Нұх (ғ.с.) заманы пұттар мен көп құдайларға табынатын уақыт еді. Нұх (ғ.с.) сол пұттар мен көп құдайға құлшылық етуші қауымына адасудан сақтандыру үшін жіберілген бірінші елші болатын. Құранда пұттардың аттары да аталған.
«(Сонымен бірге) олар «тәңірлеріңді тәрк етпеңдер, Уадтан, Суағдан, Яғустан, Яғуқтан және Насырдан (бұлардың бәрі пұттардың аттары) ешқашан безбеңдер» – деді» (Нұх сүресі, 23-аят).
«Шынында олар көп адамды жолдан тайдырды. Сол залымдарды одан әрі алжастыра гөр!» (Нұх сүресі, 24-аят).
Нұх қауымы пұттармен қатар жұлдыздарға да табынатын. Нұх 950 жыл өмір сүріп, қауымын Аллаға ғибадатқа шақырумен болды.
«Шынын айтайық, Нұхты біз өз жұртына (пайғамбар) етіп жібердік. Сол қауымының арасында Нұх (насихат айтып) елу жылы кем мың жыл (яғни, тоғыз жүз елу жыл) жасады. Ештеңеге көнбеген тоңмойын қауымды (ақыры) Алла топан суына батырып тынды (пайғамбардың сөзіне иланбай, пұтқа табынып кеткені үшін жер бетінен жойып жіберді)» (Әнкабут сүресі, 14-аят).
Аллаға шақыру
Нұх қауымына өзінің Алланың азабынан сақтандырушы, одан құтылу жолын нұсқаушы екендігін айтып, бір Аллаға ғана құлшылық етуге, Оған серік қоспауға шақырды. Егер Аллаға басқаны серік келтіретін болса, онда қиямет күні қатты азапта қалатындарын ескертті.
«Анығы Нұхты біз өз жұртына пайғамбар етіп жібергенбіз. «Мен, шынында, сендерге ашық хабаршымын» (Һуд сүресі, 25-аят).
«Бір Құдайдан басқаға құлдық ұрмаңдар, сендердің қатал күнде қаһарға ұшырауларыңнан қорқамын» – деді ол» (Һуд сүресі, 26-аят).
Нұх оларға: «Сендер Аллаға бойсұнсаңдар, жаман істерден аулақ болсаңдар сендердің бұрынғы өткен күнәларыңды кешіреді. Сендерге ойлансын деп уақыт берді. Алла не істеймін десе де күші жетеді, ажалдарың жеткенге дейінгі тағдырларың Соның қолында тұр. Бірақ күнә жасасаңдар ешқандай кеңшілік етпейді, керісінше азапты жақындатады. Оның қалай, қай жерден келгенін сезбей де қаласыңдар», – деді.
«Ей, қауымым! – деді Нұх. – Шынында, мен сендерге ашық ескертушімін» (Нұх сүресі, 2-аят).
«Құдайға ғибадат етіңдер, одан қорқыңдар және маған бойсұныңдар!» (Нұх сүресі, 3-аят).
«(Ол) сендердің кейбір күнәларыңды кешіреді. Сендерді мәлім мерзімге дейін кешіктіреді (ұзақ ғұмыр береді). Біле білсеңдер, Алла жіберген ажал келген шақта оған ешкім тоқтау сала алмайды» (Нұх сүресі, 4-аят).
Кәпірлердің асқындауы
Өкінішке орай Нұх жамағаты оның насихатына құлақ аспады, Алланың ескертулеріне көңіл аудармады. Өздері секілді ішіп-жейтін жәй адам қалай пайғамбар болмақ деп Нұхтың пайғамбарлығына сенімсіздік келтірді. Олардың ойынша пайғамбар адамнан емес, періштеден болуы тиіс. Нұхқа ергендерді әлсіздерге санады. Әлсіздер деп олар кедейлерді, жұмысшыларды, шаруаларды, диқандарды, жалпы айтқанда, қара жұмыспен айналы-сатындарды есептейтін. Нұхқа ергендерді ақыл-ойы төмендер, өйткені олар ұлықтардан, ақ сұйектерден емес, өңкей надан, топастар деп таныды.
Нұхты айлакер, алаяқ, өтірікші етіп көрсетуге тырысты. Әрбірден соң Нұхтың өзін айыптап, жұртты оның сөздеріне сенуден қалатындай жағдайға жеткізуге күш салды.
«Бізше болғанда, сен бәріміз секілді ғана бір жансың, – деді кәпірлердің басшылары. – Біз білсек, саған біздің арамызда жетесіз, жеңілтектері ғана ілескен, біз білсек сендердің бізден ешқандай артықшылықтарың жоқ, керісінше, біз сендерді суайттар деп ойлаймыз», – деді» (Һуд сүресі, 27-аят).
Құранның басқа аяттарында асқақтаған, Нұхқа қарсыласқан қауым суреттеледі. Нұхтың дағуасына жауап бермей қайтарғандықтарын айтады. Олар Нұхты адасушы, қауым арасына жік салушы деп айыптайды. Нұх оларға өзінің адасушы еместігін, бүкіл әлемнің Тәңірінің елшісі, Оның өсиеттерін, үкімдерін жеткізуші, насихаттаушы, жамандықтан сақтандырушы екенін түсіндірумен болды.
«Біз сені, нағыз азғырушы түрінде көріп тұрмыз»,- деді оған өз қауымы ішіндегі шонжарлары» (Әғраф сүресі, 60-аят).
«Ей, қауымым! – деді Нұх, – мен тіпті де азғырушы емеспін. Керісінше, мен әлемнің тәңірі Алла жіберген пайғамбармын» (Әғраф сүресі, 61-аят).
«Сендерге Тәңірдің елшілігін жеткізем, сендерге насихат айтамын. Маған Алла аян береді де, сендердің білмейтіндеріңді мен біліп тұрмын» (Әғраф сүресі, 62-аят).
«Сендерге ескерту үшін, сақтануларың және Алланың рақымына бөленулерің үшін, өздеріңнің араларыңдағы бір кісі арқылы Тәңірден аян келіп тұрса, соған да таңданасыңдар ма?» (Әғраф сүресі, 63-аят).
Нұхтың дағуасын жалғастыруы
Нұх дағуасын жалғастыра берді. Олармен сөз жарыстырып: «Маған пайғамбарлық, мейірімділік, ұлықтық берген Тәңірімнен ашық дәлел келтіре аламын. Сендер надандықтан немесе менмендіктен, байлықтан асып-тасып туралықтан тайып кетпесеңдер екен деймін. Сендерді күштеп зорлай алмаймын. Көрсеткен тура жолым үшін сендерден байлық та, ақы да талап етпеймін. Оның сауабын бір Алладан күтемін», – деді. Нұхтың бұл сөзі қауымға әсер ете бастағанымен, оған ергендер тек кедейлер, әлсіздер ғана еді. Ал, байлар мен ақсүйектер, үстем тап өкілдері кедейлер мен әлсіздерге менсінбей қарап, Нұхқа ергендерді ақылсыз, ақымақ санап, мұқатып келемеждейтін. Ақсүйектер мен шонжарлар кедейлер мен әлсіздерді дағуадан алыстату үшін «Біз отырған жерге олар келмейтін болсын. Біз олармен қатар тұра алмаймыз, олар біздің теңіміз емес, осыны мақұл десең біз ойланып көрейік», – деген шарт қоя бастады. Нұх оларға иманға келемін деген адамның ешқайсысын қумайтынын, маңыздысы оның кедей не бай екендігі емес, иманға келуі екендігін мәлімдеді. Олардың, иманға келгендердің, Аллаға жақындаушылар екенін, қиямет күні Тәңіріне кездесетінін, сол кезде оларға сауапты Алланың өзі беретінін, жақсы мен жаман, кімнің кім екені сонда ажыратылатынын айтты. «Алланың қазынасы менің қолымда, не істегім келсе соны істей аламын деп айта алмаймын. Мен періште емеспін, тек адаммын. Алла оларға жақсылық қыла ма, жоқ қылмай ма, оны тек Өзі біледі. Ал, мен сендердің қалағандарыңды істесем күнәһарлардың тобынан боламын. Алла мені ондай қателіктен сақтасын», – деді.
«Ей, жұртым! Қане, айтыңдаршы, егер мен Тәңірім жіберген айқын дәлелге сүйенсем, оның рақымына (пайғамбарлығына) ие болсам, бұлардың бәрін сендерге құпия болса, тіпті оны сендер жек көрсеңдер, соны қабылда деп сендерді қашан зорладық» (Һуд сүресі, 28-аят).
«О, жұртым! Насихатым үшін мен сендерден ақша сұраған жоқпын, менің еңбегімнің бодауы Алладан қайтады. Ал иман айтқандарды маңайымнан, тіпті де қуаламақ емеспін, өйткені олар Тәңірімен жүз көріседі. Ал бірақ мен сендерді мешеу қауым ретінде көрдім» (Һуд сүресі, 29-аят).
«О, жұртым! Егер мен оларды қусам, онда мені Құдайдың қаһарынан кім құтқармақ? Осыларды ойламайсындар ма?» (Һуд сүресі, 30-аят).
«Сендерге мен өзімде құдайдың қазынасы бар демеймін, ғайыпты білуші едім деп те айтпаймын, мен періште едім дегімде келмейді, сонымен бірге, сендер көзге ілмейтін жандарға Алла жақсылық бұйырмайды демек те емеспін. Жаратқан адамдардың жүрегіндегісін біледі. Әйтпесе, азғын болып шыға келетінім ақиқат» (Һуд сүресі, 31-аят).
Қатты қарсылық
Нұхтың сөздері қауымына мүлде әсер етпеді. Керісінше Нұхпен ерегісіп, қорқытатын азапты көрсетуін талап етті. Нұх азап беру Алланың ғана қолындағы іс екенін, қаласа азапты Алланың өзі жеткізетінін, сонда оларды құтқарушы табылмайтынын, ол уақытта өзінің де еш жәрдем бере алмайтынын, адасқандары, шындықты қабыл етпегендері үшін қиямет күні қайта тірілген кезде Алланың жазаларын беретіні анық екенін жеткізді.
«Ей, Нұх! – деді оның қауымы, сен бізбен дауға түстің, тіпті көп таластың. Егер айтқаның рас болса, бізді қорқытқан қаһарыңды көрсетіп бақшы» (Һуд сүресі, 32-аят).
«(Нұх айтты:) «Оны егер қаласа Құдай ғана көрсете алады. Сендер одан болса да құтыла алмайсыңдар» (Һуд сүресі, 33-аят).
«Мен сендерге насихат айтпақ болсам да, егер Құдай сендерді асуға жазса, онда менің насихатымның сендерге ешқандай пайдасы тимек емес. Сендердің Жаратушыларың, – Алла, бәрің де. Оның еркіне барасыңдар» (Һуд сүресі, 34-аят).
Аллаға жүгіну
Нұх қауымынан қиналған соң Тәңірінен көмек беруін өтінді. «Ей, Тәңірім, жамағатымды пұттарға құлшылық қылуды тастап, Саған ғана иманға келуге шақырдым. Менің күндіз-түн демей айтқан үгіт-насихатым оларға әсер етпеді, қарсыласып, тоңмойынданып, күнәдан басқаға бет бұрмады. Жамандықтарынан қайтпай, одан сайын үдете берді. Әрбірден соң құлақтарына саусақтарын тығып, үгіт-насихатымды тыңдағысы келмей бастарына киімдерін бүркеп алатын болды. Мені көргілері де, естігілері де келмейді. Саған ғана құлшылыққа шақырған барлық әдіс-тәсілімнен де пайда болмады. Кейбіреулерімен уақыт тауып оңаша да кездесіп көрдім. Истиғфар жасаңдар, Тәңірлеріңе тәубеге келіңдер, күпірліктен, күнәдан аулақтаңдар, Алла пенделерінің тәубесін қабыл етіп, жамандықтарын кешіреді, амалдарыңа қарай бағалайтын да, жазалайтын да Өзі, жаңбыр жаумай құрғап жатқан жерге нөсер жіберетін де, ризық беріп байытатын да, сендерді сынайтын да, қамқорлық жасайтын да, бау-бақшаны гүлдендіру үшін өзендер ағызып суаратын да Алла деп түсіндіруден жалықпадым», – деп қауымына наразылығын айтты.
«Ей, Раббым! Мен анығында, өз қауымымды күндіз-түні (иманға) үндедім. Менің шақыруым оларды тіпті алыстатып жіберді» (Нұх сүресі, 5-6-аяттар).
«Сенің жарылқауыңа қолы жетсін деп мен оларды үнемі үгіттесем, құлақтарын саусақтарымен тығындап алды, киімдерімен бастарын бүркеді, қатты қасарысты, тоңмойындық жасап, онан әрі кері кетті» (Нұх сүресі, 7-аят).
«Сонан соң мен оларға айқайлап та үн қаттым. Одан кейін оларға насихатымды ашық та, жасырын да жүргіздім» (Нұх сүресі, 8-9-аяттар).
«Сендер Тәңіріңнен кеңшілік тілеңдер, ол – өте жарылқағыш» – дедім» (Нұх сүресі, 10-аят).
«Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жауғызады» (Нұх сүресі, 11-аят).
«Дәулеттеріңді, әулеттеріңді көбейтеді, сендерге бау-бақшалар жасап, өзендер ағызады» (Нұх сүресі, 12- аят).
Алланың құдыретіне назар салу
Нұх қауымына истиғфардың пайдасын баяндап, бұл дүниеде бақыт иесі болатындарын, ойлаған мақсаттарының орындалатынын айтты. «Алланың ұлықтығынан, оның патшалығынан қалай қорықпайсыңдар? Сендерді бір тамшы судан ұйыған қанға, одан түйір етке, сонан соң сүйекке айналдырып, оның үстіне етті киім етіп кигізуіне қарамайсыңдар ма? Сонша неге асқақтайсыңдар? Ешқашан да Алладан үміт үзбеңдер. Жұлдыздарды қозғаушы, айды жүріп- тұратын етуші, сендер үшін жерді түнде нұрландырып, күнді күндіз шыраққа айналдырушы кім? Ол – Алла. Олай болса ойланыңдар. Сендерді қалаған жерден алып өсірді, өсімдік шығарып, тамақтандырды. Бұл құдыреті күштінің қолындағы іс. Өлгеннен кейін сендерді жерге қайтарады. Содан соң қиямет күні қайта тірілтіп, дүниедегі істеген істеріңнің есебін алады», – деді.
«Біле білсеңдер, Алла сендерді бірнеше басқышқа бөлді. Жеті қат аспанды бірінің үстіне бірін келтіріп қалай жаратқанын неге көрмейсіңдер? Оларға жарық түсіртіп – айды, нұр шаштырып күнді жаратты» (Нұх сүресі, 14-16-аяттар).
«Сендерді Алла жер бетінде барлыққа келтірді, сол жер қойнына қайта қайтарады, сонан соң жер астынан тағы шығарады», – дедім» (Нұх сүресі, 17-18-аяттар).
«Жер үстіндегі кең жолдарда жүрулерің үшін Алла сендерге жерді мекен етіп берді», – дедім» (19-20-аяттар).
Нұхтың қорқытуы
Нұхтың жамағатына айтпаған дағуасы қалмады. Алайда олар үгіт-насихаттан үлгі алмады. Оған иман келтіргендер аз болды. Оны өтірікшіге, әрбірден соң жындыға санады. Олар қулық жасап, Нұхтың дағуасын оның өзіне қорқыту, азар беру түрлеріне айналдырып ала бастады.
«Бұлардан бұрын Нұх қауымы қарсы шықты. Біздің құлымыз болған Нұхты мойындамай, оны есалаң санады. Оны масқаралап қуды» (Қамар сүресі, 9-аят).
Нұхты насихатты тоқтатпасаң тасборанға ұшырайсың деп қорқытты. Бірақ Нұх олардың бұл қоқан-лоққысынан қорқып, тайсалмады. Керісінше өзін Алла Тағалаға тапсырып, дағуасын жалғастыра берді. «Достарыңнан көмек сұрап, жалған құдайларыңа жалбарынып жүргендеріңді білемін. Маған қолдарыңнан келгенін істей беріңдер. Өздеріңе сенімді болсаңдар дұшпандықтарыңды жасырын емес, ашық жасаңдар. Сендердің жамандықтарыңнан мен қорықпаймын. Маған оларың еш зиян келтіре алмайды, өйткені мені Тәңірім қорғайды», -деді.
«Оларға сен Нұх хикаясын оқып бер. Кезінде Нұх былай деген: «Ей, жұртым! Егер сендердің араларыңда менің болуым және Құдай сөзімен сақтандыруым ауыр келген болса, онда мен Алламен болайын, сендер өз (құдайларыңмен) пұттарыңмен болып, білгендеріңді істеңдер. Тек істерің өз бастарыңа тиіп жүрмесін. Маған да білген қылықтарыңды аямай, жылдам жүзеге асыра беріңдер» (Жүніс сүресі, 71-аят).
«Менен сонша теріс айналып кететіндей, мен сендерден сауға сұраған жоқ едім ғой. Мен сыйымды Құдайдан күтемін. Өйткені мен Құдайға құлшылық етуге бұйырылғанмын», – деген» (Жүніс сүресі, 72 аят).
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті