Tauekel siri tungik

Tauekel siri tungik

«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді». (Әли Имран, 159)

Тәуекел – жүректің тек Аллаға сенім артуы. Әуелі жүректе сенім болмаса тәуекелге бару мүмкін емес. Тәуекел – себептер тұрғысынан алғанда дүниедегі заңдылықтарға толық бағыну.

Себептерге бағыну – оларға толығымен тәуелді болып қалу деген сөз емес, себептердің Жаратушысын естен шығармау. Тәуекел – құлдың дүниелік, мейлі ақиреттік бүкіл істерінде Алла Тағаланы өзіне уәкіл етіп, істің нәтижесі жақсы болуы үшін тағдырына ризашылық білдіруі. Осыған орай, Яхиа ибн Муаздан: «Адам қашан тәуекелшіл болады?» деп сұрағанда ол: «Алла Тағаланың өзінің өкілі болғанына шын жүректен ризашылық танытқан кезінде»[1] деген.

Тәуекел – Ұлы Жаратушының біздерге зұлымдық жасамайтындығына, ғибадат пен Алла разылығы үшін жасаған игі істерімізді жоққа шығармай жемісін беретіндігі мен басымызға келетін қиындық пен пәлекеттерден аман алып қалатындығына иман нұрымен сену. Өйткені, Ол – барлығын көріп-білуші, шексіз құдірет иесі, Рахман, Рахим, мейірімі тым кең бүкіл болмысты қамтитын Алла. Тәуекел иләһи азапқа ұшыраудан сақтану үшін, Оның мейіріміне сыйынып, Оның берік қорғанының қорғауына кіріп, сол мейірімге лайық болуға тырысуды да қамтиды.

Тәуекелдің ерекше сыры мен қасиеті болғандықтан, Құдіреті шексіз Алла Тағала шынайы иманға қол жеткізген мүміндерді кәмілдікке жетелеу мақсатында үнемі тәуекел етуге шақырады:

 

وَعلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

 

«Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін»[2]. Пайғамбарлар оның ешқашан құнын жоғалпайтын шындық екенін айтқан. Өйткені, шынайы мүмін тек қана Аллаға сенім артып, жүрегі Алладан басқаны қаламайды. Тек қана Содан медет тілеп, Соның қорғауына кіреді. Тағы бір аятта:

 

فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللّهِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ

 

«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді»[3] – деп, кез келген іске бастарда оның нәтижесін Аллаға табыс етіп, нәтижесінің жақсы болуын Содан күтуін, басқа нәрселерден медет тілеп, көмек сұрамауын аңғартады. Сонымен қатар, Алланың сүйіспеншілігіне бөлену себебінің тәуекелден өтетінін баяндайды. Шын тәуекел – Алланың құдіретінің шексіздігіне сену.

Басқа бір аятта Алла:

 

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ

آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَاناً وَعَلَى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

 

«Асылында нағыз мүміндер Алланың аты еске алынса жүректері толқып, Алланың аяттары оқылса имандары артады және олар Раббыларына тәуекел етеді»[4] дейді. Бұл жерде мүмінге тән екі қасиет «Алла еске алынғанда жүректері толқыған» және Алланың барлығы мен бірлігін жарияға жар салатын «аяттар оқылған кезде имандары арта түсетін» көкірек көздері ояу мүміндер имандарының берген күшімен Аллаға тәуекел ететіндіктері де айтылады. Иә, шынайы мүміндер тек қана Аллаға сеніп, Оған арқа сүйеп, қандай іске болса да бел байлайды. Оған және Оның күллі әлемдегі үстемдігінде ешбір серік қоспайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Аллаға тәуекел ету – кәміл иманның белгісі деуге болады. Иманы толық болмаған адам тәуекелге бара алмайды. Тәуекел ету үшін де иман мен білім қажет.

«Һуд» сүресінің 123-аятында:

 

وَلِلّهِ غَيْبُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَإِلَيْهِ يُرْجَعُ الأَمْرُ كُلُّهُ فَاعْبُدْهُ وَتَوَكَّلْ عَلَيْه

ِ وَمَا رَبُّكَ بِغَافِلٍ عَمَّا تَعْمَلُونَ

 

«Көктердегі және жердегі сырды білу Аллаға ғана тән және барлық іс Оның алдына барады. Құдайға құлшылық ет, Оған бел байлап тәуекел ет. Алла Тағала барлық істеріңнен толық хабардар» (Һуд, 123) деу арқылы Алланың барлық нәрсені көріп-біліп тұрғандығын білдіріп, Оның құлына ешқандай зұлымдық етпейтінін көңілге түйдіре отырып, бүкіл істе Аллаға тәуекел етуге шақырады.

Тәуекел – бүкіл пайғамбарлардың, сахабалардың, әулие-асфиялардың ең ерекше қасиеттерінің бірі. Тәуекел – толық имандылықтың белгісі. Тәуекел жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 

لَوْ أَنَّكُمْ كُنْتُمْ تَوَكَّلُونَ عَلَى اللَّهِ حَقَّ تَوَكُّلِهِ لَرُزِقْتُمْ كَمَا يُرْزَقُ الطَّيْرُ تَغْدُو خِمَاصًا وَتَرُوحُ بِطَانًا

 

«Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете алсаңдар, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстардың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді»[5] деу арқылы мұсылмандарға Алланың ерекше құдіретін мойындап, Оған тәуекел ету керектігін үйретеді. Біз адал жолмен еңбек етіп, рызық-несібемізді іздесек, Алла Тағала аш-жалаңаш қалдырмайды. Ғалымдар арасында «Сен ризықты іздемесең де ол сені іздеп табады» деген бір мәнді сөз бар. Алла ешкімді ризық-несібесіз қалдырған емес. Тым дәрменсіз балалар мен қарттардың ризығын беруі мен әлсіз жәндіктердің ең нәрлі тағамдармен қоректенуі – ризықты жіберуші Алланың мейірімділігі мен құдіретін танытатын сипаттарының бірі. Осыған байланысты Пайғамбарымыз: «Бастарыңыз қимылдап тұрған кезде ризық-нәсібе жайында уайымдамаңдар. Өйткені, адам анасынан туылғанда жалаңаш, қызылшақа боп дүниеге келеді. Содан кейін оны Ұлы Алла әртүрлі ризықпен ризықтандырады»[6] дейді.

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 

مَنْ قَالَ يَعْنِي إِذَا خَرَجَ مِنْ بَيْتِهِ بِسْمِ اللَّهِ تَوَكَّلْتُ عَلَى اللَّهِ لَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ يُقَالُ لَهُ كُفِيتَ وَوُقِيتَ وَتَنَحَّى عَنْهُ الشَّيْطَانُ

 

«Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе оған Алла тарапынан «тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың» делінеді. Шайтан да одан алыс жүреді»[7] деген. Аллаға сеніп тәуекел еткен құлын Алла жалғыз қалдырмайды, істің нәтижесін Аллаға табыс еткендіктен Ұлы жаратушы пендесіне жақсылықты нәсіп етеді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетінің ішінен жетпіс мың адамның бірден жаннатқа кіретінін, солардың арасында Аллаға тәуекел еткендердің болатынын айтып сүйіншілеген еді[8] .

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Ибраһим (а.с.) пайғамбардың көрсеткен терең тәуекелдері бізге жақсы үлгі бола алады. Бірде Пайғамбарымыз бір сапардан қайтып келе жатып, шаршағанын басу үшін бір ағаштың көлеңкесінде жантайып көз іледі. Осы кезде Гаврес атты мүшірік Пайғамбарымыздың қасына баспалап келіп, қылышын қынынан суырып алып: «Қане, тап қазір сені менен кім құтқара алады?» деп төбесінен төнгенде Пайғамбарымыз сабырлы қалпын жоғалтпай дұшпанына тесіле қарап, айбаттана «Алла! Алла! Алла!» деп дауыстайды. Мұншама тәуекелге ие, дұшпанынан еш қаймықпаған пайғамбардың мысы басқан дұшпанның құты қашып, қорыққаннан қолынан қылышы түсіп, аяқтарының буыны босап кетеді. Осы кезде Пайғамбарымыз қылышын қолына алып, дұшпанына тақап «Ал енді сені кім құтқарады?» дейді. Дұшпаны сол сәтте жансауға сұрайды. Пайғамбарымыз оны кешіріп өз жөніне қоя береді[9]…

…Ибраһим (а.с.) отқа тасталарда Жебірейіл періште келіп:

– Қаласаң саған жәрдем етейін, – деп үн қатты. Ибраһим:

– Раббымның менің халімді көріп-білуі маған жетеді, – деп Алланың құтқаратынына толық сеніп, жәрдеміне берік тәуекел еткен еді. Алла да оның шынайылығына тәнті болып, отқа жанудан аман алып қалды[10].

Пайғамбарымыздың ізімен жаңылмай басқан сахабалар да ерекше тәуекелге бел буатын. Құран олардың нар тәуекелшілдіктері жайлы: «Адамдар өздеріне «дұшпандар сендерге қарсы күш жинапты, олардан қорқыңдар!» деген кезде олардың имандары арта түсіп, «Алла бізге жетіп асады. Ол біздің керемет өкіліміз»[11] деп имандарының кәмілдігін паш етті.

Шынайы мүмін дұшпанның шабуылы мен шайтанның арбауынан қорқып, оларға бас имейді. Алладан пәрмен болмаса, пәлекеттің кездейсоқ аспаннан түспейтіндігіне кәміл сеніп, Алланың құдіреті мен мейіріміне сыйынады.

Иманның өз ішінде мәртебелері болғандай тәуекелдің де өз сатылары бар. Ол мәртебелер жүректегі иман дәрежесіне байланысты. Алғашқысы жалпыға тән тәуекел. Алланың тағдырына толығымен сенім арту, оған қолдан келгенше дайын. Дайын болу – тағдырға мойынсынуға қайшы емес. Керісінше, дайын болу – Алланың бұйрығы. «Әнфәл» сүресінде «Оларға қарсы шамаларың жеткенінше күш жинаңдар»[12] дейді. Әсілі, Алланың бұйрықтарын орындап, қажетті жағдайларды жасамаған адам толық Аллаға сенген бола алмайды. Соғысқа аттанып тұрып, ешбір дайындық жасамау тәуекелге жатпайды. Пайғамбарымыз бүкіл шайқастардың алдында сахабаларымен ақылдасып, қолдағы мүмкіндіктерін толық қолданған, алайда, тек күш-қуатқа ғана арқа сүйемей, істің ақырын Алладан күткен.

Тәуекелдің табиғатын былайша да түсіндіруге болады. Сіз берік кеме жасап, ашық теңізге шықтыңыз делік. Теңізді аман-есен жүзіп өтсеңіз, бұны «Алланың сыйы» деп, шүкіршілік жасайсыз. Өйткені, теңіздегі үйдей толқындарға капитанның шеберлігі мен кеменің беріктігі тосқауыл бола алмайды. Бұл себептер ғана. Ал теңізден аман-есен өтудің нәтижесін Алланың сыйы деп білу – тәуекелдің белгісі. Сондықтан Пайғамбарымыз «Түйемді байлайын ба, әлде тәуекел етейін бе?» деп сұраған бір бәдәуиге «түйеңді тұса, сосын тәуекел ет!»[13] деген еді.

Екіншісі – иман беріктігіне қатысты тәуекел. Иманы берік жандар өздерін толығымен Аллаға табыстап, өздерін өлік жуушының алдындағы мәйіт сияқты көреді. Өлікті жуушы мәйітті ары аунатып, бері аунатып жуады. Мәйіттің оған ешнәрсе істей алмайтындығы сияқты, ол да өзінің бар еркін толық Жаратушының қолына береді.

Үшінші дәрежедегілер өздерін толығымен Алла Тағаланың болмысында өз болмысын ерітіп жоқ қылып жібергендер. Оған Ибраһим пайғамбардың отқа лақтырылған кезде «хасби Алла» деп, «Алланың менің жағдайымды біліп тұрғаны мен үшін жеткілікті» деуі және Пайғамбарымыздың «Сәуір» үңгіріне тығылған кездегі үңгірдің аузына дейін жақындап келіп қорқытқан мүшіріктердің сөздерін еш елемей, Аллаға толығымен тәуекел етуі үлгі бола алады.

 

وَمَن يَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ إِنَّ اللَّهَ بَالِغُ أَمْرِه

 

Бұл «Кім Аллаға тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті» аятының мәнін еске салады. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Ең күшті болғысы келетін кісі Аллаға тәуекел етсін» деген. Өйткені, Алла өз бұйрықтарын тегіс орындап, тәуекел етілсе де, етілмесе де жүзеге асырады. Оның бұйрығына ешнәрсе кедергі бола алмайды. Ажалы келгенде Алланың үкімі бойынша адам бір сәт кідірместен жан тәслім етеді. Жамандар жамандығымен, жақсылар жақсылығымен бірге қалады. Бәрі өз істегендерінің жемісін жейді. Алайда, Аллаға тәуекел ету де – Оның әмірі. Тәуекел етушінің мақсаты – Алланың еркі мен разылығына бас ию болса, Алла оның сауабын сан есе арттырады. Негізінде себептерге емес, құдіреті шексіз себептердің Жаратушысына тәуекел еткен абзал. Өйткені, себептердің бәрі жаратылған әрі мәңгі емес. Мәңгі – тек Алла ғана. Сондықтан құдіретті Аллаға сеніп, бір Оған ғана тәуекел еткен ұтады. Тәуекел өз-өзіне сеніп кету емес, өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Алланың құдіреттілігіне сүйеніп, Оның еркі мен тағдырына ризашылықпен көну деген сөз.

Атақты ғалым Зун-нун бұл жайлы «Тәуекел – бұл өз сақтық шараларыңды тастап, күш пен қуатты түгелдей ойыңнан шығару. Құл «Алла Тағала менің бойымдағыны, әрқашанғы қал-жағдайымды көріп-біліп тұр» деген сенімге толық жетпейінше тәуекелі күшеймейді» дейді[14].

Тағы бір аятта Алла:

 

قُل لَّن يُصِيبَنَا إِلاَّ مَا كَتَبَ اللّهُ لَنَا هُوَ مَوْلاَنَا وَعَلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

 

«Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол – біздің иеміз. Сондықтан бүкіл мүміндер Аллаға тәуекел етсін» де»[15],- деп бұйырады. Иә, осы қағида бойынша Аллаға тәуекел еткен мүмін кәміл иманының арқасында Жаратушысымен қауышады. Алайда, тәуекел ету – өз міндетін орындамай қол қусырып қарап отыру деген сөз емес, керісінше құлшылығын толық орындап, нәтижесінің жақсылығын Алладан күту.

Тәуекелді жаңсақ түсінген бір кәрі шешейге Пайғамбарымыздың сабақ беруі біздерге де жақсы өнеге бола алады.

…Жасы келіп қалған бір әжейдің жалғыз түйесі үйездеп қалады. Ол өлсе күнкөрісі қиындайтынын уайымдаған әжей қатты қапаланады. Күндіз-түні қайғырған әжейдің бұған қолдан еш қайраны жоқ болды. Қолынан бар келгені Аллаға жалбарынып, түйесінің сауығуын тілеп, дұға етумен болады.

Бір күні жайылсын деп қырға шығарған түйесінің аузына нәр алмағанын байқап, еңсесі мүлдем түсіп кетеді. Қолдарын жайып, көз жасын төгіп, дұға етуден басқа шарасы қалмайды. Осы кезде Пайғамбарымыз бір топ сахабаларымен әлгі әйелдің қасынан өтіп бара жатып:

– Уа, Алланың құлы, неге жылайсың? – дейді.

– Неге болсын, түйем үшін жылаймын. Түйем мен үшін бәрінен қымбат. Ол өліп қалса жағдайым не болмақ? Түйемнің кеселінен айығуы үшін, қанша күннен бері қол жайып дұға етудемін, бірақ, дұғам қабыл болмай жатыр, – дейді әжей мұңын шағып. Пайғамбарымыз күлімсіреп:

– Дұғаңның қабыл болғанын қаласаң дұғаңа қара май қос, қара май! – дейді.

Әжей ойлана бастады. Қара май қос дегені несі? Артынша түсінгендей болды. Қоңсыларынан қара май сұрап алған әйел алдымен түйенің аузын қара маймен сүртіп, содан кейін дұға ете бастады. Қара майдың арқасында түйенің аузындағы бүкіл микробтар өліп, түйе ауруынан айығып кетеді.

Яғни, кез-келген мәселеде тек қана қол жайып дұға ету жетпейді, оның шешімін іздеу керек. Осыны түсінген әжей Пайғамбарымыздың кеңесін тыңдап, түйесін аман алып қалған еді[16].

Тәуекелге байланысты мына бір хикаяны да айта кеткен орынды.

Атақты Ибраһим Әтхәм мен Шәкик Бәлхи Меккеде кездесіп қалады. Шәкик Бәлхи өзін тек құлшылыққа ғана арнап, тіршіліктен оқшауланып, әбден азып-тозған күйде еді. Ибраһим Әтхәм ол кісіден «Сенің мұндай халге түсуіңе не себеп болды?» деп сұрайды. Ол «Күндердің бір күні шөл далаға бардым. Тақыр, құрғақ жерде қанаты қайырылған бір құсты көрдім. Өз-өзіме «Осы жерде отырып, мына құстың ризығының қайдан келетінін байқайын» деп құсты бақылай бастадым. Сол сәт тұмсығында шегірткесі бар екінші құс оның қасына қонып, аузындағы шегірткесін бірінші құстың аузына салды. Бұны көргенде «бұл құсты екіншісіне себепкер еткен Ұлы Алла қайда болсам да ризығымды жіберуге күші жетіп асады» деп дүние табудан бас тартып өзімді толығымен құлшылыққа атадым» дейді. Ибраһим «Неге сен қанаты сынған құсқа азық тасыған сау құстың орнындағы биік дәрежеде болуды қаламайсың? Сен, Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Жоғарғы (беруші) қол төменгі (алушы) қолдан артық» дегенін естімеп пе едің?» деп қарсылық білдіреді. Бұл жауапты естіп, сабақ алған Шәкик, Ибраһимнің қолын сүйіп, «Уа, Әбу Ысқақ, сен біздің ұстазымызсың» деген екен[17].

 

[1] Қушәйри, 250-б.

[2] Ибраһим, 11

[3] Әли Имран, 159

[4] Әнфәл, 2

[5] Термизи, Зуһд, 33, Ибн Мажа, Зуһд, 14

[6] Хадис ансиклопедиси, 17-т., 595-б.-те зәуәидтан алған. Хадистің сәнәді сахих.

[7] Тирмизи, Китабуд-даауат, 342, Әбу Дауд, Китабул әдәб, 5095

[8] Бухари, Китабут-тыбб, 10/130-131; Муслим, Китабуль иман, 371

[9] Бухари, Китабуль-жиһад уәл магази, Муслим, Китабуль фадаиль, 843; Дихләуи, 3/167-б.

[10] ат-Тафсируль-мунир, 9-т., 92-б.; Сабуни, Мухтасару тәфсири ибни Кәсир, Каир, 1995, 3-т., 514-б.

[11] Әли Имран, 173

[12] Әнфәл, 60

[13] Термизи, Қияма, 60

[14] Қушәйри, 250 б.

[15] Тәубә, 50

[16] А. Шахин, Дини хикаиелер, 31 б.

[17] Ғазали, Мукашафатуль-қулуб, 182-б.

 

ОҚО Орталық мешіт

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38