Tildegi kanjar gaibat

Tildegi kanjar gaibatАдам баласының бойындағы қабілет пен қасиеттерді пышақтың жүзіне ұқсатуға болады. Оны жақсылыққа да жамандыққа да қолдана аласыз. Бұл адамның ұстаныма байланысты өзгеріп отырады. Алла Тағала адам баласын жақсылық пен жамандықтың ортасына қойып, оған таңдау еркіндігін берген.

Қаласа жақсылықты, қаласа жамандықты таңдайды. Сондай-ақ, адам баласына берілген нығметтердің ішіндегі ендігі бір маңыздысы: оған жауапкершілік пен міндет жүктегендігінде жатыр. Жауапкершіліктің дәрежесі өзіне берілген нығметпен өлшенеді. Мұндай жағдайда адам баласынан өзіне берілген Алланың нығметтерін тиімді пайдаланып, орынды жерінде жұмсауы талап етіледі. Егер, қолындағы мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай, қалай болса солай шашу басына қайғы алып келеди ал соңы орны толмас өкініштерге апарып соқтырары хақ.

Міне, осы бір шындықты ескерер болсақ, Алла Тағаланың адам баласына қарым-қатынас ретінде әрі тілдесіп табысу құралы ретінде сөйлеу қабілетін бергендігін байқаймыз. Кімде-кім егер тілді Алланы зікір-шүкір етіп, қайырлы істерге қолданатын болса, ол кісі жұмақтың бұл-бұлы мен дүлділіне айналады. Ал егер тілді өтірік пен жалғанның, өсек-аяң мен ғайбаттың құралына айналдырған жағдайда, ол кісі тозақтың үрейлі оты болып шыға келеді.

Осы тұрғыдан қарағанда, тілдің қандай қызмет атқарары, яғни нығмет яки апатқа айналмағы жүректің дәрежесімен тікелей байланысты. Өйткені, тіл – жүрек пен іштегі сезімнің тәржімалаушысы. Халық арасындағы «Қапта не болса, сыртына сол шығады» деген сөздің төркіні осы бір шындықты еріксіз еске түсіреді. Сондықтан да, жүректің жағдайымен тікелей байланысты болғандықтан адам баласының Раббысына жақындау мен алыстауында тілдің маңызы орасан зор. Яғни, тіл – мәртебенің өсуі мен төмендеуіне де ықпал ететін себепші.

Иманның жүрекпен растап, тілмен айту деген шартына үңілер болсақ, тілдің қаншалықты үлкен нығмет екендігін байқауға болады. Міне, сол сияқты оны теріс қолданудың да келтірер азабы зор болмақ. Шынтыуайтына келгенде, адам баласының басына келетін қайғы-қасіреттің басым көпшілігі осы тілді дұрыс қолданғанбағандықтан туындайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисте былай дейді:

«Басқа бәле – тілден!» (Суюти, әл-Жамиус-Сағир, І, 110).

Күмәндану, адамдардың бойынан кінә-кемшілік іздеу, күндестік, адамдардың арасына іріткі салып, шағыстыру, араздастыру, бәрі де осы тілдің кесірінен болмақ. Осылайша, дүние мен ақыреттегі бар жақсылықтан жұрдай болып, Алланың сыйынан құр алақан қалады. Аталмыш қасіреттің барлығы жеке адам мен қоғамды іштей шірітетін ең үлкен қорқыныш пен қауіптің басында тұрады.

Санына сүрініп жығылатын жағымсыз қасиеттердің бастауы болып табылатын тіл, тіпті өлімге душар қылатын у секілді. Ол һәм иесін, һәм айналасын улайды…

Сондықтан да, тілді тәрбиелеу адам өмірінде ең маңызды тәлімдердің бірі. Өйткені, апат төндіріп, у шашып тұратын тілді жақсы жолда қолданам десеңіз де, бәрібір зиянын тигізбей қоймайды. Дегенмен, жақсылықтың жаршысына айналған тіл әрдайым береке мен жақсылықтың да қайнар көзі болып табылады. Бұл шындықты ескінің көзін көргендер:

«Жылы жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деп тамаша жеткізген.

Мұны Құран Кәрімде Алла Тағала былай баяндайды:

«Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес…» (Нахыл сүресі, 125-аят).

Алланың әміріне қарсы шығуды үлкен қасірет санап, адамдарды ақиқаттың ақ жолына шақыруды өздеріне басты міндет деп білетін Алланың шынайы құлдары, тілді қалай қолдану керектігі жайлы:

«Ешқашан улы жыландай шағып сөйлеуші болма!» деп ескерту жасаған.

Демек, адам баласына жарасымды ерекшеліктерінің бірі тіліне ие болуында жатыр. Өйткені, тіл – Раббымыздың әрбір жанға тарту етіп, сынға алатын құралы. Егер, тілдің айналасына отыз екі тіспен қоршалғанының мәнісіне ой жүгіртіп қарайтын болсақ, тілдің сүйіріліп, әйтеуір жөн-жосықсыз сөйлеуіне тосқауыл болып тұрғандай. Бұған қосымша екі ерін де тістердің алдына қойылып, екінші бір қамал іспетті. Қарап тұрсақ, мұның барлығы тілге сақ болудың маңыздылығын көрсетіп тұрғандай емес пе?

Енді бір жағынан «Қылыш жарасы жазылар, бірақ тіл жарасы жазылмайды!» деген сөз де тілдің өте қауіпті құрал екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, тіл тәрбиесіне баса назар аудару керектігін байқатады. Сондықтан да, тілден келетін қауіптерге мән бере отырып, оған қарсы тұруға тиісті шараларды, дайындықтың алдын алуымыз қажет. Алдын алу шараларының ең басында әуелі үнсіздік тұрады.

***

Тілден келетін ең басты апаттардың арасына ғайбат кіреді. Өйткені, ғайбат – тілдегі ең улы қанжар.

«Ғайбат деген не?» деген сұрақтың жауабын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аузынан тыңдап көрелік:

Әбу Хұрайрадан (р.а.) риуаят етілген деректе Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларға былай деп сұрақ қойыпты:

– Ғайбат дегеннің не екенін білесіңдер ме? Сахабалар:

– Алла және Оның Елшісі жақсы біледі! – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Ғайбат – мұсылман бауырының ұнатпайтын нәрселерін арқасынан айту, – дейді. Сосын сахабалардың біреуі:

– Уа, Алланың Елшісі! Арқасынан айтқан сол жаман нәрсе бауырымыздың бойында болса ше?.. Бұған Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай жауап береді:

– Айтқан нәрсең оның бойында болса ғайбат болады; егер жоқ болса, оған жала жапқан боласың!.. (Мүслим, Бирр 70; Әбу Дәуіт, Әдеп, 40/4874).

Осы хадиске қарайтын болсақ, адамдардың бойындағы әр түрлі кемшіліктерді айтудың ғайбат екендігін білуге болады. Десек те, кейбір жағдайларда адамдардың кемшіліктері мен жіберген қателіктерін айтуға тура келетін жайттар да кездесіп жатады. Атап айтар болсақ, үйленгісі келіп, өмірлік жар іздеп жүрген адамға немесе сауда жасап, нәпақасын таппақ болып жол іздеп жүрген жанға ғайбат болар деген қорқынышпен білетін шындықтарын айтпай жасырып қалу, жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуге себепші болады. Олай болса, мұндай жағдайларда қоғамның пайдасы жеке адамның пайдасынан жоғары тұратынын естен шығармаған жөн. Зияны мен кесірі көпке тиіп жүрген адамнан басқаларды сақтандыру әрбір адамның басты міндеттерінің қатарына кіреді. Алайда, мұның өзі сұраған адамдарға ғана айтылуы тиіс. Ал, ол жайлы кез-келген адамға айтып, оның кемшіліктері мен айыптарын ашып беру – харам.

Сондай-ақ, мәселенің анық-қанығын біліп, шындыққа жету жолында қазылардың алдында әділдікті толық жеткізу үшін куәгерлер шындықты бұрмаламай айтып беруі қажет. Бұл ғайбатқа жатпайды. Сондықтан да, бір адамның кемшіліктерін айтқан кезде айтқан сөздерінің барлығы діннің рұқсат бергеніндей дәрежеде айтылуына көңіл бөлген жөн.

Ал бұдан басқа жағдайларда адамдардың кемшіліктерін жасырып, яки кешіру әрбір мүминнің міндеті. Бұл адам баласының бойындағы ең маңызды сипаттардың бірі әрі адамгершілік қасиеттердің асылы.

Өзгелердің айыбын ашудан бұрын өз қателіктерімізге көңіл аударуымыз қажет. Әрбір мүмин Алла Тағаланың мейіріміне қауышудың жолы құлдардың кемшіліктерін жасырып, оларға кешірім беруде жатқандығын естен шығармауы керек. Өз кемшіліктерінен құтылудың шарасын іздеп жүріп, өзгелердің айыптарын іздеуге уақыт таба алмай жүрген мүминдер қандай бақытты десеңші!

«Хұжурат» сүресінде мүминдердің бір-бірімен дұрыс мәміле жасап, әдепті болуға тілді сақтау мен оны тәрбиелеудің маңыздылығына ишара жасалған:

«Ей, мүминдер! Бір ел бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ, әйелдер әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім, олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін «пасықтық» деген ат қандай жаман. Ал кімде-кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар».

Ей, мүминдер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Қайсыбірің өлген туысының етін жеуді жақсы көрді? Әрине, оны жек көресіңдер. Олай болса Алладан қорқыңдар! Расында, Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» (Хұжрат сүресі, 11-12 аяттар).

Осы аяттарда:

Ғайбаттаушылар мен адамдардың арасына от салып, шағыстыратындарды өлген мүмин бауырының етін жегенмен тең санаған.

Құранның мұндай теңеуінде үлкен мән жатыр. Шын мәнісінде, арқасынан ғайбатталған адам жанымызда болмағандықтан, ол жайында айтылғандарды естімей, қарсы пікір айта алмағандықтан өлікке ұқсайтыны әрі мүмин болғандықтан ол бір бауырың секілді екендігі айдан анық.

Сол бауырымыздың жоқтығын пайдаланып, оның артынан ғайбаттап, ар-ожданына тиетін сөз айту оның денесін талап жеп жатқан аңды еске түсіреді. Адамның ар-ожданы мен қадір-қасиеті оның қаңқасын қаптап жауып тұрған ет іспетті. Оның айыбын ашып, бар кінәсін тінтіп, жайып салу бір иттің өлексені тіміскілеп жанталаса тістектегендігінен де бетер емес пе?

Хұжұрат сүресіндегі аяттарда:

– Адамдарға бір-бірін келемеждемеуге,

– Өзгелерді менсінбеуден сақтануға,

– Жаман ат тақпауға,

– Күмәнды ойдан сақтануға,

– Өзгелердің кінәсін іздемеуге,

– Артынан ғайбаттамауды бұйырған.

Міне, аталмыш жағымсыз қылықтардың барлығы тіл арқылы орындалады. Сондай-ақ, адамның тілін қорғауы діннің, ахлақтың талабы. Бұл жайлы Фудайыл бин Ияд былай дейді:

«Ғайбат араласқан жерде бауырмалдық жойылады».

***

Бірде Салман Фариси (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) екі сахабасымен бірге болады. Салман оларға жәрдем беріп, тамақтарына ортақтасып отыратын. Бір күні адамдар жолға шыққанда Салман ұйықтап қалады да әлгі екеуінен қалып қояды. Екі дос, оны іздеп таба алмағандықтан, шатырларын өздері құрып тынығады. Сөйтіп: «Салман дайын асқа тік қасықты, дайын шатырға кіріп жатуды ғана жақсы біледі. Бұл дайынға үйреніп алған», – деп Салманды менсінбей артынан ғайбаттайды.

Салман ұйқысынан тұрып келгенде оны достары Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қатық сұрап кел деп жібереді. Салман қолына бір ыдыс алып, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына барады:

– Уа, Алланың Елшісі! Мені достарым сізден қатық сұрап кел деп жіберген еді, – деді.

Алланың Елшісі:

– Достарың қатықты не қылсын. Олар қатықтарын жеп қойды ғой, – дейді. Салман кері оралып, екеуіне Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан сөздерді айтады. Мұны естіген олар, Алла Елшісінің алдына барады да:

– Алланың атымен ант етеміз! Біз ол жерге жайғасқаннан бері аузымызға ешнәрсе салғанымыз жоқ, – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Сендер сөздерің арқылы Салманды (ғайбаттағандарың үшін) қатық ретінде жедіңдер, – дейді. Сосын сөзін сабақтап: «…Қайсы бірің өлген туысының етін жеуді жақсы көреді?!» (Хұжурат сүресі, 12-аят) деген аятты оқыды.

Тағы бір дерек көзде Алланың Елшісі сөзінің соңында:

– Мен сол бауырларыңның етін тістерінің арасынан көріп тұрмын, – деген екен. Сонда әлгі сахабалар:

– Уа, Алланың Елшісі! Біз үшін Алладан кешірім тілеңізші! – деп өтініш білдіріпті. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Алдымен ғайбаттаған адамдарыңнан кешірім тіле деп өтініш жасаңдар, – дейді (Ибн Кәсир, Тәпсір ІҮ, 231).

Ғайбаттаушылармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін хадис-шәріпте былай деп түсіндірген:

«Жақсылық жасағандарға жақсылық жасау, жамандық жасағандарға да жамандық жасау игілік емес. Сендерге жамандық жасағандарға қасарыспай, керісінше жақсылық жасауларың нағыз игілік болып табылады» (Тирмизи, Бирр, 63).

Алла Тағала мұндай батыл қадам жасағандарды мадақтай отырып, былай деген:

Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы, қарапайымдылықпен жүреді. Оларға надан адамдар тіл тигізсе (көңілдеріне тиместен) сендерге «сәлем болсын» деп айтады (да өтіп кетеді)» (Фурқан сүресі, 63-аят).

Хазрет Али (р.а.) де білместермен қалай қарым-қатынас жасау керектігі жайлы былай деп өсиет қалдырған:

«Шектен шыққан жаман сөзге ешқашан қарсы жауап беремін деуші болма!.. Өйткені, ол сөзді айтқан адамда сол сияқты сөздердің одан да өткен сорақылары бар. Оған жауап беретін болсаң, сол сөздерінің бірін айтатын болады. Надандармен ешқашан сөз таластырушы болма!.. Оның тілі улы болғандықтан, жүректі жаралайды».

Өсек-аяң мен жалаларға қарсы шыдамдылық таныту – кемелдіктің ең жоғарғы белгісі. Өйткені, кемелдіктің бірінші сатысы: өсек-аяң мен жалалардың алдында үнсіз тұру.

Екінші сатысы: мұндай өсек-аяң айтып, жала жапқандарға күнәларының өтетіндігіне қуану. Бірақ, мұнда нұқсандық бар.

Үшінші сатысы: өзінің кешірім мен сауапқа кенелетіндігіне қуана отырып, өсекшілер мен жалақорлардың ақырет күні азапқа душар болатындығына қайғыру. Егер, осы қайғысы қуанышынан асып түспесе, кемелдікке жетпеді деген сөз.

Хазрет Мәулана білместер мен надандардың алып-қашты әңгімелерінен ештеңе өзгере қоймайтындығы жайлы былай деген:

«Иттің аузы тигенімен теңіз ластанбайды!..»

***

Хазрет Мәулана адамдар өздерінің бойындағы кемшіліктер мен міндерді шетке ысырып қойып, өзгелер жайлы не болса соны айтпау керектігін мына хикая арқылы қандай тамаша түсіндіріп берген:

«Үндістандық төрт мұсылман бір мешітке кіреді. Олардың әрқайсысы ниет етіп, тәкбір айтады. Өздерінің қателіктері мен кемшіліктерін еске түсіре отырып, ерекше ықыласпен намаздарын бастайды. Рукуғқа барып, сәждеге жығылады. Осы кезде мешіттің азаншысы келеді. Намаз оқып тұрған үнділердің біреуі намазда тұрғанын ұмытып:

– Ей, азаншы! Азаныңды оқыдың ба? Әлде әлі уақыт бар ма? – деді.

Екінші үнді намаз оқып тұрса да:

– Тыныш бауырым, намазда сөйлеуге болмайды. Намазың бұзылды, – деді. Үшінші үнді екіншісіне:

– Ағасы! Одан неге кемшілік іздеп тұрсың? Сен де сөйлеп тұрсың ғой, сен де өзіңе қарасай. Алдымен өзіңді туралап ал!

Төртіншісі сөзге араласып: «Аллаға шүкірлер болсын! Мен сендер сияқты құрдымға түскенім жоқ, мен намазымды бұзбадым» – деді.

Осылайша төртеуінің де намазы бұзылады. Ананың-мынаның айыбын айтамын деп, өздерінің қалай құрып кеткендігін білмей де қалады.

Өзінің айыбын көрген адам қандай бақытты. Кімде-кім өзгенің айыбын көрсе, оны өзі сатып алған болады.

Өйткені, адамның жартысы, яғни нәпсісі мен тәні айып пен кемшіліктен тұратын мына дүние әлеміне тән. Оның екінші бір бөлігі де, яғни рухани жағы ғайып әлеміне тән нәрсе.

Олай болса, ең алдымен өзіңе жаның ашысын. Бар жақсылық пен жәрдемді өзіңе тілеп, Алладан ем сұра.

Өз кемшіліктерін көру, өзін-өзі кінәлау сол айыптың емі әрі дәрісі. (Өйткені өз кемшілігін білуден асқан кемелдік жоқ).

Бір мүминнен көрген айып сенде жоқ болса, өзіңе сенуден, сенім артудан сақтан! Сол кінәні сен де істеуің әрі сол айып халыққа сен арқылы тарауы да әбден мүмкін».

Ғайбат пен өсек-аяң адамның нәпсісін семіртетін күнәға жатады. Өсекшіл адамдар айыптап, мін таққан адамдарының істеген күнәларынан өздерін жырақ санайды. Осылайша, олар өздерін жоғары тұтады. Алайда, бауырын менсінбеушілік күнә ретінде бір адам үшін жетіп артылатынын ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, адамдардың қателіктерін іздеп, кінәлаушылардың көп уақыт өтпей-ақ сол күнәні өздері де істей бастайтындығы ащы да болса шындық. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дін бауырын бір күнәсына байланысты кінәласа, өлмей тұрып сол күнәны міндетті түрде істейді. Яғни, бауырын бір айыпты ісіне байланысты кінәлаған адам сол кінәні өзі істемейінше өлмейді!» (Жамиус-Сағир ІІ, 161) деген. Дәл осы жайтты басқа бір хадисте былайша баяндайды:

«Кімде-кім бір бауырын істеген күнәсына байланысты кінәласа, сол күнәні істемей өлмейді» (Тирмизи, Қиямет 53/2505).

Адамдар ақырет күні барша амалдарына, қол жеткізген жетістігіне, аузынан шыққан әрбір сөзіне, айтатын шындықты айтпай үнсіз қалғандығына, істеген күнәсі мен істемеген ізгі амалдарының есебін беретін болады. Осы ауыр азап күн келмей тұрып, әркім өзін істегендерін есептеп-таразылауы керек. Өйткені, «Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» деген (Тирмизи, Қиямет, 25/2459). Сол бір машақаты мен қайғысы мол күнді еске ала отырып, амал дәптеріміздің беттерін адамдардан кешірім сұрап, разылығын алып, ақтап алған жөн. Алла Талаға адамдардың барлығының бір тілде сөйлейтін сол күннің жағдайын былай деп түсіндіріп береді:

«Олар оған барған кезде; оларға құлақтары, көздері және терілері олардың не істегендеріне айғақ болады. Олар терілеріне: «Не үшін бізге куә болдыңдар?» – дейді. (Терілері): «Бізді әрнәрсені сөйлеткен Алла сөйлетті; сендерді Алла жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар» деп жауап береді.

Сендер өздеріңе құлақтарыңның, көздеріңнің және терілеріңнің сендерге қарсы айғақ болуынан сақтанбайтын едіңдер. Тіпті, Алла істегендеріңнің көбін білмейді деп ойлаушы едіңдер.

Міне, осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың, өздеріңді жойды да, зиянға ұшыраушылардың қатарынан болдыңдар. Олар енді шыдайтын болса, олардың орны от. Олар кешірім тілесе де қабыл етілмейді» (Фұссилат сүресі, 20-24 аяттар).

Адамдар үрейлі қиямет күнінде сауаптары өздеріне аса қажет болса да, осы дүниеде артынан жамандап өсек айтқан адамдарына беретін болады. Егер, оған беретін сауабы қалмаған болса, сол адамның күнәларын мойнына алады.

Қиямет күніндегі осы бір қорқынышты күнді хадисте былай деп суреттейді:

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Мүфлис деген кім білесіңдер ме? – деп сұрады. Сахабалар:

– Мүфлис дегенің ақшасы, мал-мүлкі жоқ адам ғой, – деп жауап берген кезде, Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Үмбетімнің арасындағы мүфлистің кім екенін айтайын. Ол қиямет күні намаз, ораза және зекет сауаптарымен қатар, амал дәптерінде ананы мазақтады, мынаған жала жапты, ананың мал-мүлкін жеді, мынаны ұрып-соқты деп жазылып, өзгелердің күнәларын арқалап келген адам. Оның істеген жақсылықтарының сауабынан анаған мынаған өтеледі. Егер мойнындағы қарыздар бітпей тұрып, ғибадаттары мен істеген жақсылықтарының сауабы таусылса, олардың күнәларынан алынып осыған жүктеледі. Кейін солардың күнәларымен бірге тозаққа тасталады» – деп жауап берді» (Мүслим, Бирр 59; Ахмет бин Ханбал ІІ, 303, 324, 372).

Осыған орай Хазрет Хасан Басри былай деген:

«Егер өсек айтқың келіп қиналып бара жатсаң, ата-анаңды өсекте!.. Ең болмағанда ақыретте сауабың оларға берілсін. Немесе олардың күнәсін аласың!..».

Хазрет Маулана бір насихатында былай дейді:

«Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр».

Кәміл мүмин қолынан келгенше әрдайым Алланың жаратқандарының жәрдеміне қол созып, күнәлі іске деген жиіркеніші күнәһар адамды жек көруге итермелемей, керісінше оларды мейірім құшағына алып, жыланның улы тілімен емес, мейірім тілімен жақындап жан-дүниесін жаулап алуы қажет.

Алланың мейіріміне бөленіп, ерекше қуанышқа кенелгісі келетіндердің ерекшелігі өздеріне қарсы істелген неше түрлі қастандықтарға кешіріммен қарауында. Өйткені, кешірім беру арқылы өзіміздің кешірілуімізге жол ашамыз. Кешірім бермей, адамдардың артынан өсек айтқан адам болса, негізінде өз-өздерін құрдымға түсіреді.

Уа, Раббым! Көңіліміз бен тіліміз Алланың хикметі мен сырларының айнасы болсын. Ол жерден барша жаратылыс атаулыға мейірім-шапағат, кешірім, игілік пен жақсылық жайылсын!..

Бізді дүниенің нығметінен құр алақан қалып, ақыретте жарлының күйін кешетін құлдарының қатарына қосылудан сақтай гөр!

Әмин…

 

ОҚО Орталық мешіт

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38