Барлық мақтау мен мадақ әлемді жоқтан бар етіп жаратқан, адамзатты ең ардақты әрі құрметті еткен, пендесіне сансыз нығметтер сыйлаған жалғыз Жаратушы, ризық беруші, дұға-тілектерімізді қабыл етуші әрбір ісімізден есеп алушы Ұлы Аллаға тән. Оның игілігі «Расында сен ұлы мінез иесісің», – деп сипаттаған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у) – ға, сәлемі оның отбасына, сахабаларына және бүкіл мұсылмандарға болсын.
Алла тағала ардақтаған адам баласының кемелдікке жетуі әрі Алланың құзырында ең құрметті болатындары, иманы күшті, тақуалы болғандары. Абай атамыздың «толық мұсылман – толық адам» дегені де осыны меңзейді. Ал кемелдікке жету, толық адам болу үшін әлемдердің Раббысы – Алла тағаланы танып, үкімдерін мойындап соған сай амал ету керек. Міне, сол адам баласының кемелдікке жетуіне себеп болатын иманды екендігі немесе имансыз екендігі ең алдымен тілдің куәлік беруімен болады. Сондықтан адам баласының иманына тілдің әрі одан шығатын сөздердің ықпалы үлкен.
Ислам мәдениетінде адам баласының жас кезінен дұрыс әрі әсем де көркем сөйлеуге дағдылану – адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі деп бағаланған. Сол үшін тілге және айтылатын сөзге ерекше жауаптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Тіл мен сөздің қадірін бағалай білген халқымызда «тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар», – деген нақыл сөз тектен – текке айтылмаған.
Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла жаман сөздің жария болуын жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 148), – деп теріс, бұрыс сөз сөйлеуге тиым салып, «ең сыпайы түрде сөйлесін. Өйткені шайтан араларыңа бұзақылық салар», – («Исра» сүресі, 53) деп сыпайы түрде жақсы әрі дұрыс сөз сөйлеуге бұйырады.
Шын мәнінде, Алла адамзатқа көптеген ұлы нығметтерді берді. Солардың бірі – тіл және онымен сөйлеу нығметі. Тіл пендедегі көлемі жағынан кіші болғанымен, оның орны мен оған жүктелген міндеті орасан үлкен.
Алла Құран Кәрімде тіл жайында: «Оған екі көз жаратпадық па? Бір тіл, екі ерін (бітірмедік пе?)», – (Бәләд 8-9) деген. Сөйлеу жайында: «Өте рахымды Алла. Құранды үйретті. Адамды жаратты. Оған сөйлеуді үйретті» («Рахман» сүресі, 1-4) деген. Сондықтан тілді тек қайырлы да жақсы сөздерге ғана бағыттап, жаман сөздерге әдеттенуден сақтануы керек.
Имам Мәлік (р.а) Яхя ибн Сағидтен былайша риуаят етіледі. Бір күні Иса (а.с.) жолда кетіп бара жатып, доңыздың жанынан өтеді. Сонда доңызға қарап: «Мекеніңе аман-есен жетіп ал», – деді. Мұны көрген серіктері; «Осы сөзді доңызға айтып жатырсыз ба?», – деп сұрады. Иса (а.с.): «Ия, мен тілімнің жаман сөздерді сөйлеуге әдеттеніп қалуынан қорқамын», – деп жауап берген екен.
Сондықтан тілдің екі қыры бар. Егер пенде Алланың берген ұлы нығметі болған – тілді Аллаға бойұсынып, мақтау-мадақ айтуға, Құран оқып, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтару жолына пайдаланса ол әрбір мұсылманға жүктелген істі орындап, Аллаға шүкіршілік еткен болып саналады. Ал егер де тілін жамағатты ажыратуға, өтірік айтуға, жалған куәлік етуге, ғайбат айтып адамдардың арасында сөз тасып шайтанға бағыну жолында пайдаланса нығметке шүкір етпегені болады.
Алла Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер. Алла істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды» («Ахзаб» сүресі, 70-71) деген. Яғни, Алладан қорқып дұрыс сөз сөйлеуіміз – ісіміздің оңалуына әрі күнәларымыздың кешірілуіне себеп болады.
Билал ибн Харис әл Музани (р.а) риуаят етеді. Пайғамбар (с.ғ.у.) айтты: «Расында бір адам Алланың ризалығынан болған бір сөзді айтады. Ол сөздің мәнінің соншалықты дәрежесінің барын білмейді. Сол сөзді сөйлегені себепті, Алла оған өзіне жолығатын күнге дейін өз ризалығын жазып қояды. Сондай – ақ, бір адам Алланың ашуынан болған бір сөзді айтады. Ол сөздің мәнінің соншалықты дәрежесі барын білмейді. Сол себепті, Алла оған өзіне жолығатын күнге дейін өз ашуын жазып қояды», – деген (Бухари, Мәлік, Термизи риуаяты).
Пенденің әрбір жасаған амалын, сонымен қатар айтқан әрбір сөзді жазып тұратын екі періште бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Алла Құран Кәрімде: «Расында да, сендерді қорғаушылар бар. Мәртебелі жазушылар. Не істегендеріңді бүкпесіз біліп тұрады», – деген («Инфитар», 10-11-12), басқа бір аятта «Аузынан бір сөз шығарса – ақ болды, алдында аңдушы дайын» («Қаф» сүресі, 18), – деген.
Пайғамбар (с.ғ.у.) өміріне назар салсақ, оның сөз сөйлеу мәселесіне аса бір байыптылықпен, салмақтылықпен қарағанын көреміз. Сонымен қатар, «жавомеъул калим» болған. Яғни, қысқа сөздермен екі дүниеге де пайдалы, мағыналы етіп түсіндіріп беру қасиеті болған. Қажеттен тыс сөздерді сөйлеу -пенденің амал дәптеріне көп күнәлардың жазылуына себеп болады.
Фақих Абу Лайс Самарқанди айтады: Мухаммад ибн Сауқа Зохид былай деді: «Сіздерге бір хадис айтайын, мүмкін сіздерге пайда берер, маған пайда берді». Маған Ато ибн Абу Рабах айтты: «Сіздерден алдыңғылар артықша сөздерді жаман көретін еді. Олар Алланың кітабы, жақсылыққа шақыру – жамандықтан қайтару және тіршілікке қатысты болған сөздердің ең зәрулерінен басқаны артықша сөз деп есептейтін еді. Кейін айтты: Алланың мына сөзіне қарсы шығасыздар ма?: «Шынында сендердің үстеріңде бақылаушылар (періштелер) бар. Олар ардақты жазушылар» («Инфитар» сүресі, 10-11) және де «Оның (адамның) оң жағында да, сол жағында да естелікке жазып тұратын екі хатшы (періште) бар. Аузынан нендей сөз шықса да қалт жібермей, бақылап, аңдып (жазып) тұрады» («Қаф» сүресі, 17-18). Не дініңізге, не өміріңізге пайдасы жоқ сөздерге таң атқаннан бастап толып қалған амал дәптеріңізді көрсеткенде ұялып қалмайсыздар ма?», – деген екен.
Бірде сахабалардың бірі қызметшісіне: «Дастархан жайшы, біраз ермек етейік», – деді де, сосын: «Астағфируллах, әрбір айтар сөзімді жүгендеп, тізгіндеп қоюшы едім. Бірақ мына сөз менің аузымнан жүген – тізгінсіз шығып кетті», – деді.
Лұқман Хакимнен «Біз сізді көріп тұрған нәрсеге қандай жеттіңіз?», – деп сұралғанда, «Сөздің туралығы, аманатқа қиянат жасамау және керексіз сөздерден тыйылумен», – деп жауап берді.
Абу Бакр ибн Ияштан руаят етіледі: Ол кісі айтты: «Төрт патшаның әр қайсысы бір – бірден калима айтты. Олар садақтан атылған оқтай еді». Кисро айтты: «Айтпаған сөзіме өкінбеймін, айтқан сөзіме өкінемін», Қытай патшасы «Сөйлемеген сөзіме мен иемін, сөйлеген сөзім есе маған ие», Рум патшасы «мен сөйлемеген сөзімді қайтаруға, сөйлеген сөзімді қайтарудан қадырмын», Үнді патшасы «Бір адам бір сөзді сөйлесе, ол сөз аузынан шығып өзіне зиян болады. Егер шықпаса еді, оған зиян болмайтын еді», – деген.
Хаким адамдардың бірі айтқан екен: «Адам денесі үш бөліктен тұрады; біріншісі – жүрек, екіншісі – тіл, үшіншісі – басқа мүшелер. Алла әрбір мүшені түрлі кереметпен құрметтеді. Жүректі – өзін-өзі тану және таухидпен құрметті етті. Тілді – «Ла илаха иллаллах» калимасы және Құран оқумен құрметті етті. Басқа мүшелерді намаз, ораза және тағы басқа құлшылықтармен құрметті етті. Әрбір бөлігіне күзетуші және сақтаушыны өкіл етті. Жүректі сақтауға Алла өзі ие болды. Оның ішінде не барлығын Алланың өзінен басқа ешкім білмейді. Тіліне періштелерді өкіл етті. Алла Құранда: «Аузынан бір сөз шығарса – ақ болды, алдында аңдушы дайын» (Қаф 18), – деген. Басқа мүшелеріне бұйырған және қайтарған нәрселерін басқарушы етіп қойды.
Кейін әр бөлікке тұрақтылық етуді қалады. Жүректің тұрақтылығы – иманда мекем болу, алдау – арбау, көре алмаушылық, қиянат жасамау. Тілдің тұрақтылығы – ғайбат айтпау, өтірік және керексіз бекер, бос сөздерді сөйлемеу. Басқа мүшелердің тұрақтылығы – Аллаға күнә болатын істі істемеу және мұсылмандарға зиян жеткізбеу. Кім жүректен кетсе екі жүзді, тілден кетсе кәпір, басқа мүшелерден кетсе күнәһар болады».
Пайғамбар (с.ғ.у.) өзінің үмметтеріне тілін жаман сөздерден сақтауға, мүмкіншілік болмағанда тыныш тұруға бұйырған хадистерінің бірінде: «Кімде – кім Аллаға және ахырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе тыныш тұрсын», – деген.
Ислам дінінің тілге көңіл бөліп, онымен жақсы сөздерді сөйлеуге, жаман сөздерден сақтауға бұйыруының себебі – тіл жүрекке жақын орналасқандығы және де тіл жүректің тілмашы болғандығынан деуге болады. Жүрек – иманның орны. Демек, пенденің иманы қаншалықты күшті әрі жүрегі таза болса оның тілінен тек жақсы мағыналы сөздер шығады. Өз кезегінде тіл қаншалықты жаман сөздерді көп сөйлесе адамның жүрегі қараяды, нәтижесінде иман әлсірейді.
Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) хадисінде: «Пенденің иманы тура болмайды, тіптен жүрегі тура болмайынша, сондай – ақ жүрегі тура болмайды, тіптен тілі тура болмайынша» (Ахмад) деген.
Шортанбай Қанайұлы атамыз өзінің өлең жолдарында:
Құдай деген мүминнің,
Ауыздан кетпес тәубесі.
Иманы бардың белгісі,
Тілінен тамар шырасы.
деп имандылықтың белгілерінің бірінің оның тіліндегі сөздерге байланысты екенін меңзеген.
Пайғамбар (с.ғ.у.) және бір хадисінде Алланы еске алмай сөйленген сөздің жүректі қатырып қоятыны жайлы Абдулла ибн Омар (р.а) руаят еткен хадис бар. Пайғамбар (с.ғ.у.) айтты: «Алланы еске алмай тұрып, көп сөйлемеңдер. Өйткені, бұл (Алласыз сөйленген сөздер) жүректі қатырады. Шын мәнінде, Алладан ең алыста болған адам – жүрегі қатып қалған адам», – (Термизи) деген.
Пайғамбар (с.ғ.у.) тіл мен айтылатын сөзге осыншалықты жауаптылықпен қарау керектігіне көңіл бөлгендігінің арқасында сахабалар да оған баса назар аударды. Соның арқасында Абу Бакр (р.а): «Алла разылығы үшін айтылмаған сөзде қайыр жоқ, Алла разылығы үшін жұмсалмаған байлықта қайыр жоқ», – деп қорытуына себеп болды. Али (р.а.): «Жүрек таза болғанда ғана тілден оңды сөз шығады», – деп сөздегі дұрыстық – жүректегі иманға, тілдегі зікір – ойдағы пікірге байланысты екенін меңзеген.
Мұсылман адам ешқашан бос сөз сөйлемегені жөн. Егер бір сөзді айтпақшы болса, онда ол сөзде пайда бар ма, жоқ па, қарасын. Егер пайдасы болмаса ол сөзден тыйылсын. Егер пайдасы болса сол сөзді айтумен, одан да пайдалырақ сөзді жіберіп алмаймын ба деп ойлану керек. Бұл жайында Имам Науауи (р.а) айтады: «Біліп қойыңыз! Мүкаллаф (балиғат жасына толған) әрбір адам, пайдасы болған сөзден басқа барша сөздерден тілін сақтауы тиіс. Егер сөзді не айтумен, не айтпаудың пайдасы тең болса, онда сүннет бойынша айтпағаны абзал. Өйткені, жай сөздің не харамға, немесе мәкруһке алып баруы ықтимал. Әдетте, көбінесе солай болып жатады. Ал ондайдан аман болуға еш нәрсе тең келмейді», – деген (Әл Азкар).
Әбу Муса әл-Ашғари (р.а) руаят еткен бір хадисте Пайғамбар (с.ғ.у) айтады: «Негізінде бір адам мән бермей бір сөз айтады. Сол сөзді ойланбай сөйлегені себепті арасы шығыс пен батыстай тозаққа түседі», – (Бухари, Муслим) деген.
Ақыретте пенденің азапталуына сөйлеген сөзі де себеп болар екен, сол жаман, пайдасыз сөздерден сақтансақ ақыретте де, осы дүниеде де жақсылыққа жетеміз. Өйткені Пайғамбар (с.ғ.у.)-нан «адамдардың ішіндегі ең жақсысы, абзалы кім», – деп сұралғанда, «қолынан және тілінен басқаларға зиян жеткізбеген адам», – деген. Омар (р.а) бірде Абу Бакр (р.а) барып қалса ол кісі тілін тартып жатыр екен. Омар (р.а): «Мұныңыз не, Алла сізді кешірсін», – деп сұрағанда, Абу Бакр (р.а.): «Мені бүкіл бәлеге осы жолықтырады», – деп жауап берген екен (Муатта).
Жаман, бұрыс мағынадағы сөздер жәнеде аузына келген сөздерді сөйлеу надандықтың белгісі болып бірінші кезекте сөйлеушінің өзіне теріс әсерін тигізеді. Орта ғасырдың белгілі ақыны Ә. Науаи мұны өзінің өлең жолдарында былай түсіндіреді.
«Аузына келгенін айту – наданның ісі,
Алдына келгенін жеу – хайуанның ісі» деген.
Құран, хадистен нәр алып және оған амал еткен бабаларымыз да тілдің тәрбиелік мәнін ашып тілден келетін зияннан сақтандырған.
XI ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн:
Алла адамдарды жаратты үздік етті,
Оған өнер білім, ақыл-сана берді…
…Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл,
Ердің мерейін көтеретін тілді біл…
… Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғын бас болар…
… Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді,
деп «білімсіздің сөзі өзінің басын жейтінін» ескертіп, екі дүние бақытына жету үшін адам баласын «халықтың бәріне ісімен де, сөзімен де игілік етуге» шақырады.
Уқба ибн Амир (р.а) «Ия, Алланың елшісі құтылу не?», – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.ғ.у): «Тіліңе ие бол, үйіңе сыйымды бол және жіберген қателеріңе (Алладан кешірім өтініп) жыла» (Термизи), – деген екен.
Қорыта келгенде, бізді құтқаратын да, басымызға бәле болып жабысатын да тілімізден шыққан сөз екен. Қазақ халқындағы «Тілден бал да тамады, зәр де тамады» дегендей, тек бал тамып, тіліміздің де жүрегіміздің де таза болуын жұмсақ әрі пайдалы сөз сөйлуімізді Алла нәсіп етсін.
«Кісіні аузындағы сөзінен таны» демекші, кісілігімізді білдіретін, абыройымызды асқақтататын тілімізге, сөзімізге кеңірек көңіл бөлейік, ағайын!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құран Кәрім. Халифа Алтай аудармасы.
2. Сахих Бухари
3. Сахих Муслим
4. Танбехул ғофилин. Абу Лайс Самарқанди
5. Тілдің кесапаты. Саъид ибн Али ибн Уаһф әл-Қахтани
6. Он ғасыр жырлайды кітабы.
Сарыағаш ауданы,
Келес өңірі, «Ешан баба» мешітінің найб имамы
Аристанов Умирзақ