Күндердің күнінде Хасан Басридің шәкірті Мәлик ибн Динар деген кісі басынан өткен оқиғаны былай баяндайды:
-Бір күні мен қабір басына барғанымда екі қабірдің ортасында отырған есі ауысқан кісіні көрдім. Ол өзін қызық ұстады. Аспанға қарап аузы жыбырлап бірдеңе айтады, сосын жерге қарап біраз үндемей қалады. Сосын оң жағына қарап күлді, кейін сол жағына қарап жылады. Мен жанына барып амандасып, мұнда не үшін отырғанын сұрадым. Ол:
-Бұл жер – менің жаныма тыныш. Мұнда маған ешкім зиян тигізе алмайды, ал, кетсем ешкім артымнан өсектеп сөз тасымайды,-деді. Сосын мен оның әлгі қызық әрекеттерінің себебін сұрадым. Сонда ол маған:
-Мен аспанға қарағанда Алланың: «Сендердің несібелерің әрі уәде етілген нәрселер көкте»,-деген сөзі есіме түседі. Бұл аятты естіген жан Алладан жалынып дұға жасап, керегін сұрауы керек.
Жерге қарағанымда Алланың: «(Адамды) топырақтан жараттық. Оған қайтарамыз да екінші рет содан қайта шығарамыз»,-деген аят есіме түседі. Бұл аят адамды терең ойландыруы керек.
Оң жағыма қарасам Алланың : «Оңшылдар (қияметте амалы оң жағынан берілгендер) нендей бақытты» деген аятын оқығанда қуану керек.
Сол жағыма қарасам Алланың: «Солшылдар (қияметте амалы сол жағынан берілгендер) нендей сұмырай!» деген аятын оқығандар жылауы керек,-деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы