарыда айтылған аят-хадистерден туысқандық қарым-қатынастың маңыздылығы мен киелілігін естігеннен соң, әркім өзіне: «Туысқандарыммен қатынасым қандай деңгейде?», – деп сұрақ қойып, ойланғаны жөн.
Абдрахманов Бақдаулет Нұрматұлы,
«Абдул Хамид Қаттани» мешітінің бас имамы