Егер Алла Тағала өзіңе шайпау мінезді әйел арқылы сынақ жіберсе, оған сабыр етуге тырыс. Сабырыңды ақырет күнінің таразысына салынар жақсылық амалдарыңнан деп біл! Ол үшін дұға етіп, Раббыңнан жұбайыңды жақсылыққа, ынсапқа бағыттайтын жол сұра. Жанұяңның шырқының бұзылуынан, балаларды үйсіз, әкесіз не анасыз етуден сақтан!
Салих (көркем сипатты, түзу сынды, тақуа) адамдардан болған бір кісі кесірлі, мінезі нашар әйелге үйленіп, оның мінезіне сабыр етумен болады. Адамдар одан: “Неліктен оны талақ етіп, ажыраспайсың?” – деп сұрайды. Сонда ол: “Егер ажырасар болсам, әйелімнің нашар мінезіне сабыр ете алмайтын бір кісінің оған үйленіп, зәбір шегуінен қорқамын,” – деп жауап береді.
Бір кісі өзі жайында: “Әйеліммен қырық жыл ғұмыр кешірдім. Оның көңілі көтеріңкі, жайдары жүзін тіпті бір күн де көрмедім. Оған үйленген алғашқы күннен-ақ өз халімнің жақсы болмайтынын ұқтым. Оның әрбір теріс ісіне, нашар мінез-құлқына сабыр еттім. Ол сабырымды ақыретім үшін жақсылық сауапты іске баладым. Сол себептен Алла маған жүріс-тұрысы түзу, игі ұл-қыздар сыйлады. Ал, әйелімнің мінезі үшін оған көңілімнің бұрылмауы менің білім, ал ғылыммен айналасуыма себеп болды. Соның арқасында көптеген ғылыми кітаптар жазып қалдырдым. Сол кітаптардың адамдар пайдаланатын білімнен болып, ақыретім үшін тоқтаусыз сауап әкелетін садақа жария (кісі қайтыс болған соң да тоқтаусыз жалғаса беретін садақа түрі) болуын қалаймын. Әйеліме деген көңілімнің сууы айналамдағы халықпен етене араласып, жұртшылыққа пайдалы істер атқаруыма жол ашты. Ал, басқа әйелге үйленгенімде, мұншама кітап жазып, игі істер атқаруға мүмкіндігім болмас па еді, бәлкім? …” – дейді.
Шымкент қаласы орталық мешіті