Қауымын тура жолға салуға бар күш-жігерін жұмсап әрекет жасағанмен оларды өзгеріске түсіре алмай қиналған Нұх Тәңіріне жүгінді.
«Тәңірім! – деді Нұх. – Жұртым мені өтірікке шығарып отыр» (Шуара сүресі, 117-аят).
«Біздің екі арамызда үкім айт, мені де, маған ілескен мүминдерді де құтқар» (Шуара сүресі, 118-аят).
«Біз оны да, оған ілескендерді де (адамдар мен хайуандарды кемеге толтырып алып) құтқардық» (Шуара сүресі, 119-аят).
Нұх: «Кәпірлер адасқандар, олар жер бетінде қалатын болса басқаларды да шатастырып, адастырады, ұрпақтарды жаман жолға бастайды. Өйткені олардың өтірікті шындай етіп алдау- арбаудың ең шыңына жеткен нағыз алаяқтар екеніне көзім жетті. Олар кәпірлікті, бұзықтықты мирас етіп, өздеріне ұқсас ұрпақтарды дүниеге келтіретін болады. Кәпірлердің бірін де жер бетінде қалдыра көрме. Ей, Тәңірім! Ендігі үкімді өзіңнен ғана күтемін. Менің басқа шарам қалмады», – деп Алла Тағалаға жалбарынды.
Құтқару кемесін жасау
Алла Нұхтың дұғасын қабыл етіп, өтірікші қауымды жермен жексен етуден бұрын мүминдерді құтқарып қалу жайын қарастырды. Олардың Нұхқа көрсеткен азаптары мен қорлықтары Аллаға аян еді. Сондықтан Алла олардың бәрін жақын уақытта суға батырып жоқ қылып жіберетінін білдірді. Содан кейін Алла Нұхқа мүминдерді және жан-жануарларды құтқаратын кеме жасауды бұйырды. Оған кемені қалай жасау керектігін үйретті. Осыдан бастап кәпірлерді иманға шақыруды тоқтатуға әмір берді. Нұхтың кеме жасауға кіріскенін көрген кәпірлер таңдана бастады. Бұрынғы дағуашы болып жүрген Нұхтың енді кеме жасаушы болып кеткеніне күле қарап, ар-намысына тиетін сөздер айтып, келемеждеп мысқылдауға көшті. Бірақ Нұх оған ызаланбай, байсалды түрде: «Маған және маған иман келтіргендердің ар-намысына тигендерің үшін жақында азап тартасыңдар. Сендер бізге зарар тартқызсаңдар, ендігі кезек сендерге келмек. Алла қалаған күні жермен-жексен боласыңдар. Бұл дүниенің өзінде-ақ жазаланатындарыңа қоса ақиретте де мәңгі азап көретін боласыңдар», – деді.
«Нұхқа (мынадай) аян беріледі: «Бұрын иман айтқандарынан басқа сенің жұртыңда иманға келушілер болмайды. Олар үшін сен қам жеме» (Һуд сүресі, 36-аят).
«Біздің аян етуіміз бойынша, сен біздің көз алдымызда кеме жаса және азғындар туралы маған ештеңе айтушы болма. Сөз жоқ, олар топанға тұншықтырылады» (Һуд сүресі, 37-аят).
«(Нұх) кеме жасады. Қауымның басшылары олардың қасынан өткен сайын келекелеп, мазақ етіп жүрді. (Нұх айтты): «Егер сендер бізді мазақ етсеңдер, дәл осыларың сияқты біз де сендерді сөзсіз мазақ етеміз» (Һуд сүресі, 38-аят).
«Қор ететін азаптың кімнің басына келетініне, мәңгілік қорлықтың кімнің басында қалатынына келешекте көздерің жетеді» (Һуд сүресі, 39-аят).
Топанның басталуы
Нұхтың кемені жасап бітіруіне орай азаптың бас белгілері де көріне бастады. Ол – жерден су шыға бастауы еді. Алла Тағала Нұхқа жер бетіндегі қыбырлап жүрген жандылардың әр түрінің еркек-ұрғашыларын жұп-жұбымен алып кемеге салуды бұйырды. Нұх жануарлардан, хайуандардан, жәндіктерден жұп-жұп етіп ала бастады. Бұл топаннан соң тіршіліктің қайтадан басталуы үшін керек еді. Егер өйтпесе топаннан кейін олардан ұрпақ қалмай қырылып қалуы мүмкін болатын. Алла Нұхқа өзімен бірге кемеге отбасы мүшелерін, жақындарын, мүминдерді салуды бұйырды да, олардан екеуін бөліп тастауды әмір етті. Ол екеуі Аллаға күпірлік келтірген әйелдерінің бірі және балаларының бірі еді. Нұхқа Алла Тағала оларды кемеге мінгізуге рұқсат етпеді. Өйткені әйелі мен баласы кәпір болған еді. Алла олардың басқа кәпірлермен бірге топан суға кетуін қалады.
Нұх кемені дайындап болғаннан кейін иман келтіргендерді мінгізіп, Алла Тағаланың есімін еске алып, ұлықтауды тапсырды. Кеме құтқару құралы болғанымен, шын құтқарушы Алла ғана еді. Толқындаған суды жарып кеме қалқып келе жатты. Толқын күшіне мінген сайын кеме де биік тау шыңына қарай өрлей берді. Сөйтіп, биік тау шыңына да шықты. Алла иман келтірген құлдарына мейірім, рахымын және оларды қандай жолмен болса да сақтай алатынын осылай көрсетті.
«Бұйырған мезгіл жетті, бұрқылдап су атылды. «Кемеге хайуаннан бір-бір жұптан салыңдар, өз үйлеріңдегі көзі жойылуға тиіс адамдар бұған кіргізілмейді. Сонан соң иман айтқан адамдарыңмен бірге кемеге шық», – дедік. Оған еріп иман айтқан адам аз болды» (Һуд сүресі, 40-аят).
«Кемеге шығыңдар! – деді Нұх өз адамдарына. – Оның жүзуі, тоқтауы Алланың ықтиярына байланысты болады. Күмәндарың болмасын, менің Тәңірім нағыз кешірімшіл, барынша мейірімді» (Һуд сүресі, 41-аят).
«Тау толқындар тербеп, кеме жүзіп бара жатты. Кеме қозғалар алдында Нұх жағада, жырақта тұрған ұлына: «Ей, ұлым, бізге ілес, кемеге шық. Кәпірлермен бірге қалма», – деп дауыстады» (Һуд сүресі, 42-аят).
Топанның пайда болуы
Алла Нұхтың дұғасын қабыл еткеннен кейін аспаннан нөсер жаңбыр жаудырып, жер бетінде бұрын-соңды болмаған іс болды. Жерге де әмір беріліп, бұлақ сулары атылып шыға бастады. Аспан суы мен жерден шыққан су қосылып орасан топанға айналды. Нұхтың құтқару кемесіне тек оған иман келтіргендерді ғана отырғызуға рұқсат етілді. Алланың мейірім, рахымының арқасында тек мүминдер ғана аман қалды.
«Бұлардан бұрын Нұх қауымы қарсы шықты. Біздің құлымыз болған Нұхты мойындамай, оны есалаң санады. Оны масқаралап қуды» (Қамар сүресі, 9-аят).
«Шынында, мен тәлкекке ұшырадым, – деді Нұх сонда Тәңіріне. – Маған өзің жәрдем бер!» (Қамар сүресі, 10-аят).
«Нөсерлеген жаңбырмен көктің қабатын ашып жібердік» (Қамар сүресі, 11-аят).
«Жер бетіне атқылатып су шығардық. Олардың қылмыстарына орай жаңбыр суы мен бұлақ суы қосыла тасыды» (Қамар сүресі, 12-аят).
«(Нұхты) мықпен мықтап шегеленген тақтай кемеге отырғыздық» (Қамар сүресі, 13-аят).
«Ол кеме біздің қорғауымызбен жүзіп отырды. Жалғанға шығарылған (Нұхты) осылай жарылқадық» (Қамар сүресі, 14-аят).
Нұхтың баласының суға кетуі
Нұх баласына топанның басталатынын ескертіп, кемеге мінуге шақырды. Бірақ асқынған күпірлігі себепті әкесінің сөзіне құлақ аспады. Әке сөзін құрметтеу былай тұрсын тыңдағысы да келмеді. Әдеттегідей жәй табиғат құбылысына санап, тауға шығып құтыламын деп ойлады. «Бұл кәпірлерге дайындалған жаза, одан құтқарар күш те, белгі де жоқ», – деген әке сөзі надан, адасқан кәпір баланың санасына мүлде кірмеді.
«Тау толқындар тербеп, кеме жүзіп бара жатты. Кеме қозғалар алдында Нұх жағада, жырақта тұрған ұлына: « Ей, ұлым, бізге ілес, кемеге шық. Кәпірлермен бірге қалма»,- деп дауыстады» (Һуд сүресі, 42-аят).
«Мен суға кетпеймін, биік бір тауға шығып аламын», – деді ұлы. «Бүгін Алла рахым еткен адамнан басқа ешбір жан апаттан құтыла алмайды», – деді Нұх. Сол ақ екен, араларын толқын бөліп кетті де, ұлы набыт болды» (Һуд сүресі, 43-аят).
«Ей, қара жер! Суды жұтып ал. Ей,бұлт, сен ыдыра» – делінді. Су тартылды. Алланың (дінсіздерді набыт ету) үкімі орындалды. Кеме Жуді тауының үстіне келіп тоқтады. «Азғын жандар жойылсын», – делінді» (Һуд сүресі, 44-аят).
Нұхтың баласын құтқаруды өтінуі
Нұхтың жүрек бауыры елжіреп, Тәңірінен жалынып-жалбарынып баласын құтқаруды сұрады. Бірақ Тәңірі оны басынан-ақ құтылушылар қатарына қоспаған болатын. Сондықтан Нұхқа оны құтқаруға рұқсат етпеді. Ұлының құтқаруға уәде етілгендерге жатпайтынын, оның құтқаруға лайық ісі жоқ, имансыз, кәпір екенін, тек мүминдер ғана құтқарылатынын айтып, Нұхтың құтқар деп өтінуді тоқтатуын бұйырды.
Нұх өзінің қателігіне өкінді. Күнәсін мойындап, Тәңірінен өзін құтқаруын, сақтандыруын өтініп, бұдан былай Алла разы болмайтын нәрсені сұрамайтынын айтып жалынып жалбарынды.
«Нұх Аллаға мінәжат етті. «Тәңірім, ұлым менің нәсілімнен еді, (қайтейін). Ал, сенің бұйрығың – хақ. Анығында, сенен артық дұрыс үкім шығарар ешкім жоқ», – деді» (Һуд сүресі, 45-аят).
«Ей, Нұх, – деді Алла.- Ол сенің нәсілің емес. (Өйткені) оның ісі жөнсіз. Сен өзің білмейтін жай туралы маған мінәжат етпе. Мен сенің надандарға ұқсамауыңа насихат беремін» (Һуд сүресі, 46-аят).
«Тәңірім! – деді (Нұх). – Өзім білмегенді Сенен мінәжат етпеу туралы маған Өзің пана бола гөр. Егер Өзің кешірім жасамасаң, рахым етпесең, менің зиян тартуым анық» (Һуд сүресі, 47-аят).
Топанның аяқталуы
Кәпірлер топан тасқынымен опат болып жойылып кеткеннен кейін Алла Жерге суды жұтып алуды, Көкке жауынды тоқтатуды бұйырды. Көк те, жер де бұйрықты дереу орындап, жаңбыр да тоқтады, жерден атқылап жатқан бұлақтар да сап тыйылды. Суда жүзіп жүрген құтқару кемесі де Әл-Жуд тауына келіп тоқтады. Алла мүминдерге рахым, мейірімін көрсетіп болғаннан кейін кәпірлерге: «Ей, залымдар, сенбей жүргендегі күштерің, айла-қулықтарың құтқара алды ма сендерді? – делінді.
«Ей, қара жер! Суды жұтып ал. Ей,бұлт, сен ыдыра» – делінді. Су тартылды. Алланың (дінсіздерді набыт ету) үкімі орындалды. Кеме Жуді тауының үстіне келіп тоқтады. «Азғын жандар жойылсын», – делінді» (Һуд сүресі, 44-аят).
Кемеден түсу
Кеме тауға келіп тоқтағаннан кейін Алла Нұхқа кемеден жерге түсуді бұйырды. Құрғақ жерге аман-есен жеткен олар Алланың өздеріне көрсеткен мейір, рахымына шексіз шүкірлік етіп, құлшылық жасады. Нұх өзімен бірге болған ұрпақтары мен иман келтіргендердің келешекте мүмин халық болуын, олардың кейбіреулерінің бұл дүниедегі байлықтарын халық пайдасына, хақ жолына жұмсап, ел-жұртының қамын жейтіндерден болуын сұрап Аллаға мінәжат етті. Байлық-берекесін басқа жаққа жұмсайтындар шайтанның азғыруымен жүретіндер. Олар – бұл дүниеде де, ол дүниеде де Алланың азабына ұшырайтындар.
«Былай делінді: « Ей, Нұх! Сені және саған ерген біраз адамды Біз аман алып қалдық, өмір сыйладық. Енді кемеден шық. Олардан Біз дүниенің игілігіне ие ететін де, одан соң өзіміздің ауыр жазамызға ұшырайтын да ұрпақтар болады» (Һуд сүресі, 48-аят).
Қиссаның қысқаша мазмұны
Қиссаның соңында Алла сөзін Мұхаммедке (с.ғ.с.) қарай бұрып: «Ей, Мұхаммед, Нұх және оның қауымы жайындағы бұл қиссаны саған кеңінен баяндап бердік. Өз заманында ауыртпалыққа сабыр етіп өткен Нұх сияқты сен де қауымыңның зарарына сабыр ет, төзімді, шыдамды, ұстамды бол. Шындығына келетін болсақ сенің ақырың да Нұх сияқты жеңісті де, жемісті де болады. Тақуалардың ақыры барлық кезде жақсылықпен аяқталады», – деді Алла.
«(Ей, Мұхаммед!) Мұның өзі құпия оқиға еді. Саған оны да аян еттік. Бұрын бұдан сен де, сенің қауымың да бейхабар болатынсыңдар. Сабыр ет (ақырын күт). Жақсы тағдыр (түптің түбінде) тақуаларға тән болмақ» (Һуд сүресі, 49-аят).
Мұхаммедке (с.ғ.с.) жеңіске жетесің деген уәдесін Алла орындады. Алла бұрын Нұхты жеңіске қалай жеткізген болса, Мұхаммедті (с.ғ.с.) де солай жеткізді. Мұның бәрі Құранда ашық баяндалған.
Ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді, адам тек Алла білдіргенді ғана біледі. Барлық нәрсенің сырын да, қырын да білетін тек Алла ғана.
Иракта топан әсерінің табылуы
Құран да, хадис шәріп те топанның тек Нұх қауымын ғана қамтығанын көрсетеді. Барлық жерді топан басқанын дәлелдемейді. Сондай-ақ, адам балаларының сол кезде барлық жерде болғандығының да дәлелі жоқ. Керісінше белгілі бір аумақта ғана болулары мүмкін. Топан да нақ сол аумақты қамтыса керек. Негізінде тарихи археологиялық қазбалар үлкен топанның болғанын дәлелдейді. Ол жұмыстарға Британия музейінен, Американың Пенсильвания университетінен мамандар қатысқан. Олар ол жерден топан ізін кезіктіреміз деп ойламаған да болуы мүмкін. Тек өткен тарих ескерткіштерін таппақ болған. Қазу жұмыстары Урдің солтүстік жағында төрт мильдей жерде, патшалар қабірлері болған Телабид деп аталатын мекенде жүргізілді. Қазба кезінде түрлі керамикалық ыдыстар, тас ғасыры дәуірінде пайдаланылған заттар, пұттар, мүсіндер, қамыстан жасалған заттар табылды. Жұмыс барысында Фурат өзенінің орталық аумақтарында су тасқыны болғаны анықталды. Люнардтың жүргізген зерттеуі тасқынның биіктігі бес қадамнан кем болмағандығын дәлелдеді. Топанның биіктігі жиырма алты қадам болған деп Тауратта да жазылған. Люнардтың пікірі бойынша топан барлық дүниені алмаған, Фурат, Тигр ойпаттарынан асып, шөлейттер мен таулар арасындағы жерлерді басқан. Топанға осы аймақтың тұрғындары ұшыраған. Ойпат тұрғындары топан оқиғасын он екі тақтаға жазып қалдырған деседі. Топанның болғанын осылайша ғылым да дәлелдеп отыр.
Қиссадан ғибрат
Топан тасқыны Құранда жан-жақты баяндалған. Бұл тарихта болған оқиғалардың ең ауыры, Адам балаларының басына түскен зор зобалаң еді. Алла кәпірлерді істері мен қылықтарына қарай осылайша ең ауыр жазамен жазалады. Ол ұлы Алланың құдыретінің күштілігінің белгісі еді.
«Пайғамбарларға қарсы шыққан шақта Нұх қауымын да (топанға) набыт қылып, оны адамдарға ғибрат еттік, залымдарға қияметте тартатын азап дайындадық» (Фурқан сүресі, 37-аят).
«Бұлардан бұрын Нұх қауымы қарсы шықты. Біздің құлымыз болған Нұхты мойындамай, оны есалаң санады. Оны масқаралап қуды» (Қамар сүресі, 9-аят).
«Шынында, мен тәлкекке ұшырадым, – деді Нұх сонда Тәңіріне. – Маған өзің жәрдем бер!» (Қамар сүресі, 10-аят).
«Нөсерлеген жаңбырмен көктің қабатын ашып жібердік» (Қамар сүресі, 11-аят).
«Жер бетіне атқылатып су шығардық. Олардың қылмыстарына орай жаңбыр суы мен бұлақ суы қосыла тасыды» (Қамар сүресі, 12-аят).
«(Нұхты) мықпен мықтап шегеленген тақтай кемеге отырғыздық» (Қамар сүресі, 13-аят).
«Ол кеме біздің қорғауымызбен жүзіп отырды. Жалғанға шығарылған (Нұхты) осылай жарылқадық» (Қамар сүресі, 14-аят).
Көктен жауған жауын әдеттегі жауынға ұқсамайтын еді. Нөсерлете төккен жаңбыр ағыл-тегіл селге айналған. Тек бір жерден ғана емес, кез-келген жерден атылып шығып жатқан бұлақ суы өзен мен көлдерге құйылып, олар да тасып кемерінен асқан. Ақыры көктен жауған жауын мен жерден шыққан бұлақ суы бір-біріне қосылып орасан топанға айналған. Сол топанды қақ жарып кеме жүзіп барады. Ол – Нұхтың отбасы мен мүминдерді құтқаруға арналған Алланың қолдауындағы кеме.
«Ей, қара жер! Суды жұтып ал. Ей,бұлт, сен ыдыра» – делінді. Су тартылды. Алланың (дінсіздерді набыт ету) үкімі орындалды. Кеме Жуді тауының үстіне келіп тоқтады. «Азғын жандар жойылсын», – делінді» (Һуд сүресі, 44-аят).
Алланың үкімі бойынша көктегі бұлт тарап, жердегі бұлақтардың суы тартылып, телегей теңіз болып жатқан су жерге сіңіп жоқ болды. Бұл топан бұзылған, азғындаған адамдардың қылмысына, жауыздығына берілген жаза еді. Олар жер бетінен жойылғаннан кейін дүние қайта қалпына келді. Бұл қашан да Алланың дегені болатынының, Оған қарсы келгендердің ешқашан өз дегендеріне жете алмайтынының айқын дәлелі болып табылады. Қай заманда да асқандар мен тасқандардың ақыры бір тосқауылға ұшырайтынын тарих бізге осылай жеткізеді.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті