Ерте заманда Наушарбан деген кісі әкесі қайтыс болғаннан кейін орнына патша болып, таққа отырды. Бір күні ғұламаларды жинап кеңес құрды. Наушарбан олардан:
– Дүниеде не нәрсе көркем?- деп сұрады. Отырғандардың әрқайсысы әртүрлі жауаптар айтты. Бірақ, патшаның көңіліне ешбір жауап қонбады. Осы кеңесте кезінде әділ үкім еткен бір ғалым бар еді. Сол ғалым:
– Тақсыр, дүниеде үш нәрседен көркем, абзал нәрсе жоқ. Олар: өлім, әйел және мұқтаждық,- деді. Наушарбан:
– Олай болса, дәлеліңді айт,- деді. Ғалым:
– Өлім әр нәрседен көркем, абзал дедім. Себебі, егер өлім болмаса, әкең өліп таққа отырмас едің. Бұл мемлекет саған тимес еді! – деді. Патша:
– Рас айтасың! – деп мақұлдады. Ғалым:
– Нәрселердің көркемі – әйел дедім. Себебі, егер әйел болмаса сен де дүниеге келмес едің, – деді.
– Рас айтасың! – деп патша тағы да мақұлдады. Ғалым:
– Мұқтаждық әр нәрседен абзал (жақсырақ) дедім. Себебі, егер де мұқтаждық болмаса, мемлекетіңде, қызметіңде, мен сияқты ғалым болмас еді. Сенде әскер болмас еді, – деді.
– Рас айтасың! – деп патша және мақұлдады. Ғалымның жауабына көңілі толған билеуші оған шапан жауып, 100 мың динар сыйлық бергізеді.
Аллаберген қажы СМАҒҰЛТЕГІ,
«Нұр-Мұхаммед расулаллаһ» атындағы мешіттің Бас имамы. Семей қаласы.