Ислам діні – ілім, білім алуға, сауатты болуға шақыратын дін.Алла өзінің шариғатын адамзатқа алғаш түсірген кезден-ақ, білім ізденудің маңыздылығын білдірген Бұған Мұхамед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға алғашқы түскен мына аят дәлел бола алады: «(Ей, Мұхамед) Жаратқан Раббыңның атымен оқы! (1) Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. (2) Оқы! Раббың аса ардақты. (3) (Раббың) Сондай (ілімді) қаламмен үйреткен. (4) Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен». Демек, алғашқы аяттар тек оқу керектігін меңзеп тұр. Бұл Алла Тағаланың бізге бұйырған әмірі. Алайда, аятта қай ілім саласын оқу керектігі айтылмаған, онда жалпылама ілім алуды, сауатты болу бұйырылып тұр. Сол үшін адам өмірінде діни ілімнің де, дүнияуи ілімнің де алатын орны ерекше. Кейбір бауырларымыз ойлап жүргендей, тек діни білім алу парыз да, дүнияуи ілім алу маңызды емес деген қате түсінік.
Алла Тағала Құранныңтағы бір аятында: «Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді», – дейді.
Адамзаттың асыл ұстазы болған Пайғамбар (с.ғ.с.) кейінгі ұрпаққа білім алуға байланысты көптеген хадистерді қалдырды. Солардың бірі: «Білімді бесіктен көрге дейін іздеңдер», – десе, тағы бір хадисте: «Білім іздену – барлық мұсылманға парыз», – деген.
Ия, шынында да Алла Елшісі (с.а.у.) көптеген хадистерінде ілім алудың артықшылықтарына ерекше тоқталған. Бұл жөнінде Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте:
«Әбу Дарда р.а : «Алла елшісі (с.а.у.): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, Пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол іліммен сусындаса, мол несібеге кенелгені» – деген».
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінен көріп отырғанымыздай, ілім алудың өзі құлшылық түріне жатады. Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады.
Кезінде Ислам әлеміне қауіп төндірген хауариждер намаз, ораза, және тағы басқа ғибадаттарды мейлінше көп орындайтын, алайда олар ілімсіздіктен тура жолдан адасты. Сол сияқты кейінгі кездері өздерін нағыз сәләфилердің жолын ұстанамын, мазхаб ұстанбаймын, таза сүннетпен жүремін деп көкіректерін қағатын тобырдың да шығуы көңілді қынжылтады. Қалай дегенде де Ислам дінінің басты құндылықтарының бірі, ол – қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың ынтымағы болып табылады.
Ислам қашанда білімсіз адамды қараңғы, надан адамға теңейді. Бұл жайында Алла тағала мына аятта: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?», – деп баяндайды. Сонымен қатар, Алла тағала адам баласына білімін арттыру үшін өзінен қалай тілек тілеуді: «Раббым, білімімді арттыр!» деп айтуды үйреткен. Сондай-ақ, Пайғамбардың (с.ғ.с.) мына сөзі өлшеусіз өсиетпен тең: «Ғалым бол немесе ізденуші бол немесе ғалымдарды жақсы көруші бол немесе ғалымдарды тыңдаушы бол бірақ, бесіншісі болма құрдымға кетесің». Бұл хадис біздерге білім жолына түсудің төрт жолын көрсетіп тұр. Себебі, бұл төрт жолдан басқа баратын жеріміз құрдымғана болмақ…
– Бұл дүниеде не өлмейді?, – деген сауалға Жиренше шешен:
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді,–деп жауап берген екен.
Ілім – қараңғылықтан жарыққа шығаратын шамшырақ. Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин: «Кел, балалар оқылық» атты өлеңінде:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық!, – десе, Ұлы Абай атамыз: «Ғылым таппай мақтанба!» деген тәрбиелік мәні зор өлеңінде:
Болмасаң да ұқсап бақ.
Бір ғалымды көрсеңіз…
Сізге ғылым кім берер?
Жанбай жатып сөнсеңіз…, – деп кейінгі жас ұрпақ пен аға буынды білім алуға шақырады.
Ендеше, бұл дүниедегі барлығымыздың да мақсат-мүддеміз ілім иесі бола отырып, Жаратушыны жан-жақты тануды, Оған ғана құлшылық етіп, Оған ғана сиыну керектігімізді дұрыс танып, білуге ұмтылу болуы тиіс.
Алла тағала баршамызды Өзінің ілім нәрімен сусындатқай.
Нұрлан Бақытжанұлы,
Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық мешітінің ұстазы