Пайғамбарымызға (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) салауат айтып, сәлем жолдау – имандылығымыздың белгісі, өйткені Құранда Алла:

إِنَّ اللّٰهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلٰى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذ۪ينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْل۪يمًا

«Шынында, Алла мен періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендерде оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!»[1] деп бұйыруда.

Пайғамбарымыз да өзіне салауат айтудың маңыздылығын былайша білдіреді:

«Қиямет күнінде маған ең жақын болатын кісі – ең көп салауат айтқан адам» (Тирмизи, салат 357);

مَنْ صَلّٰى عَلَيَّ صَلَاةً صَلّٰى اللّٰهُ عَلَيْهِ بِهَا عَشْرًا

«Кім маған бір салауат оқыса, Алла оған он рақым және сый береді» (Нәсәи, сәһу 55).

«إِنَّ مِنْ أَفْضَلِ أَيَّامِكُمْ يَوْمَ الْجُمُعَةِ فَأَكْثِرُوا عَلَيَّ مِنَ الصَّلَاةِ فِيهِ فَإِنَّ صَلَاتَكُمْ مَعْرُوضَةٌ عَلَيَّ» فَقَالُوا: يَا رَسُولَ اللّٰهِ وَكَيْفَ تُعْرَضُ صَلَاتُنَا عَليْكَ وَقَدْ أَرَمْتَ؟ يَقُولُ :بَل۪يتَ قَالَ:«إِنَّ اللّٰهَ حَرَّمَ عَلَى الْأَرْضِ أَجْسَادَ الْأَنْبِيَاءِ»

«Шынында, апта ішіндегі ең қайырлы (сауапты) күндерің ­– жұма күні. Сол күні маған көптеп салауат айтыңдар*. Өйткені айтқан салауаттарың маған арнайы (періштелер тарапынан) жеткізіледі», – дегенде, сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Сіздің денеңіз бұзылып, топыраққа сіңгеннен кейін айтқан салауаттарымыз сізге қалай жетпек?» – деп сұрады. Сонда ол: «Расында, Алла тағала пайғамбарлардың денесін жерге харам қылды (Яғни, қабірде олардың денесі шірімейді)», – деген. (Әбу Дәуіт, саләт 201)

«Жер бетін аралайтын Алланың періштелері үмбетімнің салауаты мен сәлемін маған сол сәтте жеткізеді» (Нәсәи, сәһу 46).

Пайғамбарымызға (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) салауат айту әрі өте оңай, әрі кез келген уақытта және жер талғамай-ақ орындауға болатын міндет. Бұл міндетті бізге жүктеген – Аллаһ тағаланың өзі, себебі жоғарыда айтылғандай, «Ахзаб» сүресінің 36-аятында мұсылмандар үшін Пайғамбарға салауат айту бұйырылған, сондықтан адамға өмірінде бір мәрте салауат айтуы – парыз, ал бір жерде отырғанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімін бірнеше мәрте еститін болса, онда ең аз бір мәрте салауат айтуы – уәжіп, есімі қайталанған сайын салауат айту – мұстахап болып саналады. Дұға тілегенде, азан шақырылғанда, жұма күні, мешітке кіріп келе жатқанда, намазда «әт-тахият» дұғасынан кейін, кітаптан Пайғамбарымыздың есімін оқығанда немесе жазғанда т.б. жағдайларда салауат айту – мұстахап. Салауат айту барысында оған сәлем жолдауды да ұмытпаған дұрыс.

Салауат тек пайғамбарларға арналып айтылады. Алайда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылған кезде, оның пәк ұрпағы мен сахабаларын қоса айтуға болады. Мұсылман мәдениетінде салауаттың көптеген түрлері бар. Әсіресе, әулие кісілер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бар сүйіспеншіліктерін арнап, тілдерімен жеткізе алғанша ұзын-ұзын салауат пен сәлем жолдауға тырысқан. Ал салауаттың ең қысқа, әрі ең көп айтылатын түрлері төмендегідей:

«Ас-салату уәс-сәләму алә Мұхаммәд» (салат, яғни Алланың рақымы және сәлем Мұхаммедке болсын!), «Аллаһуммә салли уә сәллим алә Мұхаммәд» (Раббым, Мұхаммед пайғамбарға рақымыңды төгіп, оған есендік жолдай гөр!), «Ас-салату уас-сәләму алә Мұхаммәдин, уа алә әлиһи уа сахбиһи ажмаин» (Салауат пен сәлем Мұхаммед пайғамбарға, оның ұрпағына және сахабаларының бәріне болсын!)

Пайғамбарымызға салауат айту – біріншіден, діни міндетіміз. Екіншіден, оған деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, себебі адам жақсы көргенін әрдайым жақсылықпен еске алып, қайырлы тілектерде болады емес пе? Ендеше бұған ең лайығы әрине, адамзаттың төресі – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Үшіншіден, салауатты көп айтқан үмбетін Алла елшісі (с.ғ.с.) қияметте танитын болады. Төртіншіден, салауатты көп айтқан кісіге Пайғамбарымыз шапағат етеді, себебі бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген сүйікті елші ең үлкен дұғасын ақиретке сақтаған. Ізіне ерген үмбетіне ақиретте шапағат етеді. Біз жолдаған салауат пен сәлем, күнәһар болсақ та, Оның шапағат етуіне себепкер. Пайғамбарымыз өзі де: «Менің шапағатым – үмбетімнің арасынан ең үлкен күнә жасағандарға» деген жоқ па еді?! Ол үшін Пайғамбарымызға деген жүрегімізде сәл де болса махаббат болуы шарт.

Анығында, салауат айтудың сырлары бұдан да көп. Бірақ бір анығы, әлемде бүкіл адамзаттың салауаты мен құрметіне лайық болған Мұхаммед Мұстафадан басқа ешкім жоқ. Олай болса, Жаратқан Ие жүрегімізге терең иман, Пайғамбарымызға деген махаббат сыйлап, мұсылман үмбеті болуға лайық қылсын. Ақиретте Оның желбіреген ақ байрағының астында жиналып, кәусар бұлағынан қана ішуді нәсіп етсін! Әумин!

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы


[1]    «Ахзаб» сүресі, 36

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38