Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Шымырбай ауылында «Шымырбай ата» мешітінің қайта жаңарған келбетінің ашылу салтанаты болып өтті.
Салтанатты шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек және зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Дәстүрге сай, салтанатты шара қасиетті Құран Кәрім аяттарымен басталды. Оны наиб мүфти Серіктай қажы Сатыбалдыұлы оқып, бата берді. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау сәлемін жеткізіп, ғибадат үйінің кітапханасына қасиетті Құран Кәрімді хадия етті.
Осыдан кейін, құттықтау сөзге ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары С.Құрбанұлы, ОҚО-ның өкіл имамы А.Керімбек, т.б. ел ағалары құттықтау сөздерін арнап, алғыстарын білдірді. Осындай зәулім мешітті салған Әскер Айтбайұлына жұртшылық «Алла разы болсын» деп, шапан жауап, астына ат мінгізіп құрмет көрсетті.
Жалпы, қайта күрделі жаңғыртудан кейінгі көрінісі көз сүйсіндіреді. Мешітке бір мезгілде 500 жамағат намаз оқи алады. Мешіт екі қабаттан тұрады. Мешіт ауласында діни сауат ашу курсының ғимараты салынған. Онда асхана, кітапхана, қызметкерлер бөлмесі және 30 шәкіртке арналған жатақхана мен сынып бөлмелері орналасқан. Сондай-ақ, мешіт жанынан жабық футбол алаңы орын тепкен. Мұнымен қатар, ұстаздарға арнап отбасымен тұратын арнайы бөлмелер салынған.
Жоспар бойынша осы мешіт жанындағы діни сауат ашу курсына арналған ғимарат ҚМДБ-ға қарасты «Сарыағаш» медресе-колледжінің дайындық орталығы болады.
Мұнымен қатар, шәкірттердің ынта-жігерлерін арттыру мақсатында заман талабына сай жүзуге арналған бассейнге орын берілген.
Салтанатты шара соңында жұртшылыққа арнайы дастархан жайылып, ас берілді. Халық осындай игі бастама өзгелерге де үлгі болсын деген ниетпен тарасты. Мешіт құтты болып, жамағаты көп болсын!
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі