Ибраһим Харрон қаласынан Евфрат, Тигр өзендерінің аралығындағы елдің солтүстігіне көшіп келіп қонған болатын. Палистинаға әйелі және оған иман келтіргендер бірге еріп келген еді. Солардың ішінде туысы Лут та бар болатын. Кейін Палестина жерінде ашаршылық басталып, Ибраһим мен Лут Мысырға қарай көшкен еді. Екеуінің бірталай малы бар-ды. Бірте-бірте жайылым тарылып, Лут Ур жерін таңдады. Оның қалаған жерінде Саддум, Амура деген қалалар бар еді. Саддум қаласының халқы бұзылған адамдар болатын. Жол торып, тонаушылық, қарақшылық жасайтын. Бәрінен де сұмдығы еркектер арасындағы жыныстық қатынас (арабша ливат) асқынып тұрған-ды. Алла пайғамбары Лутқа оларды тура жолға бастауды, жаман істерінен тыюды міндеттеді.
Лут қауымын бір Аллаға иман келтіруге, күнә істерді тастауға шақырды. Оларға өзінің Алланың жіберген елшісі екенін, Алланың азабынан сақтандыруға келгенін, ол үшін ақы талап етпейтінін, ол сыйды бүкіл әлемнің патшасы Алланың өзі беретінін айтты. Табиғи болмыс заңын бұзып, еркек пен еркектің жыныстық байланыс жасауы күнә екенін, Алланың ерлерге тек жұбайларымен ғана байланыс жасауды нәсіп еткенін түсіндірді. Бірақ қауым бұған құлақ аспай, оны елден шығарып жібереміз деп қорқытты.
«Пайғамбарларды Лут қауымы да жоққа шығарды» (Шуара сүресі, 160-аят).
«Кезінде туыстарына Лут былай деді: «Құдайдан қорықсаңдаршы! Сендер үшін мен адал елшімін» (Шуара сүресі, 161-162-аят).
«Енді Тәңірден қорқыңдар да, маған бойсұныңдар» (Шуара сүресі, 163-аят).
«Мен ол үшін сендерден ақы сұрамаймын. Менің еңбегім әлемнің Тәңірінен қайтады» (Шуара сүресі, 164-аят).
«Дүниеде еркек пен еркектің жақындасқаны не сұмдық, сонда сендердің әйелдерің қайда? Сендер нағыз азғын жұрт екенсіңдер» (Шуара сүресі, 165-166-аяттар).
«Ей, Лут! – деді олар, – егер сен райыңнан қайтпасаң, сөз жоқ, қуғынға ұшырайсың» (Шуара сүресі, 167-аят).
«Әрине, сендердің қылықтарың маған жиіркенішті» (Шуара сүресі, 168-аят).
«О, Тәңірім! Қылмыстарына орай берілетін жазадан мені де, маған иланатындарды да құтқара гөр!» (Шуара сүресі, 169-аят).
Лут оларды жолаушыларды тонаудан, басқыншылық жасаудан, олардың байлықтарын тартып алудан да тыюға әрекеттеніп көрді. Бірақ қауым: «Бізді қорқытқан азабыңды қолыңнан келсе тездетіп келтір», – деп ерегісті.
«Кезінде Лут та өз жұртына былай деді: «Жасырары жоқ, сендер нағыз жиіркенішті әрекет жасап жатырсыңдар. Мұндай сұмдықты сендерден бұрынғылардың ешқайсысы істеген емес» (Әнкабут сүресі, 28-аят).
«Еркек пен еркек жақындаса ма, жол тосып, қарақшылық жасайсыңдар ма, жиналып алып, бар сұмдыққа барасыңдар ма (ойларыңа келгенді істейсіңдер)» – деді. Сонда олар: «Айтқаныңның рас екенін білейік, бізге Құдайдың қаһарын төңдіре қойшы!» – дегеннен басқа ештеңе айта алмады» (Әнкабут сүресі, 29-аят).
Періштелердің Саддумға бет алуы
Ибраһим қиссасында оның үйіне жігіт келбетінде екі періште келгені айтылған болатын. Олар азғындықтары асқан Лут қауымын жоюға келгендіктерін мәлімдеген еді. Мұны естіген Ибраһим шошынды. Өйткені ол жерде туысы Лут тұратын. Періштелер өлімнің кәпірлерге, Аллаға иман келтірмегендерге болатынын, Луттың әйелінің де солармен бірге өлетінін, өйткені ол әйел де еріне қиянат жасап, жаман жолға түскенін айтты.
«О, Жаратқан! Мынау бұзылған қауымға қарсы маған жәрдем бер», – деді (Лут)» (Әнкабут сүресі, 30-аят).
«Біздің елшілеріміз (періштелер) Ибраһимге (перзенті болатыны туралы) қуанышты хабар алып келгенде: «Бұл қаланың тұрғындарын біз, сөз жоқ, күйретеміз, өйткені олар нағыз зұлым қауым», – деді» (Әнкабут сүресі, 31-аят).
Періштелер Луттың мейманы
Періштелер Ибраһимнен шығып, Саддум қаласына қарай бет алды. Сөйтіп, Луттың үйіне келді. Лутқа олардың келу себебі белгілі еді. Олар адам таң қаларлықтай көркем болатын. Сондықтан Лут оларға қауымы ұят іс жасай ма деп қорықты. Өйткені саддумдықтар жамандық жасауға дайын тұратын. Ал, қауым болса Луттың үйіне керемет көркем меймандар келгенінен хабардар болып та үлгіріп еді. Олар оның үйіне қарай асыға жетті. Меймандармен ойнап-күлуге құмартқандар үйдің айналасына толып кетті. Олардың бұл арсыздықтарына тосқауыл болар деген үмітпен Лут қыздарына үйленулеріне ұсыныс жасап көрді. Мұны ол меймандарын құтқару мақсатында айтқан еді. Алайда оларды Луттың бұл ұсынысы қанағаттандырмады. Оның қыздарының қызықтырмайтынын, меймандарды қалайтындарын мәлім етті. Лут қауымына қауіп төнгенін түсінді.
«Біздің елшілеріміз Лутқа келгенде ол қиын жағдайда қалды. (Қауымы бұларға соқтығып қала ма деп) қатты мазасызданды. «Бұл бір ауыр күн болды – ау», – деді» (Һуд сүресі, 77-аят).
«(Луттың) қауымы абыр – сабыр жүгірісіп келді, жаман іске олар бұрын да осылай ететін. «Ей, жұртым! – деді (Лут). – Менің бұл қыздарым сендер үшін пәк жандар. Құдайдан қорқыңдар, меймандарыма соқтығып, мені масқара етпеңдер. Іштеріңде сендерді пасық істен тыятын бір дұрыс адам жоқ болғаны ма?» (Һуд сүресі, 78-аят).
«Қыздарыңа біздің керегіміз жоқ екенін сен жақсы білесің», – деді қауымы. – Сол сияқты біздің мақсатымыз да өзіңе ай қын» (Һуд сүресі, 79-аят).
«Шіркін, сендерге қарсы тұратын өз күш-қуатым болса немесе сүйенетін жасақты жарандарым болса ғой», – деді (Лут)» (Һуд сүресі, 80-аят).
Алланың Лут қауымына азабы
Лут қауымын құтқаруға шамасы жетпейтінін түсінді.
«Лут олардың өзінің меймандарына (періштелерге) соқтықпауларын өтінді. Біз олардың көздерін көр соқыр еттік: «Біздің қаһарымыздың және ескертуіміздің жазасын тартыңдар!» – дедік» (Қамар сүресі, 37-аят).
Періштелер Лутқа келген себептерін, яғни оның қауымын өлтіруге жіберілгендерін ашық айтты. Оған отбасын және иман келтіргендерді түнде қаладан шығарып алып кетуін, артына бұрылып қарамауларын тапсырды. Бірақ сатқын әйелінің қауыммен бірге құритынын ескертті. Алланың әмірімен көктен тас жауып, Лут қауымы тұрған мекеннің көзді ашып-жұмғанша апай-топайы шықты. Асқынған қауымға осылайша Алланың азабы жетті.
«Олар (періштелер) айтты: «Ей, Лут! Анығында, біз Тәңірдің жіберген елшілеріміз, олар саған еш уақытта зиян келтіре алмайды. Үй-ішіңді ал да, түн ортасы ауғанда шығып кет. Әйеліңнен басқасы кері бұрылмасын. Ал, ол (әйелің) жойылатындармен бірге құрымақ. Оларға жаза берілетін шақ – таң алды, ол деген таяп қалған уақыт қой» (Һуд сүресі, 81-аят).
«Біз бұйрық бердік. Олардың астаң-кестеңі шықты. Бұл қауымның үстінен бұрқыратып кесек тас жаудырдық. Ол Тәңірдің өзі таңбалаған тас болатын. Азғындарға жеткен пәле осы еді» (Һуд сүресі, 82-83-аяттар).
Алланың жазасы жеткен сол жер бүгінгі күні Өлі теңіз, оны Лут теңізшесі деп те атайды. Ол сол апаттың салдарынан теңіз деңгейінен төрт жүз метр төмен түсіп кеткен. Бірнеше ғасырдан кейін жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Лут қауымының қалалары Өлі теңіз жағасынан табылған.
Қиссадан ғибрат
Ер мен ердің жақындығы – азғындықтың ең асқынған түрі. Алланың ол үшін беретін жазасы – екі дүниенің де азабы. Бұл арсыздық, ұятсыздық қана емес, жаратылыс заңдылығын бұзу, адамгершіліктің шегінен шығу, ар-намыстан жұрдай болу, қолдан жасалған ауру, хайуандықтан да төмен жиіркенішті іс. Лут қауымын әлемге әйгілі еткен нақ осы ливаттық әрекет еді.
«Дүниеде еркек пен еркектің жақындасқаны не сұмдық, сонда сендердің әйелдерің қайда? Сендер нағыз азғын жұрт екенсіңдер» (Шуара сүресі, 165-166-аят).
«Әйел тұрғанда тән құмарын еркекпен неге қандырасыңдар? Сонда, сірә, сендер надан қауым болғандарың ғой» (Нәміл сүресі, 55-аят).
«Апыр-ай, әйел тұрғанда еркектің еркекпен жақындасқаны не сұмдық? Сендер, шынында да, шектен шыққан қауым болдыңдар ғой» (Әғраф сүресі, 81-аят).
Алланың шегінен шығып, ар-ұяттан жұрдай болған, наданға, топасқа айналған мұндайлар – шайтан жолында жүрушілер, шайтанның жақтастары, қоғамды бұзушылар. Сондықтан ондайларға тыйым салынуы, жазаға тартылуы тиіс. Алайда сол заманда Алланың қаһарын тудырған осы жағдай жиырмасыншы ғасырда кейбір батыс елдерінде қайта көрініс таба бастады. Бұған олар адам бостандығы, адамның еркі өзінде деген дәлел келтіреді. Бұл отбасылық өмірге нұқсан келтіру, мейірімділік, сүйіспеншілік сезімдерді тәрк ету, ұрпақты аздыру екенін ұға алмаушылық, тіпті қоғам амандығын, тыныштығын бұзушылық болып табылады.
Ливаттың денсаулыққа зияны
Ерлер азғындығы адам денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, халықты бұзып, аздырады. Ливат сифилис, асқынған жара, ісік, белсіздік, қышыма т.б. сол сияқты ауруларға ұшыратады. Бұлшық еттер сығылып, әлсірейді, артқы жолдар жаншылып, қызметі бұзылады, іші микробтарға толады да, олар ағзаға өтеді, несеп жолы қабынып, асқынады, еркектік қасиеттен айрылып, бірте-бірте қызтекеге айналады. Алланың адам баласына бұйырмаған, тыйым салған нәрсесін істеудің ақыры осындай келеңсіз жағдайларға душар етеді. Құранда осындай азғындық іс істегендердің қатты жазаға ұшырағаны баяндалады. Саддум қаласындағы бұл азғындық туралы Құранда былай делінген:
«Бұл қаланың астаң-кестеңін шығардық. Олардың төбелерінен тас жаудырдық. Ал, осында, аңдағанға шынында көп ғибрат бар. Өйткені ол қала жол үстінде еді. Сондықтан да ол мүъминдерге ғибрат болуы керек» (Һижір сүресі, 74-аят).
Құран барлық халықты Лут қауымы ұшырағандай азапқа душар болмас үшін мұндай жаман істерден аулақ болуды ескертеді.
Мейманды қорғау
Лут қиссасы мейманды құрметтеу, оған жылы шырай білдіріп, ықылас таныту, қонақасы беріп, күту, біреулердің қастығы, дұшпандығынан қорғау сияқты меймандостықтың үлгісі болып табылады. Қонаққа есік ашпау, қондырмай қуу адамгершілікке жатпайтын іс. Алланың пайғамбары Лут екі жігіт бейнесінде үйіне келген меймандарды көргенде оларға қиыншылық болатынын сезіп, қалай қорғаудың шарасын ойлай бастады. Оның бұзақы қауымы арсыздық істен тайынбайтын еді. Мұның үйіне қарай асыққан олардың айқай-шуынан жаны түршігіп: «Бұл бір ауыр күн болды-ау!» – деп қиналды. Меймандарын қорғап қалу үшін Лут тіпті олардың орнына қыздарын беруге де даяр еді. Құтырған қауымына қарсы тұрарлықтай күшінің жоқтығына қапа боды.
«Шіркін, сендерге қарсы тұратын өз күш-қуатым болса немесе сүйенетін жасақты жарандарым болса ғой»,-деді (Лут)» (Һуд сүресі, 80-аят).
Мейманды күту, құрметтеу, қорғауға пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те зор мән берген. «Кім бір Аллаға, ахирет күніне иман келтірген болса, ол мейманды күтсін», – деген.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті