Барша ғаламды жоқтан бар етуші, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп еткен және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын.
Жаратушы Иеміздің соңғы Елшісі ,сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын.) және оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.
Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы.
Рамазан айы барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі.
Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тиылу қажет.
Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту.
Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі.
Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген:
“Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер.” “Бақара “ сүресі, 183 аят.
Пайғамбарымыз Мухаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мыны хадисінде:
“Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді”,деген .(Имам Бухари).
Салман Фариси атты сахаба ( оған Алла разы болсын) былай дейді:
“Алла Елшісі Мухаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді:
“Ей, адамдар!
Ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті.
Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар.
Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз етті, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды.
Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады.
Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы.
Сабырдың қайтарымы – жұмақ.
Бұл ай – жәрдемдесу айы.
Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай.
Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады.
Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады”, деді.
Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін Мұсылман адам барын салады.
Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік.
Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет.
Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді.
Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю.
Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі, өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрары ақиқат.
Сондықтан, ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады.
Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәфсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі.
Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәфсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді.
Нәфсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ.
Біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық, ағайын!
Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, жұмақ қақпаларынан жүзіміз жарқын болып кіруді нәсіп еткей!
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан мүбарак Рамазан айын және ұлық Қадір түнін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Шымкент қаласы, Қаратау аудандық “Байғұт баба” мешітінің найб имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков.