Ибраһимнің баласы Исмайлды Мекке ойпатына апаруы
Ажарда ұл туғаннан кейін мақтаныш пайда болды. Бұл Сараға ауыр тиді, жүрегінде қызғаныш оянды. Сөйтіп, Сара бұған шыдай алмай Ибраһимнен Ажар мен баласы Исмайлды көз көрмес жерге апарып тастауды талап етті. Ибраһим Сараның өтінішін орындауға уәде берді. Алла оның берген уәдесін қолдап, Ибраһимге Ажар мен Исмайлды Мекке жаққа алып баруға уахи жіберді. Исмайл емшектегі бала болатын. Ибраһим Алланың қалауын орындау үшін баласы Исмайл мен анасы Ажарды алып жолға шықты. Алла бұйырған жерге жеткенше жүре берді. Кейін «Байтул Харам» тұрғызылатын бұл жер ол уақытта адам мекендемейтін шөл дала болатын. Ибраһим ол екеуін айдалада қалдырып, кері қайтуға бет алды. Оның артынан Ажардың тұла бойын қорқыныш билеп: «Бізді тастап қайда кетіп бара жатырсың? Бұл қорқынышты шөлді жерде бізді кімге сеніп тастамақшысың?» -деп сұрады. Ол үндемеген қалпы кетіп бара жатты. Сол кезде Ажар: «Мұны саған Алла бұйырды ма?» – деп қайта сұрады. Ибраһим: «Иә», – деп жауап берді. «Олай болса бізді Алла өзі сақтайды», – деп Ажар бұрынғы орнына қайтып келді. Ибраһим әйелі мен баласын қалдырып кетіп бара жатқанына қатты күйзелді. Бірақ Алланың қалауы оның қалауынан басым болғандықтан да сабыр етіп, тек Тәңіріне жалынып-жалбарынып дұға етумен болды. Ол сөздер Құранда былай келтірілген.
«Тәңірім! (Саған ғибадат қылсын деп) ұрпағымның бір бөлігін және зайыбымды сенің қасиетті үйіңнің (Меккенің) төңірегіндегі егін салынбаған бір алқапқа орналастырдым. О, Тәңірім! Кейбіреулердің назарын (жүректерін) енді соларға бұр. Түрлі жемістермен ризық бер, соларға қарап шүкіршілік ететін болсын» (Ибраһим сүресі, 37-аят).
«Тәңірім! Біздің құпиямызды да, әшкере ісімізді де Сен біліп тұрсың. Жер-көктегі еш нәрсе Саған жасырын емес» (Ибраһим сүресі, 38-аят).
«Ей, Тәңірім! Бауыр етім баламды ай далада қалдырып барамын. Біреулердің жүректерін оларға қарай бұра гөр. Оларға мейірім шапағат ет, оларға ризық бер. Сол ризығыңа олар шүкіршілік етсін. Тәңірім, шынында сен біздің жасырын да, ашық та істерімізді білесің, оған ешқандай күмән жоқ. Менің әйелім мен баламды тастап, қападан ішімнің от болып жанып бара жатқанын да жақсы білесің. Жер мен көкте саған жасырын бір нәрсе жоқ. Біздің көзімізге шалынбайтын майда ұсақ нәрсенің өзі саған күн мен айдай ашық», – деп Аллаға жан күйзелісін ақтарды.
Зәмзәм бұлағының суы
Ажар Алланың әміріне сабырлылықпен бойсұнып, екеуіне Ибраһим қалдырып кеткен тамақты ішіп-жеп жүріп жатты. Ақыры ол да таусылып, өзі де, баласы да шөлдей бастады. Су іздеп төңірекке көз салғанымен еш нәрсе көре алмады. Сөйтіп, олай-бұлай жүгіріп су іздеуге кірісті. Әс-Сафа деген биік жерге шығып қарап та ештеңе көрмеді. Содан соң одан төменге түсіп, екінші бір төбеге көтерілді. Бұл Әл-Мәруа деп аталатын жер еді. Бұл жерден де көзіне ештеңе ілінбеді. Сөйтіп, Әс-Сафа мен Әл-Мәруа тауына жеті рет шығып-түсті. Бәрібір су таба алмай діңкесі құрып отырғанда Исмайл жылап жер тепкілеп, оның өкшесі тиген жерден су шықты. Сол зәмзәм судан Ажар қанғанынша ішіп, баласына да берді. Су шыққан соң ол жерге құстар да келе бастады. Журһум деген қауым осы мекеннің жанынан өтіп жүреді екен. Құстарды байқаған олар келіп қарап Ажарды көріп, одан осында қалуға рұқсат сұрады. Ажар оларды жылы жүзбен қабылдап, қуана келісті. Сөйтіп, олар Ажардың жанында көрші болып тұрып қалды. Исмайл жігіттік дәуірге де жетті. Журһумиялық әйелге үйленді. Олардан арабша үйренді. Ажар анамыздың сол кездегі Әс-Сафа тауы мен Әл-Мәруа тауының арасында жеті рет жүгіргені бүгінде біздерге хаж, умра шарттарының бірі болып қалып отыр.
«Сафа және Мәруада жүру – Тәңірі жазған жоралғы. Хажға және ғумраға (кіші хаж жасауға) келгендер осында (Сафа, Мәруаға) соғып, жоралғы жасаса, оның артықтығы жоқ. Кімде-кім бір ізгілік жасайды екен, Алла одан дән риза және оны жақсы біледі» (Бақара сүресі, 158-аят).
Исмайлды құрбандыққа шалу
Ибраһим баласы Исмайлды Меккеге тастап кеткенімен оны мүлде ұмытқан жоқ. Жүрсе де, тұрса да оны ойлаумен болды. Кейін барып-келіп тұратын жағдайға жетті. Бір жолы Ибраһим түс көрді. Алла оған баласы Исмайлды құрбандыққа шалуды бұйырды. Пайғамбарлар үшін көрген түс Алладан келген уахи деп саналатын. Сондықтан Ибраһим Алланың әмірін орындауға бел буды. Алайда туған перзентін құрбандық ету оңай емес еді. Бұл туралы Құран бізге былай баяндайды.
«Мен өз Тәңіріме барамын, (ол) тура жолға бастайды», – деді (Ибраһим)» (Саффат сүресі, 99-аят).
«О, Тәңірім, маған жақсы бір перзент бер!» (Саффат сүресі, 100-аят).
«Біз өте бір инабатты ұл беретін хабармен қуандырдық» (Саффат сүресі, 101-аят).
«Сол бала (Ибраһимнің) керегіне жараған шақта оған: «Ей, ұлым! Мен сені бауыздап, құрбандыққа шалатын түс көрдім. Ойлан, сонсоң пікіріңді айт», – деді. «Ей, әке! – деді ұлы. – Өзіңе не бұйырылса, соны орында, Құдай бұйырып тұрса, мені соған көнеді деп біл» (Саффат сүресі, 102-аят).
«(Бұйрыққа) екеуі де бой ұсынды. Ибраһим ұлын (бауыздауға) кірісе бастады» (Саффат сүресі, 103-аят).
«Ей, Ибраһим! – деп үн қаттық Біз сонда. – Түсіңді іске асырдың. Біз жақсы іс жасағандарды, анығында, былайша сыйлаймыз» (Саффат сүресі, 104-105-аяттар).
«Бұл (сен үшін) айқын сынау еді» (Саффат сүресі, 106-аят).
«Сөйтіп, Біз баланың орнына үлкен бір құрбандық бердік (қошқар)» (Саффат сүресі, 107-аят).
«Осылайша біз кейінгілер: «Ибраһимге сәлем!» деп жүретін даңқ қалдырдық» (Саффат сүресі, 108-109-аяттар).
«Ізгілік жасағандарды Біз осылай кенелтеміз. Ал, ол Біздің нағыз мүмин пенделеріміздің бірі еді» (Саффат сүресі, 110-111-аяттар).
«Оған Біз әрі пайғамбар, әрі жақсылардың қатарында болатын Ысқақты сыйлап, қуанышқа бөледік» (Саффат сүресі, 112-аят).
Бұл аяттардан Алланың Ибраһимнің тілегін орындап ізгі ұл бергенін, оның ер жетіп, тіршілікке жарағанын, сол уақытта Алланың Исмайлды құрбан етуге әмір бергенін, бұған Ибраһимнің де, Исмайлдың да мойынсұнғанын көреміз. Исмайл әкесінен тек көңілі бұзылмас үшін көзіне қарамауын, жаны қиналмас үшін пышағының өткір болуын ғана өтінеді. Ибраһим баласын жатқызып, бауыздау үшін пышағын тартқанда ол өтпей қояды. Сол кезде оған Алладан әмір келіп, оны тоқтатып, мұның оларға жасалған сынақ екені, баласының орнына құрбандыққа қошқар түсірілгені білдіріледі. Бұдан Ибраһимнің Алланың қандай әмірін болса да орындауға даяр, иманының берік екені көрінеді.
Бауыздалған шынында кім?
Құран құрбандыққа шалынуға бұйрылған Исмайл екендігін айтады. Қиссада аталатын да Исмайл. Сонан соң Алла Ибраһимді екінші рет Ысқақ атты баламен қуантады. Бірақ бұл құрбандық оқиғасынан кейін болған. Алла Ибраһимге Ысқақты осы сынақтан соң берген. Еврейлер құрбандыққа шалынған Ысқақ деп есептейді. Сифруттаквинде (22-бөлім, 2-тарау) Тәңір Ибраһимге сүйікті жалғыз балаңды Ысқақты Мурия жеріне алып бар деген дейді. Имам ибн Касир бұл ойдан қосылған деп санайды. Себебі Ысқақ жалғыз да емес, тұңғыш та емес еді. Шындығында ол кезде Ибраһимнің тұңғышы да, жалғызы да Исмайл болатын. Еврейлер арабтарды көре алмағандықтан бұл сөзді әдейі қосқан дейді. Расында да Исмайл Хижазда тұратын арабтардың атасы, ал Ысқақ Жақыптың әкесі. Жақыптың лақап аты Исрайл. Осы Жақыптан он екі ата ру еврейлер тараған. Қазіргі мемлекеттің аты да сол Исрайлдың атымен аталуда.
Ибраһим және Исмайлдың әйелі
Бір күні Ибраһим Меккеге келіп, баласы Исмайлдың үйін көріп, хал-жағдайын біле кетпек болды. Келсе Исмайл үйінде жоқ екен. Ал, әйелі қайын атасы Ибраһимді танымайтын еді. Ибраһим келінінен Исмайлдың қайда екенін сұрады. Келіні оның аң аулауға кеткенін айтты. Содан соң Ибраһим олардың жағдайын сұрады. Сонда ол Ибраһимге жағдайларының жамандығын, үйлерінде еш нәрсе жоқтығын, бір нәрсе де табылмайтынын айтып сарнап қоя берді. Әйелдің именбей безірейіп тұруына, ілтипатсыздығына, сараңдығына Ибраһимнің көңілі толмай, ұлының онымен ажырасқаны дұрыс деген ойға келді. Сөйтіп, Ибраһим әйелге Исмайл келген соң оған өзінің есігінің босағасын ауыстырсын деген сәлемін жеткізуді тапсырды. Ибраһим шығып кетсімен іле-шала үйіне Исмайл келді. Әкесінің исін сезіп, әйелінен үйге біреу келді ме деп сұрады. Әйелі бір қарт кісінің келгенін айтып, түр-түсін сипаттап берді. Исмайл: «Маған сәлем айтқан жоқ па?» – деп сұрады. Әйелі Ибраһимнің сөзін жеткізді. Исмайл келген кісінің әкесі екенін, әйелімен ажырасуға кеңес беріп кеткенін түсінді. Сөйтіп, ол әйелін қоя беріп, екінші бір әйелге үйленді. Арада біраз уақыт өткенде Ибраһим баласын іздеп екінші рет келді. Алайда оны үйінен тағы таппады. Бірақ Исмайлдың жаңадан үйленген әйелі Ибраһимді ізет-құрметпен, ашық көңілмен қарсы алды. Ибраһим әдеттегідей олардың қал-жағдайын сұрады. Ол әйел: «Аллаға шүкір, өте жақсы тұрамыз, барлық нәрсе мол, жеткілікті», – деп жауап берді. Оны естіген Ибраһимнің көңілі жайланып: «Еріңе үйінің босағасы бекемделіпті деген сәлемімді жеткіз», – деп жүріп кетті. Исмайл кешке үйіне оралғанда әйелі оған бір қарт кісінің келіп кеткенін айтып, оны сипаттап берді және сәлемін жеткізді. Сонда Исмайл әйеліне ол кісінің әкесі екенін, бұл әйелді жақсы ұстауды бұйырғанын айтты. Ол әйел Исмайлмен бірге өмір кешіп, балаларының анасы болды.
Ибраһим мен Исмайлдың Қағбаны тұрғызуы
Ибраһим баласынан біраз уақыт алыста тұрды. Кейін Алла оған Меккеде Қағбаны тұрғызуды бұйырды. Ол Аллаға ғибадат қылатын әлемдегі бірінші үй болуы тиіс еді. Содан Ибраһим баласы Исмайлды іздеп барып, оны Зәмзәм бұлағының басынан тапты. Бір-бірін көп жыл көрмеген әке мен бала қуанышпен қайта қауышты. Ибраһим баласына Алланың оған құлшылық үйін тұрғызуды бұйырғанын айтты. Исмайл әкесіне бұл ұлы іске жәрдем беретінін білдірді. Әкелі-балалы екеуі тас тасып, құрылысты бастап кетті. Ибраһим баласына адамдарға ереше белгі болып бұрышта тұратын бір тас керектігін айтты. Исмайл ол тасты іздеп жүргенде Жебірейіл періште оған қара тастан хабар берді. Екеуі Аллаға дұға жасап, тілек тілеп, қара тасты бұрышқа қойды (қазіргі кезде қажылыққа барған адамдардың қасиеттеп сүйіп жүргені осы тас). Құрылыс биіктей келе Ибраһим аяғының астына тас қойып, Қағбаның қабырғаларын қалап шықты. Бұл тасты «мақамы Ибраһим» (Ибраһим тұрған тас) деп атайды. Омар ибн Хаттабтың заманына дейін ол тас қабырғамен жапсарласып тұратын. Ғибадат қылушыларға кедергі келтірмеуі үшін Омар оны қабырғадан төрт-бес қадамдай ары жылжытқан. Құранда Қағбаның құрылысы былай баяндалады.
«Кезінде үйді (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекені етіп бердік. Тәуап қылушылар, ғибадат етушілер, бас иіп, сәжде жасайтындар үшін менің үйімді (Қағбаны) ғана ұстауды Ибраһим мен Исмайл екеуіне тапсырдық» (Бақара сүресі, 125-аят).
«Иә, Тәңірім! Осынау бір қасиетті жайды тыныштық мекені ете гөр! Ондағы халықтан кімде – кім Аллаға иман келтірсе және қиямет күніне сенсе, оларды түрлі жемістермен жарылқа», – деп тіледі Ибраһим. «Тіпті күпірлік келтіргендердің өзін де уақытша пайдаланудан қақпаймын. Бірақ кейін оларды тозаққа түсуге мәжбүр етемін», – деді (Алла). Неткен сұмдық тағдыр еді деші!» (Бақара сүресі, 126-аят).
Бұл аяттардан Алланың Байтул харамды адамдар ғибадат үшін келетін, қауіптен аман болатын тыныш орынға айналдырғаны көрінеді. Харамға кірген адамға азар беруге, зорлық- зомбылық көрсетуге, артық сөз, тартыс-талас, ұрыс-керіс жасауға тыйым салынады. Ал, адамдар Ибраһимнің аяғының астына қойылған тас – «Мақам Ибраһимді» де қасиеттеп, құрметтейді. Қағбаның барлық айналасы харам делінеді. Алла Ибраһим мен Исмайлға ол жерді адамдардың тәуап жасаулары, Қағбаны айналып жүрулері, еңкейіп, сәжде жасаулары үшін жаман нәрселерден, ыбырсықтан, пұттардан т.б. ластықтардан тазартуды бұйырды. Ол екеуі Тәңірінен бұл жерде мүминдерге ризық болуын, оның қиямет күніне дейін үзілмеуін тілеп дұға етті. Алла олардың дұғасын қабыл етіп, мүъминдерге ризық беретінін, ал кәпірлердің бұл дүниедегі күпірліктері үшін ризықтарын тежеп, қыспайтындығын, бірақ қиямет күні тозақ азабына түсіретінін білдірді. Ал, кімде-кім Қағбаға шабуыл жасар болса, Алла оның жазасын береді, көзін жояды.
Ибраһимнің ерекшеліктері
Құран мен Тауратты салыстырар болсақ, Ибраһимге байланысты екеуінің арасындағы біраз айырмашылықты көруге болады. Көне өсиетте Ибраһимнің өміріндегі көшіп-қону сияқты жағдайларға ғана көңіл бөлінген. Ал, Құран Кәрім Ибраһимның өміріне айырықша назар аударған. Оның иманы, пұтқа табынушылыққа қарсы күресі, Алла жолындағы жиһады, Оны мадақтауы, тақуалығы сияқты қасиеттері Көне өсиеттен гөрі Құранда көбірек айтылған. Ибраһим адамдарды Алланың жолына шақырудан еш жалықпады, дағуасын дәлелді сөздермен жеткізді. Ибраһимнің осындай дәрежесін Алладан түскен кітаптардың бәрінен көруге болады.
Ибраһимнің алатын орны
«Ибраһим нағыз діндар басшы, Тәңіріне тәнті болған жан еді. Ол көпқұдайшылдар қатарына тіпті де қосылмаған» (Нахыл сүресі, 120-аят).
«Құдай бергенді қанағат ететін еді. Оны Алла (пайғамбарлыққа) таңдап, тура жолға бастады» (Нахыл сүресі, 121-аят).
«Оған біз дүниенің жақсылығын сыйладық, ол дүниеде де жақсылар қатарында болары даусыз» (Нахыл сүресі, 122-аят).
Алла Ибраһимді мүшриктерден болмаған нағыз таза адам ретінде сипаттайды. Ол -адамдарды Алланың жолына біріктіруші, Аллаға ынтысымен берілген, Алланың берген нығметтеріне шексіз шүкірлік ететін қанағатшыл, Жаратушыға бой ұсынған, бұйырғанының бәрін орындауға тырысатын адам. Алла оны жамандықтан аулақтатып, тура жолға бастады, хақ жолда жүруді нәсіп етті. Оны дүниедегі жақсылықтарға қоса ахиретте де салихтардың, жәннат сыйына бөленетіндердің қатарында болатынынан хабардар етті.
«Ибраһимге Тәңірі бірнеше пәрмен жіберіп, оны сынап көрді (ауыз шайқау, мұрынға су алу, тіс тазарту, мұрт басу, шашын жарып тарау, тырнақ алу, қолтық жүнін өсірмеу, күнтимес жерді қыру, сүндетке отыру, ұлжарықтан соң сүртініп тазару). Оның бәрін Ибраһим орындады. Сонан соң Алла: «Мен сені бар адамға үлгі, өнеге етемін» – деді». – «Менің ұрпақтарымды да өнеге болардай етсең», – деп өтінді Ибраһим. – «Залымдар менің сеніміме кіре алмайды, – деді Алла» (Бақара сүресі, 124-аят).
Алла бізге Ибраһимнің шариғат істерін, оның бұйрықтарын бұлжытпай орындағанын, тыйым салынған нәрселерден тыйылғанын, Хақ жолындағы міндеттелген уәжіптерді де орын-орынымен атқарғанын көрсетеді.
Тәңірі оған: «Мен сені адамдар үлгі, өнеге алатындай басшы – имам етемін, олар саған еретін, соңыңнан жүретін болады»,- деді. Сол кезде Ибраһим Тәңірінен: «Кейбір ұрпақтарымды сол сияқты басқарушылардан ет», – деп өтінді. Сонда Алла оған: «Залымдар имамдыққа жете алмайды, имам да бола алмайды», – деп жауап берді. Алланың бұл сөзінен болашақта ұрпақтардан жақсылар да, бұзық залымдар да шығатыны, олардың имам бола алмайтыны және оларға еруге де болмайтыны айқын көрінеді. Құранның сипаттауынша, залымдар – Алланың белгілеген шегінен шығып, басқыншылық, жауыздық етуден тайынбайтындар. Сондықтан Алла барлық халықтың олардан аулақ болуын, олардан тәлім алмауын қалайды.
«Кімде-кім Алла жіберген аяттарды тұтынбаса, олар – кәпір (Маъида сүресі, 44-аят).
«Кітаптағы Ибраһим оқиғасын да есіңе ал. Ол шын мәнінде өте турашыл пайғамбар болды (Мәриям сүресі, 41-аят).
Алла осы аят арқылы Мұхаммед (с.ғ.с.) қауымына Ибраһимді мысал, үлгі етіп отыр. Өйткені ол жаратылысынан шыншыл, опалы, айтқан сөзінде тұратын, аманатқа қиянат етпейтін, Тәңірінің бұйрығының бәрін де бұлжытпай орындайтын адам. Сондықтан да Құранда айтылғандай, Алла Ибраһимді дос тұтты. Себебі оның Аллаға деген махаббаты кіршіксіз еді.
Ибраһимнің дұғасы
Исламда дұға ғибадаттың миы деп танылады. Әрбір ғибадат дұғадан тұрады және дұғамен аяқталады. Дұға – иманның бірінші көрінісі. Адам ғибадат, құлшылық етіп болған соң Аллаға жалынып-жалбарынып тілек тілейді, дұғамен аяқтайды. Адамның ісі оның жасаған дұғасына, яғни материалдық байлық па, әлде рухани азық па – не сұрайтынына байланысты. Құрандағы Ибраһимнің тілімен айтылатын дұғадан Ибраһимнің рухының жоғарылығын, оның Тәңірінің сүйіктісіне айналғанын көруге болады. Өйткені оның дұғаларында дүние, байлық талап ету жоқ. Ол дұға – нағыз мүъминнің дұғасы. Адамның жақсы-жаманды, үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты ойы, нені қандай мақсатта тілеп отырғаны Аллаға аян. Сондықтан иманның дәмін татқан адам иманын одан да арттырғысы келе береді. Оның мысалын Ибраһимнің дұғаларынан көруге болады.
«О, Тәңірім! Маған даналық бер, мені игі жандардың қатарына қоса гөр» (Шуара сүресі, 83-аят).
«Мені кейінгі ұрпақтарға (солардың тілінде) нағыз үлгі ет» (Шуара сүресі, 84-аят).
«Рахаты мол жәннаттың мұрагері ет!» (Шуара сүресі, 85-аят).
«Әкеме де кешірім жаса, қайырым ет. Өйткені ол адасқан адам» (Шуара сүресі, 86-аят).
«Қабірден тұратын (қиямет) күнде мені рәсуаға ұшыратпа!» (Шуара сүресі, 87-аят).
«Ол күні дәулет те, әулет те ешкімге ес қайтайды» (Шуара сүресі, 88-аят).
«Тек Тәңір алдына (күнәдан) пәк қалпында жету ғана пайдалы, жәннат тақуаларға ғана бұйырылды» (Шуара сүресі, 89-90-аяттар).
Бұл аяттардан көрініп отырғандай, Ибраһим Алладан даналық, өзінің ізгі жандар қатарында болуын, ахиретте жәннат нығметінің бұйырылуын тілеп дұға еткен. Дүние байлығын сұрамаған, қиямет күні оның еш пайда бермейтінін, Алланың азабынан қорғай алмайтынын жақсы түсінген.
«Кезінде Ибраһим мен Исмайл (ғ.с.) Қағбаның іргетасын көтеріп жатып: «Бізді естіп, бізді біліп тұрушы бір өзіңсің, Тәңірім. Біздің ниеттерімізді қабыл ет! Тәубені қабыл ететін де, ерекше мейірім иесі де бір өзіңсің, Жаратушым. Ендеше, екеуімізді де өзіңе ғана бойсұнушы ете гөр, біздің әулетімізден де өзіңе құлшылық ететін үмметтер шығара гөр, хаж ғамалдарын (жолдарын) бізге көрсетіп, тәубемізді қабыл ал! Әлемнің бәрінен ең үстем, ең дана бір өзің ғанасың. Раббым, аятыңды оқитын, кітаптарыңды және оның тағылымдарын басқаға үйрететін, сөйтіп, оларды (күнәдан) тазартатын, біздің ұрпақтарымыздың өз ішінен бір елші (пайғамбар) жібер», – деді» (Бақара сүресі, 127-129- аяттар).
Бұл дұғалардан да Исмайл екеуін Тәңірді мойындаушы етуін, жасаған ғибадат, құлшылықтарын, тәубелерін қабыл алуын, олардың ұрпақтарынан Алланың барлығын дәлелдеуші, Оның бірлігін, ұлылығын кеңінен түсіндіріп жеткізуші елші жіберуін тілегенін көреміз. Ибраһим мен Исмайлдың бұл дұғаларын Алла қабыл етіп, кейін екеуінің де ұрпақтарынан пайғамбарлар шығарды.
«Ибраһим және оған ілескен (мүминдер) сендер үшін нағыз өнеге. Кезінде олар өз қауымдарына: «Шынын айтсақ, біз сендерден де, Алла тұрғанда (оны қоя салып) шоқынып жатқан бұттарыңнан да мүлде аулақпыз. Сендермен арамыздағы өшпенділік қашан сендер Жаратқан Хаққа иман келтіргендеріңе дейін үнемі сақтала береді»,- деді. (Бұл орайда) тек Ибраһимнің өз әкесіне айтқан: «Әрине, сен үшін кешірім тілеймін, бірақ Алла жазалаймын десе, одан сені арашалай алмаймын», – деген сөзін ғана үлгі етуілеріңе болмайды. Раббымыз, – деді олар, – бір өзіңе ғана сүйендік, саған бет бұрдық, түбі қайтатын жеріміз өзіңнің алдың» (Мумтахина сүресі, 4- аят).
«Тәңіріміз! Кәпірлерді бізге зиян тигізу мүмкіндігіне ие ете көрме. О, Жасаған, бізге кеңшілік жаса, сен шын жеңімпазсың. Шын хикметтісің» (Мумтахина сүресі, 5-аят).
Осылайша Ибраһим өзінің ісін де, қиямет күнгі тағдырын да Аллаға тапсырып, іріткі салушылардан, күпірлік келтірушілерден сақтауын да Алладан сұраған.
Ибраһим – нағыз мұсылман
Исламды көп адам Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен діннің аты деп түсінеді. Ислам, мұсылман деген ат тек Мұхаммедтен (с.ғ.с.) басталады деп есептейді. Бұл сөздердің түп-төркінін іздер болсақ оны Құраннан табамыз. Құранда Алланың пайғамбарларының бәрі мұсылман делінген. Сол пайғамбарлардың басында Ибраһим тұр. Бұл туралы Құран былай дейді:
«Құдай жолында шамаларың келгенше күресіңдер. (Дінге) көмектесу үшін Алла сендерді таңдады, сонымен бірге бұл жолда ешқандай ауырлық та түсірмеді. Бұл дін -аталарың Ибраһимнің діні. Сендерді Алла бұрын-ақ (Құраннан бұрынғы кітаптардың өзінде) мұсылман деп атаған. Құранда да солай аталды. Сендерге куә болсын деп пайғамбар жіберді. Пайғамбарға куә болсын деп сендерге ықылас аударды. Намаз оқыңдар, зекет беріңдер. Құдайға қол жайыңдар. Ол – сендердің иелерің. Алла қандай керемет, қандай күшті медеткер десеңші!» (Хаж сүресі, 78-аят).
Алла Тағала елшісі Мұхаммедке былай дейді:
«Соңсоң да саған «Хаққа бейім Ибраһим дініне ілес, ол көпқұдайшыл емес» – деп аян еттік» (Нахыл сүресі, 123-аят).
Ал, енді Ислам сөзінің мағынасы не? Бұл сөз Алланың пайғамбарларының барлығына да түсінікті болған. Өйткені оның мағынасы адамның басқаға емес, тек Аллаға ғана бойсұнып берілуі, Оған бір нәрсені де серік етпеуі, Оған ғана тәуекел етіп, Одан ғана сұрап, тек Одан ғана қорқуы. Яғни, мұсылман адам Алланы, ал Алла да оны жаратылғандардың балығынан артық көріп махаббатпен сүйеді. Бір-бірін Алла үшін сүйеді, Алла үшін жек көреді, Алла үшін достасады, Алла үшін дұшпандасады. Ал, кімде-кім Алланы танымай тәкәппарлық жасаса, ол мұсылман болмайды. Исламның мағынасы, міне, осы.
«Ізгілік жасаған, бетін Аллаға бұрған адамнан, жат діннен жалтарып, Ибраһимнің дініне ілескен адамнан артық кім болмақ? Ибраһим – Алланың досы» (Ниса сүресі, 125-аят).
Мұсылман бетін Аллаға бұрады, ғибадатын ықыласпен атқарады, жақсы амалдар жасайды. Адамның рухы, жүрегі – бәрі Аллаға бағынады.
«Мен жүзімді жалған діннен ақиқи дінге бұрып, аспан мен жердің Жаратушысына қараттым. Көпдінділер қатарында мен жоқпын», – деді» (Әнғам сүресі, 79-аят).
«Өзін – өзі ақымақ еткендер болмаса, басқа кім Ибраһимның жолынан теріске бет бұрмақ? Бұл дүниеден біз оны шын таңдадық. Оның ахиретте де жақсылар қатарында боларына күмән жоқ (Бақара сүресі, 130-аят).
«(Ибраһимге) бір кезде Тәңірі «Бойсұн!» – деді. «Бүкіл әлемнің Жаратушысына бойсұндым», – деді (ол). «Ей, ұлдарым, сендер үшін Алла осы дінді таңдады. Ендеше, сендер де нағыз мұсылман болып өтіңдер», – деп өсиет етті ұлдарына Ибраһим мен Жақып» (Бақара сүресі, 131-132- аяттар).
Осы аяттардың бәрі Ибраһимнің Исламда, яғни мұсылман болғанын көрсетеді.
Ибраһимнің жомарттығы
Лут қауымы жыныстық азғындыққа салынғандығы үшін Алланың жазасына ұшырап, жер бетінен жойылды. Оларға апат келтірместен бұрын Алла әуелі періштелерін жіберді. Екі періште Ибраһимнің үйіне жігіт бейнесінде мейман болып келді. Олар өте көрікті еді. Ибраһимнің жомарттығы мен меймандостығы бәріне белгілі болатын. Біраз күн үйіне ешкім келмей қалғанына алаң болып жүрген еді, меймандарды көріп қатты қуанды. Жалғыз танасын сойып, дәмді етіп дайындалған асты меймандардың алдына әкелді. Бірақ олардың тамаққа қол созбағандарын көріп секемденіп қалды. Олар өздерінің періштелер екенін, Алланың оларды Саддум, Амура халқынан өш алу үшін жібергенін айтты. Олар, сондай-ақ Алланың ұл бала беретінін, оның аты Ысқақ болатынын, ал Ысқақтан Жақып есімді бала болатынын айтып, Сараны да қуандырды. Сара бұл хабарды естіп таң қалды. Ол өзінің бала туатын жастан өтіп кеткенін, Ибраһимнің де ұлғайғанын ойлап, бұған қалай сенерін білмеді. Періштелер оған мұның Алланың құдыреті, рахымы, Ибраһим ұрпақтарына арнаған берекеті екенін түсіндірді. Сонан соң барып Ибраһимнің көңілі тынышталды. Осыдан соң періштелер Лут қауымына әзірленген жаза туралы айтты.
«Біздің елшілеріміздің (періштелердің) Ибраһимге хош-хабар әкелгені рас еді. «Саған сәлемметтік тілейміз!» (Әссәламуғалайкум) – деді олар. «Сендерге мен де сәлеметтік тілеймін» (уағалайкумуссәләм)» – деді Ибраһим» (Һуд сүресі, 69-аят).
«Олардың (асқа) қол салмағанын көріп (Ибраһим) іш жиып, тіпті сескеніп те қалды. «Қорықпа, – деді олар (періште тамақ ішпейді). – Жасырары жоқ, біз Лут қауымы үшін (құрту үшін) жіберілдік» (Һуд сүресі, 70-аят).
«Ибраһимнің зайыбы (Сара) қуана күлді. Біз (Сараға) Ысқақ атты баласы, одан соң Жақып атты (немересі) болатынын хабарладық» (Һуд сүресі, 71-аят).
«Пәлі! Өзім – кемпір, жұбайым – шал болса, қалай (бала) таппақпын. Бұл өзі бір ғажап екен!» – деді ол» (Һуд сүресі, 72-аят).
«Алланың әміріне таң қалма. Тек сендердің бастарыңа Алланың рахматы мен берекеті жаусын! Шынында, Алла мадақтауға да, мәртебелеуге де лайық», – деді» (Һуд сүресі, 73-аят).
«Көңіліндегі күдік сейілген және қуанышты хабарды естіген шақта Ибраһим Лут қауымы туралы бізбен әңгіме-талас бастады» (Һуд сүресі, 74-аят).
«Ибраһим мінезі жұмсақ, қайыры мол, әрі барлық істе Аллаға сүйенетін жан еді» (Һуд сүресі, 75-аят).
«Ей, Ибраһим! – деді (олар). – Бұл дауды доғар. Шынында, Тәңіріңнің әмірі әлдеқашан жеткен. (Қанша айтса да) енді өзгертуге болмайтын тауқымет келетіні анық» (Һуд сүресі, 76-аят).
Қиссадан ғибрат
Ибраһим – кең жүрек иесі. Оның жүрегінің кеңдігі сонша, қандай жағдай болса да адам баласына тек жақсылық ойлаған, олармен қарым-қатынасы жұмсақ болған, көре алмау, жаман іс, өсек-аяң, өш алу дегендерден мүлдем аулақ, көңілі өте таза, ерекше артық жаратылған адам болған. Қиямет күні байлық та, бала да құтқара алмайды, мәңгілік бақытқа жеткізетін тек жүрек тазалығы болып табылады. Жамандықтан, күнәдан, пасықтықтан, жауыздықтан т.б. сақтайтын да осы таза жүрек. Ибраһим, шынында, осындай адам еді. Жүрегінің таза да кеңдігінен адамдарға тең қарады, олардың бақыты жолында құрбандыққа да дайын тұрды. Оған адамдардың тегі жөнінен жақын немесе жақын еместігі бәрібір еді. Олардың пайдасы жоқ пұттарға шоқынып, адасып жүргендеріне жаны ашып, күйзелетін. Ибраһимнің жүрегі әкесі үшін де күйетін. Адасқан әкесі оны тас боран қыламын деп қанша қорқытса да, оған балалық жүрегі елжіреп, оны пұттарға шоқынудан аулақтатуын өтініп Аллаға жалынып-жалбарынады. Сондай-ақ, Ибраһимнің үлкен жүрегі ұрпақтарын ойлап та соғады. Алладан өзіне берген нығметтен ұрпақтарына да беруді, оларды намаз оқушылардан етуді сұрайды. Ибраһим өзіне жамандық, қастандық қылғандарына қарамай қауымының да қамын ойлап, оларға Алладан жақсылық тілейді. Олардан өш алуды талап етпейді, өлім тілемейді, қайта оларды тура жолға салуды, кешірім етуді сұрайды. Ибраһим, шынында да, кең жүректіліктің нағыз үлгісі еді.
Ерлік үлгісі
Ибраһимнің өмірі батырлықтан, ерліктен тұрады. Ол пұттарға шоқынып, адасқан қауымға батыл қарсы шықты. Ашық күресті әуелі әкесінен бастады. Ал, әкесі дағуасын қоймайтын, тоқтатпайтын болса тас боран жасайтынын айтып қорқытты. Бірақ Ибраһимнің жүрегіне әлсіздік, қорқыныш кірген жоқ, керісінше ширыға түсті. Олардың теріс сенімдерін түбегейлі күйрету үшін тәукелге бел байлады. Пұттарды талқандап, табынып жүрген құдайларының өздерін қорғауға да шамасы келмейтінін көрсетті. Ештеңе естімейтін, көрмейтін, сөйлемейтін, ішіп-жемейтін, жақсылық та, жамандық та жасай алмайтын пұттардың Құдай бола алмайтынын көз алдарында дәлелдеп берді. Олар отқа өртеп өлтіруге үкім шығарғанда да сескенбей, қорықпай, тайсалмай, таймай қарсы тұрды. Өйткені оның Аллаға деген сенімі зор еді. Оның осындай табандылығы, иманы өзгелерге үлгі болды, соңына ергендердің Аллаға деген сенімін одан әрі күшейтті.
Алла жолында баласын құрбандыққа шалмақ болуы
Алла Ибраһимге баласы Исмайлды құрбандыққа шалуды бұйырды. Ибраһим мен Исмайл Алланың бұл әмірін ризалықпен қабыл алды. Ибраһимнің жылап-сықтап жүріп қартайғанда көрген баласын құрбандыққа қиюы оның Аллаға шын берілгенін, ал Исмайлдың иманының жас та болса өте күшті екенін дәлелдейді. Алланың бұл сынағына әкелі-балалы екеуі төтеп берді. Ибраһимнің жүрегі қанша елжіреп тұрса да баласын құрбандыққа шалуға дайындала бастады. Исмайл да Аллаға мойын ұсынып, сабырлылық танытты. Әкесіне дем беріп, қынжылмауын, қапаланбауын өтінді. Мұның бәрі олардың иманының шынайылығын көрсетеді. Бұл имандылықтың адамзат тарихындағы ең жоғары көрінісі болып табылады.
Пұттарға шоқыну
Пұттарға шоқыну Бабылдағы Ибраһим заманынан бері ғасырдан ғасырға жалғасып әлі келе жатыр. Ақиқатында, пұттарға шоқыну – ғибадаттың пайдасыз әрі құрметсіз түрі. Ол тіпті ғылым нұр шашып тұрған қазіргі жиырма бірінші ғасырда да орын алуда. Тек пұт қана емес, аспан денелерін, хайуандарды, ең ақыры маймыл, жылан, піл, сиырларға дейін құдай етіп алғандар әлі күнге дейін бар.
«Сен оларға Ибраһимнің оқиғасын да оқы» (Шуара сүресі, 69-аят).
« Кезінде ол әкесіне де, өз жұртына да «Сендердің табынып жүргендерің не нәрсе?» – деді» (Шуара сүресі, 70-аят).
«Біз пұттарға табынамыз, тіпті мүлгіп бас иеміз», – деді олар» (Шуара сүресі, 71-аят).
«Сол (Тәңірлерің) сендердің дауыстарыңды (құлшылықтарыңды) ести ме? Әйтпесе, сендерге не пайда, не зиян тигізе алатын (сипаты) бар ма?» – деді» (Шуара сүресі, 72-73-аяттар).
«Жоқ, – деді олар. – Тек ата-бабаларымыз тұтынған жол болған соң, соларға ердік» (Шуара сүресі, 74-аят).
Құран аяттарынан көрініп отырғандай, Ибраһимнің қауымы пұттарға не пайда, не зиян келтіре алмайтынын көре тұра ата-бабаларына еліктеп шоқынған. Ибраһим оларға былай деп ескертеді:
«(Ибраһим) былай деді: «Сендер бұл дүниеде өзара достықтарыңның дәнекері ретінде Алланы қойып, пұттарды құдай етіп алдыңдар. Кейін қиямет күнінде кейбіреулерің енді біреулеріңе қарсы шығасыңдар. Біріңе-бірің қарғыс айтасыңдар (яғни, осы достықтарың қиямет күнінде жаулыққа айналады, аздырғандар азғындардан безіп шығады, азғандар өздерін аздырғандарға лағынет айтады). Сендердің барар жерлерің – тозақ. Сендерді одан құтқарар ешбір медеткер болмайды» (Әнкабут сүресі, 25-аят).
Бүгінгі заманда бұдан да өткен – жекеге шоқыну, яғни көсемдерге, басшыларға, қандай да бір халыққа немесе топқа бас ұру көрінісі байқалады. Ақиқатында, адам баласы тек бір Аллаға ғана құлшылық етіп, ал басқаларды реңіне, түр-түсіне қарамай, тапқа бөлмей құрметтеуі тиіс.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті