بِسْمِ اللهِ الرَّحْمنِ الرَّحِيمِِ
﴿ اللّهُ لاَ إِلَـهَ إِلاَّ هُوَ الْحَيُّ الْقَيُّومُ لاَ تَأْخُذُهُ سِنَةٌ وَلاَ نَوْمٌ لَّهُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ مَن ذَا الَّذِي يَشْفَعُ عِنْدَهُ إِلاَّ بِإِذْنِهِ يَعْلَمُ مَا بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَمَا خَلْفَهُمْ وَلاَ يُحِيطُونَ بِشَيْءٍ مِّنْ عِلْمِهِ إِلاَّ بِمَا شَاء وَسِعَ كُرْسِيُّهُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ وَلاَ يَؤُودُهُ حِفْظُهُمَا وَهُوَ الْعَلِيُّ الْعَظِيمُ﴾.
(Бақара сүресінің 255-аяты)
Оқылуы: Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим.
«Аллааһу ләә иләәһә иллә һуал-хаййул-қаййуум, ләә тә’хузуһу синәту-уәләә нәум, ләһу мәә фис-сәмәәуәәти уәмәә фил-‘ард, мәң зәлләзи йәшфәъу ъиндәһу иллә би’изниһ, йәъләму мәә бәйнә әйдииһим уә мәә халфаһум, уә ләә йухиитуунә бишәй’им-мин ъилмиһи иләә бимәә шәә’ә, уасиъа курсийуһус-сәмәәуәәти уәл-‘арда, уә ләә йә’удуһу хифзуһума уа һуал-ъалийул-ъазиим».
Қазақша мағынасы: «Алла, Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы қалғымайды да ұйықтамайды да. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның хұзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар Оның қалауынсыз басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады. Оған ол екеуін қорғау да ауыр келмейді. Және Ол өте биік, аса зор (255)».
Аяттың ерекшелігі туралы
Аятул-Курси Құран Кәрімдегі реттік саны жағынан екінші сүре – Бақара сүресінің 255-аяты. Алланың Кітабындағы ұзын аяттардың бірі. Жалпы Бақара сүресінің басым көпшілік аяттары Мәдина дәуірінде түсірілген.
Аятул-Курсидің артықшылығын баяндайтын мынадай хадистер бар.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бақара сүресінде Құран аяттарының төресі бар, оны қайсыбір үйде оқыса, ол жерден шайтан қашып шығады, ол – Аятул-Курси», – деген (Хаким мен Бәйһақи риуаят еткен хадис).
Алланың Елшісінің (с.а.с.) сахабасы Әбу Һурайра (р.а.) былай әңгімелейді: «Алланың Елшісі (с.а.с.) маған рамазан айының зекетін (пітір садақасын) қарауылдауды тапсырған болатын. Бірде түнде зекетті қарауылдап тұрған кезімде бір кісі келді. Келе сала зекет астығынан көсіп алды. Мен оның қолынан шап беріп: «Уаллаһи, сені Алланың Елшісіне апарамын», – дедім. Ол: «Мен бір мұқтаж адам едім. Менің балаларым көп, қатты тарықтым», – деп жалынды. Содан соң мен оны қоя бердім. Таңертең тұрып Пайғамбарға (с.а.с.) барғанымда ол маған: «Ия, Әбу Һурайра! Кеше сенің тұтқының не істеді?» – деп сұрады. «Ия, Расулалла! Ол маған өзінің қатты қиын жағдайда екендігін, балаларының көптігін айтып жалынды. Сосын оны босатып жібердім», – дедім мен. Пайғамбар (с.а.с.): «Ол сені алдаған екен. Ол әлі қайтып келеді», – деді. Алланың Елшісі (с.а.с.) осылай айтқан соң келесі түні оның қайтып келетіндігін біліп, аңдыдым. Айтқандай-ақ, ол қайта келді де, зекет астығынан тағы да көсіп ала бастады. Мен оны ұстап алдым да: «Мен сені қазір Алланың Елшісіне (с.а.с.) алып барамын, – дедім. Ол болса тағы да: «Жіберші мені, мен бір пақыр мұқтажбын, бала-шағам да көп. Ендігәрі бұл жерге аяқ баспаймын», – деді жалбарынып. Менің оған жаным ашып, босатып жібердім. Таңертең тұрып Пайғамбарға (с.а.с.) бардым. Ол (с.а.с.) маған: «Ия, Әбу Һурайра! Тұтқының не істеді?» – деп сұрады. Мен: «Ия, Расулалла! Ол маған өзінің қиын жағдайда екендігін, бала-шағасының көптігін айтып ақталды. Сосын жаным ашып, босатып жібердім», – дедім. Пайғамбар (с.а.с.): «Расында ол саған өтірік айтты. Ол әлі қайтып келеді», – деді. Сөйтіп мен оны үшінші мәрте аңдыдым. Айтқандай-ақ, ол келді де, тағы да зекет малына қол сала бастады. Мен оны шап беріп ұстап алдым. «Мен сені Алланың Елшісіне (с.а.с.) апарамын. Бұл енді ең соңғы мәрте. Сен өзің қайтып келмеймін деп алып, келе береді екенсің», – дедім. Ол: «Мені жіберші. Саған Алладан пайда келтіретін сөздер үйретемін», – деді. «Ол қандай сөз?» – деп сұрадым. Ол: «Төсегіңе жатқанда Аятул-Курсиді оқып жат. Солай етсең саған Алла тарапынан қорғаушы болады. Таң атқанша ешбір шайтан саған жақындай алмайды», – деді. Мен оны босатып жібердім. Таңертең Расулалла (с.а.с) менен: «Кешегі тұтқының не істеді?», – деп сұрады. Мен: «Ия, Расулалла! Ол маған Алладан пайда келтіретін сөздер үйретемін деген соң босатып жібердім», – деп жауап бердім. Пайғамбар (с.а.с.): «Ол қандай сөздер?» – деді. Мен: «Ол маған ұйқыға жатарда Аятул-Курсиді толық оқып жат. Сонда таң атқанша саған Алла тарапынан бір қорғаушы болады да, ешқандай шайтан жолай алмайды деді», – дедім. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Ол нағыз өтірікші болса да бұл жолы саған шын айтқан екен. Сенімен үш түн бойы сөйлесіп жүргеннің кім екенін білесің бе, ия, Әбу Һурайра?», – деді. Мен: «Жоқ», – дедім. Пайғамбар (с.а.с.): «Ол – шайтан»,– деді». (Бұхари риуаяты, № 2311 хадис).
Убәй ибн Кағбтен (р.а.) былай дейді: «Бірде Пайғамбар (с.а.с.) менен: «Уа, Әбу Мунзир, Алланың Кітабынан жаттаған аяттарыңның ең ұлысы қайсысы екендігін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Елшісі білер», – дедім. Сосын Ол (с.а.с.) тағы да: «Уа, Әбу Мунзир! Алланың Кітабындағы ең ұлық аят қайсы екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Аллаһу лә иләһә иллә һуал-хаййул-қаййуум (яғни, Аятул-Курси)», – дедім. Сонда Ол (с.а.с.) мені кеудемнен қағып: «Білімің сіңімді болсын, Әбу Мунзир», – деді». (Мүслім мен Әбу Дәуіт риуаят еткен хадис).
Әбу Умәмәдан (р.а.) жеткен хадисте Расулалла (с.а.с.): «Кімде-кім әрбір парыз намазынан соң Аятул-Курсиді оқыса, оның жәннатқа кіруімен арада тек өлім ғана тұрады», – деген. (Нәсәи, Ибн Хиббан, Табари риуаят еткен хадис).
Әлиден (р.а.) мынадай риуаят жетті: «Мен Расулалланың (с.а.с.) былай дегенін естідім: «Кімде-кім әрбір намаздан соң Аятул-Курсиді оқыса, оны мен бейіштің арасын тек өлім ғана бөліп тұрады. Ал кім оны жатарда оқыса, Алла оның үйінің амандығын кепілдігіне алады». (Бәйһақи риуаят еткен).
Аятул-Курсидің ерекшеліктерінің бірі –көптеген жағдайларда оқылуы. Оны оқушы ерте болсын, кеш болсын, сауабын алады. Бұл аяттың түрлі апаттардан сақтаушы, кірбіңдер мен бәлелерден, қайғы-мұңнан арылтушы, ризықтың берекесіне жеткізуші және азғырынды шайтандарды аластаушы сипаттары бар.
Курси туралы түсінік
Атақты ғұлама Әли ибн Мухаммед әл-Журжани Тағрифат атты кітабында мынадай анықтама береді: «Курси және Аршы синоним сөздер, екеуінің мағынасы: барлық денелерді, әлемдерді қоршап тұрған дене. Аршы деп биіктігіне байланысты айтылған, ал курси деп патшаның үкімі мен пәрменін шығарарда отыратын тағына ұқсатылып айтылған».
Хасан Басри: «Курси – аспандар мен жер ішіне сыйып кететін ұлы дене. Аршы дегеніміз де сол. Өйткені патшаның тағы аршы деп те, курси деп те аталады», – деген.
Нисапури мынадай анықтама береді: «Курсидің мағынасы білім. Өйткені Алла Тағаланың әрбір ісі Білім сипатына негізделіп атқарылады».
Көптеген ғұламалар: «Курси – ауыспалы мағынада қолданылған сөз. Шынында ешқандай да тақ жоқ», – дескен.
Кейбір тәпсіршілер: «Курси – Алла Тағаланың ұлықтығын білдіретін сөз, Жаратушы пенделеріне Өзінің ұлықтығын білдіру үшін олардың түсініктеріндегі билік пен ұлылық белгілерімен жеткізген», – деген тұжырым жасайды. (Әл-Маусуъа әл-Исламия әл-Амма).
Аяттың қысқаша тәпсірі
«Аллааһу ләә иләәһә иллә һуа» – «Алла, Одан басқа еш тәңір жоқ».
Түсініктемесі: Алланың жеке-дара құлшылыққа лайықты екендігін, хақиқи бірлігін, Оған еш нәрсе серік бола алмайтындығын білдіріп тұр.
«Һуал-хаййул-қаййуум» – «Ол мәңгілік тірі әрі толық меңгеріп тұрушы».
Түсініктемесі: Әл-Хаййу – Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі, мағынасы «Мәңгілік Тірі» дегенді білдіреді. Алладан басқа тірі атаулының бәрінің де тіршілігінің басы және соңы бар. Ал Жаратушы олай емес. Оның тірілігі мәңгілік сипатта: басы да, аяғы да жоқ. Өлім сияқты нақыстық Оған тән емес.
Әл-Қаййум – Өздігінен болушы әрі тұрушы және басқаларды меңгеріп тұрушы. Ибн Аббас: «Әл-Қаййум – еш өшпейтін әрі еш өзгермейтін деген мағынаны білдіреді», – деген. Мужаһид: «Әл-Қаййум: барлық нәрсені меңгеріп тұрушы», – деген. Қатада: «Әл-Қаййум – жаратылысының істерін меңгеруші», – деген.
Хасан Басри: «Әл-Қаййум – әрбір жанды істеген ісіне қарай басқарып тұрушы және сол істеріне қарай сый немесе жаза тартқызушы. Ол барлығын біледі. Одан еш нәрсе жасырын қала алмайды», – деген.
Ал Ар-Рағиб былай деген: «Әл-Қаййум – әрбір нәрсені меңгеріп, сақтаушы және әрбір нәрсеге тіршілігіне керектісін беруші».
Тәпсірші Табари былай дейді: «Әл-Қаййумның екі мағынасы бар: біріншісі: Оның (Алла Тағаланың) тіршілігі еш нәрсеге тәуелді емес; екіншісі: керісінше, басқа нәрселердің тіршілігі Оған тікелей тәуелді, Онсыз олар болмас та еді».
Демек, Алла Тағала – Әл-Қаййум, яғни бүкіл әлемдегі бар нәрселерді сақтап, әрбір жанға амалына қарай жазасын береді, әрбір нәрсеге куәгер, Оның назарынан еш нәрсе тыс қалмайды. Оның мәңгілік қамқорлығының тағы бір белгісі – Оған еш кемістік, нақыстық тап болмайды, жаратылысы да еш әсер ете алмайды.
«Ләә тә’хузуһу синәту-уәләә нәум» – «Қалғымайды да ұйықтамайды да».
Түсініктемесі: Пенде өзінің Раббысының ешқашан ұйықтамайтындығын, қалт кетпейтіндігі нық сезгенде оған әр уақытта да мінәжат етіп, пана тілейтін болады. Сондықтан да басқа адамдар ұйықтап жатқан сәтті пайдаланып, Оның есігін қағады, Одан барлық тілек-қажеттерін жалбарына сұрайды. Өйткені Ол ешқашан да ұйықтамайды, қалғымайды. Ибн Кәсир өзінің тәпсірінде мынадай хадис келтірген: «Алла ұйықтамайды және Ол ұйықтауға тиіс емес. Өйткені Ол пенделердің ризық-несібелерін көбейтіп-кемітеді, Оған түнде күндізде істелінген амалдар, ал, күндіз түнде істелінген амалдардың есебі беріліп отырады» (Мүслім мен Ахмад риуаят еткен).
«Ләһу мәә фис-сәмәәуәәти уәмәә фил-‘ард» – «Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән».
Түсініктемесі: Пенденің осы пәни дүниеде өзіне тиісті еш нәрсе жоқ екендігін айқын сезіне білуі – шынайы құлшылық талаптарының бірі. Өйткені барлық нәрсенің жеке-дара нақ Иесі – Алла Тағала. Тіпті пенденің жаны да сол иеліктің ішіне кіреді. Осыны білген адам өзінің қаншалықты дәрменсіз екендігін ұғынады. Басқа бір аятта айтылғандай: «Ей, адамдар! Сендер Аллаға нағыз мұқтажсыңдар, ал, Алла бай ешнәрсеге мұқтаж емес әрі мақтаулы» (Фатыр, 15).
«Мәң зәлләзи йәшфәъу ъиндәһу иллә би’изниһ» – «Оның хұзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді».
Түсініктемесі: Барлық нәрсе Оның әмірімен және рұқсатымен ғана болады. Соның бірі – шапағат ету. Қиямет күнінде шапағат ету Алла Тағаланың рахымымен ғана жүзеге асады. Бұл күндегі Жаратушының қаһарының қаттылығы мен есептің ауырлығы соншалықты, пайғамбарлардың өзі бас сауғалап, тек жеке басын құтқарудың қамына кіріседі. Әрбірі өз қауымдарынан бет бұрады. Тек қана пайғамбарлардың соңы – сүйікті Расуліміз Мұхаммед (с.а.с.) қана шапағат ете алады. Оған (с.а.с.) Қиямет күні ең бірінші шапағат ету хұқы беріледі. Бұл туралы Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мен (Қиямет күні) Аршының астына келіп, сәжде жасаймын. Сонда Алла маған жылы шақырумен шақырып: «Басыңды көтер, тілегіңді айт – тыңдалады, шапағат қыл – қабыл болады», – дейді. Маған белгілі бір мөлшер айтылады, сол мөлшерде (мұсылмандарды) жәннатқа кіргіземін» (Бұхари риуаят еткен).
«Йәъләму мәә бәйнә әйдииһим уә мәә халфаһум» – «Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі».
Түсініктемесі: Ол пенделердің бұрынғы істерін де, келешектерін де біледі. Сондықтан да әрбір ісімізде, сөздерімізде, тіпті ішкі жан дүниемізде де Оны естен шығармауымыз керек. Алла Тағала жасырынды да, жарияны да біледі.
«Уә ләә йухиитуунә бишәй’им-мин ъилмиһи иләә бимәә шәә’ә» – «Олар Оның қалауынсыз басқа еш нәрсе білмейді».
Түсініктемесі: Біздің барлық үйренген нәрселерімізге Алланың рұқсатымен ғана жеткенбіз. Қашан надандығымызды ұғынғанымызда Одан білім үйретуін жалбарына сұраймыз. Ибн Аббас (р.а.) бір түні намаз оқып: «Уа қул Рабби зидни ъилмән» (Таһа, 114) («Ей, Раббым! Білімімді арттыра гөр»), – деп жалбарынумен болған. Басқа бір аятта айтылғандай: «Сендерге білімнен аз ғана берілді» (Исра, 85). Мұса пайғамбар (а.с.) мен Хыдырдың қиссасында Хыдыр Мұсаға (а.с.) теңізден бір тамшы су алған кішкене құсты көрсетіп: «Екеуміздің біліміміз Алланың білімінің қасында мына құстың теңізден су алғанындай ғана», – деген екен. Бұл жайындағы хадис Бұхаридің Сахихында риуаят етілген.
«Уасиъа курсийуһус-сәмәәуәәти уәл-‘арда» – «Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады».
Түсініктемесі: Курси сөзінің мағынасы туралы жоғарыда тоқталып өттік. Алла – өте Ұлы, Оның Курсиі аспандар мен жерлерден де үлкен. Немесе Оның Білімі барлық нәрселерді қамтыған. Еш нәрсе де Оның иелігінен, құдірет-күші мен білімінен сырт қала алмайды.
«Уә ләә йә’удуһу хифзуһума» – «Оған ол екеуін қорғау да ауыр келмейді».
Түсініктемесі: Көктер мен жерді, ондағы бүкіл мақлұқаттарды тепе-теңдікте ұстап тұру Жаратушы үшін ауыр емес. Біз үшін шетсіз-шексіз көрінген ғалам Ол үшін қарапайым нәрсе. Барлық нәрсені сақтау Алланың иелігіндегі іс. «Алла сақтаушылардың қайырлысы» (Жүсіп, 64).
«Уа һуал-ъалийул-ъазиим» – «Және Ол өте биік, аса зор».
Түсініктемесі: Бұдан биіктік пен ұлылықтың тек Аллаға ғана лайық екендігін ұғынамыз. Өзіміздің дәрменсіздігіміз бен адасушылығымызды түсінеміз.
Шымкент қаласы орталық мешіті