Қазіргі кезде елімізде құмар ойындарынан туындайтын қауіп күрделі мәселеге айналып отыр. Құмар ойындарының түрі күн өткен сайын көбейіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып келеді. Оңай жолмен табыс табуға қызыққан жастар әртүрлі қиындықтарға соқтығып, қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, жеке тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Куә болып жүргеніміздей, құмар ойын жастарды өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, ұрлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату тіпті басқаны өлтіру сияқты қылмыстық істерге де жеткізуде. Бұл істерден қала берсе, құмар ойынға еліктушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, басқа да қажеттіліктерін бәске тігушілер кездесіп жатады. Құмар ойын салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде.

Алла Тағала қасиетті Құранда құмар ойынға тыйым салып:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу шайтанның амалы саналатын лас істер. Ендеше одан аулақ болыңдар. Мүмкін, құтыларсыңдар», ­– деп айтқан («Мәйда» сүресі, 90-аят).

Аятта құмарды «ластық» іс деп атауы жайдан жай емес. Өйткені «рижс» (ластық) сөзі  – әрі зиянды, әрі күнәлі нәрсеге қолданылады. Сонымен қатар бұл істердің шайтанның ісінен деп аталуы да тегін емес. Себебі шайтанның мақсаты  адамды азғырып азапқа душар ету. Осының өзі адам баласына тыйым салынған іс екендігін ұғындырып тұр. Аятта «рижс» деп танылған ішімдік, құмар, тізілген тастар және бал ашатын оқтардың ешбіріне жақындамау, жоламау керектігі бұйырылған. «Жақындамау» «жоламау» деген бұйрық «жасама» деген бұйрықтан да ауқымды мағынаға ие. Себебі «жасама» деп іс барысында айтылады. Ал «жолама» деу ол істі істемек түгілі оған жақындауға тыйым салынады.

Ғылыми зерттеулер нәтижесінде ойын құмарлықтың наша­қорлық пен алкогольге тәуелділіктен де ауыр зиян екенін анықталды. Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын күйзеліске ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Тіпті есінен адасып, қылмыстық жағдайларға барып жа­тады. Ал құмар ойынға салынған адам­ды одан арашалап алу оңай емес екені белгілі. Өйткені осы дерттен айығу үшін орасан зор күш, ұзақ уақыттық ем қажет және қыруар қаржы керек, соның өзінде дерттен толық айығып жатқандар өте аз. Емдейтін арнайы пси­холог мамандарда емделу көп қаржыны қажет етеді. Өйткені оларға сұраныс өте жоғары. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады. Мәселен, биылғы статистика бойынша, жылына Қазақстанда 5000-нан аса адам өз-өзіне қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар.

Ислам діні көз қарасы бойнша құмар ойыны арам етілген іс болғандықын, ол арқылы келген қаражат та харам болып саналады. Мұсылман адам ондай жолмен табыс таппайды әрі бұндай саладағы кәсіппен де айналысуына болмайды. құмар ойын күнә арқалатумен қатар адамды жауапсыздыққа, жалқаулыққа, қарыздыққа бойын үйретіп, қала берді ешкімге жаны ашымайтын, келешегін ойламайтын, ақша үшін арын да, намысын да оп-оңай сатып жіберетін, надандыққа алып барады. Үй іші жақындарының берекесін кетіріп, қоғамды бүлдіреді. Осындай адам баласының екі дүниесін де құрдымға кетіретін ауыр зардаптары болғандықтан, Алла Тағала қасиетті  Құранда құмар ойынды «лас» шайтанның амалдарына жатқызып, одан бойды аулақ ұстауды, мүлдем жоламауды ескерткен. Құмар ойынға құныққандар бастапқыда жай ермек үшін ойнайды. Кейін бұл мақсаты бұрмаланып, ойынға құнығып, тәуелділікке айналады. Уақыт өте келе, құмар ойынға жіпсіз байланып, бас тарта алмайтын күйге жетеді.

Кез-келген ойыншының мақсаты – жеңіске жету. Ал жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның ар­бауына түседі. Қазақ «Жығылған күрес­ке той­майды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп, ойынхананың тұрақты келушісіне айнал­ғанын да байқамай қалады. Ұтқан адам да шайтанның арбауына еріп, ақшамды көбейткен үстіне көбейте түссем деп жанталасады, нәпсіге ерік береді.

Құмар ойынының тағы да бір үлкен зардабы адамның алтындай уақытын, жастық шағын алады. «Уақыт өлтіремін» дегенді сылтау етіп, құмар ойын сияқты басқа да тыйым етілген істермен уақытын өткізу – өмірдің басты мақсатын түсінбеген адамның ісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ ‏

«Көп адамдар қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет бар, олар – денсаулық және бос уақыт», – деген.

Тағы бір хадисте:

اغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شَبَابَكَ قَبْلَ هَرَمِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастық шақтың қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» – деген.

Дана халқымыз: «Уақытыңның босқа өткені – өміріңнің бос кеткені», – деген.

Құрметті жастар!

 барлығымыз құмар ойындарының қандай орны толмас қайғы-қасіретке жеткізетінін білеміз, көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Сондықтан егер сіз өзіңіздің туыстарыңыздың не­месе достарыңыздың құмар ойындарына барып жүргенін байқасаңыз, оған көп уақыт пен ақшаны жұмса­май­тынын көрсеңіз, дереу дабыл қағуымыз керек. Өйткені дерттің ертерек яғни бастапқы кезеңінде алдын алсақ, емделу жолы да жеңіл өтеді екен. Алайда құмар ойынға тәуелді болған адамды қоғамнан шет­тетіп, қысым жасамауымыз керек. Бұл оның жа­ғымсыз реак­циясын тудыруы мүмкін, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға апа­рады. Оған ма­мандардың көме­гіне жүгінуге кеңес беріп, құмар ойын­ға әуестікті тоқта­туына ой са­луы­мыз қажет. Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, санамызбен бұл дерттің зиянын барынша ұғынуымыз қажет.  

 

ҚМДБ Шымкент қаласы

Қаратау ауданы «Мәртөбе» мешітінің имамы:

Керімбеков Анарғали

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38