Әрбір мұсылман баласы өзінің сенімінің (ақидасын) ара-жігін ажыратып, толыққанды танып-білуі – өте маңызды саналады.
Қазіргі кезде түрлі қоғамдық орталарда адам баласын әртүрлі жолдармен адастырып, өз пайдаларын іске асыру мақсатында: “Сен тура жолды таптың, жолыңды ашып, болашағыңды болжап, бал ашып берем”, – деп алып-ұшып жүретіндер аз емес.
Әлбетте, ондайлар үшін бал ашу – кеше де, бүгін де бизнес көзі. Ал, бұл басқалар үшін қасірет, олардың өздері үшін ақырет азабы. Бал ашу да, аштыру да шариғатта харам. Бүгінгі кездері, өкінішке орай, бүкіл әлемде бұл дерт мейілінше өршіп тұр.

Өмірдің түрлі қиыншылықтарына тап болғандар, рухани күйзеліске ұшырағандардың көп жағдайларда өзін тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын адам баласын іздейтіні сөзсіз. Алайда, кейбір жағдайларда иманы әлсіз оларға бақсы-балгерлердің ең жақын адамындай көрінетіні де рас. Еңсесі түсіп езілген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына демеу, сүйеу тапқысы келері де ақиқат.

Осылайша көңілі жүдеу жандардың жарнамасы құлақ жарар емші, балгерлерге барып, алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын болжатып, соған қарай әрекет еткісі келеді. Көп жағдайларда бағын аштырамын деп барып, барынан айырылып, жолымды аштырамын деп барып, жолын жаптырып жатқанын да сезбейді.
Аллаһ Тағала қасиетті Құранда: “Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар”, (1) — деп, оларды бал аштырудан, бал ашудан сақтандырады, оларға жоламаңдар деп ескертеді.
Әлбетте, біз барлық емші, сынықшыларды даттаудан аулақпыз. Емші — ол дәрігер, араб тілінде тәбиеб дейді. Емші, сынықшылардың да арасында емшілікті терең зерттеп, неше алуан шөптердің тамырлары мен жапырақтарынан тұнбалар жасап, шыққан ағзаны қолмен ұстап, орнына келтіріп, Аллаһтың қалауымен емдейтіндер бар. Құран аяттарынан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйретіп кеткендей, дем салып емдейтіндердің де тірлігі шариғатқа қайшы емес.
Адамдарды алдап, көзбояушылықпен емдейтіндердің көп жағдайда жындармен байланысы болады.Оны олар білмеуі немесе білсе де жасыруы мүмкін.
Айша, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, бірде Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көріпкелдердің айтқан сөздері жайлы сұрады. Ол: “Олардың сөзінде ештеңе жоқ”, яғни, олардың сөзінде ақиқат жоқ”, – деді. “Иа, Аллаһтың елшісі, кей кездері олар бізге бір нәрсе айтып, сол айтқаны шын болып жатады”, – деді. “Бұл – ақиқатқа қатысы бар сөз, оны алдымен жын ұрлап алып, сосын өзінің досының, яғни, бақсы, көріпкел, балшы досының құлағына жеткізеді, ал олар, яғни, бақсы, көріпкел, балшы оған жүз өтірік қосады”. (2)
Кей кездері балгерлердің айтқаны да тура келіп жатады. Мұны олардың жындармен байланыста болғанымен түсіндіруге болады. Жындар көбінесе рухани төмен, тәні лас адамдарға кіреді, сондай-ақ кәпір жындар өздеріне дос ретінде кейбір адамдарды әдейілеп таңдап алады. Сөйтіп, оларды алдап-арбау, түрлі айлакерлік әдістермен өз ырқына көндіреді. Негізінен, жындардың ғайыппен байланысты мағлұматтардан бейхабар екені анық. Олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне, көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі достарына өтірік қосып жеткізеді. Бұл жайында Қасиетті Құранда: “Әрине, көкке қарманғанымызда оны қатал күзетші және атылған жалындарға толтырылған түрде таптық. Әлбетте, тыңдау үшін аспанның кей орындарында отыратын едік. Енді біреу тыңдамақшы болса, оны көздеген жұлдызды көреді. Әрине білмейміз; жер жүзіндегілерге жамандық ойланылуда ма? Немесе оларға, Раббылары жақсылық қалауда ма?” деген сөз бар. (3 ) .
Яғни, жындар үшін мыңдаған шақырым жерге барып қайту – бір мезеттің ісі. Қазіргі кездегі кейбір көріпкелдердің өзіне келген адамдар жайында толық мәлімет білуі – осы жындардың көмегі арқылы жүзеге асады. Көріпкел өзінің бойында керемет қасиет пайда болғандай сезінеді. Сөйтіп ол өзін көріпкел, балшымын деп жариялайды да, ауыр күнә басып жүреді. Құран Кәрімнің «Нас» сүресінде жындардың адамға әсері жайында: (1) (3) (4) “Сыбырлап азғырушының кесірінен,” (5) “Сондай адамдардың көкейлеріне салатын;” (6) “Мейлі жыннан, мейлі адамдардан болсын, (бүкіл азғырушының кесірінен Аллаға) сиынамын” де, – делінген. (4)
Енді кейбіреулер Құранды ашып қойып, кітаппен бал ашып жатырмыз деп жұртты алдап жатады. Бәрібір, мұның барлығы да “бал ашушылыққа” жатады. Яғни, ғайыпты біліп, айтқысы келушілік болып саналады. Ғайыпты білуші — ол жалғыз Аллаһ Тағала. Құран Кәрімде: “Көктер мен жердегі көместі Аллаһтан басқа ешкім білмейді”, – дейді (5). Басқа бір аятта былай дейді: “Ғайып қазынасының кілті Аллаһта. Оны Алланың өзі ғана біледі, құрлықтағы, теңіздегі нәрселердің барлығын (Аллаһ) біледі. Төгілген жапырақтың Аллаһ білмейтін бірде-бірі жоқ. Қараңғы жер астына көміліп қалған бір тал дәнек болсын, қураған немесе жас өсімдік болсын, барлығы да кітапта (Лаухулмахфузда) жазулы” (6)
Кімде-кім бақсы, көріпкел, балшыларға барып, олардың болжауларына сеніп, айтқандарын растайтын болса онда намаздары қабыл болмайды. Бұл туралы, Сафййа бинт Абу Убайда, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, « әйелдерінің бірінің былай деп айтқанын жеткізді: “Көріпкел, емші, балгерге барып, одан бір нәрсе сұрап, оның айтқанына сенген адамның қырық күн ішіндегі намазы қабыл болмайды»”. (7)
Демек, ол адамның Аллаһ тағалаға жақындайтын есіктердің бәрі жабылады деген сөз. Осылайша көп адамдар емші-балгерлерге жолымды аштырамын деп барып, өз қолдарымен жолдарын жаптырып жатқандықтарын білмейді.
Абу Масуд аль-Бадри, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, ол былай дейді: Аллаһтың елшісі “ит сатып, ақшасын алуға, жеңіл (жаман) жүріспен табылған ақшаға сондай-ақ көріпкелдігі ақы беруге тыйым салатын”, -деп айтты. (8) Хадистен түсінетініміз сондай кесірлердің тапқан табысынан, ақшасынан пайдалануға болмайды.
Аллаһ тағала Құран Кәрімде: “Пұттардың қасына апарып бауыздалған хайуандар арам қылынды: Әзләммен (бал оқтармен) талай сынаулардың (бал ашуларың) арам қылынды, бұл күнәлі іс”дейді (9).
Әбу Мұса ( оған Аллаһтың ризашылығы болсын) Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: “үш тайпа адам жаннатқа кірмейді. Мас қылушы нәрсеге байланып қалған кісі, ағайын-туысқандармен қарым қатынасты үзген кісі және сиқыршы, (палшыларды) мойындаған кісі” деген (10).
Басқа бір хадисте былай дейді: “Кімде – кім көріпкелге баратын болса, айтқаны шын, дұрыс айтады дейтін болатын болса, онда ол адам Аллаһ Тағаланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) келтірген дінге қарсы шыққанмен тең. (11).
Осылайша қатаң түрде бақсы-балгерлерге баруға тиым салынған. Ендеше, балгерге барып, оған бал аштыру – мұсылманға жат әрекет және үлкен күнә.
Бал ашқан адам ғайыпты айтамын деп Аллаһтың әміріне қарсы шығып, өзін де, өзгені де адастырып жүр. Кейбіреулер емші, балгерлерді қасиетті адам деп әспеттейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бал ашып, ғайыпты болжауға тырысып, өтірік әрекетімен Аллаһқа қарсы шығып отырған адам қалай қасиетті болмақ.
“Бір Алладан басқа ешкім де көк пен жердегі ғайыпты білмейді, қашан тірілетіндіктерін де білмейді”. Иә, басқаны айтпағанда, Құранда қайта-қайта ескертіліп, болатыны анық қиямет күнінің де қашан боларын ешбір Пайғамбар білмеген. Осындай болатыны айқын айтылған мәселелердің нақты шешімін білмейтін пенделер тағдыр сырларын, бір адамның жеке өміріне қатысты мәселелерді қайдан біле қойсын?! Жоғарыда айтылған аяттар мен хадистерден аңғарғанымыздай , балгерлерге бару, олардың айтқандарына сену өте ауыр күнә болып есептеледі. “Құдайдан қорықпаған ғана құмалақ тартады”, – деп қазақ даналары бекер айтпаған. Ненің қашан, қайда болатынын, біреудің өмірі мен ажалының қашан және қай жерде келетінін де тек қана Аллаһ тағала біледі.
Хазреті Әлидің (р.а.) халифа болып тұрғанында мынандай бір оқиға болған еді. Ол сарбаздарымен жорыққа шыққалы тұрғанда, Ибн Ауф атты көріпкел: “Тап қазір жолға шықпа, үш сағаттан соң шық. Сонда жеңіспен ораласың, ал қазір шықсаң жеңіліп қайтасың”, – дейді. Сонда Хазіретті Әли (р.а.): “Біз көріпкелдерге жүгінбейміз, біз Аллаһқа ғана тәуекел етеміз! Құранда кімде-кім көріпкелдің сөзіне сенсе, Аллаһтың сөзіне сенбегені, кәпір болғаны делінген. Сондықтан біз тап қазір сәтсіздік жорылып тұрған кезде шығамыз”, — дейді. Сосын адамдарға қарап: “Уа, мұсылмандар! Көріпкелдердің айтқандарына сенбеңдер! Себебі көріпкелдер – сиқыршылардың бір түрі. Ал сиқыршылар құдайсыздардың бір түрі. Құдайсыздардың барлығы да тозаққа тасталатынын сендер білесіздер!”, – деп сол сағатта жорыққа аттанады. Аллаһ қалауымен бұл сапардан жеңіспен сәтті оралады. Елге оралған соң ибн Ауфқа және адамдарға “Егер көріпкел айтқан сағатта сапарға шыққанымызда мына көріпкел “мен айтқан соң ғана жеңіске жеттіңдер”, – деп дандайситын еді. Бірақ біз көріпкелдің шықпа деген сағатында шығып, жеңіспен оралдық. Барлық нәрсе Аллаһтың құзырында. Сондықтан иманы кәміл, сенімі дұрыс мұсылмандар, бір Аллаһқа ғана тәуекел етіңіздер, көріпкелдерге сенбеңіздер, өйткені біздің сүйенеріміз құдыреті күшті Аллаһ!” — деді.
Қазақтың аса көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың құмалақ тартып, бал ашудың жалғандығын әшкерелеген “Бал аштырған” атты өлеңіңде ол жөнінде өте тамаша келтірген:
Мен алғаш ауылымнан аттанарда,
Апарып көршідегі қарт бабаға.
Маған деп байғұс әжем бал аштырып,
Болашақ тағдырымды тартқан алға.

Байғұсым бар ырымды қарастырған,
Бабадан бата сұрап, бал аштырған.
Байыптап құмалағын Байбаба шал,
Әйтеуір жақсылыққа жанастырған.
Балаңыздың бақыты ашылып тұр,
Гүл бітеді жолына, шашылып нұр.
Бәле-жала басына жоламайды,
Ақ періште жар болып, жасырып тұр.
Кедергісіз өтеді асулардан,
Жүрегінде күдік бар жасыра алман…
…ата сөзін жадыма түйіп алып,
Аттанып ем ауылдан басымда арман.
Кедергісіз асқам жоқ асулардан,
Бар бақытым әзірге басымда арман.
Алты адым ауылдан шықпай жатып,
Аударылып арбамыз, басым жарғам.
Жуа бітті жолыма гүл бітпеді,
Ақ періште мен үшін дүрлікпеді.
Атам айтқан күдіктен арылмастан,
Аяқтармын сапарды тірліктегі.
…алжып кеткен атамның құмалағы,
Алдап мені ой-қырға қуалады.
Ақ батасы, әйтсе де, адал еді,
Соны ойласам жүрегім қуанады.
Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде: “Бір Алладан басқа ешкім де көк пен жердегі ғайыпты білмейді, қашан тірілетіндіктерін де білмейді” де, ғайыпты тек Аллаһ Тағала ғана біледі” деп ескертеді.
Аллаһтың елшісі ( оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ғайыбты ллаһ Тағаладан басқа ешкім білмеиді деп ескерткен (12).
Міне, жоғарыда келтірген аят, хадистерді ескерер болсақ, болашақты болжайтын бақсы, көріпкел, балгерлердің шариғатымызға қайшы сөздері мен емдері қасиетті дінімізде рұқсат етілмеген істерден.
Шипа беруші де, білуші де, қабыл алушы да – бір Алла тағала. Қасиетті Құран Кәрімде: “Құраннан мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз. Ол, залымдардың зиянын тым арттыра түседі”, – (13) деп ескертеді.
Баршамыздың иманымыз кәміл, сеніміміз дұрыс болып, Алла тағала тура жолдан адастырмасын!
Пайдаланылған әдебиеттер:
Хадистер жинағы (Риядус-салихин) Имам нәуәуи,
«Құран Кәрім» қазақша мағынасы, Мұхаммед Шыңғыс қажы. Ермек Мұхаммедқали
(1) . Маида сүресі, 90-аят
(2) . Аль Бухари, Муслим.
(3) . Жын сүресі, 8-10 аяттар
(4) . Нас сурісі
(5) . Наміл сүресі, 65-аят
(6) . Әнғам сүресі. 59-аят.
(7) . муслим.
(8) . Бұхари.буйуғ, Муслим,мусақат
(9) . Мәйда сүресі 3 аят
(10). Ахмад, Ибн Хиббан Хаким
(11) . Ахмед – 2/429 бет
(12) . Имам Табараний
(13) . Исра сүресі 82- аят

Абдулкарим АБДУЛКАМАЛ,
Арыс қаласының бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38