Шардара ауданы Достық ауылының ардагерлер үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі А. Абдуллаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Б. Шомпиев, ауыл әкімі Т. Батыршаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Ағманов, аудан имамы, А. Данияров, «Әбу Мансур әл – Матуриди» мешітінің найб имамы М. Кузенбаев, Достық ауылының молдасы Е. Кулет ауыл ардагерлері, ауыл билері қатысты. Ашылу салтанатынан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мәдениет үйдің мәжіліс залында «Ырыс алды ынтымақ» форумы өтті. Форумда аудан имамы А. Данияров ислам – бейбітшілік діні. Ол адамдарды жақсылыққа, ынтымаққа, бірлікке шақырады. Ізгілікке үндейді. Қасиетті Құранда: «Түп – түгел Алланың дінін ұстаңдар да бөлінбеңдер», – деген. Ендеше бөлініп, бүлік іздеуге еш жол берілмеуі тиіс. Айналып келгенде барлық бөлінушіліктің мәзһабсыздықтан әрі сауатсыздықтан шығатындығы сөзсіз. Ата – бабаларымыз ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі Имам Ағзам жолы бар. Бұл жол біздің қоғамымыздың ұстанымымен, мемлекетіміздің бағытымен өзара үндесетіндігі белгілі. Халқымыз ұстануға тиісті Имам Ағзам (р.а) жолынан бөлек, тағы да 3 мәзһабтың барлығы белгілі. Бұл мәзһабтардың қай – қайсысын болмасын, теріс бағытта болады деп ешкім айта алмайды. Мұнда тек қана, пікір айырмашылықтары сақталады. Әрбір ұлттың өз тілі, діні, ділі, салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпының болатындығы белгілі. Дін мен дәстүр егіз ұғым екендігін естен шығармайық. ҚМДБ – ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет 2014 – 2018 жылдар аралығын «Дін және Дәстүр» жылы деп жариялаған болатын. Ислам діні ұлтына, нәсіліне, түр – түсіне, әдет – ғұрпы мен дәстүрлеріне – этникалық құрамына қарай бөлуге шек қоймаған. Алланың елшісі (с.а.с) «Ұлтшылдыққа, рушылдыққа шақырған адам бізден емес», – деген хадисі бұған дәлел. Жат ел болса да, олардың жақсы қасиеттерін бойға сіңіруге болар, ал олардың өздеріне тән дәстүрлерін келсін – кемесін қабылдай беруге болмас. Алланың кітабы «Құран» адамзаттың өркениетін байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтағанын қалайды. Дінімізбен бірге миллиондаған жылдардан бері ата – бабамыздың озық ұлттық дәстүрлерін кейінгі жас ұрпаққа жеткізу – баршамыздың міндетіміз.
Еш бір қайнаса сорпасы қосылмайтын діни ағымдар жетегінде кеткен жастарымыз атам қазақтың 14 ғасырдан ері қасиетті ислам дінімен бірге ұстанып келген әдет – ғұрып, салт – дәстүрлерін жоққа шығарып жүрген жағдайы бар. Намаз оқып, ата анамыздың қызметін жасамай, өз туған – туыстарымызға қырғи – қабақ көрсетіп, араласпай жүретін болсақ, өзге кісілермен тым жақын араласып, тату болғанымыздан пайда жоқ. Балапан ұясында мейірімділікпен, қамқорлықпен сусындап өссе, одан қатігез, қайырымсыз кісі шығуы мүмкін емес. «Дастарқан дарқанды болса, үй іші де шырайлы, бала – шаға да шат – шадыман», – деген Бердібек Соқпақбаев. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай қорытындысы құрметті бүгінгі жиынға қатысушы мсылман қауым «Бақ қайда барасын ынтымаққа барамын», – деген, демек Алла Тағала ауызбіршілік ынтымағымыздан ажыратпасын.
Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің баспасөз қызметі.