Алла Тағала адамзатты жер бетіне халифа етіп жаратты. Оған «ақыл, сана, жүрек, көңіл, ұждан» деген ұлы нығметтер берді. Адам баласы осы нығметтер арқылы жақсы мен жаманның, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажыратып, ойланып, шешімін табуы керек. Алайда, осы мәселелерде көбінесе әйелдер жағы осалдық танытып жатады.
Өйткені олар ерлерге қарағанда, сезімтал әрі нәзік көңілді, лезде сенгіш келеді. Әсіресе, ырым-жырымдарға тез алданғыш келеді. Негізінде ырым-жырымды талқыға салып, байыптап қарайтын болсақ, олардың ешқандай негізі жоқ, түсініксіз, пайдасыз екенін аңғарамыз. Алайда, оған ешкім басын қатырып жатпайды. Бұрынғы жолды жалғастыра береді. Ал, бұл нәрселер біздің өмірімізді де, санамызды да улауда. Мұндай ырым-жырымдар мен әдеттерге Ислам не дейді? Мұндайда мұсылман әйел қалай қарекет етуі керек?..
Әрине, сондай ырым-жырымдар мен әдеттердің барлығын қағаз бетіне тізбектеп сыйдыра алмасақ та, мүмкіндігімізше бірнешеуіне тоқталып, Ислам пікірі бойынша жауап берейік:
Тұмар тағу – бұл көптәңірлі діндерде кездесетін жайт. Мұсылмандар Алладан басқа ешкімнен, ешнәрседен жәрдем сұрамайды ондайларға әсте табынбайды. Әр түрлі заттарды киелі санап, қасиет арту Аллаға серік қосумен тең. Сондықтан тұмар жасау, тағу, оның түрлі бәлекеттерден қорғайтынына сену, көмек күту, мұсылманға жат қылық. Қасиетті Құранда: «Сондай-ақ, кім Аллаға серік қосса, расында жала жауып, үлкен күнәға ұшырады» (Ниса сүресі, 48-аят) деп бұйырса, Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Тұмар таққан адам серік қосқан болып саналады» деген және тұмар тағуды лағнеттеген (Мүснәд 4/ 156; Әбу Дәуіт 3/4222; Тирмизи 24/2073). Ал, көз тимеу үшін Алла Елшісі: «Әрбір іс Алланың қалауымен болады. Күш-құдірет Алладан» деп айтуды бұйырған (Әл-Хинди, Кәнз 6/746).
Әруаққа сыйыну. Әруақ рух деген сөздің көпше түрі. Ол жан деген мағынаны білдіреді. Алайда, әруақ қайта дүниеге келіп, адамдарға көрінуі мүмкін емес. Әруақ келіп, аян берді деген нәрсе бос сөз. Бұл сөзімізге дәлел Пайғамбарымыз «Бәдір» соғысынан соң кәпірлердің өліктерінің қасына барып: «Қалай, Раббыңыздың сендерге айтқанының дұрыс екенін көрдіңдер ме?» – дейді. Сонда Сахабалар: «Я, Алланың Елшісі! Бұл өлген адамдар сізді ести ме?» – деп сұрайды. Ол: «Менің айтқандарымды олар сендерден де жақсы естиді, бірақ жауап бере алмайды», – дейді (Мүслим, Жәнайз 26). Олай болса, тіпті Алланың Елшісіне жауап қата алмаған әруақтар, жай адамдарға қалайша тіл қатсын?..
Тәуіпшілдік, Балгершілік – өз күш-қайратына сенбеген, тәңірсіздік не көптәңірлік қоғамда орнығатын аса қауіпті, әлеуметтік кесірі бар әрекет. Ғайыпты, болашақты тек бір Алла ғана біледі. Мұны санамыздан шығармауымыз керек. «Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла толық білуші, хабар алушы» (Лұқман сүресі, 34-аят); «Әй, Мүміндер! Арақ, құмар, пұттар және бал ашатын оқтар лас шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыласыңдар!» (Мәйда сүресі, 90-аят).
Балшылардың айтқандары жүз пайыз дәлме дәл ешқашан келген емес. Ал, мұндай нәтижелер онсызда рухы ашыққан, әлсіз тұлғалардың сенім бағытына балта шабары хақ.
Жол ашу, шанс, сәтсіздік – бұл да жоғарыда атап өткен ырымдардың бірі. Ислам келуімен жойылған мәселе. Құран Кәрімде: «Байқаңдар! Олардың сәтсіздіктері Алла тарапынан. Бірақ олардың көбі білмейді» (Ағраф сүресі, 131-аят). «Олар біз, сен және сенімен бірге болғандардың салдарынан сәтсіздікке ұшырадық деді. (Салих ғ.с.): «Сәтсіздіктерің Алланың қасында, негізінде сендер сыналатын елсіңдер» деді» (Нәміл сүресі, 47-аят). «Елшілер сәтсіздіктерің өздеріңмен бірге, өз қылықтарыңнан. Берілген үгітті ырым қыласыңдар ма? Олай емес, Сендер шектен шыққан елсіңдер деді » (Ясин сүресі, 19-аят).
Демек, алдыңнан мысық өтсе жолы болмау, сыпырғыны тік қойса жақыны қайтыс болу, сейсенбі күні немесе күн батқанда біреуге ақша не бір зат берсе ризығы азаю т.б. осы сияқты ойдан шығарылған ырымдардың барлығы бұрыс әрі мұсылмандыққа жат іс-әрекеттер. Өйткені, Исламда тағдырға сену мәселесі бойынша барлық жақсылық пен жамандық тек қана Алланың қалауымен болады. Мұндай әрекеттердің дауасы – тәуекел иесі болу. Хазірет Пайғамбар бұндай жағдайда «Аллаһым! Жақсылық Сенен келеді, бәлекеттерді де жоюшы Өзіңсің. Барлық күш-құдірет тек Өзіңде» деп айтуды насихат еткен (Әбу Дәуіт, Тиб).
Исламият адам баласының жаратылысына сай келетін, жағымды әрі пайдалы әдеттерді емес, керісінше надандықтың сарқыншағы болған қате түсініктер мен ырым-жырымдарды жойған. Қоғамда жоғарыда аталып өткен ырым-жырымдарға көбінесе, сенімі, иман-ғибадаты әлсіз немесе мүлдем жоқ адамдар ұшырайды. Ал, адамды негізсіз сенімдерден сақтайтын «дін» екенін ұмытпайық ағайын!..
ОҚО Орталық мешіт