Қазақ халқы осындай нығметтің қадір қасиетін бағалап, береке мен бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын түсініп» Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»,- деп түйген. Яғни, Бірлікті ыдырататын, ірітуші күш ол – күншілдік. Сондықтан ел тізгінін қолына ұстаған ақсақалдар мен билер ел ішіндегі асқынған дау-дамайды, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына аса көңіл бөлген. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында: وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا
«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер»,– деп, мүминдерді бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): لاَ تَبَاغَضُوا وَلَا تَحَاسَدُوا وَلاَ تَدَابَرُوا وَكُونُوا عِبَادَ اللهِ إِخْوَانًا وَلَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أَنْ يُهَاجِرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَاثِ لَيَالٍ
«Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көре алмаушылық жасамаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар! Мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ»,- деп, ынтымақ пен бірлікке шақырған.
(имам Бұхари, Мүслим)
Ия, қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Хәкім Абай Құнанбайұлы өсиетінде: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп, бекер айтпаса керек. Ал, қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа байланысты Алла Тағала қатаң түрде тыйым салып, Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында «Бақара» сүресі, 217-аятында былай келтірілген: وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр (күнә)»,- десе, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَنْ فَارَقَ الْجَمَاعَةَ، وَخَرَجَ مِنَ الطَّاعَةِ، فَمَاتَ فَمَيْتَتُهُ جَاهِلً
«Кімде кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі», – делінген.
(Мүслім риуаяты)
Майлы қожа бабамыз: «Болатын елдің баласы бірін-бірі «сіз», – деген, болмайтын елдің баласы бірін-бірі күндеген», – деп, сыйластық бар жерде татулық пен береке, бірлік пен ынтымақ орын алатынын дөп айтқан. Біздер қашан да қоғамның, мұсылман қауымының ынтымағы мен бірлігі үшін мешітке келгенде тәртіп сақтап, бір бағытта жүруіміз керек. Сахабалар мұсылманның бірлігі үшін көп нәрсені тәрк етуге мәжбүр болғанындай біздер де бірлігімізді бұзбау үшін өзімізше дұрыс деп тапқан кейбір фиқһ мәселесінде сіресіп қатып қалмай, Еліміздің Ынтымағы мен Бірлігі үшін бір мәзһаппен жүріп, мешіт ережелеріне бағынайық, ағайын. Сонда ғана біздер өркендейміз, өсеміз. Асыл Дініміз Исламда мына бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау салиқалы әрі сауапты ізгі іс болып саналады. Олай болса, Қазақ Елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бен біздің азаматтық міндетіміз.
ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау аудандық «Байғұт баба» мешітінің Бас Имамы Ербол Қалшабек Тастанбекұлы