Бүкіл мұсылмандардың асыға күткен Рамазан айы және ай соңындағы қасиеті Қадір түнінің орны ерекше. Өйткені бұл түнде жасалған қандайда бір жақсы амал сауабы 83жыл 4айға пара-пар. Мәселен, Алланың жолында берілген садақа Қадір түнімен дөп келсе, 83жыл 4ай садақа берген боласыз.
Қадір кешінің қадір-қасиетін сезінген тұрғындар Темірлан ауылындағы орталық «Дәулеталыұлы Бегалы ата» мешітіне көп жиналады. Әуелі облыс мәслихат депутаты Қ. Абасовтың мешіт жанынан жайған дастарханына 200-ге жуық жамағат жиылды. Ауызашар дастарханы басында аудан имамы Б. Әшірбай және ауыл қариясы Қ. Садуақас ата мағыналы уағыз насихаттар айтты. Ауызашар дастарханынан кейін жайнамазға жиналған жамағат үшін бүгін ерекше күн, себебі, бір ай бойы тарауық намазында оқылған Құран хатым етіледі, яғни қарилар, өз міндеттерін аяқтап үйлеріне қайтады деген сөз. Ауыл тұрғындарының құлақ құрышын қандырып, жүректерін тербеген Алмазбек қаридың Құран үніне деген сағынышы, қимастық сезімі, әрбір жамағаттың жандарында тұрғаны хақ. Құптан намазынан соң мешітке жиналған жамағат үшін арнайы бағдарлама бойынша ҚМДБ-ның арнайы дайындаған бейне роликтері көрсетілді. Елді бірлікке, татулыққа, отан сүйгіштікке үндейтін және көркем мінез иесі болудың артықшылықтары туралы уағыз насихаттарды мешіт бас имамы Б.Әшірбай, найб имамы Н.Шалхаров, мешіт азаншысы Д.Жұмаділов, жастармен жұмыс бөлім меңгерушісі Е. Омарханов және «Шымкент» медресесінің түлегі, ұстаз Е. Ыбраймовтар айтты. Сонымен қатар жамағаттың ой-өрісін кеңейту мақсатында түрлі діни сұрақтар, векториналар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен діни әдебиеттер тарту етілді. Дәл осындай іс-шаралар аудан көлеміндегі мешіттердеде ұйымдастырылды.