Ихсан сөзі ізгілік, игілік, жақсылық деген мағынаны білдірсе, шариғаттағы мәні әр нәрсені кемел, көркем түрде орындау дегенді аңғартады.
Сананы тұрмыс билеген заманда Ихсан ілімін насихаттау – аса маңызды істің бірі. Расында күнделікті күйбең тіршілік, отбасындағы мәселелер адам баласының рухани жан-дүниесіне әсер етпей қоймайды. Пенде қуаныш мен қайғыда көптеген эмоциялық сәттерді бастан кешеді. Осы сәттерде оның иманы, Аллаға деген тәубесі мен тәуекелі мұсылманға, былайша айтқанда, жақсы адамға тән байсалды әрі парасатты ұстанымда болуға тікелей әсер етеді. Осы ретте Ихсан ілімі рухани кемелдену жолы екенін баса айта кеткен абзал. Ихсан іліміне ден қайған пенде рухани кемелденуге қадам басатыны хақ.
Иман – екі дүние бақытына жетелейтін нығмет. Ел аузында айтылып жүрген «Иманым – жиғаным» деген сөз бар. Иманын күшейтуге тырысқан адам игілікке кенеле бастайды. Алланың қалауымен оның жүрегінде ерекше тыныштық орнайды. Жүрегі қызғаныш, мақтаншақтық, тәкәппарлық т.б. дерттен аман қалады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Иманның абзалы – Алла Тағала үшін жақсы көруің немесе шариғатқа қайшы нәрсені жек көруің. Тіліңмен Алла Тағаланы зікір етуің (еске алуың). Басқалар үшін өзіңе тілегенді тілеуің және өзіңе тілемеген нәрсені өзегеге де тілемеуің. Тек жақсы сөз айтуың, болмаса үндемеуің» деген.
Осы хадиске амал еткен адам көптеген зиян істерден құтылады. Хадис мағынасына үңілсек, біріншіден, адамды байлығы немесе атағы үшін ғана құрмет көрсетіп, оны қарапайым кісіден артық көру дұрыс емес екенін аңғарамыз. Расында Алланың алдында кімнің мәртебесі қандай дәрежеде екенін біз білмейміз.
Екіншіден, шариғатқа қайшы нәрсені жек көру – иманның абзалы. Кейде қоғамда адам көңілін аулау үшін көптеген жағымсыз әрекеттер жүзеге асып жатады. «Осы ісім Аллаға ұнамды ма? Мынау қадамым қаншалықты шариғатқа сәйкес келеді?» деген сауалдар иманын күшейткісі келетін адамды әрдайым ойландыруы керек.
Үшіншіден, тілмен Алланы зікір ету (еске алу) – жүрекке тақуалық ұялатып, тілді ғайбат сөзден сақтайды. Бұл – өте маңызды құлшылықтың бірі. Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала былай деп айтады: «Мені еске алып, Менің атымды айтып, ерні қимылдаса, Мен пендеммен біргемін».
Абдулла ибн Бишрден жеткен риуаятта былай делінген: «Сахабалардың бірі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Алланың заңдары маған тым көптік етуде, мықтап ұстанып жүрейін, маған біреуінің хабарын беріңізші» деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы еске алудан тілің үнемі дымқылданып жүретін болсын» деп айтты».
Алланы еске алудан басқа құлшылықтардың бәрі дұрыс болу үшін белгілі шарттар орындалуы керек. Ал Алланы еске алу уақытқа немесе жағдайға тәуелді емес.
Төртіншіден, басқалар үшін өзіңе тілегенді тілеуің және өзіңе тілемеген нәрсені өзегеге де тілемеуің. Бұл – нағыз мұсылмандық сипат. Әрине, барлық адам жақсы өмір сүруді қалайды. Өзімізге қалаған нәрсені өзгелер үшін қалау – иманның абзалы. Қызғаныш – жүрек дерті. Адам баласы біреудің қолындағы байлығын, баспанасын қызғанып қалуы мүмкін. Қызғанбаса да өз жағдайына шүкір етпей қалады. Осы ретте біз айналамыздағы дос-жаран, ағайын-туыс, бауырларымыз жақсылыққа бөленіп жатқанда ол үшін шынайы қуана білуіміз керек.
Мәселен, таныс бір досымыз немесе туысқан бауырымыз үй немесе көлік алды делік. Осы жақсы жаңалыққа шынайы қуана алмауымыз – жүректе қызғаныш дерті бар деген сөз. Бұл – Алланың оған берген нығметін «қимаймын» немесе Құдайдың қалауына «қарсымын» дегенді білдіреді. Алла сақтасын! Мұсылман адам мұндай сөзді айта алмайды. Алайда қызғаныш деген дерт осыған әкеп соғады екен.
Біреудің сәтсіз әрекетіне қуану да – жүрек дертінің бірі. Әсіресе бизнес саласында осы бір жағдай жиі көрініс табады. Өзіне «бәсекелес» деп қабылдап алған өзге кәсіпкердің жұмысы жүрмей қалса, осыған аз да болса қуану – жүректе дерт бар деген сөз. Өкінішке қарай дүниелік мақсаттар алдыңғы орынға шыққан кезде қызғаныш деген дерт үлкен қылмыстық істерге итермелейді. Ондай қылмыстық істер, өкінішке қарай, болып та жатыр…
Бесінші, тек жақсы сөз айту немесе үндемеу. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Уа, тілімен иман келтіріп, иманы жүрегіне жетпегендер, мұсылмандарды жәбірлемеңдер, балағаттамаңдар, олардың кемшіліктерін іздемеңдер! Шындығында Алла мұсылман бауырының кемшілігін аңдығанның өзінің кемшілігін аңдиды. Ал Алла кімнің кемшілігін аңдыса, ол үйінің ортасында жасырынып отырса да масқарасын шығарады» деп ескерткен.
Адам біреудің кемшілігін көруге әуестеніп тұрады. Мұсылман адам өз бауырын балағаттамайды, ол туралы жақсы сөз айтады немесе үндемейді. Алла Тағала баршамызды ихсан деңгейіне жетуді, жүрегімізге тақуалықты ұялатуды жазғай. Әмин!
Өмірзақ қажы ҚАЗКЕНҰЛЫ,
Қарағанды облысының бас имамы