Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 31 шілде, яғни қасиетті Құрбан айттың бірінші күнінде еліміз бойынша құрбан шалу рәсіміне қатысты ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары жоғары деңгейде өткенін хабарлайды. Үйлестіру жұмыстарына бекітілген азаматтар арасында санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланды.
WWW.QURBAN2020.KZ жобасын жүзеге асыру мақсатында арнайы құрылған жұмыс тобы күшейтілген режимде қызмет етті. Нәтижесінде жұмыстың басым бөлігі орындалды. Атап айтқанда, құрбан шалуға тапсырыс берушілердің өтініштерін 13 өкілдік толық орындады. Қалған 6 өкілдік (Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы мен Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Қостанай облысы) жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Атқарылған іс-шаралардың фото, видео есебі тапсырыс берушілерге дер кезінде жолдануда.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі уақытқа дейін 30 715 отбасыға құрбандық етін жеткізді. Сонымен қатар, құрбандық еті қарттар, жетімдер, балалар үйлері мен ауруханаларға таратылды. Мерекелік қуанышқа бөленген жандар алғыстарын айтып, ризашылық сезімдерін білдіруде. Сондай-ақ, WWW.QURBAN2020.KZ қайырымдылық жобасы аясында құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтар тарапынан да телефон, әлеуметтік желі, уатсап арқылы оң пікірлер келіп түсуде.
Құрбан айттағы қайырымдылық шаралар бойынша 7 143 мұқтаж жанға ет таратқан Жамбыл облысы көш бастап тұр. Ал ҚМДБ-ның Алматы аймағы бойынша өкілдігі 4 182 отбасыға мерекелік қуаныш сыйлады. Талдықорған аймағы 2 789 мұқтаж жанға құрбандық етін үлестірді. Сондай-ақ Қарағанды облысы 2 191, Шығыс Қазақстан облысы 2 071, Павлодар облысы 1 910, Нұр-Сұлтан қаласы 1 421, Түркістан облысы 1 406, Алматы қаласы 1 120 отбасын қамтыды.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық бағытта қолға алған www.qurban2020.kz жобасына белсенді түрде атсалысып, мұқтаждың мұңын бөлісіп, сауапқа үлес қосқан барша азаматқа, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына айрықша алғыс айтамыз.
Алла Тағала жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңізге еселеп қайтарсын деп тілейміз.