Әр жаратылыстың негізі болатыны белгілі. Мәселен, адамзаттың асыл-тегі топырақ болса,[1] жындардың түбі – жалындаған оттың түтіні[2], ал шайтанның тегі – от.[3] Періштелер болса нұрдан жаралған қауым. Бұл туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Періштелер – нұрдан жаралған. Жындар – оттың түтінінен жаралған. Ал, Адам өздеріңе баян етілгеннен[4] бастау алған», – деп баяндаған.[5]
Періштелердің қашан, қайда жаратылғаны туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен, олар адамзат қауымының атасы болған хазіреті Адамнан (ғ.с.) бұрын жаралғаны белгілі. Дәлел ретінде қасиетті Құраннан аяттар келтіруге болады:
«Раббың періштелерге: «Мен балшықтан адам жаратамын. Оны жасап болып, оған рухымнан үрлеген соң, бәрің оған сәжде етіңдер!» – деді».[6]
«Раббың перiштелерге: «Жер бетiне орынбасар жiберемiн!», – дедi. (Перiштелер): «Онда бұзақылық iстейтiн, қан төгетiн бiреудi орналастырмақсың ба?! Бiз Сенi (қашанда) Өзiңе ғана лайық мақтаулармен мадақтаймыз, Сенi ғана қасиеттi санаймыз!» – дедi. Аллаһ Тағала: «Сендер бiле алмайтын жайларды Мен жақсырақ бiлемiн», – дедi».[7]
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Қасиетті Құран аяттарында бұған дәлел жетерлік. Солардың бірі: «Раббың періштелерге: «Мен балшықтан адам жаратамын. Оны жасап болып, оған рухымнан үрлеген соң, бәрің оған сәжде етіңдер!» - деді» («Сад» сүресі, 71-72). Міне, осы аятта адамзаттың негізі топырақ екені баяндалған. Осы мәндес аяттар «Бақара», «Әғраф», «Хыжыр», «Кәһф» сүрелерінде де келтіріледі.
[2] Бұл туралы Құран аяттары былай сыр шертеді: «Жынды (Адамнан алдын) оттың түтінінен жараттық» («Хыжыр» сүресі, 26).
[3] Барлық періштелер Аллаһтың әмірімен Адамға (ғ.с.) бас игенде, малғұн Ібіліс тәкаппарланып, бас имегені белгілі. «Ей, Ібіліс! Өз қолыммен жаратқанға бас июден сені не тосты? Тәкаппарландың ба, әлде өзін (Менің әмірімнен) жоғары санаушылардың сапынан болдың ба?» – деді оған Аллаһ. «Мен одан артықпын. Оны топырақтан жаратқансың, ал мені оттан жараттың!» – деді Ібіліс» («Сад» сүресі, 75-76). Міне, осыдан шайтан атаулының атасы саналатын Ібілістің оттан жаралғаны мәлім.
[4] Яғни, топырақтан жаралған.
[5] Хадисті Имам Мүслим риуаят еткен.
[6] «Сад» сүресі, 71-72.
[7] «Бақара» сүресі, 30.
Осы аяттардан періштелердің адамзаттан алдын жаралғаны айқын аңғарылады. Және, олар жындармен дәуірлес болғаны да байқалады. Періштелердің «Бұзақылық қылатын, қан төгетiн бiреудi орналастырмақсың ба?!» - деп сұрауының себебін түсіндіруде тәпсірші ғалымдар былай деген: «Адамзаттан алдын жер бетiн жындар мекендеген болатын. Олар бұзық iстер көп жасағандықтан, соғыс өртін жиі тұтатып, көп қан төккендiктен, Аллаh Тағала оларға қаhарланып, перiштелерден жазалаушы әскер жiберiп, жазалайды». Толығырақ мәлімет алу үшін Табари, Құртуби, Ибн Касир тәпсірлеріне жүгінуіңізге болады.