Ислам дініндегі иман мен амал Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жолындағы сүнниттік бағыт пен өзге бағыттар арасында пікірталасқа негіз болған мәселе. Енді осы тақырыпты төмендегідей кішігірім үш тақырыпшаға бөліп қарастырамыз.

  1. Иманның анықтамасы.
  2. Иман мен амалдың айырмашылығы мен ара-қатынасы.
  3. Үлкен күнә жасаған, соның ішінде намаз оқымаған адам кәпір ме?.

 

  1. Иманның анықтамасы

Имам Әбу Ханифа өзінің «әл-Уасия» атты еңбегінде: «Иман – тілмен айту, жүрекпен растау[1]», – дейді.

Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи иманға: «Иман – тілмен айту және жүрекпен растау» деп Әбу Ханифаның анықтамасын беріп, тап осы сөзінің жалғасында әр мұсылманның сенуі тиіс негіздерді былай деп, қысқа (ижмали иман) жеткізеді: «Шынында Алланың Құран кәрімде түсіргенінің барлығы және Пайғамбардан (с.ғ.с.) сенімді жолмен жеткен шариғат мәселелері мен түсіндірмелердің бәрі ақиқат[2]». Міне осыны ақиқат деп жүрегімен сеніп, тілімен айтқан адам иман келтірген мұсылман болып табылады.

Матуриди мәзһабының ғалымы Абдулғани әл-Ғунайми жоғарыдағы имам әт-Тахауидің сөздеріне былай деп түсіндірме жазған: «Тілмен айту мен жүрекпен сену екеуі де иманның негізгі ұстыны (рукн) екенін біліп қой. Алайда, жүрекпен сену ешқашан міндеттіліктен түспейді. Ал тілмен айту кейде мойыннан түседі. Мәселен, мәжбүрлік және әлсіздік жағдайындағы сияқты»[3].

Тарихты еске түсірсек, пайғамбарлық дәуірдің Мекке кезеңінде мүшриктер сахаба Аммар ибн Ясирдің (р.а.) көзінше әкесі мен шешесін өлтіреді. Аяғында Аммарды мәжбүрлеген соң ол пайғамбарды балағаттап, әлгілердің құдайларын мақтайды. Ол Алла елшісінің (с.ғ.с.) алдына келгенде, Елші (с.ғ.с.): «Ана жақта не болды?» деп сұрайды. Ол: «Жамандық, уа Алланың елшісі! Сіздің атыңызға тіл тигізіп, құдайларын мақтаған соң ғана мені босатты» дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жүрегіңді қалай сезінесің?» деп сұрақ қойды. Аммар: «Жүрегімнің иманға толы екенін сезіп тұрмын» дейді. Осы кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Олар саған тағы солай етсе, сен дәл осы істі жаса[4]», – деді.

Бұған ұқсас жағдай кешегі кеңестік дәуірде біздің елімізде де болған. Дінсіздер исі мұсылманға тілімен құдайды жоқ деп айтқызғанымен, жүрегінен Алласын суырып ала алмады. Мұны еліміздің аға буын өкілдері жақсы біледі.

Ал егер ешқандай қиындық болмаса, тілді кәлимаға келтіру – парыз. Имам Әбу Ханифаның «әл-Фиқһул Әкбар» және өзге кітаптарына негізделген матуриди ақидасында бұл үкім осылай. Имам Матуриди айтады: «Иман – тілмен айту, жүрекпен бекіту. Егер бір адам тілмен айтуға мүмкіндігі бола тұра, айтпаса, ол мүмін болмайды[5]».

  1. Иман мен амалдың айырмашылығы мен ара-қатынасы

Имам Әбу Ханифа «әл-Уасия» кітабында былай дейді: «Амал иманнан бөлек, иман да амалдан бөлек. Бұған көп жағдайда мүміннің мойнынан амал жасау міндетінің түсуі дәлел болмақ. Бұл жағдайда мүміннің мойнынан иман түсті дей алмаймыз. Мәселен хайыз әйелдің мойнынан Алла Тағала намазды түсірді. Алайда Алла Тағала оның мойнынан иманды түсіріп, иманды тәрік етуге бұйырды дей алмаймыз. Алла оған оразаны тоқтат, сосын оның қазасын өте дейді. Алла Тағаланың оған иманды тоқтат, сосын оның қазасын өте деуі мүмкін емес. Пақыр-кедейге зекет беру міндет емес, деп айтуға болады. Алайда, пақыр-кедейге (зекеттің парыздығына) иман міндет емес, деп айтуға болмайды[6]».

Амал міндеті кейде мұсылманның мойнынан түссе де, иманның түспегеніне қарап, ғұламалар иман мен амалдың арасын бөлген екен. Егер иман мен амал бір-бірінен ажырамайтындай біртұтас нәрсе болса, амал міндеті мойыннан түскенде иман да мойыннан түсуі керек еді. Демек иман мен амал бір емес, айырмашылығы бар. Амал иманды толықтырып кемеліне жеткізеді. Ал амал болмаса, иман әлсірейді. Міне екеуінің ара-қатынасы да осы.

Имам Ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари» атты еңбегінде: «Сәләф (тура жолдағы алғашқы буын) айтты: Ол (иман) – жүрекпен сеніп, тілмен дауыстап айту және діннің негіздерін орындау». Әрі олар бұл сөздерімен амалдар иманның толығып, кемелденуі үшін шарт дегенді меңзеген. Міне осыдан барып олардың иманның артуы мен кемуі туралы айтқан сөздері туындаған. … Муржиалар: «Иман – тек қана жүрекпен сену және тілмен айту» деген. Каррамиялар: «Иман – тек қана тілмен айту» деген. Муғтазилалар: «Иман – амал, тілмен айту және жүрекпен сену» деген. (Бұл аталғандар – адасқан ағымдар. – автор) Ал енді бұлар (муғтазилалар) мен сәләфтің айырмашылығы – бұлар «амал жасау иманның дұрыстығы үшін шарт» десе, ал сәләф «амал жасау иманның толықтығы, кемелдігі үшін шарт» деген[7], – дейді. Яғни, муғтазила ағымы, сол сияқты хауариж ағымы да, амал иманның негізгі құрамдас бөлігі, амал болмаса, иман жойылады, деген. Ал әһлі сүннеттің сенімінде амал иманның құрамдас бөлігі емес, амал жоқ болса, иман жойылмайды, бірақ әлсірейді, әрі сол амал арқылы иман кемелденеді, күшейеді.

  1. Үлкен күнә жасаған, соның ішінде намаз оқымаған адам кәпір ме?

  Имам Бұхари өзінің «әс-Сахих» атты сахих хадистер топтамасының «Иман» кітабында «Күнәлар – надандық заманына тән істерге жатады, күнәлі істердің иесі жасаған ісі ширк болмаса, кәпір болмайды» деп баб, яғни тақырып қойып, дәлел ретінде Құранның мына аятын келтіреді:

إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَن يَشَاءُ

«Шындығында Алла өзіне серік қосуды кешірмейді, ал одан өзге күнәні кімге қаласа соған кешіреді[8]».

Тәпсірдің атасы Имам әт-Табари осы аятты: «Бұл аят мынаны баяндайды: үлкен күнә жасаушы әр кісінің істеген үлкен күнәсі Алла Тағалаға серік қосу болмаса, онда ол кісі Алланың қалауында болады, қаласа оның күнәсін кешеді, қаласы оны сол ісі үшін жазалайды[9]», – деп тәпсірлеген. Яғни, ширктен басқа кез келген күнәні істеген адам кәпір болмайды. Себебі, ол кәпір болып өлсе, Алла оны ешқашан кешірмейді. Сондықтан да парыз амалды орындамаған немесе күнә амал істеген кісіні әһлу сүннет күнәһар немесе пасық, дейді, алайда оны кәпір демейді.

  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Адам мен күпірліктің арасында намазды тәрік етуден басқа ешнәрсе жоқ», «Кім намазды әдейі тәрік етсе, кәпір болады» деген және т.б. хадистеріне келсек, имам Матуридидің ақидасын түсіндірген ашғари ақидасының өкілі, шәфиғи ғалым Тажуддин әс-Субки бұл хадистерден намазды жалқаулықпен оқымаған адам кәпір болады деп түсінуге болмайтынын айтады[10].

  Имам Муслимнің «әс-Сахих» атты еңбегіндегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адам мен ширк, күпірліктің арасында намазды тәрік ету бар» деген хадисін Имам ән-Науауи былай түсіндірген: «Намазды тәрік еткен кісіге келсек, егер ол намаздың парыздығын жоққа шығарса, бүкіл мұсылман ғұламалардың бірауыздан келісімімен ол Ислам дінінен шыққан кәпір болады. Егер Исламды жақында қабылдап, намаздың парыздығы жайлы мәлімет оған жететіндей уақыт мұсылмандармен араласа қоймаған болса, онда кәпір болмайды. Ал егер намаздың парыз екеніне сеніп, көптеген адамдар сияқты жалқаулықпен орындамай жүрсе, бұған байланысты ғұламалардың пікір қайшылықтары бар. Имам Малик, Шафиғи (Алла ол екеуін өз рақымына бөлегей) және сәләф (ілгерідегі) пен хәләф (кейінгі) ғұламаларының басым көпшілігі мұндай адам кәпір болмайды, пасық (күнәһар) болады, тәубе етуге шақырылады, деген көзқараста. (Әбу Ханифа мен шәкірттері де осы пікірде. – автор). Сәләфтан бір топ кісі мұндай адам кәпір болады, деген пікірді ұстанған»[11].

  Әйгілі ханбали ғалымы Ибн Қудама әл-Мақдиси ханбали мәзһабы мен қоса басқа да мәзһабтардың діни көзқарастарын қамтыған өзінің қомақты салыстырмалы фиқһ кітабы – «әл-Муғни» атты еңбегінде намазды тәрік еткен кісі жайлы діни шешім төңірегінде түрлі пікірлерді келтіріп, мәселеге қатысты өз мәзһабының ұстанымын былай жеткізеді: «…Екінші риуаят: Намазды тәрік еткен кісінің мұсылман екеніне шешім шығарылады, әрі ол хад (шариғат тарапынан белгіленген) жазасымен өлтіріледі. (Ханафи мәзһабында шариғатпен басқарылатын елдің өзінде намаз оқымаған кісі өлім жазасына кесілмейді. – автор) …Бұл (оның мұсылман екені туралы) пікірді Әбу Абдилла ибн Батта дұрыс деп таңдап, намаз оқымаған кәпір болады, дегендерге қарсы жауап берген. Әрі ол кісі мәзһаптың ұстанымы осы екенін айтқан» – деп, ханбали мәзһабында намаз оқымаған адамның кәпір болмайтынын түсіндіргеннен кейін – «Намаз оқымаған кісіге жаназа оқылатынына байланысты мұсылман ғұламалардың бірауыздан келісімі бар. Себебі, намаз оқымайтындар қанша көп болса да, қай ғасырда да намаз оқымаған кісі жуындырылмаған, жаназасы шықпаған, мұсылман зиратына жерленбеген, мұрагерлері оның дүниесінен шеттетілген, өзі де туысының мұрасын ала алмаған, ерлі-зайыптының бірі намаз оқымаса, ажырастырылады, дегенді біз білген емеспіз. Егер ол кәпір болса, міндетті түрде бұл үкімдердің барлығы орындалар еді. Сондай-ақ, намазын тәрік еткен кісі қазаларын өтеуге міндеттеледі, бұл мәселеде талас жоқ. Егер ол діннен шыққан муртад болса, оның намаз бен ораза қазаларын өтеуі уәжіп болмас еді. Ал жоғарыдағы (намаз оқымағанның кәпір болатынын меңзейтін) хадистер күшейтпелі шыраймен, ондай адамды кәпірге балап айтылған. Ол сөздер тікелей мәнде емес[12]», – дейді.

  Демек намаз оқымаған адамның кәпір болмайтынына төрт мәзһаб келіскен. Алайда, шариғатта намаз оқымау – үлкен күнә. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла пенделерге бес уақыт намазды парыз етті. Кім де кім ол намаздарға немқұрайлылық танытпай, кемітпей өтесе, Алланың оны жәннатқа кіргізетініне уәдесі бар. Кім ол намаздарды өтемесе, оған Алланың уәдесі жоқ, қаласа оны азаптайды, қаласа оны жәннатқа кіргізеді»[13] – деген.

Шымкент қаласы орталық мешіті

[1] Әкмалуддин Мухаммад ибн Мухаммад әл-Бабирти әл-Ханафи, «Шарху уасиятил-Имами Әби Ханифа», 50-бет және 141-бет. Дарул-фатх баспасы, 2009 жыл. Тахқиқ (кітаптың қолжазба нұсқаларын зерделеу), тахриж (кітаптағы хадистердің қайнар көздерін көрсету) және тағлиқ (қосымша мәлімет қосу) жұмысын жасағандар – Мухаммад әл-Аиди мен Хамза әл-Бәкри.

[2] Абдулғани әл-Ғунайми әл-Майдани әл-Ханафи әд-Димашқи, «Шархул-ақидатит-Тахауия», 220-бет. Баспаға әзірлеген Камил Ахмад Камил әл-Хусайни. Дарул-Басаир баспасы, Каир, 2009 жыл.

[3] Абдулғани әл-Ғунайми әл-Майдани әл-Ханафи әд-Димашқи, «Шархул-ақидатит-Тахауия», 126-бет. Баспаға әзірлеген Камил Ахмад Камил әл-Хусайни. Дарул-Басаир баспасы, Каир, 2009 жыл.

[4] Әбу Нуайм, «әл-Хиля», 1/140.

[5] Тажуддин Әбу Наср Абдулуаһһаб ибн Али ибн Абдилкафи әс-Субки, «әс-Сәйфул-машһур фи шархи ақидати Әби Мансур», 49-бет. Тахқиқ (кітаптың қолжазба нұсқаларын зерделеу) жұмысын жасаған ғылым докторы, профессор Мустафа Саим Йепрем. «Мармара» университеті, «Иләһият» факультеті қайырымдылық қоры баспасы, Стамбул, 2000 жыл.

[6] Әкмалуддин Мухаммад ибн Мухаммад әл-Бабирти әл-Ханафи, «Шарху уасиятил-Имами Әби Ханифа», 74-бет және 142-бет. Дарул-фатх баспасы, 2009 жыл. Тахқиқ (кітаптың қолжазба нұсқаларын зерделеу), тахриж (кітаптағы хадистердің қайнар көздерін көрсету) және тағлиқ (қосымша мәлімет қосу) жұмысын жасағандар – Мухаммад әл-Аиди мен Хамза әл-Бәкри.

[7] Ахмад ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани, «Фатхул-Бари», І том, 61-бет. Даруд-Дайян лит-турас баспасы, Каир, 1986 жыл.

[8] «Ниса» сүресі, 48-аят.

[9] Әбу Жағфар Мухаммад ибн Жарир әт-Табари, «Жамиул-баян ан тәъуили әәил-Қуран» (Тәфсирут-Табари), ҮІІ том, 123-бет. Тахқиқ (кітаптың қолжазба нұсқаларын зерделеу) жұмысын жасаған – ғылым докторы Абдулла ибн Абдилмухсин әт-Турки. Муәссәсәтур-Рисәлә баспасы, 2003 жыл.

[10] Қараңыз: Тажуддин Әбу Наср Абдулуаһһаб ибн Али ибн Абдилкафи әс-Субки, «әс-Сәйфул-машһур фи шархи ақидати Әби Мансур», 49-бет. Тахқиқ (кітаптың қолжазба нұсқаларын зерделеу) жұмысын жасаған ғылым докторы, профессор Мустафа Саим Йепрем. «Мармара» университеті, «Иләһият» факультеті қайырымдылық қоры баспасы, Стамбул, 2000 жыл.

[11] Мухиддин Әбу Зәкәрия Яхия ибн Шараф ибн Мурри ән-Науауи, «әл-Минһәж фи шархи Сахихи Муслим ибн әл-Хажжаж» (Шархун-Науауи алә Муслим), 144-бет. Байтул-афкарид-даулия баспасы, Үлкен бір томды басылым. Басылған жері мен жылын көре алмадық.

[12] Ибн Қудама әл-Мақдиси, «әл-Муғни», 441-бет. Байтул-афкарид-даулия баспасы, Үлкен бір томды басылым. Ливан, 2004 жыл.

[13] Имам Малик «Муатта» кітабында келтірген.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38