أعوذ بالله من الشيطان الرجيم بِسْمِ اللهِ الرَّحْمنِ الرَّحِيمِِ
﴿الْحَمْدُ للّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ * الرَّحْمـنِ الرَّحِيمِ * مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ * إِيَّاكَ نَعْبُدُ وإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ * اهدِنَــــا الصِّرَاطَ المُستَقِيمَ* صِرَاطَ الَّذِينَ أَنعَمتَ عَلَيهِمْ* غَيرِ المَغضُوبِ عَلَيهِمْ وَلاَ الضَّالِّينَ﴾.
Оқылуы: Әъуузу билләәһи минәш-шайтаанир-ражиим. Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим. «Әлхамду лилләәһи раббил-ъааләмиин* Ар-рахмаанир-рахиим* Мәәлики йәумид-диин* Иййәәкә нәъбуду уа иййәәкә нәстәъиин* Иһдинәс-сирааталь-мустәқиим* сирааталь-ләзиинә әнъәмтә ъәләйһим* Ғайрил-мағдууби ъаләйһим уә ләд-даалиин». (Әмин).
Қазақша мағынасы: Алланың атымен қуылған шайтаннан сақтанамын. «Аса рахымды, ерекше мейірімді Алланың атымен (бастаймын). Барлық мадақ бүкіл әлемдердің Раббы Аллаға тән. Аса рахымды, ерекше мейірімді. Қиямет күнінің иесі. Саған ғана құлшылық қыламыз әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз. Бізді тура жолға сала гөр. Нығметке бөлегендеріңнің жолына, ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес».
Сүренің ерекшелігі туралы
Фатиха сүресі Алланың Елшісі Мұхаммедке (с.а.с.) Меккеде уахи етілген. Реттік тұрғыдан Құран Кәрімнің ең бірінші сүресі. Жеті аяттан тұрады. «Әл-Фатиха» – «Ашушы» деп аталуы Құран сүрелерінің ішіндегі алғашқы беташар сүре болуына байланысты. Бұл сүре қысқалығына қарамастан Қасиетті Құран Кәрімнің ең басты мағыналарын қарастырады. Мұнда дін негіздері, имани таным, ғибадат, шариғат, ақырет күніне сенім сияқты нақты мәселелелер қамтылған. Әлемдердің Иесі – Жаратушыға жалбарынып, тек Соған ғана табынып, ғибадат ету, Содан ғана медет тілеу, тура жолында жүруді нәсіп етуді сұрау, бұрынғы адасушылардың, Оның қаһарына ұшырағандардың жолдарынан сақтану бар бұл сүреде.
Фатиха сүресі Құран Кәрімнің барлық сүрелерінің көшбасшысы ретінде «Уммул-Құран» – «Құранның анасы» деп те аталады. Мұнан өзге киелі сүренің Уммул-Китаб, әс-Сәбғ әл-Мәсәни, әш-Шәфия, әл-Уафия, әл-Кәфия, әл-Әсәс, әл-Хамд деген сияқты атаулары да бар. Атақты тәпсірші әл-Қуртуби өзінің тәпсірінде Фатиха сүресінің он үш атауын атап өткен.
Фатиха сүресінің ерекшелігі жайында Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Жаным қолында болғанмен ант етейін, Тәуратта да, Інжілде де, Забурда да, Фурқанда да дәл ондай нәрсе түспеген. Ол – қайталанатын жеті (аят) пен маған берілген Ұлы Құран» (Ахмад риуаят еткен).
Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабасы Әбу Сағид ибн әл-Мәәллиге (р.а.): «Саған Құрандағы ең ұлы сүрені үйретемін. Ол – Әлхамдулилләһи раббил-ъаламин – қайталанушы жеті аят пен маған берілген Ұлы Құран», – деген (Бұхари риуаят еткен хадис).
Алланың Елшісі (с.а.с.) басқа бір хадисінде былай деген: «Кітаптың Фатихасы (Беташар сүресі) әрбір дертке ем» (Бәйһақи риуаяты).
Фатиха сүресі әрбір мұсылман күнделікті бес уақыт намазында бірнеше он мәрте оқитын бірден-бір сүре. Сондықтан бұл қасиетті сүренің «әс-Сәбғ әл-Мәсәни», яғни қайталанушы жеті аят деген атауы да бар. Әрбір намазда оқылатын бұл сүренің әрбір аятына Раббы тарапынан жауап бар. Бұл жайында Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла Тағала: «Намазды Өзім мен пендемнің арамызда бөліп қойдым. Пендеме сұраған нәрсесін беремін», – дейді. Пенде: «Әлхамду лилләһи раббил-ъаләмин», – дегенде, Алла: «Пендем Мені мадақтады», – дейді. «Ар-рахманир-рахим», – дегенде, Алла: «Пендем Маған мақтау айтып, дәріптеді», – дейді. Пенде: «Мәлики йәумид-дин», – дегенде, Алла: «Пендем Мені даңқымды айтты», – дейді. «Ийәкә нәъбуду уа ийәкә нәстәъин», – дегенде, Алла: «Бұл – Мені мен пендемнің арамыздағы нәрсе, пендеме сұрағанын беремін», – дейді. Пенде: «Иһдинәс-сираталь-мустәқим сираталь-ләзинә әнъәмтә әләйһим, ғайрил-мағдуби әләйһим уә ләд-даллин», – дегенде, Алла: «Бұл – пендемнің сұрағаны, пендеме сұрағанын беремін», – дейді». (Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәии, Ибн Мәже риуаят еткен хадис).
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бірде Расулаллаға (с.а.с.) бір періште келіп: «Өзіңнен бұрынғы пайғамбарларға түсірілмеген екі нұрмен сүйіншілейміз. Ол – Кітаптың Фатихасы мен Бақара сүресінің соңғы аяттары. Олардың әрбір әрпін оқысаң сұраған нәрсең беріледі», – деген».
Бисмилләһир-рахманир-рахим туралы
Мағынасы: «Аса рахымды, ерекше мейірімді Алланың атымен (бастаймын)». Құрандағы Тәубе сүресінен басқа барлық сүрелер осы бисмилләмен басталынған. Мұндағы хикмет пенделердің әрбір істерін, сөздерін Алла Тағаланың есімімен байланыстыруы керектігіне нұсқайды. Пұтқа табынушылар мен серік қосушылар істерін өздері жасап алған құдайсымақтары мен серіктерінің аттарымен бастаса, ал, мұсылмандар өз істерін бір Алланың есімімен бастайды. Оның атымен басталынған әрбір іс нәтижесіне қарамай пайдалы әрі сенімді болмақ. Өйткені ісін Алланың атымен бастап, Оған шын тәуекел еткен пенде ешқашан өкініште қалмақ емес. Амалды бисмилләмен бастаудың маңыздығы жайында Алланың Елшісі (с.а.с.): «Алланың атымен басталмаған әрбір іс келте», – деген.
«Бисмилләһир-рахманир-рахимнің» Фатиханың алғашқы аяты екендігі туралы Құран қарилары, шариғат ғұламалары арасында екі түрлі пікір бар. Мәдина, Басра қалалары мен Шам аймағындағы Құран білгірлері мен ғалымдары «Бисмилләһир-рахманир-рахим» Фатиханың да, басқа сүрелердің де алғашқы аяты емес деген пікір ұстанған. Олар «Бисмилләһир-рахманир-рахим» сүрелердің арасына бөлік ретінде әрі әрбір істі тәбәрік ретінде Алланың атымен бастау үшін жазылған деседі. Осы пікірді шариғат ғұламаларының ішінде Мәлік, Аузағи, Әбу Ханифа мен оның ізіне ергендер де қуаттаған. Сондықтан да мәлики, ханафи мазһабтарында намазда Фатиха сүресін оқығанда «Бисмилләһир-рахманир-рахим» дауыстап айтылмайды.
Ал Мекке, Куфа қалаларынан шыққан Құран оқуының білгірлері «Бисмилләһир-рахманир-рахим» Фатиханың да, әрбір сүренің де аяты деген көзқараста болған. Бұл пікірді Шафиғи мен оның ізіне ергендер қолдаған. Сол себепті де олардың мазһабтарында намазда Фатиха сүресін оқығанда «Бисмилләһир-рахманир-рахим» дауыстап оқылады.
Сүренің қысқаша тәпсірі
«Әлхамду лилләәһи раббил-ъааләмиин» – «Барлық мадақ бүкіл әлемдердің Раббы Аллаға тән».
Түсініктемесі: Жаратушы Хақ Тағала бізге Оны қалай мадақтап, қалайша дәріптеуімізге нұсқап тұр. Ей, пенделерім! Егер Маған алғыс білдіріп, шүкіршілік еткілерің келсе, Мені дәріптегілерің келсе, «Әлхамду лилләәһи» деп айтыңдар. Менің сендерге берген игілігім мен жақсы мәмілемді қабыл алып, шүкір етіңдер. Ұлылық пен даңқтың, абыройдың жалғыз иесі – Менмін. Жындар мен адамдарды да, көктер мен жерлерді де, қарасаң көзің жетпейтін ұшы-қиыры жоқ сансыз әлемдерді де, ғаламдарды да жоқтан бар етіп Жаратушысы әрі жеке-дара Иесі Менмін. Сондықтан да Маған мақтау айтып, шүкірлік қылыңдар.
Осы бір қасиетті аятты айтумен біз Раббымызға алғысымыз бен шексіз шүкірлігімізді білдіреміз. Өйткені Ол осылай айтуымызды үйретті.
«Ар-рахмаанир-рахиим» – «Аса рахымды, ерекше мейірімді».
Түсініктемесі: «Рахымы әрбір нәрсені, бүкіл жаратылысты, мақлұқаттарды, көк пен жерді, дүние мен ақыретті қамтушы. Барлық жаратқан нәрселеріне мейірімін төгіп, ризықтарын үлестіріп, туралыққа бастаушы». «Ар-Рахман», «Ар-Рахим» екеуі де Алла Тағаланың көркем сипаттары, екеуінің де түбірі «рахма» – рахым, мейірім сөзінен өрбиді. Екеуі де араб тіліндегі асырмалы шырайдағы сын есімдер. Кейбір тәпсіршілердің пікірлері бойынша Ар-Рахман «аса ұлы рахымды» деген мағынаға келеді, ал «Ар-Рахим» әрдайым, мәңгілік рахымды деген мағынаға саяды. Әл-Хитаби деген ғұлама: «Ар-Рахманның мағынасы мұсылманды да, кәпірді де шет қалдырмаған, бүкіл жаратылысының ризық-несібелері мен игіліктерін қамтыған ұлы рахымның иесі дегенді білдірсе, ал, Ар-Рахим иман келтіргендерге ғана қатысты рахымдылық сипаты. Алла Тағала: «Ол (Алла) иман келтіргендерге Рахим (ерекше мейірімді)» (Ахзаб сүресі, 43-аят), – деген», – дейді. Шынында да Құран Кәрімнің қасиетті аяттарына зер салып қарасақ, Ар-Рахим сипатының көбіне иман келтіргендерге, тәубе етушілерге қатысты айтылғанын байқаймыз. Алланың Елшісінің (с.а.с) дұғаларында «Рахманад-дуния уәл-ахира» – «Уа, дүние мен ақыреттің Рахманы» деген тіркес те кездеседі. Демек, соңғы пікір көкейге қонымдырақ.
«Мәәлики йәумид-диин» – «Қиямет күнінің иесі».
Түсініктемесі: «Мәәлик» – ие, еге, қожайын деген мағыналарды білдіреді. Ал «йәумид-дин» – жаза күні, яғни Қиямет күні. Алла Тағала жаза мен есептің Егесі. Әрбір меншіктің түбінде өз иесіне қайтатынындай, Ол осынау ұлы күні барлық жаратылысының есебін алады. Істеріне қарай олардың әрбіріне сауабы мен жазасын береді. «Ол күні біреу біреу үшін еш нәрсеге ие емес (еш қарайласа алмайды). Ол күнгі іс тек Аллаға тән» (Инфитар, 19).
«Иййәәкә нәъбуду уа иййәәкә нәстәъиин» – «Саған ғана құлшылық қыламыз әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз».
Түсініктемесі: «Уа, Алла! Ғибадатымызды тек Өзіңе ғана бағыштаймыз, тек Өзіңе ғана құлшылық қыламыз. Өзіңнен басқа ешкімге де, ештеңеге де табынбаймыз. Өйткені құлшылық қылуға, табынуға лайықты – тек бір Өзіңсің. Медет пен жәрдемді де тек Өзіңнен ғана сұраймыз. Өзіңе бой ұсынып, разылығыңа жеткізетін амал етуге көмек бере гөр.
«Иһдинәс-сирааталь-мустәқиим» – «Бізді тура жолға сала гөр».
Түсініктемесі: «Ия, Алла! Өзіңнің ақиқат жолыңа нұсқап, бағыттағайсың. Тура дініңмен жүруге нәсіп еткейсің. Барлық пайғамбарларың мен соңғы Елшің (с.а.с.) арқылы жіберген шынайы Ислам дінінде болу нығметінен ажыратпай, басқан қадамымызды нықтағайсың.
«Сирааталь-ләзиинә әнъәмтә ъәләйһим» – «Нығметке бөлегендеріңнің жолына».
Түсініктемесі: Ия, Алла! Өзіңнің нығметіңе бөленіп, дархан жомарттығыңа лайық болған пайғамбарлар мен шыншылдардың, шәһидтер мен салихалы құлдарыңды бастаған жолға бізді де бастағайсың.
«Ғайрил-мағдууби ъаләйһим уә ләд-даалиин» – «Ашуға ұшырағандардың жолына емес».
Түсініктемесі: Өзіңнің тура жолыңнан адасып, қаһарыңа тап болғандардың жолдарынан аулақ қылып, сақтай гөр. Алланың ашуына ұшырап, лағынетіне лайық болғандар – йәһудилер, Құдайға серік қосып, тура жолдан адасқандар – христиандар.
Шымкент қаласы орталық мешіті