Kuran okip uirenujainda

Kuran okip uirenujaindaҚұран тиләуеті әдебі

1. Құранды байыппен, Құдайдан қорыққан кейіпте оқу керек.
2. Ұлық мақсатқа жараспайтын артық сөз, күлкі, жеңілтектіктен арылу.
3. Аяттарды мәнерлеп, анықтап оқу.
4. Жағымсыз дауыстан, әуендетуден сақ болу.

5. Дұға мағынасы бар аятты оқығанда дұға қылып, рахым туралы аятты оқығанда оны тілеу керек.
6. Аяттардағы әмір-пәрменге, тыйымдарға мүлтіксіз мойынсұну қажет.
7. Құран оқушының денесі, киімі, отырған жері таза болуы шарт. Дәрет алу, мисуакпен ауыз тазалау, хош иіс себіну сүннет.
8. Құбылаға қарап, намазда отырғандай кейіпте отыру мұстахаб.
9. Құран оқып жатқанда оны тоқтатып қойып, біреумен сөйлесуге болмайды.

 

Құран жаттауға қатысты ақыл-кеңестер

1.Ықылас-ниеттің дұрыстығы.
Оқып жатқан аяттардың Құдіретті де Ұлы Алланың Сөзі екендігін түйсініп, ұғыну керек. Құранды адамдардың арасында мәртебеге ие болу үшін, не дүнияуи пайда, мақсаттарға, сый-сияпат, жүлделерге қол жеткізу үшін үйреніп, жаттаудан аулақ бол.

2. Күнә-қателіктен сақ болу.

Күнә-қателіктерге толған жүрекке Құран Кәрімнің нұры қонбайды. Өйткені шайтанның азғыруы Алланың зікірінен тайдырады.

3. Жастық шақты ұтымды пайдалану.

Алланың Елшісі (с.а.с.) мына хадисінде әрбір мұсылманды бар мүмкіндігін дер кезінде әрі дұрыс пайдалануына нұсқайды: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсені пайдаланып қал: қартаймастан бұрын жастық шағыңды, ауырмастан бұрын денсаулығыңды, кедейленбестен бұрын байлығыңды, өлместен бұрын өміріңді, жұмыстан бұрын бос уақытыңды (Алланың жолына, ақыретіңе пайдаланып қал)».

4. Ойдың сергектігі – басты талаптың бірі.
Аяттарды шаршап, жалыққан кезде, ынта-зейін басқа нәрсеге ауған кезде жаттамаған жөн. Себебі, ондай жағдайлар жаттауға жете көңіл бөлуге, ықыласқа кесірін тигізеді. Жаттауға таң намазынан кейінгі уақыт сияқты белсенді, сергек уақыттарды пайдаланған дұрыс.

5. Тыныш орынды таңдау.

Құранды жаттауға тыныш орынды таңдау керек. Өйткені айқай-шу, абыр-дабыр көңіліңді аударып, кедергі келтіреді.

6. Рухани жігерлілік – жеңіске бастайды.
Жаттауда адамның күшті ерік-жігерінің мәні аса зор. Құранды ата-ананың, не ұстаздың ұдайы нұсқауымен ғана жаттайтын жанның ерік-жігері ұзаққа созылмай, уақыт өте келе саябырлауы мүмкін. Ал өзінің бастамасымен, жеке күш-жігерімен бел шеше кіріскен жан істі соңына дейін жеткізуге тырысады.

7. Сана-сезімді түгел қатыстыру.
Адам бойындағы түрлі сезімдерді түгел біріктіре отырып, жауапты іске ынты-шынтымен кірісу міндетті жеңілдетеді, есте сақтау қабілетін де дамытады.
Құран аяттарын жадыға тоқу үшін көру, есту, сөйлеу сезімдерін түгелімен ат салыстырған жөн. Себебі, сезімдердің әрбірінің ақпаратты миға жеткізетін өзіндік жолдары бар. Ал ақпаратты жеткізу жолдары көбейсе, оны жадыға жазып, орнықтыру да оңай болады.

8. Құран Кітабының бір ғана баспалық нұсқасын таңдау.
Жаттаушы Құранның бір баспалық нұсқасын таңдағаны жөн. Солай ету Құранның тұтас бір бетінің есте сақталуына көмектеседі. Ал егер жаттаған кезде мұсхаф (Құран кітабы) басылымдарының әрқилылығы Кітап бетінің еске түсірілуіне қиындық келтіреді.

9. Араб дыбыстарын дұрыс шығару.
Жаттауды бастамастан бұрын ең алдымен Құран сөздерін дұрыс дыбыстауды жақсылап игеру қажет. Ол үшін Құранды арнайы ұстаздардан ауызба-ауыз алған жөн. Ұстаз болмаған жағдайда, аудиожазбалар арқылы қайталап үйренген дұрыс.

10. Аят-сүрелерді жалғастыра жаттау.
Құрандағы параларды, сүрелерді бөлік-бөліктерін жалғастыра жаттау тиімді жол. Мысалы, бір аятты жақсылап жаттап алған соң оны алдындағы аятпен қосып қайталау қажет. Осылайша аяттарды бір-бірімен жалғастыра жаттап, бір бетті толық игерген жөн.

11. Сөздердің мағыналарын түсіну.
Аяттарды жаттауды жеңілдететін бірден-бір жол – олардағы сөздердің мағынасын түсіну. Ол үшін қазақша, орысша, арабша түсініктемелерді, тәпсірлерді қолданудың мәні зор.

12. Тиянақты жаттау.
Құранның бір бөлігін екі-үш рет оқып, есте сақтау нағыз жаттау болып саналмайды. Өйткені ол уақыт өте келе ұмытылуы мүмкін. Сондықтан да аяттарды жүздешен мәрте оқып қайталап, санаға әбден сіңіру қажет. Тіпті жаттаған аят, сүрелердің өзін оқтын-оқтын қайталап тұрған дұрыс.

13. Құранды әрдайым оқу.
Құранды көп оқу жаттауды жеңілдетеді, бұрын жаттағанды нығайта түседі. Тиләуетті машыққа айналдырып, күнделікті оқитын шәкірт үшін аяттарды жаттау жеңіл соғады.

14. Біреуден тыңдап, айтқанын қайталап жаттау жолы.
Құран аяттарын ұстаздың артынан қайталап оқу жаттаудың бір жолы. Бұл аяттарды дыбыстауда қателікке ұрынбаудың бірден-бір жолы.

15. Тақта мен жазу арқылы есте сақтау.
Кейбір медреселерде аяттарды тақтаға жазу арқылы жаттау әдісі әлі күнге дейін сақталған. Бұл Құраннның шәкірт жадында сурет болып жатталуын қалыптастырады. Расында жаттаушылардың көбі жаттағанын хатқа қатесіз түсіре алмайды. Ал бұл әдіс сол олқылықты болдырмайды.

16. Жаттаған аятпен намаз оқу.
Жаттаған аят-сүрелерді намазда оқудың пайдасы зор. Әсіресе, түнгі намаз – тәһәжудте жаттаған аятты қосып оқу аса маңызды құлшылық.
Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Құранды жаттаған жан оны түнімен, күнімен намазында оқыса, есінде қалады. Ал егер оны намазында оқымаса, жадынан шығады». (Мүслім риуаят еткен).

17. Көп болып жаттау.
Құран жаттаудың ең дұрыс жолы көпшілікпен жаттау. Өйткені жолдастармен жоспар жасап, біріге жаттау, бірін-бірі қолдау, жарысу, қалып қоюшыны сынау, міне, мақсатқа жеткізетін жол осы. Ал жеке-дара жаттаушылардың көпшілігі уақыт өте келе қасында қолдаушы әріптес, ұстаз болмаған соң жалығып, жалқаулық басады да, ақырында жаттауды мүлде тастап қояды.

18. Аяттардағы ұқсастықтарды ажырату.
Жаттау үдерісінде ұқсас аяттарды аңғарып, олардың ұқсас тұстарын салыстырып, ажырата білудің маңызы аса зор. Бұған көп мән бермейтін кей шәкірттер оқу кезінде қателікке ұрынады.

 

Құран туралы маңызды мағлұматтар

* Құран Кәрім Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) рамазан айында Алақ сүресінің алғашқы «Оқы!» деген аятымен бастап түсірілген.
* Риуаят бойынша Құран Кәрім бес аяттан түсірілген. Яғни, таңертең бес аят, кешке бес аят. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Құран Кәрімнің Әнғам сүресінен басқа сүрелері бес-бес аяттан түсірілген. Сондықтан да кімде-кім оны бес-бес аяттан жаттаса ұмытпайды», – деген.
* Сәжде аяттары Құран Кәрімнің 15 жерінде кездеседі. Олар мыналар:
1. Ағраф сүресі, 206-аят.
2. Рағыд сүресі, 15-аят.
3. Нахыл сүресі, 49-аят.
4. Исра сүресі, 107-аят.
5. Мариям сүресі, 58-аят.
6. Хаж сүресі, 18,-аят.
7. Хаж сүресі, 77-аят.
8. Фұрқан сүресі, 60-аят.
9. Нәміл сүресі, 25-аят.
10. Сәжде сүресі, 15-аят.
11. Сад сүресі, 24-аят.
12. Фуссилат сүресі, 37-аят.
13. Нәжім сүресі, 62-аят.
14. Иншиқақ сүресі, 21-аят.
15. Ғалақ сүресі, 19-аят.
* Құран сүрелерінің саны: 114.
* Құран параларының (джуз) саны: 30.
* Бір пара екі бөлікке, яғни хизбке бөлінген.
* Бір хизб төрт бөлікке, яғни рубъ-ге (ширек бөліктерге) бөлінген.
* Хизбтердің жалпы саны: 60.
* Меккелік аяттардың саны: 4475, мәдиналық аяттар саны: 1761. Барлығы: 6236 аят.
* Құрандағы әріптердің жиынтық саны: 340740.
* Құрандағы сөздердің жиынтық саны: 77439
* Меккелік сүрелер саны: 85
* Мәдиналық сүрелер саны: 28

 

ОҚО Орталық мешіт

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38