Undeu

Undeu

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

  Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам игілігі үшін ізгі іс жасауға шақырып, барлық рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға үндеді. Рухани жаңғыруды басты мақсат тұтқан мақалада халқымызға парасатты ой, пайымды пікір тасталды.

Undeu

   Рухани жаңғыру ұсынысы арқылы мемлекет басшысы еліміздің тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, болашаққа сеніммен бет алу қажеттігін нақты айқындап берді.
Біз, Ақылдастар алқасы отырысына қатысушылар, рухани жаңғыруды дін мәселесінен еш бөліп қарастыра алмайтындығымызды атап өткіміз келеді. Шындығында да дін мен руханият – өзара егіз ұғым. Елімізге тәуелсіздікпен бірге енген діни сенім бостандығы арқылы діни салада күрделі бетбұрыс жасалды, өшкеніміз қайта жанды, Аллаға шүкір!
     Қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты еліміздегі мешіттердің саны 2500-ден асса, оның 800-ден астамы оңтүстік өңірінің еншісінде. Бұл еліміздің діни, рухани салаларында өзіндік орны бар Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс жүргізетін дін қызметкерлері үшін үлкен жауапкершілікті көрсететін мәселе екенін естен шығармауға тиіспіз.
  Осы уақытқа дейін әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның мұсылмандары  Имам Ағзам мазһабы бойынша амал-әрекет жасайды. Бұл біздің ата-бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы.
    Әбу Ханифа мазһабына негізделген Ислам діні – халқымыздың ертеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарымен бірге біте қайнасып кеткен үлкен құндылықтарымыз болып табылады.
    Қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауызбіршілігін күшейтіп отыр. Дегенмен, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге сына қағуға тырысып, түрлі іс-әрекеттерімен жұртшылықты, соның ішінде жастар өкілдерін адастырып жүрген кереғар діни ағымдардың да барлығын айтуға тиіспіз.

IMG 97

   Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі – қоғамдағы түрлі кереғар діни ағым-дардың көрініс беруі десек артық айтқандық емес. Деструктивті діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан кейінгі кездері отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі дінді ұстанудың нәтижесінде жанұялар мен туған-туыс арасында ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болып жатқанын айтып өтуіміз қажет. Бұл бір мәселе, екінші мәселе, адамдардың қайтыс болуына байланысты атқарылатын рәсімдерді өткізу мәселелеріне қатысты көзқарастарды, іс-әрекеттерді қайта қарау, реттеу және жаңғырту қажет деп есептейміз.
     Ислам діні мен ұлттық салт-дәстүрлердің тығыз байланысы негізінде қайғы түскен отбасында құдайы ас (жетісі, қырқы, жылдығы) дастарханы барынша қарапайым болғанын қолдаймыз. Шариғат ысырапшылдыққа, мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген аста-төк ас, құдайы тамақ беруді бұйырмайтынын ескертеміз.
   Қазалы үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қою – күнә. Ондай адамдардың қазасына ортақтасып, көңіл айту, қол ұшын беріп, сабырға шақыру, қайғы-қасіреттерін жеңілдетуге тырысу, тамақ әзірлеп апару – сүннет. Сондықтан, Оңтүстік Қазақстан облысының мұсылман тұрғындарын және ел ағаларын Ислам діні талаптары бойынша қайғылы отбасында үш күн ішінде қазан асылуына, тамақ таратылуына тоқтау салуды ұсынамыз. Қазалы үйге сыни көзқараспен қарап, мін тағудан аулақ болуға шақырамыз.
Ал, қазалы үйдің ас-суы мен тамағын туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері жасағаны дұрыс.
     Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Жағфар (р.а.) дүние салғанда: «Жағфар әулеті мәйіттің ісімен әуре болуда, сондықтан оларға тамақ әзірлеп беріңдер» – деген (Ибн Мажа р.а.) риуаяты.
     Біз, Ақылдастар алқасы отырысына қатысушылар, жергілікті халыққа кереғар діни ағымдарда жүрген қара көз бауырларымызға қатысты жүргізілетін түсіндіру,ақпараттық насихат жұмыстарында дін қызметкерлеріне көмектесуді және діни рәсімдерді атқару барысында, ұлттық дәстүрімізге сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға және осы рәсімдерді өткізу кезінде ҚМДБ-на қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгініп, бірлігіміз бен діни рәсімнің бірізділігін сақтау мақсатында осы Үндеуде айтылған мәселелерді өңірімізде жүзеге асыр үшін үндеу жариялаймыз.

Ақылдастар алқасы отырысына қатысушылар.
Шымкент қаласы,
2018 жылғы 24ақпан.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38