Ойын – баланың бал тілі десе де болғандай. Ойын арқылы бала қуанышын да, өкпесін де, қорыққанын да бәрін жеткізеді. Ойын барысында үлкендердің іс-қимылдарын салып, оларды айнытпай келтіреді. Қуыршақпен ойнаған кішкентай қыздың оны киіндіргені, әлдилегені, тербеткені, ертегі айтқаны сол күйі шешесінен көргендері екендігі айдан анық көрініп тұрады. Қуыршақпен сөйлескенде айтатын сөздері де тура анасының сөздеріне ұқсайтындығын байқайсыз. Тіпті ұрысқаны да, жұбатқаны да, еркелеткені де анасын сахынада салып тұрғандай әсер береді.

Ойынды жалқы һәм жалпы деп екіге бөліп қарастырған Мағжан Жұмабаев ол туралы ойын былай деп білдірген:
«Жас бала жалқы ойынды, жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әлі тілі еркін жетілмегендіктен, ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал енді өскен сайын жалпы ойынды бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Жалпы ойын баланың тілінің өркендеуіне көп пайда. Бірігіп ойнағанда тоқтаусыз қозғалып, күліп, былдырлап сөйлей береді. Жалпы ойын жалпы тұрмысқа яғни басқа адамдармен бірігіп тұруға үйретеді.

Өзінің сөзін, тілегін біреуге тыңдатып, басқаның тілегін, сөзін өзі тыңдап, қысқасы, біріккен тұрмыстың бірінші шарты – жалпы заңдарды орындап, атқарып үйренеді. Ал енді жалқы ойын яғни жалғыз ойнау баланың алаңғасар, еліктегіш болмай, өз ісіне ынталы, тиянақты болуына пайдалы. Бірақ осы екі түрлі ойынның екеуінің де кемдік жағы бар. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы, менменшіл болып, ылғи көппен бірге ойнап үйренген алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуы мүмкін. Сондықтан дұрысы ойынның екі түрін кезекпен ауыстырып отыру.
Ойын арқылы бала көпшілік арасында өзін қалай алып жүру керектігін, қандай іс-әрекеттердің дұрыс я бұрыс екенін, біреудің ала жібін аттамауды, өзгенің ақысын жемеуді, орынсыз ренжітпеуді, қателік жасап қойса кешірім сұрауды, қолындағысын бөлісе білуді, дос бола білуді, жақын тартуды үйренеді.
Ойын мектепке дейінгі ермек десек те, мектепке барумен бала ойыннан қол үзіп қалмайды. Бала өскен сайын ойын да соған қарай өзгеріп отырады. Сондықтан баланың мектепке аяқ басуын оның ойын шағынан асқандығы деп білу қате.
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланы ойынға жібермеу дұрыс емес. Бұндай жағдай баланы мектептен қашқақтатады. Ойынды мұғалімнің көмекші құралы ретінде көрсеткен дұрыс. Ойынға тоймаған бала мектепке дайын емес деген сөз.
Имам Ғазали мектепке баратын балалардың мектептен келген соң аздап болса да ойнауына рұқсат беру керек деген пікірді жақтаған. Себебі, ойын арқылы бала мектептегі шаршағанын басады. Баланы үнемі сабақ оқуға мәжбүрлеу – ойлау қабілетін жойып, зейінін тұмшалайды. Бала сабақтан құтылу үшін өтірікке бой алдырып, неше түрлі айлаларға бас ұратын болады.
Мектеп жасына жеткен баланың теледидар немесе компьютерге алданып қалмауына абай болған жөн. Бұларға белгілі бір шектеу қойылмаған жағдайда бала көп уақытын босқа жіберіп алуы мүмкін. Балалардың теледидар немесе компьютермен көп уақыт өткізуі олардың басқа адамдармен қарым-қатынас жасай алу қабілеттерінің төмендеуіне әкеліп соғады. «Баламыздың көңлі тоқ болсыншы» деп көптеген ата-аналардың балаларына шамадан тыс көп ойыншық сатып әпере беруі де дұрыс емес. Бұл әрекет баланы көрсеқызарлық пен көзтоймаушылыққа жетелейді. Көп ойыншық алғанша «баламен қосылып бірге ойнау» әлдеқайда қызығырақ әрі баланы да неғұрлым көбірек қуантады.
Кейде күнделікті қарапайым заттарға қызықса да бала ойыншық қып ойнай береді. Ондай кезде баланың алдынан ол заттарды жинап тастауға болмайды. Қайта қалам ба, қағаз ба, дискі ме, ескі журнал, кітап па алдына үйіп, солармен ойнату керек. Әрине, пышақ, қайшы, сіріңке секілді балаға қауіпті заттарды ұстатпаған дұрыс.
Өз кезегінде адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) да бала ойынына қатты көңіл бөлген. Немерелерінің тәрбиелеріне тікелей қамкөңілділік танытып, Хасан мен Хұсейінге (р.а.) және қызметінде жүрген Әнәсқа көшеге шығып балалармен қосылып ойнауына мүмкіншілік берген. «Баласы бар адам баласымен бала болсын» деп, әкелерге балаларын ойнатуды өсиет еткен Расулаллаһ (с.а.с.) өзі де немерелерін иығына, арқасына мінгізіп ойнататын.
Бір күні хазірет Омар (р.а.) үйге кірген кезінде кішкене Хасан мен Хұсейінді арқасына мінгізіп алып ойнатып жүргенін көріп: «Мінген сәйгүліктерің қандай мықты!» деп балаларға әзілдейді. Сонда Пайғамбарымыз(с.а.с.): «Бұлар да осал атқамінерлер емес», – деп үстіне мінгесіп алған немерелерін мәз-мейрам етеді.
Кейбір сахабалар: сәждеге жығылғанда әлгі қос немересі дереу арқасына секіріп мініп ойнайтынын айтады. Аталары екеуіне еш тыйым салмайтын. Қайта құлап қалмасын деп демейтін. Кейде екеуін екі иығына отырғызып алып көшеге де шығып кететін. Әсіресе қызы Фатиманың үйіне барғанда дереу екеуін иығына мінгізіп алып, сосын құшағына алып кезек-кезек сүйетін. Сахабалар да балаларын дәл осылай еркелетіп ойнататын болған.
Бір күні қонаққа кетіп бара жатқанда, көшеде балалардың арасында ойнап жүрген немересі Хұсейінді бірге ала кетпек болады. Қасына барғанда әрі-бері қашқан немересін ұстап алу үшін Пайғамбарымыз да оның қимылын айнытпай қайталап, артынан қаупаңдап жүгіреді. Ұстап алған кезінде тәтті немересін еркелетіп бетінен сүйеді.
Аллаһ елшісі (с.а.с.) балалардың топырақта ойнауын пайдалы көріп: «Топырақ – баланың алғашқы көктемі» – деген. Көктем төңіректің жанданып, тіршіліктің гүлденетін кезі. Ағаштар бүршік жарып, көбелектер ұшып, құстардың ән салуымен айнала құлпыра түседі. Бұл сірә құм, топырақта ойнап өскен баланың көктемгі табиғат секілді құлпырып өсетінін білдірсе керек.
Далада ойнап жүрген балаларды көрсе болды, оларға сәлем беретін. Немерелерін далаға шығып ойнауға жіберетін. Бірақ қараңғыға қалмауын, апақ-сапақта жүрмеуін ескертетін. Сахабаларға: «Күн батқаннан қою қараңғылық түскенге дейін балаларыңды сыртқа шығармаңдар. Себебі, бұл уақытта айналаға шайтандар тарайды. Қараңғылық толық орнағаннан кейін ғана шығарсаңдар болады» – деп ескерткен. Сондай-ақ шаңқай түстің кезінде де балаларды үйде ұстауды жөн санаған.
Ислам діні бойынша құмар ойындар мен ақша тігіп, бәсекелесіп ойнайтын ойындарға тыйым салынады. Мұндай ойындарды балаларға да ойнатпау керектігі айтылған. Мына хадистер соған дәлел:
«Аллаһтың әрбір тыйым салғаны күнә. Тіпті баланың құмар ойнауы да»;
«Баласы құмар ойнап жатқанын көре тұра жөнге салмаған ата-ананың намазы қырық күн қабыл болмайды».
Яғни, Ислам діні бойынша адамды аздыратын ойындарға тыйым салынып, баланың тәрбиесіне кері әсерін тигізетін ойындарға балаларды әуес етпеу керектігі ескертілген.

Әшірбай Бастарбек Саламатұлы,
Ордабасы аудандық «Дәулеталыұлы Бегалы»
мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38