Бишри Хафи (р.а) жас кезіндегі жасаған қателіктерін түсініп, тура жолға қалай келгендігін былай деп баяндайды: «Бір күні мас кезімде, бір жазуы бар қағазды тауып алдым. Қағазды жерден алып, сүйіп, былғаныштан тазартып, әдемі иіс сеуіп, үйдің биік жеріне іліп қойдым.
Сол түні бір ғалым кісі: «Барып, Бишрға айт, есімімді тазалап, әдемі иіс жаққаны үшін сенің де дәрежеңді көтеремін. Сенің есіміңді бұл дүниеде және ақыретте тазартып, әрі көркем етемін делінді» – деген түс көреді. Осылайша осы түс үш рет қайталанады.
Сол күні азанда түс көрген ғалым кісі Бишр Хафиді шарапханадан іздеп табады. «Саған сүйінші хабарым бар» – деп оны шақырады. Бишр Хафи қасына келіп: «Кімнен хабар келді?» – дейді. «Саған Аллаһ Тағаладан хабар әкелдім», – дегенде, Бишр Хафи жылап жібереді. Сосын: «Маған ашуланып жатқан шығар, ауыр азапқа салатын болар?» – дейді. Оның көрген түсін тыңдаған соң ол достарына, «Ей, достарым! Мені шақырып жатыр, ендігәрі мені бұл жерден көрмейсіңдер» – деп олармен біржола қоштасып, хабар әкелген адамның соңынан ереді. Тәубасына келген кезде, аяғында аяқ киімі болмағандықтан, еш аяқ киім киюді қажет етпейді. Себебін сұрағандарға: «Аллаһ Тағалаға сөз берген кезімде, жалаң аяқ едім, енді қажеті жоқ» – деп жауап беріпті. Аяқ киім кимегені үшін оған Хафи (жалаң аяқ) деуші еді.
Бишри Хафи жалаң аяқ жүргені үшін Бағдаттағы жан-жануарлар да оны құрметтеп, қала көшелерін ластамаушы еді. Көшелер таза болатын. Бір күні көшелердің ластанғандығынан адамдар Бишри Хафидің өмірден өткенін білген екен.
ОҚО Орталық мешіт