Senimge selkeu tuspesin

Senimge selkeu tuspesinСенім – адам баласының қоршаған ортаға және ақиқатқа көзқарасын, қарым-қатынасын анықтайтын түсінігі. Сондай-ақ, адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында көрінетін психиканың ерекше күйі мен ақыл-ойын, еркін, қабілетін жоғарылататын күш.

Адамның сенімі – жігерін арттырып қана қоймай, болашаққа құлшындыратын құбылыс. Өйткені, сенім әрқашан адам ғұмыры мен оның тағдырына әсерін тигізеді. Мәселен, адам болашағына сенеді, онысы – биікке жетелейді. Адам жасаған еңбегіне сенеді, ол – табыс әкеледі. Ал, ақылды адам жаратқан Аллаға сенеді, оның бір Құдайға деген сенімі екі дүниеде бақытты етеді.
Иә, жер бетінде дінсіз адам болса да, дінсіз қоғамды еш кездестіре алмаймыз. Ал қоғамды құрайтын адамзат дұрыс немесе бұрыс болсын бір сенімге сүйеніп, жалғанда тіршілік кешері ақиқат. Халқымызда «имандай сену» деп келетін сөз тіркесі бар. Бұл бекер айтылмаған, әрі жай да сөз емес. Олай болса, «иман» сөзінің мәнісіне сәл кідіріс етейік. «Иман» сөздікте «бір нәрсеге сену, растау, қабыл ету, шын жүрекпен мақұлдау» деген мағыналарды білдірсе, дініміздегі терминдік мағынасы – «соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (ﷺ) Алла Тағаладан әкелген үкімдерін мойындап, шүбәсіз қабыл алып, оның рас екендігіне жүрекпен сену». Ал осы иман негіздерін зерттейтін ғылымды «Ақида» деп атаймыз.
«Ақида» сөзінің түбірі араб тілінен шығады. Сөздік тұрғыда «шын көңілден байланған, түйіндеп байлағандай сену» дегенді білдіреді. Шариғи терминологияда «ақида» сөзі «мәжбүрлік дәрежеде сену керек болған негіз» немесе «ислам дінінде сенілуі парыз мәселелер, иман негіздері, діннің негізгі қағидалары мен үкімдері» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жоғарыда атағанымыздай «ақида» дінімізде иман негіздерін талқылайтын үлкен ғылым саласы.
Иман деген кезде алдымен ойға пайғамбарлар оралады. Себебі, елшілік қызмет атқарған барша пайғамбарлар адам баласын жалғыз Аллаға сыйынып, құлшылық қылуы үшін таухид (бірлік) дініне шақырды. Құранда былай делінеді:

وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ فَمِنْهُم مَّنْ هَدَى اللّهُ وَمِنْهُم مَّنْ حَقَّتْ عَلَيْهِ الضَّلالَةُ فَسِيرُواْ فِي الأَرْضِ فَانظُرُواْ كَيْفَ كَانَ عَاقِبَةُ الْمُكَذِّبِينَ

«Расында әр үмметке: «Аллаға құлшылық қылыңдар, бұзықтардан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік. Олардың кейбіреулерін Алла оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзінде кезіңдер де жасынға шығарушылардың не болғанын көріңдер» («Нахыл» сүресі, 36-аят). Тағы бір аятта былай келеді:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولٌ

«Әр үмметтің бір пайғамбары бар» («Юнус» сүресі, 47-аят).
Міне, аяттардан байқағанымыздай, сонау Адам (ғ.с.) атадан бастап соңғы пайғамбар Мұхаммедке (ﷺ) дейінгі бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде бір сенімге үндеген. Өйткені, адамдар өз ақылымен Жаратушының бар екендігін білсе де, Алланың ұлы сипаттарын түсіне алмайды. Дұрыс жол көрсетіп, ақиқатты адамдарға көрсету және дүние мен ақыретте бақытқа жетудің жолдарын нұсқау үшін Алла Тағала кезекпен-кезек пайғамбарлар жіберген. Олар да ғұмыр бойы адасқан жүректерге тура жол көрсетер иләһи міндеттерін орындады. Үнемі халыққа айтқан насихаты мен көрсеткен жолы бір жерден үндесе шығып отырды. Пайғамбарлардың сардары әрі соңғысы болған сүйікті пайғамбарымыз алдыңғылар көрсеткен жолды жалғап, күллі үмметті бір Аллаға ғана итағат етуге (бойсұнуға) шақырды. Тіпті, Жәбірейіл періштенің адам бейнесінде келіп, пайғамбарымызбен жүздесіп, дінді сахабаларға үйретуі таңғаларлық оқиға. Онда иман мәселесі де қозағалады. Ардақты сахаба Омар (р.а.) былай дейді:

عن عمر (رضي الله عنه) قال: بينما نحن جلوس عند رسول الله (صلى الله عليه وسلم) ذات يوم إذ طلع علينا رجل شديد بياض الثياب، شديد سواد الشعر، لا يرى عليه أثر السفر، ولا يعرفه منا أحد، حتى جلس إلى النبي (صلى الله عليه وسلم) ، فأسند ركبتيه إلى ركبتيه، ووضع كفيه على فخذيه، وقال: يا محمّد أخبرني عن الإسلام؟! فقال رسول الله (صلى الله عليه وسلم) : «الإسلام أن تشهد أن لا إله إلا الله، وأن محمداً رسول الله، وتقيم الصلاة، وتؤتي الزكاة، وتصوم رمضان، وتحج البيت إن استطعت إليه سبيلاً»، قال: صدقت. فعجبنا له يسأله ويصدّقه، قال: فأخبرني عن الإيمان؟ قال: «أن تؤمن بالله وملائكته وكتبه ورسله واليوم الآخر وتؤمن بالقدر خيره وشره»، قال: صدقت. قال: فأخبرني عن الإحسان؟ قال: «أن تعبد الله كأنك تراه فإن لم تكن تراه فإنه يراك». قال: فأخبرني عن الساعة؟ قال: «ما المسؤول عنها بأعلم من السائل»، قال: فأخبرني عن أماراتها؟ قال: «أن تلد الأمة ربتها، وأن ترى الحفاة العراة العالة رعاء الشاء يتطاولون في البنيان»، ثم انطلق. فلبثت ملياً، ثم قال: «ياعمر أ تدري من السائل؟» قلت: الله ورسوله أعلم، قال: «فإنه جبريل أتاكم يعلّمكم دينكم». (رواه مسلم)

«Бір күні біз Алла елшісінің (с.ғ.с) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, бойында сапар ізі көрінбейтін және арамыздан оны ешқайсымыз танымайтын бір адам келді. Ол пайғамбарымыздың тізелеріне тізелерін тиістіріп қарсы отырды да, екі қолын сандарына қойып: «Әй, Мұхаммед! Маған ислам туралы хабар берші», – деді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Ислам дегеніміз – Алладан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етуің, намазды толық орындауың, зекет беруің, Рамазанда ораза ұстауың және шамаң келсе үйге (Қағбаға) қажылық жасауың», – деп жауап қайтарды.
Әлгі адам: «Сен рас айттың», – деді. Ал біз оның сұрақ қойып, кейін өзінің растағанына таңқалыстық. Сонан соң ол: «Енді маған иман жайынан хабар берші», – деді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Иман дегеніміз – Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», – деді.
Ол тағы да: «Сен рас айттың» – деді. Сонан соң: «Енді ихсан жайында хабар берші», – деді. Ол кісі (с.ғ.с): «Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер сен оны көріп тұрмасаң да ол сені көріп тұр», – деді. Әлгі адам: «Енді маған (Қиямет) уақыты жайында хабар берші», – деді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): «Сұралушы сұраушыдан артық білмейді», – деді.
Әлгі адам: «Онда маған оның белгілерінен хабар берші», – деп еді, ол кісі: «Күң өзінің ханшайымын туады және жалаңаяқ-жалаңбас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің», – деді. Содан соң әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт өткіздім. Сосын ол кісі маған: «Әй, Омар! Сұраушының кім екенін білемісің?» – деді. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», – деп едім, ол кісі: «Ақиқатында, бұл – Жәбірейіл. Ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келді», – деді. (Хадисті имам Муслим риуаят еткен).
Аталған хадисте Жәбрейіл періштенің адам кейпінде келіп, исламды, иманды және ихсанды сұрау арқылы пайғамбар тілімен сахабаларға дінді үйреткендіктен «Жәбрейіл хадисі» деп аталып кеткен. Осы риуаятта Пайғамбарымыз (ﷺ) иман жайынан да хабар береді. Мұнан иманның адам өмірінде ерекше орны бар екенін тағы байқауға болады. Сондықтан әрбір мұсылман баласы төмендегі иман негіздерін қамтыған «Әмәнтуді» жүрегімен қабылдап, оны жатқа білуі тиіс.

آمَنْتُ بِاللهِ وَ مَلَئِكَتِهٍ وَ كُتُبِهِ وَ رُسُلِهِ وَ اْليَوْمِ اْلآخِرِ وَ بِالْقَدَرِ خَيْرِهِ وَ شَرِّهِ مِنَ اللهِ تَعَالَى وَ اْلبَعْثُ بَعْدَ اْلمَوْتِ حَقٌّ اَشْهَدُاَنْ لآ اِلَهَ اِلاَّ اَللهُ وَ اَشْهَدُ اَنَّ مُحَمَّداً عَبْدُهُ وُ رَسُولُهُ

Мағынасы: «Мен Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына сендім. Өлгеннен кейін қайта тірілу хақ. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және хазрет Мұхаммед (ﷺ) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін».

Данышпан Абай атамыз:
«Алланың өзi де рас, сөзi де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас,
Көп кiтап келдi Алладан, оның төртi,
Алланы танытуға сөзi айрылмас», – деп жырласа енді бір өлең жолында:
«Әмәнту айтпаған кісі бар ма,
Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?» – дейді. Абай атамыздың осы сөздерінен кейін ата-бабаларымыздың ұстанған жолын қалай аз-кем сөз етпеске?! Ислам дінінің кең байтақ қазақ даласына келгеніне де ХІІ ғасырдан асты. Сонан бері ата-бабаларымыз ғасырлар бойы құлшылық-ғибадат ережелері бойынша Әбу Ханифа мәзһабын, наным-сенім тұрғысынан Матуриди мектебін мықтап ұстады. Осындай берік тұтқаның арқасында бабаларымыз ұлтты ұйытып, халықтың береке-бірлігін кіргізді. Ежелгі Сығанақ, Тараз, Отырар секілді қалалардан шығып, білімімен әлемді тамсандырып, ұрпаққа рухани мұра қалдырған Қауамад-дин әл-Итқани, әл-Фараби әт-Түркістани, Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығанақи секілді ғұлама бабаларымыздың ұстанған жолы осыған дәлел.
Сенімде нық бабаларымыз бүгінгі күніміздегідей іріткі мен бүлікке жол бермей, ел ішінде ынтымақ пен татулықты ту етті. Осы бір игі үрдіс кешегі кеңестік дәуірге дейін тапжылмай жалғасын тапты. Дегенмен, арада тағдыр тауқыметімен қылышынан қан тамған Кеңес дәуірі орнап, қазақ топырағына «Құдайсыздық» идеологиясын айтарлықтай тықпалады. Кейінгі ұрпақты сенімінен, дінінен, ұстанған салт-дәстүрінен алшақтатты. Бабалар мықтап салған сара жолға көлденең көк аттылар осылай бөгет жасап бақты.
Алласын аузынан тастамаған, дінін жүрегінің түкпіріне сақтаған бабалардың ұрпағы мына біздерге араға жетпіс жыл салып, Тәңір сыйы тәуелсіздік бағы бұйырды. Осылай дін, тіл, салт пен дәстүр қайта қауышты. Бұл қуанатын һәм көп шүкір етерлік нығметіміз. Ежелден кең байтақ жерді мекен еткен қазақ халқының Ханафи мәзһабын нық ұстап, дұрыс сенімнің негізін көрсетіп берген Матуриди мектебін бүгінде руханияттың қарашаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы онан әрі жалғау үстінде. Осы діни басқармаға топтасқан ел мұсылмандары қазірде ынтымақты күй кешуде.
Қазақ халқы VIII ғасырдан бері мұсылмандықты ұстанып келе жатқан дархан ел. Яғни, дінді кеше қабылдап, кім боларын білмей жүрген дүбәра халық емес. Біле-білгенге ханафи мәзһабы мен матуриди мектебі – қазақ халқының дін мәселелерінде талас-тартыс тудырмай, керісінше ынтымақ-бірлікте болуына ұйытқы болып келе жатқан діни институт.
Халқымызда «Аңқау елге арамза молда» деген мәнді сөз бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Олай демеске амалымыз жоқ. Қарап отырсақ, дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты жоқ жандар мен жүрегі алып-ұшқан жастардың қолымен от көсеп жатқандығы өзегіңді өртейді. Алайда, діни сауатсыз қандастарымыз бен жастарымыз теріс пиғылды топтың өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар әрі дәстүрден тыс діни ағымдардың белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін де біле бермейді. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізу әрекеті ортаға шығуда.
Сенімге селкеу салғысы келетін теріс пиғылды топтар ислам атын жамылып біздің елімізде де әрекеттерін жүргізуде. Мақсаты – қоғам ішінен бүлік тудырып, берекесін қашыру. Бір ғана мысал. Осындай теріс бағыттағы ағымға шырмалған мұсылман бауырлар намазы немесе көрқарасы бір жерден шықпаған екінші мұсылман бауырын ашықтан-ашық «кәпір» деп оңай айыптай салады. Алла сақтасын, «кәпір» деп айыптау дінімізде өте қауіпті. Абдулла ибн Омар (р.а.) Пайғамбарымыздан (ﷺ) мынадай риуаят жеткізеді: «Қайсы бір кісі өзінің (діндес) бауырына «ей, кәпір» деп айтса, ол сөз екеуінің біріне барып тиеді». Сондықтан, қандай жағдай болмасын мұсылман өзге мұсылман бауырының сеніміне сын айтып, иманын айыптаудан сақ болуы қажет. Ислам қандай таза болса, мұсылман да сондай кіршіксіз болуы тиіс. Ал оны көркем амалымызбен, нық сенімімізбен және берік бірлігімізбен дәлелдей білуіміз керек.
Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Сондай-ақ, адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастар таңуға мәжбүрлемейді. Ал, дәстүрден тыс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ, ол – қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу. Мұндайларды ислам ғалымы Абдулла ибн Мүбәрак: «Адамдардың ең төмені дін атын жамылып, дүниелік пайда көздейтіндер», – деп сипаттап кеткен. Олай болса, дін атын жамылған топтардың жымысқы әрекетін қалайша мұсылмандық дерсің?!
Ал нағыз мұсылман қандай болу керек? Нағыз мұсылман біріншіден, әрбір іс-амалында Алладан қорқуы керек. Екіншіден, ешкімге өздігінен үкім шығарып «кәпір, күнәһар» деген сөздерді қолданбауы қажет. Үшіншіден, жан-жағына пайдасын тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ең жақсы мұсылман – басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтін адам», – деп бұйыруда.
Әрбір ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн. Сонда бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағымдар өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Сол үшін ата-ана «Сақтансаң, сақтаймын» қағидасына берік болып, ұрпақ болашағына, ұлт келешегіне бүгіннен алаңдағаны жөн.
Мұны неге айтудамыз?! Өйткені, діни ағымдардың зияндылығын ажырата алмаған жастар өзі намаз оқығанымен, екінші жағынан ата-анасының намаз оқымағанын алға тартып, «кәпірге» дейін балап жатады. Осыны көрген ата-ана баласынан безініп, имандылыққа тәрбиелейтін ислам дінінен «көлеңкесінен қорыққан» секілді шошынып қалады. Негізінде, Ислам діні сүйсіндіретін, қуантатын дін емес пе?! Пайғамбарымыз (ﷺ): «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер», – дейді. Ислам адам баласын күллі жаманшылықтан қайтарып қана қоймай, тал бойына бар көркем әдептерді жиып, тәрбиелі ете түседі.
Бірлік пен ынтымақтың дінімізде орны ерекше. Өйткені, ынтымақ бар жерде бауырмалдық, тыныштық, молшылық, Алланың рақымы мен берекесі болады. Қасиетті Құран:

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُواْ

«Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер!», – деп бірлікке шақыруда («Әл-Имран» сүресі, 103-аят). Асыл дініміз Ислам – ыдыратушы емес, керісінше біріктіруші дін. Сондықтан, дініміз бірлік пен ынтымаққа баса назар аударып, бөлінушіліктің зияндарын ескертіп, мұсылмандарды одан сақтандырған. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) былай дейді: «Көпшілікпен бірге болыңдар. Бөлінуден сақ болыңдар. Себебі шайтан жалғыз адаммен бірге болады. Екі адамнан ұзақ болады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында мекені болуды қаласа, көпшіліктен ажырамасын…». Хадистің мәніне қарасаңыз, бірлік пен ынтымаққа үгіттей отырып, бөлінушіліктен сақтандыруда.
Ынтымақ ауызбірлік, татулық мұсылман жұртының һәм қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этикалық ұғым. Халқымыз ынтымақ пен бірліктің күнделікті тіршіліктегі орнын «ырыс алды – ынтымақ», бірлік түбі – береке», «бөрі алар, ұзағанды ұры алар», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөздері арқылы білдіріп кеткен.
Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?» – деді. Сахабалар: «Иә, Расулулла», – десті. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына: «Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен шығады», – деген екен. Иә, аят пен хадисті халыққа сөз шеберлігімен жеткізе білген дана халқымыз: «Бірлігі жоқ ел тозады», «Татулық табылмас бақыт», – деп бұқараны берекеге ұйытып отырған. Бүгінде бұл қағида өз мәнісін жойған емес. Сөз соңында айтарымыз, әрбір мұсылман баласы дінін дұрыс ұстана отырып, көңілге дақ түсірер өзгенің жат сенімінен сақтануы тиіс.


Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38