Баршаға белгілі, Конституцияға сәйкес азаматтар тарихи және мәдени мұралардың сақталуына, балаларға қамқорлық жасауға міндетті. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi болып табылады. Бұл ретте кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар да еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
Біздің елімізде орта білім алу міндетті болып саналады. Азаматтардың денсаулығы тек медициналық мекемелер арқылы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың өз тарапынан қамтамасыз етілуі қажет. Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті болып табылады.
Бүгінде жекелеген діни конфес¬сиялардың кейбір өкілдері ойдан шығарылған діни шектеулердің салдарынан қоғамдық тұрмыстың осы бір маңызды компоненттерін жиі елемей жүргендіктен, осы аспектіге жіті назар аудару маңызды болып отыр.
Жекелеген субъектілердің дінді саясиландыруға талпынып жүргені де жасырын емес. Бұған Конституция және елдегі заңнама арқылы тыйым салынғанын ерекше атап өткен жөн. Елімізге айқын немесе жасырын түрде теріс пиғылды ниеті бар жат діни идеологияның енгені байқалып отыр. Осының салдарынан дінге сенуші тұрғындардың кейбір бөлігінің қоғамдық қатынастардың қалыптасқан жүйесін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып, өктемдік пен радикализмнің шектен шыққан түріне бой алдыруы аса қауіпті саналады.
Діни экстремизм мен терроризм – радикализмнің кең тараған түрлері болып табылады. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары атап көрсетіп отырғандай, мұндай қылмыс түрлері де елімізде етек алып барады. Осы жағдайлар көрсетіп отырғандай, түрлі қағидалармен және нұсқаулармен қоса берілген діни идея, басқаша айтқанда, «дініңді ұстай алсаң – қасиетіңе, ұстай алмасаң – қасіретіңе» айналдыратын емшінің өткір пышағы іспеттес.
Бүгінде қандастарымыздың көбінің топ-тобымен жат діннің жетегінде жүргені жасырын емес. Бұған көп нәрсе себеп болып табылады. Соның бірі ретінде кешегі кер замандағы үстемдік еткен жетпіс жылдық діни сауатсыздынудың салқынын алға тартуға болады.
Бүгінде ұлттық сипатқа айналған дәстүрлі Ислам мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келетіндердің іс-әрекеттеріне жол бермеуіміз керек. Халқымыздың ежелден Исламды өзінің байтақ даласында мемлекеттік дін ретінде қабылдап, оны бойына терең сіңіргені белгілі. Сондықтан да, бізге Исламды қайтадан түсіндіру жұмыстарын емес, оны бабалар ұстанған кейіпінде қайта жаңғыртып, халықтың сауатын қайта қалыптастыру жұмыстарын қолға алғанымыз жөн.
Діннің тереңінде еркін сүңгіп жүру үшін көп оқып, ілім-білім жинауымыз қажет-ақ. Сондай әлемдегі көп діннің ішінде асыл дініміз Ислам дінінің ішінде әсіресе, Орта Азия халықтары ұстанатын төрт мәзһәб өкілдерінің бастарын иіп тұрып мойындайтыны мәзһәб болып табылады.
Бүгінгі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі дін рөлінің айтарлықтай өсіп отырғандығы белгілі. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал ету әсері күшейіп, ары қарай да кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда.
Ал қазіргі кезде дінге бет бұрған жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында Ислам мемлекеттеріне барып, ілім ізденетіндердің саны артты. Сол жастарымыздың арасында Исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне, құндылықтарына ешқандай да қарама-қайшылық туғызбайтын тәлім үйреніп келіп жатқандары да жоқ емес. Алайда, діни сауатының төмендігінен шет елде алып жатқан ілімнің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын ұстын етіп ұстанушы жастарымыздың қарасының да көбейе түсуі алаңдатады.
Бүгінде діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығы әмбеге аян. Қайсібір мемлекет болмасын, оның жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі.
Қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Азамат Әбдікерімұлы, ОҚО Жастар ісі бөлімінің жетекшісі