Әлемдерді жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарымызға көптеген салауат пен салемдер болсын.
Қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігіне де аман-есен жетіп отырмыз. Жаратқан Алла ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Қасиетті ай бар.
Ол – Рамазан айы. Қасиетті күн бар.
Ол – жұма күні, Арафа күні.
Қасиетті уақыт бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт. Қасиетті түн бар. Ол – мың айдан да қайырлы Қадір түні.
Қадір түні басқа түндермен салыстырғанда ерекше түн.
Бұл түнде Жаратушы Иеміздің пенделеріне берер сыйы да мол.
Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді.
Сол себепті, мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Сондай-ақ мұсылман қауымының Қадір түнін күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау.
Себебі, Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады.
Қадір түнінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)біздердей үмметіне берілуінің де өзіндік үлкен сыры бар.
Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зәкәрия, Хазқил ибн Ажуз және Иуша ибн Нұн атты төрт адамның Аллаға сексен жыл тоқтаусыз ғибадат жасағандығын айтады.
Оны естіп отырған сахабалар таңдай қағысады. Осы сәтте, Жебірейіл періште Пайғамбарымызға келіп:
“Уа, Мұхаммед!
Үмметің әлгілердің сексен жыл құлшылық жасағандарына таңданысып жатыр ма? Алла үмметіңе одан да қайырлысын нәсіп етті”, деп.
“Расында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадыр түнінің не екенін білесің бе. Қадыр түні мың айдан да қайырлы”, деген аятты оқиды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)аталмыш аятты сахабаларға оқып берген кезде олардың қуанышында шек болмайды”.
Сауап амалдарымыздың осындай дәрежеде еселенетініне және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)үмметі болғанымызға шүкірлік етуіміз керек. Осылайша бір түнде атқаратын ізгі амалдарымыздың сауабы сексен жылдан артық сауапқа жазылады.
Ғалымдарымыз қасиетті Қадір түнін “Тағдыр” түні деп те айтқан.
Өйткені ол түні пенденің тағдыры айқындалады, келесі жылғы тағдыры жазылады дегендер де бар.
Тағдыр дегеніміз – “қадар”деген сөзден шыққан.
“Бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу, өлшеу”, деген мағынаны білдіреді.
Ал, шариғат термині бойынша Алла Тағаланың барлық нәрсені жаратпастан бұрын шексіз ілімі арқылы егжей-тегжейіне дейін білуін және оларды белгілі бір өлшемге қарай реттеуін, жүйелеуін, арнайы белгілеуін “тағдыр”, дейміз.
Сахаба Омар (Алла оған разы болсын) тағдырдың өзгеруі үшін үнемі Алла Тағалаға былай деп дұға етеді екен:
“Уа, Алла!
Егер есімімді жамандар арасында жазған болсаң, атымды ол жерден өшіруіңді сұраймын.
Ал егер бақыттылар қатарында жазған болсаң, сол жерде берік ете гөр. Өйткені Сен қалағанын өшіресің, қалағанын қалдырасың. Сенің бұл сөзің рас.”
Сондықтан қасиетті Қадір түнінде көптеп дұға сұрап, тағдырымыздың жақсылыққа өзгеретіндігіне үміт етуіміз керек.
Қорыта айтқанда, Алла Тағала біздерге қасиетті Қадір түнінің мол сауабын алуды және сол түннің қасиеті мен кем-қателіктерімізді кешіруді нәсіп етсін.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әр шаңыраққа бақытты-баянды ғұмыр, ырыс-несібе тілейміз. Дұғаларымыз қабыл болсын, ағайын .Әмин!
Шымкент қаласы, Қаратау аудандық “Байғұт баба” мешітінің Найб Имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков.