Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Шымкент медресе» колледжінің 2017 жылғы түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі болып өтті.
Салтанатты шараға арнайы ҚМДБ-ның Халал өнімдерін стандарттау және қажылық бөлімінің меңгерушісі Бейбіт қажы Мырзагелдиев, «Қазақстан 2030» жастарды қолдау қорының өкілі Махмұд Сезер, аталмыш оқу орнының директоры Талғат Әсембай және дінтанушы Анарқұл Сарманов сынды белді азаматтар қатысты.
Салтанатты шара барысында ҚМДБ-ның бөлімінің меңгерушісі Бейбіт қажы Әліпбекұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің жас түлектерге жолдаған ыстық сәлемін жеткізіп, өз сөзінде дін қызметкерінің жауапкершілігі мен маңыздылығын ескертіп, ел болашағы үшін аянбай еңбек етудің қос дүниелік пайдасына тоқталып өтті.
Айта кетейік, биыл «Шымкент медресе» колледжін 32 студент тәмамдап отыр. Оның 16 ер-бала, ал 16 қыз-бала. Осы түлектердің ішінен алты шәкірт озық шығып, оқу орнын үздік дипломмен аяқтады. Таяу уақытта 13 түлек еліміздің әр аймағында дін жолындағы қызметтеріне кіріседі. Сондай-ақ, биылғы жылы оқу ордасына 300 шәкірт қабылдау жоспарлануда. Ал оның 200 шәкірті мемлекеттік жеңілдетілген грант арқылы оқитын болады. Инша Алла!
Жас мамандарымызға өмірлері мен қызметтерінде сәттілік пен табыс тілейміз. Дипломдарың құтты болғай!
Мұхамеджан Естеміров,
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары