Һижри бойынша 7-ші жыл болатын. Пайғамбарымызға (с.а.у.) тіс қайрап жүрген яһудилердің басшылары мұсылман болғанын мәлімдесе де, мұнафықтықтан арыла алмаған Ләбиб бин Ағсам есімді өте шебер сиқыршы яһудиге келіп:

– Ей, Әбул Ағсам! Сен – біздің ең шебер сиқыршымызсың! Мұхаммед біздің еркектеріміз бен қатындарымызды сиқырлап, дуалады. Ал, біз болсақ оған түк те істей алмадық! Сен оның бізге не көрсеткенін, дінімізге қалайша қарсы келгендігін, бізден кімдерді өлтіріп, кімдерді қуғынға ұшыратқанын да көрдің! Біз осы жасағандарына қарсы оның өзін сиқырлап жазалау үшін сені жалдап, осы міндетті саған жүктейік! – деді де, Пайғамбарымызды (с.а.у.) сиқырлау үшін 3 динар берді.

Ләбиб бин Ағсам Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тарағы мен басынан түскен шаштарын қолға түсіруге кірісті. Яһудилерден бір жас бала Пайғамбарымызға (с.а.у.) қызмет қылу үшін келіп-кетіп жүретін. Яһудилер Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сақал-шашы мен кейбір тарақ тістеріне қол жеткізу үшін әлгі жас жігіттің қыр соңынан қалмады. Яһуди жігіт Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шашы мен тарағының тістерін жинап, яһудилерге берді. Ләбиб бин Ағсам қолына түскен Пайғамбарымыздың заттарына түйіншектер жасап, үрледі. Сосын бұл түйілген және үрленген шаштарды еркек құрманың қураған гүл тостағаншасының ішіне салып, оны Зурайқ есімді яһудинің құдығына тастап, үстін таспен бастырып қойды.

Ләбиб бин Ағсам жасаған сиқырынан Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауыра бастады. Шаштары түсе бастады. Жасамаған ісін жасағандай күй кешіп, әйелдерімен жақындаспаса да, жақындасқандай күйде болып, көзінің жанары азая бастады.

Сахабалар да ауруының себебін таба алмай дал болады. Ауруы бірнеше күнге созылды. Жеп-ішуден қалды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауырғаннан кейін Ләбиб бин Ағсамның қарындастарынан біреуі Айша анамыздың (р.а.) жанына келіп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) науқастанғанын біліп, басқа қарындастары мен Ләбибке жеткізді. Олардың арасындағы біреуі:

– Егер ол ақиқатында пайғамбар болса, оған хабар беріледі. Әйтпесе, бұл сиқыр оған қайдан білінсін. Ең соңында ақылынан алжасып, қауымымыз бен дінбасыларымыз үміттері орындалады, – деді. Ағсамның қыздары Ләбибтен де бетер сиқыршы еді.

Аллаһ Тағала Пайғамбарымызға кімнің сиқырлағанын және сиқырлаған заттарының қай жерде жатқанын білдірді. Айша анамыз (р.а.) былай дейді:

– Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні қайта-қайта дұға етті. Сосын маған қарап: «Ей, Айша! Жасаған дұғамды Алламның қабыл алғанын білуші ме едің? Маған екі періште келді. Оның біреуі:

«Сиқырланған!» – деді. Екіншісі болса:

«Кім сиқырлады?» – деп сұрады. Біріншісі:

«Ләбиб бин Ағсам!» – деді. Екіншісі:

«Немен сиқырлаған?» – деді. Біріншісі болса:

«Еркек құрманың қураған гүл тостағаншасы, тарақ, сақал-шашпен», – деді. Екіншісі:

«Бұлар қай жерде жатыр?» – деп сұрады. Біріншісі:

«Зәруан құдығында, тастың астында», – деп жауап берді. Екіншісі болса:

«Қалайша шипа  табады?» – деді. Біріншісі болса:

«Құдықтың суын түгелдей шығарып, түбіндегі қураған құрма гүл тостағаншасын шығару арқылы», – деп жауап береді. Сөйтті де екі періште көкке ұшып кетті», – деді Пайғамбарымыз (с.а.у.).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хазіреті Әли (р.а.) мен Аммар бин Ясирді (р.а.) шақырып алып, екі періштеден естігендерін түгелдей баяндап берді де, екеуін Зәруанның құдығына жіберді. Екеуі құдыққа келсе, құдықтың суы қынамен боялған екен. Құдықтың басындағы құрма ағаштарының басы да шайтанның бастары секілді еді.

Хазіреті Әли мен Аммар бин Ясир құдықтың суын шығарып, тазалап, ішіндегі тасты алды. Тастың астынан құрманың гүл тостағаншасы, ал оның ішінен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тарағы, шашы, инелер шаншылған балауыздан жасалған мүсін, сондай-ақ 11 түйін түйілген әрі инелер түйрелген садақтың жібі шығады.

Садақтың жібіндегі түйіндердің қатты түйілгені сонша, ешкім шеше алмады. Осы кезде Жәбірейіл (а.с.) періште келіп, Фәләқ және Нас сүрелерін оқи бастайды. Екі сүренің аят саны 11 болғандықтан әр аятты оқығанда бір-бірлеп 11 түйін де шешіледі. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) әр түйін ағытылған сайын басында ауыртпалық сезіліп, артынша жеңілдей берді. Ең соңғы түйін шешілгенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) кісеннен босағандай болды. Тамақ жеп, су іше бастады.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әмірімен Зәруанның құдығы жабылып, Ләбибке хабар жөнелтеді. Сәлемінде:

«Аллаһ Тағала маған сенің жасаған сиқырыңнан хабар берді әрі орнын да көрсетті. Мұны неге істедің?» – деп сұрайды. Ләбиб те:

«Динарға (алтынға) деген махаббаттан!» – деп жауап береді. Пайғамбарымызға (с.а.у.) айналасындағылар:

– Ләбибті өлім жазасына бұйырсаңыз?! – деді. Пайғамбарымыз:

– Оның соңында көретін иләһи азабы бұдан да ауыр, – деді де, бұдан кейін оның жүзін көрмеді, қылмысын да айтып, жазаламады. Қастандық қылған яһуди Зурайқ ұлдарынан да ешкімді өлім жазасына кеспеді.

Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) үмбетіне «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін үш реттен оқып, алақанына үрлеп, денесінің қолы жеткен жеріне дейін сүртіп, өзіне дем салып жүруді өсиет еткен.

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Ақпарат көзі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38