Жәбірейіл (ғ.с.) періште

Періштелердің ең үлкені, әрі уаһи жеткізуші періштенің есімі – Жәбірейіл (ғ.с.). Ол – жаратылыстағы сансыз періштелердің арасындағы ең беделдісі һәм сұлтаны. Құранда мадақталған өте сенімді періште. Құранның үш жерінде Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің есімі тікелей кездеседі: «Кім Жәбірейілге дұшпан болса, мынаны жақсы білсін: Ол Алланың бұйрығымен Құранды туралық жетекшісі және бұрынғы түскен кітаптарды растаушы һәм мұсылмандарға сүйінші-леуші етіп жүрегіңе түсірді. Кім Аллаға, періштеле-ріне, елшілеріне, сондай-ақ, Жәбірейіл (ғ.с.), Микаилға (ғ.с.) дұшпан болса, әлбетте, Алла кәпірлерге дұшпан» («Бақара» сүресі, 97-98-аяттар); «Егер екеуің Аллаға тәуба етсеңдер жақсы. Расында, жүректерің ауытқыды. Егер екеуің пайғамбарға қарсы бір-біріңе болыссаңдар, оның иесі Алла және Жәбірейіл де, игі мүміндер де тағы олардан кейін періштелер де оған болысады» («Тахрим» сүресі, 4-аят).

Сонымен қатар, Жәбірейіл (ғ.с.), аяттарда «рух», «руху-л әмин» (сенімді рух), және «руху-л қудус» (қасиетті рух) деген сияқты аттармен де аталады. Құранда: «Ол жоғарғы орынға (Оның Аршына) періштелер және Рух (Жәбірейіл) мөлшері (дүние жыл санауы бойынша) елу мың жылдық жолды бір күнде шығады» («Мағариж» сүресі, 4-аят); «Сөзсіз,  бұл Құран әлемдердің Раббысының түсіргені. Оны Рухул-Әмин (сенімді Рух) әкелді» («Шұғара» сүресі, 193-аят); «Рухул қудус (Жәбірейіл) Құранды; шынайы түрде иман келтіргендерді бекемдеу һәм мұсылмандар үшін туралық, әрі қуаныш түрінде Раббың тарапынан түсірді» («Нахыл» сүресі, 102-аят, «Бақара» сүресі, 87-аят),- дейді.

Басқа бір аятта: «Біз, оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Алла тағала білдірмесе) қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да артық. Ол түні Алланың рұқсатымен кез-келген іс үшін рух (Жәбірейіл ғ.с.) пен періштелер түседі. (Әсіресе, ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Алланың рақымы мен есендігі жауады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар),- дейді.

Яғни, Құран Кәрім адамзатқа қадірі мен беделі асқан ұлық түнде түскен еді. Осы Қадір түні Алла разылығы үшін жасалған амалдар мен құлшылықтар өзге мың айда жасалынған амал, сауапты іс пен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ. Осы түні Жәбірейіл мен өзге періштелер түннен бастап, таң қылаң бергенге дейін, топ-топ болып жер бетіне түседі. Олар Хақ тағаланың рұқсатымен амал етеді. Сол түні періштелер мұсылмандарға сәлем береді. Олардың сәлем берулері таң ағарғанға дейін жалғасады (әс-Сағди, Тәйсирул-Кәримир-Рахман, Ү/424).

Сонымен қатар, Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің міндеттерінің  бірі –  пайғамбарды  қорғау.   Бірде Бәдір шайқасында да Жәбірейіл  (ғ.с.)  мен Микаил   (ғ.с.) періште Пайғамбарымыз-ды (с.ғ.с.) дұшпандардан қорғап, олардың сағын сындырып, мұсылмандардың рухын көтеріп жігер берген еді.

Әрине, Жәбірейіл (ғ.с.) таңдаулы және сенімділердің сенімдісі болғандықтан, оның басты міндеті – баршамызға мәлім болғандай, Алланың хабарларын, уахи әкелу.

Осыған орай Айша (р.а.) анамыз былай баяндайды: «Алла елшісіне алғашқы келген уахи оның көз ілген сәттеріндегі «ақиқат түстерімен» басталған. Оның көрген түстері таңғы шапақтай дәл келетін. Кейіннен ол елден бөлек оңаша қалуды қалады. Осыдан кейін ол Хира үңгіріне барып, Алла тағалаға құлшылық қылатын. Азық алу үшін ғана үйге келіп, көп кідірмей қайта кететін. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) Хира үңгірінде болған сол күндердің бірінде уахи келді. Оған Жәбірейіл (ғ.с.) періште келіп: «Оқы!»- деді. Ол (с.ғ.с.): «Мен оқи алмаймын»,- деп жауап қайырады. Бұл жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі былай дейді: «Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алып, тыны-сым тарылғанға дейін қысты. Содан мені қоя берді де: «Оқы!»- деді. Мен: «Оқи алмаймын»,- деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап: «Оқы!»- деді. Мен қайта: «Оқи алмаймын»,- дедім. Жәбірейіл (ғ.с.) періште үшінші рет қысып тұрып қоя берді де: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» («Ғалақ» сүресі, 1-5-аяттар),- деген аятты оқыды…» (Бухари, Бәдул-уахи; 1/2-3.)

Осы күннен бастап Жәбірейіл (ғ.с.) періште мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) арасында жаймашуақ достық сезімі пайда болғандай еді. Кейінгі уақыттарда Жәбірейіл (ғ.с.) періште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намаздың қалай және қай уақыттарда оқылуы керектігін үйреткен. (Әбу Дәуд, Салат, 2; Тирмизи, Салат, 1; Нәсай, Мәуақит, 10, 15.)

Тайыф халқы Пайғамба-рымызды (с.ғ.с.) ренжіткен кезінде тауларға жауапты періштемен бірге келіп Пайғам-барымызды (с.ғ.с.) жұбатқан да осы Жәбірейіл (ғ.с.) періште еді. (Ибн Сағд, Табақатул-Кубра, Бейрут, 1978, 1/210.)

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) науқастанып қалғанда Алладан шипа тілеген де осы Жәбірейіл (ғ.с.) періште болатын. (Муслим, Сәлам, 40; Тирмизи, Жәнаиз, 4.)

Мінеки, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің арасындағы достық осылайша жалғасты. Тіпті, бірде Жәбірейіл (ғ.с.) періште досының қасында ұзақ уақыт болғанын қалағанда мына аят түскен-ді: «Раббымның әмірімен ғана түсеміз. Алды-артымыздағы және екі арадағы жағдайларды білу Оған тән…» («Мәриям» сүресі, 64-аят.)

Микаил (ғ.с.) періште

Бұл періштенің аты Құранда бір аятта ғана айтылған: «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ, Жәбірейілге (ғ.с.),  Микаилға (ғ.с.), дұшпан болса, әлбетте, Алла кәпірлерге дұшпан» («Бақара» сүресі, 98-аят).

Бұл періштеге Әһли кітап иелерінің де сенгендігін көруге болады. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина қаласына көш-кен кезде Фәдак яһудилерінен Абдуллаһ ибн Сурия қасына бірнеше кісі ертіп келіп Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Саған қай періште келеді?»- деп сұрайды. Пайғамбарымыз   (с.ғ.с.): «Жәбірейіл (ғ.с.)»,- дегенде: «Егер де уаһиды Микаил (ғ.с.) періште әкелгенде біз иман етер едік»,- деген күйі бұрылып кете барған. Олар Жәбірейілді (ғ.с.), тек жамандық пен шайқас алып келуші деп, ал Микаилды  (ғ.с.) молшылық пен берекет алып келуші періште деп сенетін еді. (Елмалылы Хамди Языр, Тафсир, «Бақара» сүресінің 98-аяты; Ибн Кәсир, Тафсир, Бейрут, 1969, І/129; Ислам Энциклопедиясы, «Микаил» бабы.)

Алайда, Жәбірейіл (ғ.с.) де, Микаил (ғ.с.) де – Алланың елшілері. Бұл періштелердің қай-қайсысы да Алланың әмірін мүлтіксіз орындайды. Алла тағала Микаил (ғ.с.) періштеге жаратылыстағы оқиғалардың, жер бетіндегі тіршілік иелерінің рызықтарын қадағалу міндетін жүктеген. Микаил (ғ.с.) періштенің көмекшілері де жоқ емес. Олар да Алланың әмірін орындайды. Микаил (ғ.с.) періште жел мен бұлттарды да қадағалап, оларды қажетті жақтарға бағыттайды. Тіпті, әрбір жаңбырдың тамшысы періштелердің қадағалауымен жауады (Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Ниһая, 1/41). Бұлардың барлығы Микаил (ғ.с.) періштенің қарамағындағы періштелер.

Микаил (ғ.с.) – Құранда аты аталған Алла тағала мен хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) ең жақын төрт періштенің бірі. Тирмизидің риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің жер бетінде екі, көк жүзінде екі уәзірім бар. Жерде хазрет Әбу Бәкір мен хазрет Омар, ал көкте Жәбірейіл (ғ.с.) мен Микаил (ғ.с.) періштелер»  (Тирмизи, Мәнақиб, 16),- деген. Табараниде бұл хадис: «Алла мені төрт уәзірмен демеді. Бұлардың екеуі жерде, екеуі көкте» (Табарани, әл-Мужамул Кәбир, 11/179),- деп өтеді.

Исрафил (ғ.с.) періште

Сұрды (сырнай) үрлеуші періште. Исрафил (ғ.с.) – хадистерде айтылатын төрт үлкен періштенің біреуі. Оның негізгі міндеті – қиямет қайым болатын кезде Алланың әмірімен «Сұр үрлеу». Әрине, бұл Исрафил (ғ.с.) періште бұдан басқа еш нәрсе істемейді деген сөз емес. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Алланың сәби бергенін сүйіншілеп адам бейнесінде келген періштенің, Алла тағаланың аршысын көтерген періштелердің бірі және Бәдір шайқасында мұсылмандарға жәрдем еткен періштелердің арасында осы Исрафил (ғ.с.) періштенің орын алғандығы айтылады (Мүснәд, 1/147). Сонымен қатар, бәлкім, біз біле бермейтін өзге де әмірлерді орындауға үнемі дайын тұруы әбден мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Исрафил (ғ.с.) періштенің арасында да достықтың лебі бар еді. Оны мына оқиғадан анық байқауға болады. Бір күні Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен бірге Сафа төбешігінде отырған сәтінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қанша күннен бері үйінде тіске басар бір уыс ұнның қалмағандығын тілге тиек етті. Осы уақытта көк жүзі гүрілдеп қоя берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қияметтің болуына әмір келді ме?»- деді. Жәбірейіл (ғ.с.): «Сенің әуелгі сөзің көкте естіле салысымен Исрафилдің (ғ.с.) осы жерге келуі әмір етілді»,- деді. Осы уақытта Исрафил (ғ.с.) періште Алланың сәлемімен келіп, Оған: «Уа, Алланың елшісі! Сенің айтқандарыңды Алла тағала естіді. Сенен: (Сүлеймен (ғ.с.) сияқты) патша пайғамбар болуды қалайсың ба, әлде құл пайғамбар болуды қалайсың ба? – деп сұрап жатыр»,- деп сауал тастайды. Жәбірейіл (ғ.с.) періште осы сәт: «Раббыңа кішіпейілдік таныт!» деп ишара етті. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен құл пайғамбар болуды қалаймын» (Хайсәми, Мәжмауз Зауаид, 9/18-20; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/231),- деп Исрафилге (ғ.с.) жауап қайтарған еді.

Тағы бір хадисте Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) Исрафил (ғ.с.) періштенің өзге періштелерден үстем екендігін көрсету үшін түнде намаз соңында: «Уа, Раббым! Жәбірейіл, Микаил, және Исрафилдің Раббысы. Көк пен жердің жаратушысы…» (Муслим, Мусафирун, 200)- деп олардың аттарымен дұға оқығанын көреміз.

Бұл періштенің аты тікелей Құранда аталмағанымен, сұр үрлейтін періштенің аты екені хадистер арқылы келіп жеткен. Қиямет күні бұл періште Алланың әмірімен екі рет сұрды үрлейді. Сұрға (сырнай) байланысты Құранда: «Сырнай үрленді, Алланың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен түрегеліп жан-жақтарына шошына қарап қалады» («Зүмәр» сүресі, 68-аят; «Әнғам» сүресі, 73); («Таһа», 122-аят; «Ясин» сүресі, 51-аят),- десе, Исрафил (ғ.с.) періште жайында: «Жақын жерден дауыстап шақыратын (Сұр үрленетін) күнге құлақ сал» («Қаф» сүресі, 41-аят),- дейді.

Сонда адам баласы қабірде үнсіз жатқанда бір дыбыс ести-ді. Бұл – олардың қайта тірілуіне ишара білдірген Исрафилдің (ғ.с.) сұр дыбысы.

Құранда: «Ендеше, олар-дан бет бұр. Әлбетте бір күні шақырушы (Исрафил ғ.с.) барлығын еш көрмеген таңқаларлық ақиқатқа (қа-бірдегі адамдарды Мақшар ала-ңына жиналуы үшін сұр үрлеп) шақырады. Олар үрейленіп, айналаны бірден шегіртке қаптап кеткендей қабірлерінен шығады» («Қамар» сүресі, 6-7-аяттар),- дейді.

Мына хадисте сұр жайында былай делінеді:

Абдуллаһ ибн Әмір ибн әл-Астың риуаяты бойынша, бірде бәдәуидің бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:

«Сұр деген не?»- деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үрленетін сырнай» (Әбу Дәуд, Сүннет, 24; Тирмизи, Қиямет, 9; Ахмад ибн Ханбал, ІІ/196) (біз үшін беймәлім, яғни қияметтің хабарын беру үшін үрленген кезде дыбыс шығаратын құрал),- деп жауап берген еді. Басқа бір жерде екі дүние Рақымы (с.ғ.с.): «Исрафил сұрды қолына ұстап, үрлеу үшін әмір күтіп тұр» (Табәри, әл-Жамиул Бәйан, ҮІІ/211; Ибн Кәсир, Тафсирул Қуран, ІІІ/276),- дейді.

Исрафил (ғ.с.) періште Алланың рұқсатымен сұрды алғаш рет үрлегенде қиямет қайым орнап, жер мен көктегі бүкіл жанды тіршілік өледі. Екінші рет үрлегенде бүкіл жанды тіршілік қайта тіріледі де ақырет өмірі басталады. Исрафил (ғ.с.) періштеге сұр үрлегендіктен, «Сұр үрлейтін періште» дейді.

Исрафил (ғ.с.) періштенің алғаш рет сұр үрлегендегі жағдайды Құран: «Сұр үрілген күні Алла қалаған біреу-лерден басқа көктерде бол-ғандар да, жерде болғандар да үрейленеді. Сондай-ақ, барлығы Алланың алдына сүмірейіп келеді» («Нәміл» сүресі, 87-аят); «Сонда бір рет сұр үрілген сәтте жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте. Міне, сол күні қиямет уақиғасы болады. Сол күні көк жарылып, босайды» («Хаққа» сүресі, 13-16-аяттар),- деп суреттейді.

Екінші үрлеу – қайта тірілудің белгісі. Құранда: «Сұр үрілгенде олар қабірлерінен тұрып, Раббыларының құзырына жүгіреді» («Ясин» сүресі, 51-аят),- дейді.

Исрафил (ғ.с.) періштенің сұрға екі рет үрлеуінің арасында қанша уақыт бар екені белгісіз. Хадисте бұл жөнінде былай делінеді:

Әбу Һурайраның риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сұрға екі рет үрлейді. Осы екі рет үрлеудің арасында қырық уақыт бар» (Бухари, К.Тафсир, Нәбә, 78/18),- деген. Ол қырық уақыт дегені күн бе, ай ма не бізге беймәлім өзге де өлшем бе, ол жағы бір Аллаға аян.

Әзірейіл (ғ.с.) періште

Әзірейіл (ғ.с.) періштенің міндеті – ажалы жеткен адам-ның жанын алу. Адам баласы бір періштенің күзетуімен бұл дүниеден келесі дүниеге аттанғандықтан, Құран мен хадистерде Әзірейіл (ғ.с.) періштеге «Мәләк-ул Мәут» (өлім періштесі) делінген. Құранда: «(Мұхаммед) Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де» («Сәжде» сүресі, 11-аят),- дейді.

Ардақты төрт періштенің бірі Әзірейіл (ғ.с.) өзге періштелер сияқты Алла тағаланың әмір-лерін орындайды. Алла тағала оған ажалы жеткен адамдардың жанын алу ісін жүктеген. Әзірейіл (ғ.с.) періштенің де көмекшілері бар. Олар да Алланың әмірлеріне бас иеді. Құранда бұған ишарат ретінде: «…Біреулеріңе өлім келген сәтте, періштелеріміз жанын алады әрі еш кемістік етпейді» («Әнғам» сүресі, 61-аят),- дейді.

Өлім мен өмірді берген – Алла тағала. Олай болса, Әзірейіл (ғ.с.) мен өзге періштелер тек дәнекер ғана. Бір күні Әзірейіл (ғ.с.) періште Ұлы Жаратушыға: «Мен өз міндетімді орындап, пенделердің жанын алам, ал адамдар мені осыған бола жек көруде»,- деп мұңын төгіпті. Сонда Алла тағала: «Өз міндетіңді орындау үшін мен олардың ажал құшуына түрлі себеп жаратамын. Осылайша адамдар ажалды сенен емес, сол себептерден көретін болады» деп мәселенің мәнін ашып, айқындап береді (Әбу Нуайм, Хилиәтул Әулия, 5/51; Суюти, әд-Дуррул-Мансур, 6/543). Расында да, адам біреудің қайтыс болғанын естісе, дереу «неден қайтыс болыпты?» деп бірден себебін сұрап жатады.

Кейде адам баласы өзінің шектеулі ақылымен «Әлемнің түкпір-түкпірінде бір уақытта қайтыс болған мыңдаған адам-ның жанын алуға Әзірейіл (ғ.с.) періште бір уақытта қалай үлгереді?» деп күмәнға жол беріп жатады.

Періштелер нұрдан жара-тылғандықтан бір сәтте бірнеше жерде көріну мүмкіншілігіне ие. Олардың бір істі атқаруы екінші бір істі жүзеге асыруға әсте бөгет бола алмайды. Міне, сондықтан Әзірейіл (ғ.с.) періште дүниенің бір жеріндегі белгілі бір адамның жанын  алған сәтте басқа жердегі екінші бір адамның жанын да оп-оңай ала алады.

Мұны тағы бір мысалмен айқындай түсейік. Мәселен, бір жерден радио толқындары арқылы мәлімет тараса, сол толқынды ұстайтын жиіліктегі барлық құралдар да әлгі мәліметті тарата бастайды. Ал, бір түймені басу арқылы орталықтан берілетін хабарды тоқтатса, сол толқынды ұстайтын жиіліктегі барлық радио құралдары да әп-сәтте өз қызметін тоқтатады. Дәл осы секілді Алла тарапынан берілген алапат күш иесі Әзірейіл (ғ.с.) періште де өлім жиілігіндегі бүкіл пенделердің жанын бір мезетте неге ала алмасын?!

Ойымызды және бір дә-лелдеу мақсатында Әзірейіл (ғ.с.) періштенің өлім алдындағы пендеге қорқынышты яки ұнамды кейіпте көрінуін қарапайым ғана айнаны мысал ете отырып түсіндіріп көрейік. Бөлмедегі жүз айнаның біреуі шағылысқан затты қара, екіншісі көк, үшіншісі ұзын әрі жіңіше, ал енді бірі толық, қысқа етіп көрсететін болса, бөлмеге кірген бір ғана адам жүз айнада жүз түрлі кейіпте көрінеді. Міне, сол сияқты Әзірейіл (ғ.с.) періште де рухын алатын кісінің иман, ғибадат, мінез-құлықтарының рухани айналарындағы жағдайына қарай әртүрлі  бейнеде көрінеді. Күнәһар адамға үрейлі, ал тақуа адамға ұнамды кейіпте көрініп, рухын майдан қыл суырардай оп-оңай алуы мүмкін (Қайрат Жолдыбайұлы, Күдікпен күрес, А., 2006, 86-89).

Алла тағала қаласа кейбір құлдарының жанын дәнекерсіз тікелей өзі алады. Кейде Әзірейіл (ғ.с.), кейде көмекшілері алады. Құранда: «(Алланың әмірлерін алып) ұшқан және (оларды орындауға) сүңгігендерге (періштелерге) серт. (Алған әмірлерін) қуаныш және ынтамен әрекет еткендерге серт. (Илаһи әмірлерді орындау үшін көк мұхитында) жүз-гендей әрекет еткендерге серт» («Назиғат» сүресі, 1-3-аяттар),- дейді. Бұл Алланың рұқсатымен әр адамға жеке-жеке жіберілетін Әзірейіл (ғ.с.) періштенің көмекшілері бар екендігін көрсетеді. Қалай болғанда да әрбір адам жан тапсырарда періштемен жеке қалмақ. Періштелер дүниеде жасаған амалына қарай жан тәсілім ететін адамға қайырымды немесе үрейлі бейнеде көрінеді (Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Нихая, Бейрут, 1988, І/42).

Егер де адам тіршілігінде ізгі амалдар жасап ғұмыр кешкен болса, өлерінде қиналмастан тез жан тапсырады. Ондай мүміндердің рухын періштелер гүл тәрізді аялап ұстап, көкке алып кетеді. Жоғарыдағы аятта: «(Алған әмірлерін) қуаныш және ынтамен әрекет еткендерге»,- делінген.

Ал, кәпірлерге жанын алуға келген періште тым үрейлі, қорқынышты кейіпте көрінеді. Оларға Әзірейіл (ғ.с.) періште өлгеннен кейінгі баратын жерлерінің сипатын сездіре келеді. Ондай адам аятта ай-тылғандай, шелекпен құдықтан су тартқандай қиналып, әрі баяу жан тапсырады. Кәпірлердің бұл соңғы хәлі Құранда былай суреттеледі: «Періштелер, сон-дай қарсы болғандардың бет-теріне, арқаларына, ұрып: «Күйдіретін азапты татыңдар!» – деп жандарын алғанын көрсең!» («Әнфал» сүресі, 50-аят); «Сондай өздеріне зұлымдық еткендердің періш-телер жандарын аларда: «Еш-бір жамандық істемеп едік» деп сылтау айта бастайды» («Нахыл» сүресі, 28-аят),- дейді. Яғни, сол кездегі қиындықты елестету мүмкін емес, өйткені ол сәт тым ауыр.

Жоғарыда айтылғандай, періштенің мүміндерге жақсы жағынан көрінуі нығмет болса, кәпірлерге жаман жағынан көрінуі олар үшін азаптың бір түрі болмақ.

Бірде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Әзірейіл (ғ.с.) періштеге кәпірлерге қандай бейнеде көрінетінін сұраған еді. Әзірейіл (ғ.с.): «Уа, Ибраһим! Сен, бұған шыдай алмайсың» деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар алған бетінен қайтпады. Әзірейіл (ғ.с.) періште: «Жарайды, онда мұнда қара»,- дегенде Ибраһим (ғ.с.)  пайғамбар басы көкке тиіп, құлақтары мен ауызынан от алаулап тұрған, бет-әлпеті қап-қара қорқынышты бейнені көргенде шыдай алмай талып қалады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар есін жиғанда Әзірейіл (ғ.с.) әу бастағы өз бейнесіне қайта оралды. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар: «Ей өлім періштесі! Кәпір сенің бұл бейнеңді көрсе, басқа азап тартпаса да ол үшін бұл азап жеткілікті, енді мүміндерге көрінетін бейнеде көрінші»,- деп өтінді. Әзірейіл (ғ.с.) періште: «Жүзіңді ана жаққа бұр»,- деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қарай салысымен көркем жүзді, жұпар иісті, жас жігітті көріп: «Бұл кім?»- деді еріксіз таңырқап, іле: «Егер мүмін үшін өлім алдында ешқандай да нығмет берілмесе де, мына сенің көркем жүзің ол үшін жеткілікті болғандай екен»,- деген еді (Ғазали, Иһиау улумид-дин, ІҮ/829).

Яғни, өлім аузында Әзірейіл (ғ.с.) және оның көмекшілері адам баласының ізгі амалдары мен жүрегінің тазалығына қарай көрінеді екен. Негізінде, Әзірейіл (ғ.с.) періштенің әрбір адамға әйтеуір бір көрінері хақ. Адам баласы қалай өмір сүрген болса, солай жан тапсырады. Ал қалай жан тапсырған болса, солай қайта тірілтіледі.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38