Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен қолға алынып жатқан қашықтан (онлайн) Құрбан шалу шараларының атқарылуына қатысты жиын өтті.
Мәжіліске наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев және Құрбан шалуға жауапты ҚМДБ қызметкерлері қатысты. Жиында Бас мүфти тапсырмасымен көмекке мұқтаж жандарды қолдау, қауіпті індетті алдын алу мақсатында іске қосылған WWW.QURBAN2020.KZ сайтының Құрбан айттың алғашқы күніне арналған есебі тыңдалды.
Белгілі болғандай, Құрбан айттың бірінші күнінде еліміз бойынша 4 700 мал (қой – 4341, ірі қара – 274, ешкі – 83 , түйе – 2) шалынған. Шалынған құрбандық еті 17 997 отбасыға еті таратылды.
ҚМДБ тарапынан ұйымдастырылған Құрбан шалу рәсімі бүгін де қызу жалғасуда. Құрбан етін алуға онлайн өтініш білдірген тұрғындарға құрбандық еттеріне қоса, үйітілген қой бастары қоса таратылуда. Сондай-ақ құрбандық малдарының ішек-қарынын қараусыз қалдырмай, бірден тазаланып мұқтаж жандарға берілуде.